«АБАЙ ҰРПАҚТАРЫ» ЖУРНАЛЫ ҚАЛАЙ ШЫҚТЫ?

Суретте: «Абай ұрпақтары» қолжазба журналына 1970 жылы жарияланған жазушы Кәмен Ора­залин мен ұлы Елдардың суреті

 

Биыл Абай Құнанбай­­ұлы­ның 175 жылдық мерейтойы. Ақын мерейтойы­­ның бастамасы Нұр-Сұлтан қа­ласында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев пен Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен шара­да бастау алған болатын. Жиын ақынның туған же­­рінде жал­ғасын та­уып, ар­найы шара Семей қала­сында да өткен еді.

Әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясы теңдесіз шығарма екені әмбеге аян. Бұл кітапқа қажетті деректердің көбін Мұхтар Әуезов ауыл тұрғындарынан хат арқылы да жазғызып та алып отырған. Ол Абай еліне келген әр сапарында көнекөз қариялармен сөйлесіп отыр­ғанды жақсы кө­реді екен. Осы­­­лайша келе-келе Мұхаң жақ­сы араласып, сыйлас болған адамның бірі жазушы Кәмен Оразалин еді. Кәмен аға Мұхтар Әуезовтің бас­тамасымен қолға алынған «Абай ұрпақтары» қолжазба жур­налының ұзақ жылдардағы шы­ғарушы бас редакторы болған адам. Осы журналды шығаруға 30 жылдық өмірін, еңбегін арнаған.

– Мұхтар Әуезов 1928, одан соң 1939 жылдары елге келген еді, – дейді жазушының ұлы, Абай аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Елдар Кәменұлы, – содан біраз жыл ауылға келе алмай, 1943 жылдың жазын­да ғана жолы түсіп, Аягөз қа­ласы арқылы Құндызды, Шет өңірлерінде болып, әкем Кә­мен Оразалинмен жүздеседі. Айтуын­ша, «Абай» романының келесі кі­табын жазып жүр. Үлкен қария­лармен әңгімелесіп, Абай за­ма­нын біле түсуі керек екен. Мұх­­тар Әуезовтің қасында Сапар­ғали Бегалин, сыншы-ғалым Есма­ғанбет Смайылов, орыс жазушысы Полоцкий болған. Мұхаңды бүкіл ел-жұрт болып қарсы алып, арасын­да біздің әкей де жүреді. Әкем Кәмен Мұхтар Әуезовті сонда тұң­ғыш көрсе керек, былай дейтін: «Со­ғыс­тың ең қиын кезі. Сол кезде жұрт­тың көңілінде не жоқ дей­сің? Біреулердің сөйлеуге тілдері келмей кемсеңдеп, енді біреулер­дің көзінен жас үнсіз парлайды. Бәрі-бәрін де Мұхаңа шаққалы келе жатыр. Мен Мұхаңды қалай көрсем екен деп көпшілікпен бірге тұрған едім, Мұхаң көліктен түсті. Сол кезде ғана жақындаңқырап барып көрдім. Мұхаңнан көз айырмадым. Қоңырқай жүзді, тұң­ғыш рет Мұхаңның көзінен жас көрдім, сұмдық. Мен өзім қа­лай жылап жібергенімді біл­мей­мін, Мұхаңның көзіндегі жасты көргенде барлық өзімнің соғыста көрген қиыншылығымды мына кісілер бірге көріп тұрғандай се­зіндім. Адам көп, қазақ үйге сыймайды, әкем де барған, шешем де барған, жеңгем бар еді, ол да бар­ған, көпшілігіміз қайтып кет­тік» дейді. Сөйтіп әкем үйге келіп, біраз әсермен отырған кезде Ұлы Отан соғысынан қайтқан Тоққазы деген пошташы бар болатын. Сол кісі келіп, «Кәмен, сені Мұхтар аға шақырып жатыр» дейді. Сөйтіп әкемнің заңғар жазушымен таныстығы осылай басталады.

