Құбылыс
Жеті қат жердің тектоникалық қозғалысы мен сілкінісінен жанартаулар пайда болатыны сияқты уақыттың ұзақ толғағынан дүниеге мың жылдықтарда бір келер, қайталанбас, қайтып тумас, даналық пен даралықтың үздік үлгісі – ұлылардың ұлысы әлемді жалт қаратып, таңдай қаққыза тамсандырып, ашады өмір есігін. Бұл жүз, мың жылда болатын оқиға емес, бірнеше мыңжылдықтарда бір-ақ мәрте болатын құбылыс!
Ұлы даланың ұланғайыр бір өңірі – қасиетті Шыңғыстауда, бұдан 175 жыл бұрын, тамылжыған тамыз айының 10 жұлдызында дала данышпаны Құнанбай шаңырағында Абайдың өмірге келуі – құбылыс, әлем таңғалған құбылыс!
Осы құбылыстан соң әлем өркениетіне көшпенділер мәдениетімен үлкен олжа салған Ұлы даланың өмірінде ұлы өзгеріс басталып, ұлттық рух асқақтатады. Ұлттық рухты көтеріп, санаға сәуле түсірген ұлы тұлға, ұлағатты құбылыс – Құнанбай қажының перзенті болып өмірге келіп, адамзаттың асылына айналған ұлы Абай, ұлы құбылыс!
Сол құбылысты «Абай жолы» атты әйгілі роман-эпопеясына алтын арқау еткен Мұхтар Әуезов шығармасы әлемді шарлап, құбылысты құлпыдай құлпыртты.
Бұл Абай – құбылыс нұрынан түскен жарық сәуле еді.
Абай – құбылыс өмірге келгелі екі ғасырға жуық, Әуезовтің «Абай жолы» жарық көргелі жүз жылға жақын уақыт өтті. Содан бері әлемде талай өзгеріс болды. Кейбір мемлекеттер мен халықтар өмірден озды. Теңіздер тартылды, таулар шөкті. Ал Абай – құбылыс, ол жайлы жазылған ұлы шығарма – «Абай жолы» адамзатпен бірге жасасып келеді.
Абай – адамзаттың Абайы!
Абай – құбылыс!
Даралық сыры
Сонау ту алыста қалған аты белгісіз арғы дәуірлерден күні бүгінге дейін адамның ақыл-ойы мен қиялынан небір ғажайыптар туып, адам қолымен талай кереметтер жасалды. Перғауындар пирамидасы, Семирамиданың аспалы бағы, Эфес қаласындағы ғибадатхана, Зевс мүсіні, Мавсол патша мавзолейі, Родос алыбы, Александриядағы ежелгі дүние шырағы – әлемнің жеті кереметі, онан соң сегізінші керемет Тәж-Махал мазары өмірге келді. Адамның ақыл-ойы атом қуатын бейбіт мақсатқа пайдалана бастады. Кәрі тарихтың өзін таңғалдырып ғарышқа ұшты. Сөз жоқ, мұның бәрі адамзат туғызған ғажайыптар. Осы кереметтердің бірі ғана емес, бірегейі – адамзат даналығы туғызған бейнелер әлемі – әдебиет. Ғасырлар бойы сақтала беретін байлықтары бар әдебиеттің ең үздік үлгілерін туғызған талант аспандағы ай мен күндей аяулы. Кемел ойлы кемеңгер таланттың өзі де, оның қайталанбас хас туындылары да зеңгір көктегі күн, алыс жұлдыз жарығындай қуатты да шуақты!
