Ұлы Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген өлең жолдарын бәріміз білеміз. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласы осы жұмбақтың кілтін ашқандай көрінеді және ақынның феномен тұлғасын түсінуге жол ашады.
Абай әлемге танылды. Әлем Абайды таныды. Бұған ұлы ақынның туғанына 150 жылдығына орай өткізілген ЮНЕСКО шеңберіндегі іс-шаралар куә. Ол кезде Қазақстанның тәуелсіздік жариялағанына төрт-ақ жыл болған еді. Соған қарамастан, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Абай тойын осындай биік деңгейде өткізуге ерекше еңбек сіңірді. Бұл туралы мақалада жақсы айтылған.
Елбасы Абай өмір сүрген дәуірдің тарихи, саяси мәні туралы ерекше толғаныс жасайды. Шынында да, Абай Қазақ хандығы ыдырап, Патшалық Ресейдің отарлау саясаты орныққан кезде өмір сүрді. «Ескі дәуірдің құндылықтары жоғалып, ажырап «бұлыңғыр уақытқа» тап болды» деп жазыпты Елбасы. Әрине сол заманның ащы шындығы туралы тұшымды ойлар ерекше әсер етеді. Бір жағынан ескі дәуірдің ықпалында қалған халық отырықшылыққа үйрене бастайды. Ал екінші жағынан, білім-ғылымға жол ашылады.
Абай өз заманынан оза туды. Сондықтан да Еуропа, орыс әдебиеті мен мәдениетін жақсы таныды. Бұл өз кезегінде Абайдың рухани кемелденуіне жол ашты. Кемеңгерлік ой оны өз халқының болашағы туралы толғантты. Ойларын өлеңдері мен қара сөздеріне енгізіп, ұрпағына аманат сөз қалдырды.
Н.Ә.Назарбаев айтқандай, Абай ұлттық ренессанстық тұлғаға, өз халқының «темірқазығына айналды».
«Абай аманаты» атты мақала Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жеке өз тағдырымен ұштастырыла жазылыпты. Бір жағынан мұны Елбасының Абайтанудағы рөлін тануға мүмкіндік берсе, екінші жағынан оны ұлт лидерінің өз халқына айтқан жан сыры деп те қабылдауға болады. Мысалы, тәуелсіздік алған сәтте жаңа тұрпаттағы Қазақстан құру алдында тұрғанда Н.Ә.Назарбаев Абай іліміне жүгініпті.
Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» деген сөзі Н.Назарбаев саясатының басты қағидатына, ұлтаралық достық, татулық ішкі саясаттың басым-бағытына айналады. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы осы Абай сөзінен туындағанын Елбасы мақаласынан оқыдық.
Мақала Абай өлеңдерін, болмаса қара сөздерін талдау, сараптау тұрғысында емес, керісінше, ұлы ақын армандарының қалай жүзеге асып жатқан деректерімен қымбат.
«Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел» деген ақын сөзі Н.Назарбаевты Украинаға сапар шеккізеді. Теміртауға келіп, домна пешіне металлург етіп тұрғызады.
Әрине оқу мен білім Абай аңсаған арман еді. Өз халқының надандықтан арылып, өркениетті елдер қатарына қосылуы туралы арманы сөз жоқ Абай шығармашылығының басты қағидаты болып табылады. Ол арман-аманат қалай орындалып жатыр? Мұны Н.Назарбаев «Болашақ» бағдарламасының тууына себепкер болды деп есептейді. «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» – Абай аманатын орындауға ашылған жол.
Абай өз халқын қалай сүйсе, біз де Абайды солай сүюіміз керек. Абай қазақтың рухани символы ретінде әлемге танылды. Қазақстан да әлемдік саяси ортада өзінің лайықты орнын алды.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай жазылған Н.Назарбаевтың осынау ойлы, зерделі мақаласынан түйгендерімнің бұл бір парасы ғана. Бұл мақаланы Абайтанудың жаңа қыры деп білемін.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
сенатор