АБАЙ МҰРАСЫ

   Абай мұрасы - қазақтың ең қасиетті қазынасы. Абай өзінің халқымен мәңгі бірге жасайды. Ғасырлар бойы қазақ елін жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді»,- деп Н.Назарбаев айтқандай, Абай мұрасы біз үшін мәңгілік.

           Бүгінгі уақытта Абайдың кім екенін сұрасақ, әр адам: «Абай- дана ақын,өз заманының озық ойлы демократы, тіл ағартушысы, терең ойшыл, қоғам қайраткері, көрнекті ақын, сөз өнеріне өз үлесін қосқан талантты сазгер, артына татымды ән мен ойлы күй қалдырған асқан өнер иесі»,- деп айта алады. Биылғы 2010-шы жылы - Абайдың 165 жылдығы. Сондықтан әр оқу орнында, кітапханаларда, мәдени орталықтарда көптеген шаралар өткізілуде.

                                 Жүрегімнің түбіне терең бойла,

                                 Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла,

                                 Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

                                 Мыңмен жалғыз күрестім кінә қойма.

                                 Мақсатым тіл ұстарту өнер шашпақ,

                                 Наданның көзін ойып, ойын ашпақ.

                                 Үлгі алсын деп ойлы жас жігіттер,

                                 Думан, сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

         Абай болашақ  ұрпаққа осы сөзін арнап, ұлы ақын, үлкен мұра қалдырды.

         Абай мұралары адамгершілікке, парасаттылыққа шақырады. Ол өз халқын ғана емес, бәрін де білім –ғылымға үндеген ұлы тұлға.

                                 Сен де – бір кірпіш дүниеге,

                                  Кетігін тап та бар қалан.

         Абайдың табиғат лирикасын қазіргі заманда әр оқушы, студент біледі. Ақын табиғатты ерекше жырлаған. Табиғаттың төрт мезгілі туралы өлеңдерінде Абай өзінің сырын, биік парасаттылығын, қиялын, ойымен ерекшелейді ( «Ақ сақалды, денелі, ақ сақалды..» ).

Адамның өміріне, еңбегіне шын көңілмен септігін тигізіп, көрегендікпен айта білді.

                                 Түбінде баянды еңбек егін салған,

                                 Жасынан оқу оқып, білім алған,

                                 Би болған, болыс болған өнер емес,

                                 Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.

          Абайдың жазған шығармалары эстетикалық немесе сезімге, адамның рухани әлеміне әсер ету құралы ғана емес, ақынның шығармашылық шеберханасынан қазақ халқының ұлттық болмысы мен салт-санасы, тұрмыс-тіршілігінің суретін танып, жалпы мәдениеті туралы көп мағлұмат алуға болады.

          Ғалымдардың зерттеуі бойынша, Абай өз заманын, қазақ қоғамын,  мәдениетін, экономикалық жағдайын тарихшы немесе  өнертанушы болып айтпаған, ақын болып сөзден сурет салып, сөз кестесін, өлең өрнегін құрастырады. Осылардың бірі - өз халқының рухани мәдениетіне қатысты.

Абай өз шығармашылығында киім атауларына да өз назарын білдірген «Қазақтың киім-кешегі- айналадағы ортаның іс-қимылымен байланысты». Абайдың айтуы бойынша, «киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады». Оның кейіпкері алтын-күміс кигені, қамқа торғын болса да, «махаббат, қызық мол жылдарын» байлыққа айырбастап, ет жүрегін саудаға салмайды («Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында»). Қазіргі тілмен айтқанда, жоғары эстетикалық талғамы қай заманда да қазақ қыздарының сұлулығы мен әсемдікті серік еткенін танытады. Материалдық мәдениетін – киім арқылы, адамның рухани мәдениетін , мінезі арқылы сипаттайды. Абайдың осындай бір көзқарасы творчестволық өмірінде ерекше орын алады.