Сол кемел ойлы кемеңгер таланттардың нәр алатын қайнар бұлағы – ұлы Абай, Абай ілімі, даналықтың даралық сыры. Көк аспандай көрсетпейтін көлемін, көк мұхиттай өлшетпейтін тереңін Абай құбылыс ғасырларға шыдас берер беренім аспандағы Ай мен Күндей айналаға үнсіз сәуле шашып тұр. Абай орыстың Толстойы, өзбектің Фирдаусиі, тәжіктің Рудакиі, немістің Гетесі, ағылшынның Шекспирі, француздың Бальзагы, испанның Сервантесі, арабтың Юсеф Ас-Сибайы, жапонның Харуки Мураками... тағы басқа да әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалармен талант, ақыл-парасат жағынан қандас, туыстас. Абай солармен иықтасып қатар тұр. Бұлай деу де аз олардан бір елі болса да биік. Бұған оның өлеңмен, қарасөзбен он алты өрім қамшыдай жымын білдірмей қатар өрген қатпары қалың, қалтарысын кез келген жан ұға бермейтін, түнде де жарқырайтын сан қыры даралық сыры айқын айғақ.
Даналық жарығы
Тас төбеден құйылған сол сәулеге шомылған даналық жарығынан нәр алған әрідегі әлемдік деңгейдегі тұлғаларды түгендемей-ақ, берідегі Мұстай Кәрім, Расул Гамзатов, Олжас Сүлейменов, Пауло Коэльо, Анар, Герман Кант, Рима Казакова, Евгений Евтушенко, Момын Каноат, Людмила Щипахина, Робель, Алекс ла Гума, Феликс Кузнецов, Юрий Бондарев, Шыңғыс Айтматов, Сергей Михалков, тағы басқа сан саңлақты айтсақ та жеткілікті. Әлем әдебиетіне азбас, тозбас мол олжа салған бұлардың да ойын оятқан, санасына сәуле құйған құдай тектес құдірет Абай!
Бұл аз десеңіз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Абай – рухани реформатор. Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы қайталап, қадап айтқандай: «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары».
Қазақстан Президенті, әлемдік деңгейдегі аса салиқалы, асқан салмақты Абай даналығынан нәр алған, Абай даналығының жарығы түскен Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың даналық жарығы жайлы: «Ең алдымен, білім игеру. Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Екінші, тәрбие мәселесі. Сондықтан өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет.
Үшінші, жаңа кәсіп игеру. Ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп ар-мандады. Әсіресе бәсекелестікке толы алмағайып заманда мұның мәні зор. Абай: «Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» дейді. Біз еңбекке, жаңа өнер игеруге деген көзқарасымызды түбе-гейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте.
Төртінші, ынтымақ мәселесі. Абай әрдайым қоғамның береке-бірлігін арттыруға ден қойды. Ол «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос» деп, елді татулыққа шақырды.
Біз аса күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Осындай сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мәміле мен ынтымағымызды арттыра түсу аса маңызды. Кемеңгердің де жан-жүрегімен тілегені жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы еді. Сондықтан бүгінгідей қиын шақта Абай мұрасына жүгіну өте өзекті болып отыр.
Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті әрі күллі адамзатқа ортақ. Оның қара өлең болып өрілген және қара сөз болып төгілген оралымды ойлары әлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді.
Ұлтының болашағы үшін қам жеген ұлы ойшыл күллі жұртшылықты да махаббат пен мейірімге үндеді. Ақынның осындай адамгершілік қағидаттары еліміздің бүгінгі ұрпақтары үшін де аса қажет», – деп толымды ой толғады.
Абайдың даналық жарығы «Нұрлы жолды» нұрландырып тұр.
Мәңгілік сағыныш
Тарих – ана ұзақ толғатып, сирек туатын ұлы тұлғалар бір халықта ғана емес, бар халықта да бар. Олар бір ұлттың ғана емес, барлық ұлт, барша халықтың мақтанышы. Әлемдік асыл қазынаға олар қосқан жауһарлар адамзаттың ортақ игілігі. Хакім Абай осы санаттағы саңлақ. Ол алыптар тобының көшбасшысы. Абай сынды ұлы тұлғалар ақ бас шындары алқаракөк аспанмен таласқан асқар таулар секілді қашықтан қарасаң айбынды, сұсты, кейде, тіпті суық болып көрінеді. Ал сол алыстан айбынды көрінген асқар таулардың жанына жақын келсең, өзгеше бір жылылық, тартымдылық табасың.