Алматыға барған соң 1943 жыл­ғы елге сапары туралы Мұх­тар Әуезовтің «Социалистік Қазақ­стан» газетінде «Ақын ауылында» атты очеркі жарыққа шығады. Сонда Мұхтар Әуезов былай деп жазған: «...Өр көңілдің өжетін, ез көңілдің керенауын, бойкүйезін айтам десе, онда да Абай таңба соғып, тап басып айтып кеткендей болады. Сондай-ақ Абай үлгісін өсиет етіп, айтып отыратын ірі әңгі­мешілер бар. Олардың бірі «Жүрек­адырдағы» қарт колхозшы Оразалы. Ол кісіден көп сөз естіп, көп тоқыған баласы Кәмен. Мұның өзі оқыған, өзі жазушы, Отан соғысынан жаралы болып қайтқан жас жігіт, әкесі білген әңгіменің көбін зор ынтамен айтады».

– Сол танысқаннан кейін Мұх­тар Әуезов «Абай жолы» эпопеясын жазу барысында әкем Кәменге ро­манға қажетті деректерді елдегі Ермұса, Тілеке, Рахымбай сияқ­ты көнекөз қариялардан сұрастыру­ды және жекелеген адамдар туралы қосымша көптеген деректерді нақтылауға байланысты тапсыр­маларды да беріп отырады. «Мұ­хаңның осы тапсырмаларын орындай жүріп, көп дүниеге қанық болдым» дейді әкей. Әкем ұлы Абайдың өміріне арналған «Абай жолы» эпопеясының жазылуына септігін тигізгеніне қуанатын, – дейді Елдар Оразалин.

1950 жылы жазушы Кәмен Ора­залиннің соғыс тақырыбына арнаған «Жексен» повесі жарық­қа шығады. Тұңғыш кітабын сый­ламақ болып, Мұхтар Әуезовке Алматыға келеді. Мұхаң «Ораза­лы ақсақал не деп сәлем айтып жатыр?» деп сұрайды. Сол кезде Кәмен аға «Әкем Сізге, ақылдас ағаңмен, егерде мүмкін болса Ал­матыда қаласың ба, қайтесің?» дегендей болып еді» деген кезде, Мұхтар Әуезов салмақты түр­­­­де былай деп айтқан екен: «Е, Алматыда саған не бар? Бар жақсы қасиетті дүние елде емес пе. Сен Абай туған жерде отыр­сың, данышпан іздесең жа­ныңда Абай жатқан жоқ па? Сен ме­нің тілімді алсаң елде бол, үл­кен­дерді тыңда, көп нәрсені солар біледі. Сенің бойыңда азды-көпті талантың бар екенін көріп тұрмын. Сондықтан сен елде оты­рып жазатын бол. Сен менің осы тілегімді орындаймысың?» деп, күлімсірей қарайды. Кәмен Ора­залин «Орындаймын, аға!» деп уәде беріп, кейін өз естелігінде: осы­­лайша мен Абай ауданында мәң­гілікке қалып қойдым» деп есіне алады.

Мұхтар Әуезовтің Абайға де­­­ген құрметінің бір белгісі – «Абай ұр­пақ­тары» әдеби-көркем қолжазба жур­налын шығаруы. 1939 жылы со­ғыстың алдында Шыңғыстауға келген Мұхтар Әуезов Қарауыл орта мектебінде оқушылармен кез­десу өткізеді. Жиын барысында жазушы былай деп аманат жасайды:

«Сендер Абай ұрпағысың­дар. Ақын Абай аталарыңның ұлы­­лы­ғын болашақ ұрпақпен ұш­­тастыратын да сендерсіңдер, олай болса осы мектеп жанынан әдебиет үйірмесін құрып, «Абай ұрпақтары» атты әдеби-қолжазба журналын шығарып тұрыңдар».