           Данышпан Абай өз шығармаларында  « Ісім өнсін десең, ретін тап»,- деп кәсіпкерлік туралы да айтқан. Кәсіпкерлікке еңбекті насихаттау мақсатында көңіл бөлген. Абайдың арманы – қазақ халқын бай елдердің қатарында көріп, малды адал жолмен тауып баю, басқа біреуге тәуелсіз болу. Бүгінгі кезде, егер еліміз бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан орын алса, Абайдың  арманы орындалғаны. Ақынның келесі ойларын бүгінгі күні  кәсіптік заманы кезіндегі адамға ұсынуға болады.

1.    Өз- өзіңе есеп беріп тұруды ескер;

2.    Дамыған елдің тәжірибесін меңгер;

3.    Мал табам десең, арланба;

4.    Ақыл мен еңбекті тең ұста.

          Абайдың творчествосында адам мәселесі бір ерекше орын алатын. «Адам бол!» - деген сөзді ту етіп көтерген. Ақынның өлеңдерінде жиі кездесетін сөздер: «адам болу», «жарым адам», «адамшылық» және т.б. Бұл адамның психологиялық, эстетикалық, танымдық және әзіл-сықақ, кеңес беру «қарасөздері» арқылы айтылады. Абай психолог ретінде адамның рухани байлығын, адамдық қасиеттерін, элеуметтік этика, қоғамды көркейтуге жол көрсеткен. Оның ойынша, әр адам арлы, адамгершілік қасиеттері жоғары, сабырлы, ұят пен қанағатты білетін, иманды, игі жүректі болу керек. 

         Абай: «Адамды нағыз адам қылатыны- сезім, ой, рух, білім, өнер, адамгершілік, сана, әрекет, - дейді. Осылардың бәрі болса, адам өз-өзімен табыстырады, өзін өзгемен жарастырады, қала берсе, халық игілігіне сай келтіреді.

         Ұлы ақын адамның жан көріністерін көз жіберу немесе тексеру арқылы да білдіре алады. Мысалы, көру құралы – көз туралы мынадай тіркестер бар: «үлкендеу келген қоңырқай саналы көздер», «нұрлы көз», «ойлы оты бар, жанған көздер», «ұялы қара көз». Осының бәрі- ойлылық, ақыл мен парасат, ізгілік пен ізеттілік, көңіл күйініші мен сүйінішін білдіреді. Ал « суық»,  қомағай», ашу», «нұрсыздық»  деген сөздер адамның ішкі көрінісін айқындайды.

         Ойшыл ұлы Абай білім алу саласына да өз көзқарасын болашақ ұрпаққа үлгі болсын деп, білімнің екі түрі болады деген ұғымын берген. Білімнің біріншісі – материалдық түрі; екіншісі – рухани. Материалдық білімге табиғатты зерттейтін барлық ғалымдар, оның ішінде қоғамдық қатынастар жөніндегі көпшілік білімдер жатады. Рухани білімге- табиғатты және олардың арасындағы қарым-қатынасты қамтиды. Метериалдық білім- рухани білімнің бір бөлігі, сондықтан рухани білім материалдық білімді қамтиды. Бұл Абайдың өзінің зерттеген ұғымдары.

       Абайдың айтуы бойынша, білім алу әдістері де үшке бөлінеді:

1)    білім алу сезімдері арқылы;

2)    көріп-білген нәрселерді логикамен саралап білім алу;

3)    басқа біреуден есту арқылы.

Біздер , оқытушылар, осы ұлы Абайдың мұрасын үнемі есімізде сақтап, жас ұрпақты тәрбиелеудеміз. Абайдың мұрасы мәңгілік!

 

 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.    Абай.Шығармаларының бір томдық толық жинағы. Алматы,

    1961 ж., 267 б.

2. А.Абдрахманова. «Абай – дана ақын». Алматы .// Ұлағат, № 6, 2007 ж., 123 б.

3. Р. Сыздық. «Абайдың сөз өрнегі». Алматы, «Санат», 1995 ж.

4. Е.Ахмерова . «Абай және бизнес». Алматы. // Ұлағат, № 3, 2008 ж. 98 б.

5. Д.Омаров. Абайтану «Білім алу». Алматы., 2002 ж., 155 б.

 

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай

                                                             мемлекеттік  унивеситеті

                                                             гуманитарлық-әлеуметтік факультеті

                                                             практикалық лингвистика кафедрасының

                                                             доценті

                                                             Сарманова Ф.Т.