Кісілік пен кішіліктің ертеден егіз екенін танисың. Алыстан асқақтаған зеңгір таулар жанына келсең, жайқалған бау-бақша, бауырынан құлай аққан сыңғыр бұлақ, төсінен көкке шаншылған сыңсыма көк майса, көгерім талымен аялап, саясына алады. Ұлы таулар мен ұлы адамдар арасында ғажайып бір ұқсастық қана емес-ау, табиғи туыстық, оны айтасыз, қандастық, тұтастық бар. Есімі мен еңбегі елімізге, оны айтасыз бүкіл дүниежүзіне мәшһүр алыптар жайлы көңілге түйер ойдың бірі осы. Абай – осы саптағы саңлақтардың басында тұрған алып!
10 тамызда ұлтымыздың ұлы ақыны, ойшыл тұлғасы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Бұдан ширек ғасыр уақыт бұрын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде өткізілген болатын. Ал биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз «Абай күні» болып бекітілді. Бұл хакім Абайдың туған күні, поэзия күні, ұлттық рухты асқақтататын бүкілхалықтық мереке!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «ХІХ ғасырда өмір сүріп ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Әрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс» деген сөзінде тереңнен тебіреніп шыққан текті ой бар. Сол ойға арқа тіреп Абайды әлемге әлі де таныта, насихаттай түсуіміз керек. Біздің бұл ойымызды Мемлекет басшысының: «Біздің ойшылдың өнегелі өмірі мен тағылымы туралы туралы айтудан жалықпаймыз. Әсіресе қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту аса маңызды. Мен бұл жөнінде «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаламда кеңінен айттым. Биылғы жыл халықаралық «Абай жылына» айналды. Әлемнің көптеген елдері оның шығармашылығына назар аударуда. Қазақстанның бастамасымен және ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы ақынымыздың 175 жылдық мерейтойы жаһандық деңгейде аталып өтуде. Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық парызымыз. Өйткені Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Абайтанудың тұғырнамалық негізі де осы болуға тиіс. Қазір ақынның еңбектерін халықаралық ғылыми айналымға енгізу үшін нақты және мақсатты жұмыстар қолға алынуда. Оның шығармалары әлемнің он тіліне аударылып, баспаға әзірленді. Бұл кітаптар жүзден астам елдің кітапханалары мен мәдени орталықтарына жіберіледі. Бірқатар шетелдік аудармашыларға, Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеушілер мен насихаттаушыларға менің Жарлығыммен мемлекеттік награда берілді. Абай рухын ұлықтау шаралары жалғасуда. Шетелдегі елшіліктеріміздің жанынан Абай орталықтары ашыла бастады. Ақынның шығармашылығын жүйелі зерттеу үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан Абай академиясы құрылды» деген сөзі қуаттай түсті.
Абай жайлы бұрын да, бүгін де талай тамаша еңбектер жазылды. Солардың ішіндегі соңында соқпақ салған, тың, ордалы ой айтқан аса бағалы, тұлғалы туынды Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы. Бұл аты мақала болғанымен заты үлкен монографияның жүгін көтерген азбас, тозбас, мәңгілік еңбек!
Қаламы ұшына орала кеткен «Мәңгілік сөзі ұлы Абайға деген мәңгілік сағыныш отын тағы да үрлей түсті. Иә, біз Абайды сағынамыз. Абайды сағыну – ұлылықты сағыну, құбылысқа табыну. Бұл мәңгілік сағыныш.
Адастырмас ақ жұлдыз
Ұлылықтың бір өлшемі аспан
Бұл дүниеде одан биік, одан кең не бар?! Ұша білген қанатқа дүние кең дейтініміз де содан. Әйтсе де, биікке аңсары ауған құштарлар қаншалық көп болса, сол биікке шырқап шыққан қырандар соншалық аз. Ол заңды да. Биіктік таланттар мен қанаттылардың ғана мекені. Құр қызығу мен құрғақ құштарлық құшағына сыймайды. Өмірдің осы бір қатал, әділ заңы өнерге де тиесілі. Содан да болар қаламгерлер аз, жарқыраған жақұттай қат.
Өмірдегі сияқты өнерде де оңай бақыт болмайды. Қымбаттың бәрі қиынға түседі, жазушы жолы – шың мен шыңыраудың екі аралығында қиын асуға өрмелеген таудың тар жол, тайғақ кешуі тәрізді. Оң жағындағы шыңға көз тіксең де, сол жағындағы шыңырауға қарасаң да басың айналып, табаның тайып кетуі кәдік. Сондай қиын жол, қиян асуда қарсы алдыңнан адастырмас жұлдызың боп жанатын кемеңгердің бірі емес, бірегейі! Ол нұсқар, асқарға бастар жарық жұлдыздай.
Сонау зеңгір аспанда жұлдыздар қаншалық көп болса, аты мен заты белгілі жарқыраған жарық жұлдыздар соншалық аз. Ондай жарық жұлдыздарды көп жұлдыздардың өзі де көлегейлей алмайды. Әдебиет әлеміндегі сондай жарық жұлдыз Мұхтар Әуезов екенін ешкімнің ажарына қарамайтын қатал уақыттың өзі дәлелдеді. Абайдың ақындығы, қаламгерлігі жайлы сөз болғанда мына бір жай ойға оралады.
Тоқсаныншы жылдары Оңтүстік Африкада кимберлит трубасынан ХХ ғасырдағы ең үлкен алмастардың бірі табылды. Одан бриллиант алу үшін әлемдегі ең таңдаулы зерлеуші шақырылды. Атақты шебер кимберлит трубасындағы алмастың қыр-сырын ұғу үшін тек оны зерттеуге ғана бір жыл уақытын сарп етті. Содан соң ғана алмасты қырнап, өңдеп, зерлеуге кірісті. Одан кейін төгілген тер мен асқан шеберліктен өмірге қай қырынан қарасаң да жарқырап тұрған асыл текті бриллиант келді. Соншалықты тыңғылықты зерттеусіз, оның табиғатын ұқпайынша, шебер оны жақұттай жарқырата алмас еді. Абайдың өлеңдері мен қарасөздері сол жусан иісті кимберлит сынды.
Абайдың өлеңдері де, қырық бес қарасөзі де тұнып тұрған тұп-тұнық, түпсіз терең ой. Бұлай деу де аз, Абай мұрасы жол көрсетіп тұрған бағдаршам, адастырмас ақ жұлдыз. Көзқарақты қауымның бәрі білетін ол жұлдызды жырлар мен құндызды, аса құнды сөздерді тізбелеп жатпай-ақ, өлеңнен бір, қарасөзден бір мысал келтірейік.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс көнсеңіз, –
дейді Абай. Ұлттың ұраны ғой бұл!
Абайдың барлық қара сөзі адастырмас ақ жұлдыз. Бір ғана мысал: «Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғадаләт, махаббат құдайға лайықты дегендігі.
Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғадаләтке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Иландым, сендім демек, иландырамын, сендіремін деген емес.
Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат пен сезім бар. Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп», дейді Абай қырық бесінші қарасөзінде. Ал енді осы сөздің айдай ақиқаттығына бас имейтін жан бар ма?!
Абай шөлдегенге – бұлақ, адасқанға – шырақ. Абай – адамзатқа жол көрсетіп тұрған адастырмас ақ жұлдыз!
Адамзат барда Абай бар!
Абай дүние тұрғанша
тұратын тұлға!
Сәбит Досанов,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты