М.МЫРЗАХМЕТҰЛЫ: АБАЙДЫҢ ӘЛ-ФАРАБИДІ ТАНУЫ

 

Ұлы Абай өмір бойы дүниеден жиып-терген ой нәрін туған халқына бағыш­тағанда үнемі әділет пен ақылдың тегеу­рінді тезіне салып, сыншыл ой елегінен өткендерін ғана ұсынуды мақсат тұтқан.

Әділет пен ақылға

Сынатып көрген, білгенін,

Білгізер алыс жақынға

Солардың сөйле дегенін, –

деп, өз шығармаларында нәр тартқан рухани бұлақтар төркінін жасырмайды. Оның

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім, 

деп, қайырыла ескертуінде терең сыр жатыр. Яғни Абай дүниетанымының бел­гілі дәрежеде бастау алар рухани көз­дерін тануда осы өлең жолдары – ақын мұра­сын зерт­теу­шілерді бірден-бір дұрыс бағытқа сіл­тер темірқазықтай, адастырмас нысана.

Жанама деректер көзінің бір саласы ретінде Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай пікіріндегі кейбір сабақтастықтардың болмысына назар аударып, пікір сарабына салғанда алдымен, әрине, қазақ жерінің ұлы екі ойшылының көзқарастары мен танымындағы ұқсас жақтары бөлекше сөз етілмек. Абай шығармаларындағы ой желі­сінің нәр алар рухани көздерін өзі сілтеп отырған тура және жанама дерек­термен салыстыра отырып аша ал­сақ қана көздеген мақсатқа біршама жа­қындай түспекпіз. Бұл іспеттес жанама деректер көзінің біріне ұлы ғұлама әл-Фараби мен Абай мұраларындағы ой желісінде орын алған пікір сабақтастығын да жатқызар едік.

ХІ ғасырдан бізге жеткен бірден-бір әдеби мұрамыз «Құдатғу білікпен» Абайдың таныстығы жайында нақты жазба дерек бар, ал әл-Фараби еңбектерімен таныс­тығы жөнінде әзірше нақты мәлімет қолда жоқ. Дегенмен әл-Фараби еңбек­терін Абай білген деген пікірді ертеректе профессор Ғ.Сағди: «...философияға, даналыққа зор мән берген осы ғақылиялар кітаптарынан да мағлұматы бар еді», деп атап көрсеткен болатын.

Шындығында, әл-Фараби мен Абай дүниетанымындағы кейбір ой-пікірлер сабақтастығында салыстыра қарағанның өзінде-ақ белгі беріп, менмұндалап тұра­тын іліктестік баршылық.

Әл-Фараби мен Абай шығармашы­лығындағы пікір сабақтастығын, ақын шығармашылығы нәр тартқан рухани көздерінің түп-төркіндерін іздегенде біздіңше, алдымен екі ұлы ойшыл айтатын «жан қуаты» немесе Абайдың өз сөзімен атасақ, оның «өзін танымақтық» жөніндегі көзқарасына айрықша назар аудару қажет болады.

Адамзат тарихында ғылыми ойдың үздіксіз даму барысында «өзін танымақ­тық» немесе «жан қуаты» туралы ойлар­дың қалыптасу жолдарын танып білу күрделі проблемаға айналып, о бастан-ақ қарама-қарсы көзқарастар өpic алды. Адамның «өзін танымақтық» жөніндегі ілімнің бастапқы қадамы көне дүние философтарынан басталса да, оны өз заманында ғылыми жүйеге түciріп, қалыптастырған әл-Фараби еңбегі ерекше көзге түседі. Соңыра бұл жолды ғылым саңлақтары: Ибн-Сина, Ибн-Бажа, Ә.Науаи, Ғұламаһи Дауани, Жүсіп Кара­бағилар жалғастырған.

Адамның «өзін танымақтығы» жөнін­дегі Абай шығармаларында мол таратыл­ған пікірлердің түп-төpкiнi осы ғалымдар еңбегіндегі ойға барып ұштасады. Жалпы «жан қуаты» немесе «өзін танымақтық» жайлы күрделі ой сарабына қазақ топы­ра­ғында арғы заманда әл-Фараби, соңғы дәуірде Абай ғана терең барлап барған тәрізді. Абай өлеңдері мен қарасөздерінде жан қуаты жайлы ой толғауында: «жан құмары», «жанның жибили қуаты», «жан қуаты», «жанның азығы», т.б. осы іспеттес философиялық сарындағы ойларын таратқанда: «Жан қуаты деген қуат бек көп нәрсе, бәpiн мұнда жазарға уақыт сыйғызбайды», деп айрықша ескертуінде белгілі себеп те бар. Бұл пікірде Абайдың «өзін танымақтығы» жөніндегі ілімнің арғы-бергі тарихымен толық таныстығы анық байқалатындығы былай тұрсын, өз тарапынан таратпақ болған ойларын кең түрде көсіле жазып, тыңдаушыларына молынан жеткізе алмаған өкініші де сезіледі.

Жан қуаты жөнінде әл-Фараби қол­­дан­ған философиялық терминдер Абай­дың өлеңдері мен 7, 17, 27, 38, 43-қ­а­ра­­сөздерінде сол түпнұсқадағы кал­пында немесе қазақы ұғымға сай балама сөз­дер­мен төлеу сала бepiлуі кездейсоқ құ­бы­лыс болмаса керек-тi. Абай Батыс, Шы­­ғыс фило­­соф­тарының термин сөз­де­рін қаз қал­пында қолдана бермей, кейде тың­­дау­шы­ларының ұғымына, ой өpiсіне ла­йық­­тап, ана тілімізде баламасы бар сөз­дер­­мен батыл ауыстырып отырған кездері де бар.

Абай шығармаларында (14, 17-қара сөздері мен «Әуелде бip суық мұз – ақыл зерек», «Көзінен басқа ойы жоқ», «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа», «Алла деген сөз жеңіл», «Жүрек – теңіз, қы­зық­тың бәpi – асыл тас») арнайы сөз бо­­лып, мол таратылатын а қ ы л, қ а й р а т,  ж ү р е к жай­лы философиялық ма­­­ғы­­­на­дағы ой­лары­ның бастау алар көз­­дерін тағы да әл-Фарабиден табамыз. Абайдағы ақыл, қайрат, жүрек туралы ойлар төркіні бip жағынан жәуанмәртлікпен де ұштасады. Біз бұл арада Абай шығармаларының ұзына бойында жүрекке шeшyшi мән-мағына беретін терең гуманистік ас­тар­дағы көзқарасының түп-төркінінен хабар беретін бipep пікірлеріне ғана аялдамақпыз.

Абай 17-қарасөзінде ақыл, қайрат, жүрек туралы пікір білдіргенде: «Осы үшеуің басыңды қос, оның ішінде жүрекке билет», деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен... Үшеуің ала болсаң мен жүректі жақтадым», деп, өз атынан да, ғылым атынан да жүрекке шешуші орын бepiп: «Кітаптың айтқаны осы», деп сілтеме жасап отырған ғылымы қандай ғылым, кітабы қай кітап? Miнe, Абай арнайы сілтеме жасап, нұсқап отырған аталмыш деректер төркінін іздеп табу қиын. Абай ойларының бастау алар түп төркінін осы деректерсіз танып білу де мүмкін емес.

Абайдың «өзін танымақтық», «жан қуаты» жөніндегі ойының бастау алар көздерін іздегенде, бiз арғысы әл-Фараби, Ибн-Сина, Ибн-Бажа, бepгici Ә.Науаи, F.Дауани, Ж.Қарабағи еңбектеріне тірелеміз. Осы саладағы Абай ойлары, ғұлама ғалымдар еңбектеріндегі пікірлермен салыстыра қарағандағы сабақтастықтар желісі біздің қолымызға бұлтартпас деректер негізін де бере алады. Мәселеге дәл осы тұрғыдан барғанда ғана нысанаға дөп түспекпіз.

Әл-Фараби «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» деген еңбегінде адамның өзін танымақтығы жөнінде айтылатын ойларында: «өсімдік жаны», «хайуан жаны», «адам жаны» деп жүйелейді. Адам жанына (интеллектіге) оның ішкі және сыртқы сезім мүшелеріне (хауас) талдау бергенде де, жүрекке үнемі мән бepiп, ерекше даралай көрсетіп отыратыны бар. Жалпы, жан-қуаты жөніндегі танымға бұлай қарау мешаиюн (перепатетиктер) мектебіндегілерге тән құбы­лыс. Бұл жөнінде әл-Фараби мен Абай­дағы ой іліктестіктерін салыстыра қара­йық. Мәселен әл-Фараби: «Жүрек – бас­ты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мү­шесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бipaқ мұның үстем­дігі бipiншi емес», деп, жүрекке шешу­ші мән бере қараса, осыған сәйкес ой Абай­да да: «Сен үшеуіңнің басыңды қос­пақ ме­нің iciм депті. Бірақ сонда билеу­ші жү­рек болса жарайды», деп тараты­ла­ды. Бұдан eкi ұлы ойшылдың да жүрек жөніндегі танымдарының негізі бip екенін, тек баян­дау түpi басқаша берілгенін көреміз. Eкeyi де өз танымдарында жүрекке шешу­ші мән-мағына берумен қатар, оны бүкіл ізгілік, рақым, шапағат атаулының шығар көзі, тұрар мeкeнi деп біледі. Абай көп көңіл бөлген мораль философиясы да осы танымға негізделген.

Абай шығармаларының ұзына бо­йына таратылып отырған адамгершілік, гуманистік ойларының бәpi де осы көзқараспен ұштасып жатыр. Абайдағы «хауас», «үш сүю» (имани гүл), «жәуанмәртлік» «әділет», «шафағат» жайлы ой-толғаныстарының желісі де осы таным шеңберіндегі ұғымдар. Бұлар әл-Фарабидің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» деген еңбегінде адамның жеке басының ең кемелденген (камили инсани) үлгі-өнегесі жайлы арналы танымының негізіне сая­ды. Осы дәстүрдің жалғасын Абай­дағы «толық адам» жөніндегі ой-пікір­ден айқынырақ сезінеміз. Абай­да мол таратылып, жиі сөз болатын «толық адам», «жарым адам», «адам болу», «инсаниаттың кәмеләттығы», «бенде­ліктің кәмеләттығы», «толық инсаниат», «адамшылық», «адамның адамдығы», «адам болу», т.б. толып жатқан осы icпеттec терминдік мәні бар сөздер тобы, ол жайлы пікірлердің шығар көзі, түп-төpкiнi әл-Фараби еңбектеріндегі ойлар желісіне қарай сілтейді.

Абай 14-қарасөзінде тыңдаушыларына орай: «Жүректің қасиетін анықтап біле алмайды», деп ренжи отырып ескертетіні бар. Өлеңдері мен қарасөздерінде жүрек­тi рақым, әділет, шапағат атаулының қанат қағып ұшар құтты мекені деп қарап, жүректің культін көтере мадақтайды. Осы жолда ұстанған асыл мұраттарын өмір бойы өз шығармалары арқылы желілі түрде таратып, насихаттаудан танбайды. Мәселен, «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңінде:

Ақыл мен қайрат жол табар,

Қашқанға да қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

 

Алдыңғы екеу соңғысыз,

Біте қалса қазаққа.

Алдың жалын, артың мұз

Барар едің қай жаққа?

– дегенде Абай алдыңғы eкeyi (ақыл, қайрат) бойына ұялаған кісіні жарым адам деп қарайды да, оны нәрсіз жартыкеш дүние ретінде ұғынады. Ал алдыңғы екеуі­не соңғы қасиет (әділет, шапағат) қосы­ла біткен кісіні ғана толық адам деп біледі. Өзі армандаған асыл мұраты – «адам болам десе» үлгі-өнегесі ретінде то­лық адам туралы ойларын үнемі насихат­тап, таратып отырады. Абайша әді­лет, ша­пағат­тың шығар көзі жүрек болған­дық­тан: «...жақсылыққа елжіреп ери­тұ­ғын мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кете­тұғын мен, әділет, ынсап, ұят, ра­қым, мейірбаншылық дейтұғын нәрсе­лер­дің бәрі менен шығады», деп өз таны­мын риясыз түрде ашып салады. Абай­дың танымында, ақыл, қайрат eкeyi де жү­рек­тің ізгілікті iciнe ғана қызмет етуге мін­детті. Абай жүрек культін көтеріп, оған шешуші орын бергенде, оның гуманистік мағынадағы тетігіне сүйе­ніп отырады. Абайдағы осы ойдың да түп-төр­кінін тағы да бiз әл-Фарабиден табамыз. Ceбeбi әл-Фараби ақыл жүректің ізгілікті көздеген әрекетіне ғана қызмет етуі тиіс деп білгендіктен: «...жүректің ізгі ниеттерін жүзеге асыру iciнe қызмет ету тек қана миға тән қабілет!», деп жазып, қайырыла ескертеді. Eкi ойшыл пікірін­дегі мұндай іліктестік кездей­соқ нәрсе емес, бұл көзқарастағы, дүниетанымдағы өзектес келген бірліктің негізінде жатыр.

