Ерлан ЫСҚАҚОВ: ҚАРА СӨЗДІҢ ҚАДІРІНЕ ҮҢІЛСЕК

Абайдың қара сөздеріне арналған зерттеулер көп. Әлем тілдеріне аударылған бұл туынды талай әдебиетшінің, тіл мамандары мен тарихшылардың ғылыми еңбектеріне арқау болған. Аудармашы болған соң, қара сөздерді аудару тарихына, автордың ойын өзге тілде қандай амал-тәсілдер көмегімен жеткізгеніне көбірек көңіл бөлесің. Осы сұрақ төңірегінде ізденіске кіріскен бойда, жалпы шығарма не жөнінде, мәтін қандай тақырыптар мен негізгі ұғымдарға құрылған ­деген сұрақ ­туындайды. Бұл сұраққа жауап табу үшін корпустық әдістерге жүгініп көрсе не болар еді деген ой келді. Осылайша, мен Абайдың қара сөздеріне қарапайым корпустық талдау жүргізіп көруді жөн санадым.

Корпустық талдау (лат. corpus – дене; бұл жерде «лингвистикалық корпус», яғни арнаулы зерттеулер жүргізуге ыңғайланған мәтіндер жинағы деген мағынада жұмсалып тұр) – тұтас бір тілдің немесе ­жекелеген автор шығармаларының лексикалық құрамын, сөз қолдану ерекшеліктерін, т.б. анықтауға мүмкіндік беретін компьютерлік әдіс.

Абай шығармаларын жинап, өңдеп, қазіргі заман талаптарына сай өз алдына бөлек ашық корпус құруға болады. Бұл – болашақтың жұмысы. Мұндағы менің корпус деп отырғаным – арнаулы компьютерлік бағдарламаға салынған, талдауға қажетті форматқа келтірілген қара сөздердің толық мәтіні. Ондағы тірек сөздер, яғни жиі ұшырасатын сөздер мен сөз тіркестері қандай?

Талдауға 2009 жылы Халықара­лық Абай клубы шығарған «Абай. Қара сөз. Книга слов. Book of Words» басы­лымының мәтіні алынды. Мәтіндегі сөздер саны (корпустарда бұл көрсеткішті сөзқолданым дейді) – 16 982.

Ең жиі қолданылған сөздер мен тір­кестер  адам (адамды, адамға, адам­­мен, т.б. сөзтұлғалары және адам­дық, адамшылық деген туынды сөздерді қосқандағы жиілігі – 203)кісі (жиілігі 117) және адам баласы. Мысалы:

«Адам баласы жылап туады, кейіп өледі» (Төртінші сөз);

«Адам баласына адам баласының бәрі  дос» (Отыз төртінші сөз).

Бұдан кейін жиі ұшырасатын тірек сөзі – Құдай, Алла, Жаратушы, Құдай тағала, Алла тағала (жиілігі –151):

«Алла тағала  өлшеусіз, біздің ақы­лымыз  өлшеулі» (Отыз сегізінші сөз).

«Біз жаратушы емес, жаратқан көлең­кесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғаделетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады» (Қырық бесінші сөз).

Ғылым, білім, ғылым табу (жиілігі  126):

«Әуелі  білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек» (Отыз екінші сөз).

«Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «Бұл немене, ол ­немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жо­лына неге салмайды екеміз?» (Жетінші сөз).

Ақыл, ақыл айту (ақылсыз ­деген болым­сыз тұлғасын қосып санағандағы жиілігі 114; басқа мағынада жұмсалып тұрған ақылдасу деген туынды формасы есепке алынбаған):

«Тегінде, адам баласы адам ­баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де  ақымақтық» (Он сегізінші сөз).

«Кей жұрт ақыл айтарлық кісіні іздеп таба алмайды. Қылығының қылшығын танитұғын кісіден қашық жүретұғыны қалай?» (Қырықыншы сөз).

Қазақ (жиілігі  66):

«Осы мен өзім  қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уә әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ» (Тоғызыншы сөз).

Мал, мал табу, мал іздеу  (жиілігі  115):

«Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айрылады» (Оныншы сөз).

«Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең  оқыт, мал аяма!» (Жиырма бесінші сөз).

Иман, иман келтіру (жиілігі  49):

«Әрбір ақылы бар кісіге иман ­парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз екен. Және де әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек» (Жиырма сегізінші сөз).

Ұят (жиілігі  29):

«Ұят деген  адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты» (Отыз ­алтыншы сөз).

Ұлы ақынның ой толғау, монолог түрінде жазған нақыл сөздер жи­на­ғында жиі айтылатын тірек ұғым­дары осындай. Айта кетерлігі, осы корпустық талдаудың нәтижелері Мұхтар Әуезовтің басқаруымен 1957 жылы шыққан ақынның екі томдық шығармалар жинағы ­бойынша жасалған Абай тілі сөздігіндегі (2011 жылы «Өнер» баспасынан шыққан басылым) статистикалық деректерден көп ауытқымаған. Бұл анықтамалықтан байқағанымыз (жиілігі 200, 400, 600-ден асып кететін алу, беру, табу, қылу, көру т.c.c. сөздерді санамағанда): жоғарыдағы тізімге енген тірек ұғымдар тек қара сөздерде ғана емес, жалпы Абай шығармаларында жиі кездеседі екен (мысалы: адам – 270, кісі –190, ақыл – 199, ғылым және білім – 142, Алла – 133, қазақ – 127, иман – 59, ұят – 39, мал – 214). Абай шығармаларында бұлардан басқа көп ұшырасатын сөздер: өмір – 113, өлу – 106, ойлау – 126, дүние (өмір, мүлік, жаратылыс мағынасында) – 145, көңіл – 215, жан – 220.

Абайдың қара сөздері жанрлық сипаты жағынан Монтеньнің «Тәжірибелер», Паскальдің «Ойлар», Ницшенің «Афоризмдеріне», баяндау формасы жағынан Толстойдың «Оқу шеңбері» («Круг чтения») атты әйгілі діни-философиялық еңбегіне ұқсас. Толстой мен Абайдың жоғарыда аталған иман, дін, білім-ғылым, адамшылық тақырыбын қозғайтын мағыналас, үндес нақыл сөздері де бар. Сөз соңында солардан бірнеше мысал келтірейін, қабыл алыңыздар.

«Иманы жоқ адамның өмірі хайуан­ның өмірімен бірдей» (Л.Толстой. Круг чтения).

«Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?» (Абай. Жетінші сөз).

«Еңбегі нәтижесіз ғалым  ­жауын жаудырмайтын бұлттай» (Шығыс даналығы / Л.Толстой. Круг чтения).

«Шәкіртсіз ғалым  тұл» (Абай. Отыз жетінші сөз).

«Адамға басқаларға мейірім көрсету шарт. Сенің басқа адам­дарға мейірім танытпағаның  басты парызыңды орын­дамағаның» (Л.Толстой. Круг чтения).

«Адамға хәлінше ихсанды* болмақ  қарыз іс. Бірақ өзгелердің ­ихсанына сүйенбек дұрыс емес» [*ихсан — жақсылық, игі іс] (Отыз сегізінші сөз).

«Адамды бойындағы ақыл-білім қорына емес, сол қорды жинауға жұмсаған еңбегіне қарап бағала» ­(Лессинг/ Л.Толстой. Круг чтения).

«Адамның адамшылығы істі баста­ғандығынан білінеді, қалайша бітірген­дігінен емес» (Абай. Отыз жетінші сөз).

Ерлан Ысқақов, аудармашы

«Ана тілі» газеті