Қазақ қоғамы мен ғылымы үшін Абайдың рухани мұрасының маңызы күн өткен сайын арта түсуде. Әсіресе хакім ұсынған қағидалардың тарих ғылымын дамытуға ықпалы зор. Осылай деген сарапшы ғалымдар Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырған «Қазақстан тарихы Абайдың рухани мұрасы аясында» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда өз ойларын ортаға салды.
Конференцияның негізгі мақсаты – қазақ халқының тарихын зерттеудегі Абай Құнанбайұлының орны мен рөлін анықтау, деген Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, ұлы ойшылдың терең мазмұнды рухани мұрасының қазақ халқының тарихы мен санасын қалыптастырудағы және тәрбиелеудегі ықпалы мен маңызы зор екеніне айрықша тоқталып өтті.
– Абайдың «үш сүю», «кемел адам» концепцияларының ел халқының саяси, мәдени келбетін қалыптастыруға әсері орасан. Тарихи сананың дұрыс бағытта тәрбиеленуі тұлғаның Алланы, адамзатты және әділетті сүюге тәрбиеленуіне тәуелді екендігін хакім сол заманның өзінде-ақ айшықтап кеткен. Абай Құнанбайұлының көптеген шығармаларында тарихи процеске қатысты ойлар, пікірлер мен идеялар кездеседі. Осы жауһарлардың қазіргі тарих ғылымында пайдалану деңгейін жүйелендіріп, Абай ұсынған қағидалардың тарих ғылымын дамытуға ықпалын айқындау маңызды. Абай шығармашылығы Қазақстан тарихшыларын тарихи обьективті шындықтан ауытқымай зерттеуге үйретеді. Ақын ұстанымдарының, идеяларының, көзқарастарының теориялық және методологиялық маңызы қолданбалық рөлі ешқандай күдік тудырмайды. Қазақстан тарихы Абай талаптарына сай деңгейде зерттелсе және жазылса биік деңгейге көтерілетіні ақиқат, – дейді профессор.
Конференция жұмысына онлайн форматта қатысқан бауырлас елдердің ғалымдары да бұл пікірді қуаттай түсті. Олардың пікірінше, Абай тек қазақ халқының ғана емес, адамзат мұратын асқақтатқан өміршең идеялардың қайнар көзі. Ең алдымен ақын шығармашылығын кең көлемде оқырманға жеткізудің, оны заманауи технологиялар негізінде насихаттаудың тәсілдерін жетілдіру керек. Абай шығармашылығын әлемдік әдебиеттану, мәдениеттану, тарих, философия ғылымдарының жетістіктері тұрғысынан қайта саралау да артықтық етпейді. Ол үшін ең алдымен, қазақ тарихын, Абай өмір сүрген заманды дүние жүзі тарихымен астастыра отырып, жаңа, тәуелсіз сана тұрғысынан қарастыру керек.
Келелі басқосуда Қазақстанның тарих ғылымында Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын пайдаланудың және дамытудың жаңа жолдары мен тың аспектілері қарастырылды. Заңғар тұлғаның рухани мұрасының тарихты тануға ықпалын сараптай келе, қатысушылар төмендегідей тұжырымға келді.
Біріншіден, Абай мұрасының тарихи аспектілерін зертеуге арналған гранттық қаржыландыру жобаларын дайындау және ұсыну қажет. Екіншіден, Абайдың тарих ғылымына қатысты пікірлерін, көзқарастарын, идеяларын сараптауға арналған кешенді зерттеулер жүргізудің маңызы зор. Үшіншіден, Қазақстанның белгілі университеттері жанындағы «Абайтану» орталықтарымен институт ұжымының бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын іске асыру қолға алынуы керек. Төртіншіден, баспасөз беттерінде Абайдың тарихи көзқарастарына қатысты бұқаралық мақалалар үздіксіз жариялануға тиіс. Бесіншіден, Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған мақалаларды тарихи энциклопедияларға, оқулықтарға, көптомдық Қазақстан тарихына енгізу, алтыншыдан, Абайдың рухани мұрасы негізінде қазақстандық отаншылдықты, еңбексүйгіштікті, гуманизмді, шыншылдықты тәрбиелеу, тарихи сананы қалыптастыру концепциясын жасау жаппай қолға алынуы аса маңызды. Сондай-ақ Абайдың ұлттық тарихқа, оның шешілмеген мәселелеріне қатысты ой-пікірлерін, идеяларын жүйелеу арқылы оларды Қазақстан халқының рухани игілігіне айландыруың мәні зор. Осындай ортақ ойға тоқайласқан ғалымдар бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта күш біріктіре қолға алуға уағдаласты.
Арман ОКТЯБРЬ
АЛМАТЫ