Жұртымыздың маңдайына біткен, қазақ прозасын әлемдік деңгейде мойындатқан Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясын жазса да: «Абай шалқып жатқан ұлы мұхит, бар-жоғы одан шөміштеп ғана су іштім», деп бекер толғанбаған-ау. Өміршең жыр жазып, поэзияның жазбаша үлгісін көрсетіп кеткен хакімнің мұхит екені даусыз. Абай сөзі – әр адамның шөл қандыратын рухани тұнбасы. Бар-жоғы екі томнан тұратын кітабына бас қоймасақ, кенеземіз кепкендей сусап, шөліркеп тұратынымыз анық.
Өмірдің сыры мен сыны, адами қасиеті, рухани тоқырауға ұшырап бара жатқан халқына деген аяныш, надандықтан тақсырет тартып жүрген жандарға деген мейірім Абайдың жүрегін қан жылатқан. Шыңғыстаудың бөктерін тұтас жабатын Құнанбайдың малымен тіршілігін жасап, қара басының қамын жемей, қара сөздің қадірін ұғынып, жұртына даңғыл жолды көрсеткеннен кейін дана демей кім дейміз? «Халқым надан болған соң қайда барып оңайын», деп түңілгені жан тебіренісінен туындаған туынды, бүгінгі ұрпағының ұранына айналып отыр. Тіпті, мақала, эссе, тағы сол сияқты қандай да бір шығармаға хакімнің бір тармақ өлеңінің өзі нақыл ретінде алынуда. Мешіт-медреседегі имамдардың уағызы да Абай сөзімен қорытындыланады. Осының өзі баба даналығының көрінісі екен-ау.
Абайдың ішкі әлемінде не жатқанын жырынан ұққандай болғанымызбен, өресі биік шығармасының етегіндегі томпайған бөктерге шығып, шыңында тұрғандай сезінеміз. Ибраһим Құнанбайұлының пайымы бөлек парасаттылықтан өрнектелген өлеңі мен қара қылды қақ жарып, қабырғамызды сөккендей етіп жазған қарасөзі алып кенді тау екендігін аңғартады. Алайда шығармасының мазмұнын нобайлап қана ұққанымызбен, толық игерілмеген кен секілді сырттай топшылаумен ғана келеміз. Шәкәрім екеуінің рухани сабақтастығына келгенде, Құнанбай мен Құдайбердінің тамырлас екенін алдыға тартып, айтар ойды сол жақындықтары-ның айналасынан іздейміз. Олай пайымдасақ, үлкен қателікке бой алдырғанымыз. Рухани сабақтастық, жырларының үйлесуі туыстықпен ғана шектелетін дүние емес, ол – шекараға бағынбайтын тылсым дүние. Кешегі жыраулардың сөзі бір-бірінің жырында қайталануы да осыған айқын дәлел. Тіпті, Мағжан мен түрік ақыны Юнус Емренің, Мұқағали мен Чилидің ақыны Пабло Неруданың рухани сабақтастығы шекараға бағынбайтын тылсым дүниені бұлтартпайтын шындықпен айқындап береді. Ендеше, Абайдың жазған жырын толықтай игеру үшін әлем әдебиетінен нені оқып, нені тоқығандығын зерттеу керек болады. Ол үшін абайтану ғылымының басындағы жандар жан-жақты ізденіске баруға тура келеді. Бір ақынның жырын оқып, оның кәусар бұлағынан шөл қандырған соң, неліктен дәмді деген сауалға жауап табу үшін де қайнар көзі қайдан бастау алғандығын білуге тұра келмей ме? Осы жерде Абай қазақ халқының перзенті болғанымен, шетел әдебиетінен бастау алып отыр дегендігім емес. Әрине, хакім – жұртымыздың қасиетінен нәр алып, қазақ құрсағында жаралып өскен дарынды ақын. Алайда М.Әуезов айтқан мұхит, теңіздердің келіп қосылуы арқылы шалқып жататындығын ескеруіміз керек шығар. Сондықтан да әлем әдебиетінен қосылған телегей-теңіздерді тізімдеп, оқып, бабамызды шалқытқан бастаулардан біздің де дәм татып өскеніміз жөн болар.
Рас, Абайдың жұмбағы шешілуі қиын мәселе. Рамазан Тоқтаров «Толғақ», «Жұлдыз құрбандық», «Қызғаныш», «Ғақиқат мекені», «Нұрсипат» атты бес кітаптан тұратын «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасын жазғаны кітапқұмар жандарға белгілі. Аталған кітапта хакім жөнінде талай мәселе көтеріліп, бізге жұмбақ оқиғалардың түйіні тарқатылады. Бұл роман-хамсасында Р.Тоқтаров Абай мен Шоқанды кездестіртеді. «Бір емес, үш мәрте. Алғашында кадет корпусын бітірген жас офицер Шоқан әкесімен бірге Құнанбай ауылына келеді. Сонда алғыр дарыны мен зерек зейінін аңғарған он жасар Абайды ұнатып қалып, келесі жылы Семей медресесіне әдейі іздеп барады. Қасында досы Достоевский бар. Үшінші жолы Шоқан Атбасарда болыс сайлауына түсіп жатқанда Абай әкесіне еріп барып жүздеседі. Осының үшеуінде де Шоқанның Абайға аңқылдаған ақ көңілден айтқан ағалық ақылы мен ақ тілегі: оқы, ғылымға тереңдеп сүңгі, сонда өмірге көзің ашылады. Ақындық өнеріңді дамыта бер, әбден ойланып барып қағазға түсіріп жаз, сонда өлмейтін өнерің ұрпақтарға қалады». Осы жағынан қарасақ, Абайдың өмір жолын М.Әуезов толық қамти алды деп айта алмаспыз. Тіпті, «Абай жолындағы» Қодар мен Қамқаның өлімі жайлы дерек те дүдәмалдау. Олардың өлгендігі емес, бала Абайдың көргендігі. Яғни кейбір деректемелерде Қодар мен Қамқа өлімі Абай туылмай тұрып болған десе, М.Әуезов романдағы оқиғаны шиеленістіру үшін бала Абайдың көз алдында екі бейбақты өлтіреді. Әрине, бұл – шикілік емес, зерттеуді қажет ететін мәселенің бірі. Абай жыры әлемді мойындатса да өмір жолын толық білмейміз. Міне, осы бір сөзді Мұхтардың «шөміштеп қана су іштім» дегені нақтылай түспек. Дегенмен де, Әуезов сынды майталман жазушымызға халық болып қарыздар екеніміз де ескерусіз қалмауы керек.
«Әрбір ғалым хакім емес, әр бір хакім ғалым», деп жазған Абайдың екінші кітабының соңында «Бір сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» атты қысқаша түсініктемесіне көз жіберсек, біраз дүниенің бетін ашатынымыз хақ. Сол баяндамасында: «Арабтар көшпелі халықтарды «хибаи» деп, «хұзағи» деп атапты. «Хибаи» дегені кигіз шатырмен жүруші деген екен. «Хұзағи» деген өз жұртында және хұзаи деген көшпелі халық бар екен, соған ұқсатып айтқан екен. Сол уақытта бір хан көшіп келе жатқан бұлардың тіркеулі түйесін көріп, «міне, мыналар шынымен қазақ екен» депті, әдейі қайтқан қазға ұқсайды-ақ деп. Сонымен бұлар өзін-өзі де, өзге жұрттар да қазақ атап кетіпті», деп жазады. Алайда бұған келісу мен келіспеу әр қазақтың өз еркінде. Абай айтты екен деп айдай әлемге жар салайын деп отырмағанымыз анық. Тек бұл баяндаудан хакімнің жан-жақты білім алып, аңыз-әпсаналарды да жадына тұтып өскендігін аңғаруға болады. Осы жазбасында шағатай тіліне ұқсастығымыз бен дін жағынан не нәрсеге көзің жетпесе, сол дүниені құдай тұта тұр деген мәселеге кеңінен тоқталады. Яғни біздің бабалар осындай оймен ырымшыл болып кеткенін, өз заманында аздап саябырсығанын жазған. Әйтпесе, келін түскен үйдің отына май құйып, «От ана, май ана, тәу, тәу!», «Өлген аруаққа арнадық», деп шырақ жаққан жұрттың пікірі шариғатқа жат екендігін жақсы жеткізген. Абай – адами қасиет, жаман әдеттерден аулақ болу, дін, ұлттық болмыс, табиғат пен махаббатқа қалам сілтеген, тіпті жан бітіре жырлаған кемеңгер ақын. Қарасөзі қазақ еліне айтқан өсиеті, қасиетті қағидасы сынды.
Хакім – иман мен ибалық, жалпы адамгершіліктің алтын қазығындай қағылған жан. Сол қазыққа көңіл жібін байлай білсек болды, ақ жолдан адаспасымыз анық. Абай Құнанбайұлының шығармашылығы жайлы тоқталудың өзі жүректі қозғайтын тақырып. Әр жырының тармағын тарату үшін үлкен тәуекелге бел байлағандай боларымыз анық. Хакімдік биікке шыққан жанның қарасөзі мен өлеңдеріне көз жүгіртсек, әр жерден сілтеме берген сөздерге назар аударуға тура келеді. Ал ол сөздер – түрік, араб, шағатай, орыс сынды өзге тілді ұлттардың тілі. Бұл жерден Абайдың шет тілін жетік меңгергендігін де дәлелдей аламыз. Хакім болғаннан соң өзге тілді білмеуі ұят деген де пікір қалыптасуы мүмкін ғой. Жоқ олай емес, Абайдың сөздік қорын теріп шықсақ, тағы бір кітап жазуымыздың өзі аздық етеді. Қорыта айтқанда, Абай – қазақ елінің қасиетті адамы, бас ақыны, жазба поэзиясын қалыптастырушы, бірден-бір дарынды тұлға. Абай – әр қазақтың жалғызы.
Мұхтар КҮМІСБЕК