Шыңғыстау ауданындағы (сол кездегі Абай ауданының атауы) Қа­рауыл орта мектебінің жаны­нан «Абай ұрпақтары» атты қолжаз­ба журналы шығатын болыпты. Оны ұйымдастырған, ақыл-кеңес берген Мұхтар Әуезовтің өзі екен де­ген ақпарат жер-жерге та­рап, тіп­ті республикалық деңгейде қы­зығушылық арта түскен. Сөй­тіп аудандық партия, комсомол ко­ми­теттері бірауыздан қолдау көр­се­теді. Журналдың шы­­ғуы­на Шыңғыстау ауданы оқу бө­лімінің бастығы Тәттібек Тү­сіп­баев, аудандық «Социалистік мал шаруашылығы» газетінің редак­торы Сәду Ақбергенов, қол­жаз­ба газеттің әдебиет бөлімінің мең­герушісі Бейсенғали Кірбетов, ком­сомолдың хатшысы Қауыс Көз­баевтар ерекше еңбек сіңіреді. Ең алғашқы редакторы 9-сынып оқу­шысы Талғат Әбенов еді. Бұдан басқа да сыныптың оқушылары Еженхан Құсайынов, Сыбанғали Серікбаевтар да іске белсене кі­ріседі. Журналдың беттерін оқу­шы Кәбира Сәдуақасқызы қолмен жазып шығарады. Сол мектепте қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ беретін Күлзира Мүлікбаева, Мұ­ха­метжан Әбенов (Талғаттың әкесі), географ, мұғалім Ұлықбек Ба­йырбеков, математик Ғабдолла Асылаевтар да қолжазба журналды шығаруға атсалысқан. Тұңғыш нөмірдегі ақын Абай туралы бас мақаланы оқу бөлімінің бастығы Тәттібек Түсіп­баев өзі жазады.

1939 жылдың желтоқсан айында «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының ең алғашқы нөмірі жа­рыққа шығады. Облыстық, рес­публикалық газеттердің барлығы «Абай ұрпақтары» журналына қол­дау көрсетіпті. Жазушы Мұх­тар Әуезов, «Октябрь балала­ры» газетінің қызметкерлері Бәт­кен Сағындықов пен Баубек Бұл­қышев құттықтау телеграммасын салады.

«Абай ұрпақтары» қолжазба журналының тұңғыш санына Мұх­тар Әуезов былай деп бата береді: «Новгородтың «Тоз» дәп­тері, Египеттің ширатпа пергамент «Шөншігі», медресе «Ғалиядағы» кезінде Б.Майлиннің «Шұғаның белгісін» басқан «Садақ» атты қол­жазба» журналы сияқты «Абай ұр­пақтары» да ел есінде мәңгі сақ­талады».

1942-1943 жылдары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі мектеп директоры, ақын Тұр­сынхан Әбдірахманова жур­нал­ға редактор болып, «Абай ұрпақ­тарының» бірнеше санын шығарады. Де­генмен соғыс кезінде көп сандары тезірек шықпай, азайып та қалады. Абай орта мектебінің 1945 жылғы түлегі, академик Серғазы Қалиев те журналға көп еңбек сіңіреді.

Ұлы Отан соғысы аяқталған кез­де, журналдың қайтадан жандануына еңбек сіңірген жазушы-ұстаз, Қазақ КСР-інің еңбек сіңір­ген мұғалімі, Ұлы Отан соғы­сы­ның ардагері, «Парасат» орденінің иегері Кәмен Оразалин еді.

– Әкем 1944 жылдан бас­тап, отыз жыл бойы «Абай ұр­пақ­­та­­ры­ның» редакторы болды, – дей­ді Елдар Оразалин; – жур­нал­ы шыға­ру үшін талантты жас­тарды ша­қыр­ды. Әдебиет бір­лестік Рысхан Му­­син, Роллан Сейсенбаев, Сұл­тан Оразалин, Мерғали Ибраев, Тө­леген Жанғалиев, Бей­біт Са­па­ралы, Тыныштықбек Әбді­кәкі­мов сияқты ақын-жазу­шылар, Ма­нар Құрманбеков, Мей­рамбек Жан­болатов сияқты қаламгерлерді, Жә­ні­бек Кәрменов, Арғынбек Ахмет­жанов сияқты талант иелерін шың­дап өсірді.

«Абай ұрпақтары» қолжазба жур­налының алғашқы хатшысы Кәби­ра Садуақасқызының айтуын­ша, 1940 жылы шыққан жур­налдың үш саны Абайдың 95 жыл­дығына арнал­ған екен. 1959 жы­лы журналдың 20 жылдығына бай­ланысты Мұхтар Әуезов былай деп құттықтайды: «Бә­рімізге ортақ ұлы Абай атамыздың қадір­лі ұрпақтарын, журналдың XX жылдық даңқты мерекесі күні жа­лынды, достық сәлеммен құт­тықтаймын. Журналдың гүлденіп өсіп, оның талантты да дарынды жас­тармен қатарының көбейе бе­руі­не тілектеспін».

 

Раушан Нұғманбекова,

журналист

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы