«Хакім Абайдың идеялары – ХХІ ғасырда» тақырыбында өрбіген онлайн отырыста алыс-жақын шетелдердегі зиялы қауым өкілдері мен Абай мұрасын зерттеуші ғалымдар бас қосты.
Айта кетейік, «АКМЕ» халықаралық ағартушылар клубы 2017 жылы құрылып, күні бүгінге дейін ашық сұхбат алаңына айналып келеді. Клуб мүшелерінің алдына қойған мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялыларының ісін жалғастыру. Бүгінде алқалы жиындарға алыс-жақын шетелдердегі зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, профессорлар өз ойларын білдіріп жатыр. Жастар да қалыс қалып жатқан жоқ.
Абай идеяларын, ойшыл мұрасын жастар арасында одан әрі дәріптеу мақсатында өткен шараға онлайн қатысқан Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі «Абай мұрасының түркі елдерінде танылуы» туралы баяндама жасаса, Дүниежүзілік Ислам академиясының президенті Муниф Зоуби «Абай мұрасы және ислам өркениеті» тақырыбында ой қозғады.
– Абай – қазақ халқының ғана емес, түгел түркілердің, тамырлас, туыстас халықтардың ортақ ақыны. 1934 жылы «Жас Түркістан» газетінде Мұстафа Шоқайдың әріптесі, профессор Тахир Шағатайдың Абайға байланысты «Түркістанның бас ақыны» атты мақаласы жарық көрген екен. Рас, өз дәуірінде Абай Түркістанның бас ақыны ретінде мойындалған, – дейді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.
Сондай-ақ шараға арнайы келген Еуропа қазақтары федерациясы президенті (Швеция) Мұрат Ермиш «Абай мұрасы және шетелдегі қандас бауырлар» тақырыбында ой өрбітті. Түркиядан тікелей эфирге шыққан профессор Гүлжанат Ержуласун Абай мұрасының Түркияда, Хашатрян Шушан (Армения) Арменияда насихатталуын айтып, хакім шығармаларының шетел тілдеріндегі аудармаларымен таныстырды.
Ал Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім «Абай – хакім», профессор Арап Еспенбетов «Абай мұрасы жайлы», Абай институтының директоры Жандос Әбубәкір «Абай мұрасы және өркениет» тақырыбын қаузады. Ұлы ойшылдың шығармашылығы мен қазақ мәдениетіне қосқан үлесін айтты.
Шара барысында Ясная Полянадағы Л.Толстой музейінің бөлім меңгерушісі Геннадий Опарин «Абай және Толстой» тақырыбын қозғаса, Абайдың Жидебай-Бөрілі мемлекеттік қорық-музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбай музейдегі атқарылған іс-шараларға тоқталды.
Сонымен қатар Шэньчжень университеті Зерттеу институтының директоры (Қытай) профессор Тао Итао, Экономика және менеджмент бойынша швейцариялық қолданбалы ғылымдар мектебінің ректоры (Швейцария) Доминик Джордан және Лешно қаласының Ян Амос Коменский атындағы мемлекеттік жоғары кәсіптік білім беру мектебінің профессоры (Польша) Мачей Петшак Абайдың 175 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Шара соңында Абайдың есімін, шығармашылығын одан әрі дәріптеу шаралары талқыланып, мерейтойға арнайы кітаптар шығару туралы ұсыныстар айтылды.
Egemen Qazaqstan