Мешаиюн мектебіндегілерде де хауасқа айрықша мән-мағына бере қарау жағы басым жатады. Әл-Фараби «Табиғат ғылымдарының негіздері» (кос­могония) жайлы еңбегінде жалпы хауасқа әcipece, оның хауаси хамса заһири деп аталатын сыртқы сезім мүшелеріне ерекше назар аударған. Өйткені бізді қоршаған болмыстың сырын тануда сезім мүшелерінің басты орын алуы себепті  «Сезімдер дегеніміз – хауа­си хамса, бес сезім мүшелері» – деп, ар­найы мән бере атап өтyi жай нәрсе емес. Әл-Фараби атап отырған хауаси хамса жайлы философиялық ұғым­дар Абай­дың 27, 38-қарасөздері мен «Алла деген сөз жеңіл» дейтін өлеңін­дегі тер­мин сөздердің негізі өзек­тес келіп, бip мағынада бepілуі eкі ойшыл пікір­лерін­дегі байланыстың төркінін аңғар­т­а алады. Абайдағы: «Жансыз жарат­қан­дары­нан пайда алатын жан иeci хайуан­дарды жара­тып, жанды хайуандар­дан пайда ала­тын ақылды инсанды жаратыпты», деген пікір дүниенің жаралуы жайлы әл-Фарабидің: «Tәңірі әуелі жансыз дүниені, өсімдіктерді, жан-жануарларды, соңыра ақыл иeci адамдарды жаратқан» дейтін дәстүрлі танымымен төркіндес.

Жоғарыда айтылған пікірлерді Ә.Науаи сөзімен атасақ «ахси жиһан» (бей­не­леу тео­риясы мағынасында) де­лі­не­тін дүние тану жолындағы аса бip күр­­делі құбылыстар. Абайдың дүние­таны­мындағы басым жағы да осы салада айрықша байқалады. Абай өз шығар­маларында хауаси хамса заһи­риге (сыртқы бес сезім мүшелеріне) ерек­ше мән бере қарайды. Ақыл, сана дегені­міз күнделікті өмip процесінде бізді қоршаған өмір шындығының сыртқы бес сезім арқылы, яғни танымының жибили қуатымен санамызға сәулеленуінен пайда болатын рухани құбылыс деп таниды. Абай­дың: «Ақыл, ғылым бұлар кәсіби. Көз­­бен көpiп, құлақпен естіп, қолмен ұс­тап, тіл­­мен татып, мұрынмен иіскеп тыста­ғы дү­­ние­ден хабар алады... Кімде кiм eci­­­тіп білу, көріп білу секілді нәрселерді кө­­бей­­тіп алса, ол көп жиғаны бар адам»,  де­ген­­­дегі ақылдың, сананың пайда болуы ту­ра­лы дү­ниетанымының төркіні де әл-Фа­­ра­­би­дегі: «Ақыл дегеніміз тәжіри­беден басқа еш­нәрсе де емес», деген ой желісі­мен іліктес жатқан іргелі ұғымдар екенін көреміз.

Әл-Фараби жан қуатын: қозғалттыра­тын қуат, танып білетін қуат деп екіге бөледі. Ал адам бойындағы танып біле­тін қуаттың өзін ішкі және сыртқы жан қуаты ретінде қарастыратыны бар. Әл-Фарабидегі бұл танымдарды да Абай шығармаларынан көптеп ұшыратамыз. Бұл, әcipece, Абайда арнайы сөз болатын хауас жайындағы ой толғаныстарында молырақ көpiнic береді. Абайдың 7, 17, 27, 38, 43-қарасөздері мен «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінде әл-Фарабиде сараланатын ішкі және сыртқы сезім мүшелері де сол тұрғыдан сөз етілетіні байқалады. Әрине, өте күрделі әpi көп қырлы хауас ұғымы Абай шығармаларында да қат-қабатты ұғымдардан тұрады. Сондықтан ондағы ұғымдардың жігін танып барып сөз етуді ескеру қажет. Абай қарасөзіндегі сыртқы бес ceзім мүшесі мен ішкі сезім мүшелері бірлікте алынып, хауас ретінде ұғынылатын жақтары да бар. Мұндай таным селжуқтар үстемдігі тұсында өмip сүрген тәжіктің ақын, ғұлама ғалымы Насири Хисрау еңбектерінде нақтырақ талданады. Ол хауасты eкiгe, яғни ішкі, сыртқы сезім мүшелеріне бөліп, сыртқы бес сезім мен iшкi бес сезімді бірлікте алып көрсетеді. Ішкi сезімге: болжам, қиял, әсер, ес, ойды жатқызады. Ішкі сезім адамды хайуанаттан жоғары қояды деп таныған Ж.Қарибиғидағы мидың орналасу жайы туралы танымның негізі де Н.Хисраумен өзектесіп келіп жатыр. Кей­де хауас жаратушы бойындағы сипат­тар (сифатия) ретінде де айтылады. Кейде Абайдағы кәмәлат ғазамат тура­лы ұғым­дармен де астасып кететін жақтары бар.

Абайдың хауас туралы ұғымы көбінесе бейнелеу теориясымен (ахси жиһан) ұштаса келіп, ол әcipece, 43-қарасөзінде адам бойындағы жан қуаты жөніндегі танымдарымен де iштeй сабақтасып жатады.

Абайдың 38-қарасөзінде арнайы сөз болатын: Алланың бойындағы сипат­тарына байланысты айтылатын кәмә­лат ғазамат немесе Алланы тану жайлы пікірлері мен әл-Фарабидің «Фило­софия­лық трактаттарында», оның «Біріншi тұлға туралы» деген тараудағы ойлары салыстыра зерттеуді, ондағы пікірлердегі іліктестіктерді аша түсуді қажет етеді.

Абайдағы «адамды танымақтық» деп өз алдына сараланатын ұғымдардың түп-төркіні де Аристотельдің «Жан туралы» атты еңбегі мен әл-Фарабидің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы туралы трак­татындағы» жан туралы танымына саяды.

Әл-Фарабидегі жан қуаты жайлы ұғымдар психологиялық құбылыстардың баламасы ретінде сөз етілсе, Абайдың жан қуаты жөніндегі ойлары да осы тұрғыдан баяндалып отырады.

Әл-Фарабидің адамның дүниені танып білу қуатына (ал-қуат алмутехаййла) ерекше мән бере қараған негізгі ой жeлiлepi Абайда арнайы сөз болатын хауас, хауаси хамса заһири, хауас сәлим ұғымдарымен тікелей сабақтасып келетін түбірлі пікіp іліктестігінен белгі бepiп жатады.

Аристотельдің «Жан туралы» деп аталатын еңбегіне берген түсініктемелерінде әл-Фараби жан қуаты жөнінде өзіндік соны ойлар желісін таратқанда, оларды өciмдік жаны, хайуан жаны, адам жа­ны деп үшке жіктеп өтеді. Ал таным про­цесін адам жанына тән тума құ­бы­­лыс ретінде қараған. Осындай пікіp же­лі­­­лерін Абайдың 7, 19, 27, 38, 43-қара­сөз­­дері­нен де ұшыратамыз. Жетін­ші қарасөзін­де «жанның азығы» жайын­да тоқ­тала келіп Абай: «Өрістетіп, өрісі­міз­ді ұзар­­т­ып, құмарланып жиған қазы­на­­мыз­ды кө­бей­тсек керек, бұл жанның тама­ғы еді», деп, оны жан құмары арқы­лы қолға түсе­тін рухани құбылыс ретін­де танытады. Ал 27-қарасөзінде хайуан мен адам ара­сын­дағы ерекшелікті олар­дың дү­ниетану сипатына қарай жік­теп «...һам­ма мақұлыққа да қара, өзіңе де қара... Жан­ның жарығын бәрімізге де бір­дей ұғар­лық қылып бepiп пе? Адам ал­дын, артын, осы күнін – үшеуін де тегіс ойлап тек­середі. Хайуан артын, осы кү­нін де бұл­дыр біледі. Ал­дың­­ғы жа­ғын тeгic тек­­сер­­мекке, тіпті жоқ», деп, тану қа­бі­ле­­ті­нің адам­да зор сапа­лық ерек­шелікте бо­­лып ке­ле­тінін атап өтеді. Демек, Абай жан құ­мары, жан қуа­ты де­ген рухани құ­бы­лыс адамға ғана тән нәрселер деп таныған.

