Қайталанбас, бірегей қасиеттері көп қазақты қаны таза халық дейміз. Өкінішке қарай, осынау өзгеше халқымыз, ұлағатты ұлтымыз басқыншылықтың қорлығын, отаршылдықтың зорлығын бастан көбірек кешіріп, азапты ғасырларда азаттығынан айырылып, азып-тозуға ұшырағаны да аян. Осылайша қаны таза қазақ талай-талай дерттерді жұқтырды. Олар алауыздық, арызқойлық, жағымпаздық, күншілдік, дүниеқоңыздық, қанағатсыздық, екіжүзділік деп жалғасып кете барады.
Биыл туғанына 175 жыл толып отырған Абай Құнанбайұлы өзінің өлеңдері арқылы да, қарасөздері арқылы да, бүкіл хакімдік ой-толғаныстары мен пәлсапалық қағидалары арқылы да халқын рухани алапат апаттардан аман алып қалуға жанталаса, жан күйдіре күш-қуат жұмсады. Қайран қазағын, қалың жұртын отаршылдық былғаған қан тазалығынан біржолата айырылып қалмауға үндеді. Ар ілімін асқақтатты. Олқылықтардың баршасын осып, кесепаттарды кесіп көрсетті. Дендеген дерттерден қалай арылудың, қайтіп айығудың жолдарын меңзеп, жөн-жосықтарын таразылады.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізген соң ғана Абай туындылары жан-жақты, шынайы да еркін зерделеніп, зерттеле бастады. Ұлы ұстаздың, теңдессіз ағартушының, әлемдік деңгейдегі данышпанның шын бағасы беріле бастады. Ақынның 150 жылдығында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары» деген болатын. Абай Құнанбайұлының мерейтойы сол жылы ЮНЕСКО аясында атап өтілді.
Биылғы жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласы жарияланып, елді елең еткізді. Абайдың 175 жылдығын қалай өткізудің жоба-жоспарлары жүйеленген жазбасында Президентіміз ұлт алдындағы ұлы міндеттерге назар аударды. Елдігіміз, Абай аманаттары туралы толғанды. Абайдың қай ісімізге күйінгені мен қай қылығымызға сүйінгені жөнінде ой қозғады. Одан соң «Egemen Qazaqstan» газетінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» деген мақаласы шықты. Атының өзі әрбірімізді терең тебірентуге тиіс бұл дүниесі де тағылымға толы, жүзеге асырар қағидалары мол.
Президент: «Биылғы мерейтойға орай бірқатар іс-шара жоспарланған болатын. Бірақ әлемді жайлаған індетке байланысты соның көпшілігін онлайн форматқа ауыстырдық. Әрине, сан сынақтан сүрінбеген халқымыз бұл дертті де жеңеді. Қиындық өтпелі, ал Абай мұрасы мәңгілік», – дейді.
Алғаш рет Абай күні атап өтілді. Мемлекет басшысы аталған мақаласында бүкіл еліміздің, қоғамның, оқу, білім орындарының алдына келелі де кемел міндеттер қойды. Абай жан-жақты, жаппай оқытылатын болды. Абайтануға арналған оқулықтар, хрестоматиялар жазып, басып шығаруға тапсырма берді. Абайға және оның мұраларын меңгеруге байланысты ең алдымен білім игеру, екінші – тәрбие, үшінші – жаңа кәсіп игеру, төртінші – ынтымақ мәселелері бойынша не істеу керектігін нақтылады. Президентіміз осылайша қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамытудың аса маңыздылығын айрықшалады.
Бәріміз де Абай және оның мұраларына байланысты мәңгілік мәністегі міндеттерге бүгінгі басты парызымыз, болашақтың қамы ретінде жоғары жауапкершілікпен қарап, жаңаша жұмыс істеуге тиіспіз. Осы орайда Абай данышпанның қарасөздеріне байланысты кейбір ойларымызды айта кеткіміз келеді. Біздің қазақ, бүгінгі қоғамымыз бұрын да, бүгін де қарасөздердің қадіріне жете алмай жатқанын мойындауымыз керек. Енді Абайдың өзі аңғартқандай, «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дегендей, әсіресе қарасөздерінің әрқайсысына терең ой көзімен қарап, жете меңгеріп, айналымға түсіруге бар күш-қайратымызды жұмсауға борыштармыз.
Қырық бес қарасөз! Олардың ішіндегі пікірлер мен ойлар қандай?! Қағидаттар қандай?! Қазаққа тән дерттер мен оларды емдеудің жолдары да айқындалған. Адамдық, адалдық, ақыл-парасат пен әділдік, қанағат пен рақым хақындағы пайымдаулар қандай?! Әрине, Отыз сегізінші қарасөзі секілді анау-мынау адамның «тісі батпайтын» тұстары да аз емес. Алайда түсінікті, ұғынықты, анық та айқын қағидатталған қарасөздерінің өзін амалға асырсақ та талай-талай табыстарға жетіп, Абай аманаттарына адалдыққа айтарлықтай үлес қосар едік.