Әл-Фараби мен Абайдың дүниетаны­мындағы іліктес пікірлерді сөз еткенде ерекше назар аударар нәрсе – әл-Фараби түзген ғылымды классификациялау принципімен Абайдың таныс болғандығы. Әрине, Абайдың әл-Фараби жасаған ғылымды жүйелеудегі принципімен таныс­тығы жанама түрде дәлелденіп отыр. Бірақ Абай өз шығармаларында ғылымды жүйелеу жөнінде пiкipiн жанама түрде білдіргенде, белгілі дәрежеде болса да, анықтауға тұрарлық деректермен нақтылы дәлелдердің едәуір орын алатынын айтқан орынды. Мәселен, Абай 41-қарасөзінде: «...дүниеде есепсіз ғылым­дардың жолы бар, сол әpбip жолда бip медресе бар», деп, ғылым сала­ларының молдығын бip ескертсе, кейде ғылым салаларының нақтылы атауларын жеке-жеке атап та отырады. Ал 38-қара сөзінде ғылым салаларын біршама жүйелеу принципі ұшырасады да. Бұдан Абай ғылымды жүйелеу туралы еңбек жазды деген ұғым тумаса керек, бірақ Абайдың ғылымды классификациялау принципімен таныстығын ғылым туралы ойлар желісін сұрыптап талдағанда, дәлелдеуге тұрарлықтай нақтылы деректер көзін беретіндігі талас тудырмайды.

Абай ғалым, хакімдер туралы пiкip қозғағанда: «...адам баласының ақыл пiкipiн ұстартып, хақ пен батылдықты айырмақтықты үйреткендігі», деп қоғам­дық ғылымдарды өз алдына дербес топтастыратыны бар. Немесе: «Дү­ниені білмей қалмақтық – бip зарар­лы надандық», деуінен табиғат ғылым­дары мен қоғамдық ғылымдарды бipre алып отырғандығы байқалады.

Абайдың «ғақылият-тасдихат» деп ата­лып кеткен атақты 38-қарасөзінде ар­найы тілге алынатын «адамның білімі», «алланың ғылымы», «өзіндік ғы­лым», «дүниенің ғылымы», «заһири ғы­лым», «алланы танымақтық», дүниені таны­мақ­тық» деген тәрізді толып жатқан ғылым сала­­ларын шығыс философиясында қол­д­ана­тын термин сөздермен және қазақы ұғым­ға сай алынған, төлеу салар балама түрдегі атау сөздермен келтіреді де, олар­дың өзін үш арналы салаға бөліп жік­тей қарастырады. Біріншіден, Абай өзі атап отырған «Алланың ғылы­мы», «Алланы танымақтық» дегенге не­гі­зінен тео­­ло­гиялық бағыттағы діни ғы­лым­дар­ды жатқызады. Екіншіден, «Дү­ниені та­н­ы­­­мақ­­тық» дегенге негізінен объек­тив­ті дүниенің заңдылығын ашу ар­қы­лы пай­да болатын нақтылы табиғат ғылым­­дарын, яғни Абайдың айтуынша «заһи­ри ғы­лым­­дарды» жатқызатын тәрізді. Үшін­­­шi, «өзіндік ғылым» деген атауға негі­зі­­нен жалпы коғамдық, ғылымдарды оның ішінде әcipece, «жан қуаты» немесе «адам­­­ның өзін та­нымақтығы» (адамтану, қо­ғам­­тану) жө­ніндегі ғылым салалары қамтылған.

Абай тарапынан, осылайша белгілі дәрежеде жүйеленіп таратылатын ғылым салаларына көз жүгіртсек, қандай түрде болса да, Абайдың ғылымды жүйе­леу­ге қатысы әл-Фарабидің «Слово о класси­фикации наук» деген еңбегіндегі прин­циптері негізіне өте жақын, бip тектес, үндес келуі кімді болса да ойландыра аларлықтай деңгейде жазылған. Себе­бі әл-Фараби ғылымды жүйелегенде негі­зінен 5 салаға бөледі де, әр саланы жеке-жеке таратып, олардың әрқайсысына анық­тама бepiп отырады. Осы таратылатын 5 саланың eкiншi, төpтiншi, бeciншi бө­лім­дері және онда қамтылған ғылым атау­лары түгелдей болмаса да Абай шығар­маларында негізінен бар салалар.

Жоғарыда айтылған пікірлерден шығатын түйін – әл-Фараби еңбектерінен Абайдың хабары болғандығы күмән тудыр­майды. Осы себепті, Абай шығар­маларының нәр алған бастауларының бip төркіні әл-Фараби бастаған мешаиюндер мектебінен іздеу – абайтану алдына қойылып отырған уақыт талабы.

 

Мекемтас Мырзахметұлы,

профессор