2006 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша бүкіл еліміз үшін Абайдың қарасөздерін жаппай оқып-үйрену ұсынылғаны есімізде. Өкінішке қарай, тек кейбір кітапханалар мен бірқатар оқу орындарында ғана іс-шаралар өткізілді. Қарасөздерді сол жылы әрбір ұжым мен ұйым, мекемелер, бүкіл қоғам, әрбір адам оқып-үйренуі тиіс еді. Олай болмады. «Ештен кеш жақсы» дегендей, Абайға, Абай мұраларына, оның ішінде қарасөздерге бетбұрыс басталды. Ләйім, шынайы болсын, ұзағынан сүйіндірсін дейміз. Оңтүстік өңіріндегі, Түркістан өлкесіндегі қарашаңырақ ретінде қарасөздерге жан-жақты көңіл бөліп, тәлім-тәрбие ісінде алтын арқауға айналдыратын оқу орнының бірі – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті болатыны сөзсіз. Киелі оқу ордамызда ұлт мақтанышы Абай мерейтойына деген дайындық өткен жылдан басталып кеткен болатын. «Ұлы даланың дарынды жастары» атты Абай мұрасын оқып-үйрену бағытындағы байқау, «Абай жаққан бір сәуле» онлайн-зияткерлік сайысы, эссе байқауы, Абай өлеңдерінен челлендж, тәлімгер сағаттары ашық, онлайн форматта өткізілді. Қазір біздің университеттің ұжымы жаңа оқу жылында осы бағытта бағдарлар белгілеу үстінде.
Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? – дейді Абай Үшінші қарасөзінде. Осы сауалына орай ұлы ұстаз бірқатар жауабын ұсынады. Бүгінгі қазаққа ой салар ұсыныстарын келтіреді. Ал Төртінші қарасөзінде көптің қамы, ұрпақтың қамы, келешектің қамы үшін уайым-қайғы ойлағыш кісіні қолдайды. Үнемі уайым-қайғымен бола бермей, солардан құтылудың қарекетін жаса дейді. «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі» дей келе, «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші, өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау», – дейді. «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» – деген сұрақ қойып, қазақтың көбінесе біреуден қорқытып алғысы, алдап-арбап алғысы келетінін кекете сынайды.
Қарасөздерінің әрбірі қанатты қағидаларға құрылған. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса, жұмасында бір, ең болмаса, айында бір өзіңнен өзің есеп ал!» Міне, бұл да – әрқайсысымыздың жұмыс орнымызда, үстеліміздің үстінде өрнектеліп тұруға тиіс өнегелі сөз, өшпес өсиет. Он сегізінші қарасөзінде кербездіктің, кері тартар кердең жақтарынан безуге шақырады. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық», – деп түйіндейді. Жиырма бірінші сөзінде мақтаншақтықтың түр-түрін талдайды. Мақтанның, мақтаншақтықтың надандыққа апарарынан абайлауға меңзейді.
Мынадай қағидаларды қалайша ұмытамыз: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Ғалым туралы ғылым жайында қаншама қағидаттары бар. «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» – дейді Абай. Надандық, еріншектік, залымдық үшеуін қатты сынайды. Білімсіздікті хайуандыққа теңейді. Бұрынғы қазақтың да, қазіргі қазақтың да бойынан, болмысынан кетпей жатқан кесірлі кеселдердің бірі мынадай ғой, ағайындар. Абай айтқан: «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп, ұқпай тынбайтұғыны қалай?» Немесе «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұрмай тыныштықтан жалыға қалатұғыны қалай?!»
Иә, Абай қарасөздерінің қадірін біліп, қасиетін түсініп, бүкіл өмірімізге, әрбір ісімізге бағдар ете білгенде ғана елдік, мемлекеттік, адамдық мақсаттарымызға жетеміз. Президентіміз «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында тұғырлы тұлғаның туындыларынан терең тәлім алудың, Абай рухына тағзым етіп, қағидаттарын ұстанудың, аманатқа адал болудың қаншалықты мәнді де маңызды екеніне баса назар аударды. «Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз», – деді.
Осыған орай бір жағдай ойымызға түсіп отыр. Жүз жылдан астам уақыт бұрын қазақтың алашшыл ақыны, елінің ерен патриоты, жалынды ойшылы Сұлтанмахмұт Торайғыров «Абайды оқы, таңырқа» деген еді. Бүгінгі белгілі қаламгер ағамыз, жерлес жазушымыз Мархабат Байғұт «Абайды оқы, орында» деген мәселені біраздан бері белсене көтеріп, терең тебіреніспен насихаттап келеді. Шынында да, Абайдың өлеңдерімен, өзге дүниелерімен бірге қарасөздерін оқып, жалықпай тоқып, ерінбей орындағанда ғана Қазақ елі асқаралы асуларды алады.
Баршагүл ИСАБЕК,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің
оқу және оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректоры, профессор