Иллюминатордан қарағанда сонау төменде аппақ бұлттар көрінеді. Тура апасының сабаған жүніндей. Міне, сол аппақ бұлттың ішінде ол өзін қалқып ұшып жүргендей сезінген.. Бірақ неге аппақ бұлт осыншама ыстық? Ауа жетпей барады... Бір сәт аппақ бұлт сөгіліп төменге, жерге қарай құлап бара жатқандай. Апыр-ай, мына қалпымда жерге түссем, сүйегім шашылып қалатын болар... о, Алла... Ой, Алла... міне құлап барады....
Манағы ақ мамық шарбы бұлттар емес. Кәдімгі қарашаның қар жауардағы сұрғылт бұлттарының арасынан жұлдыздай ағып барады. Аяқ-қолы ербеңдеп не ұстайтын, не ештеңе ілігетін, қармайтын зат болмай төменге, сонау құз жартастың үстіне ағып келеді. Міне басын қар басқан, төмен қарай үңілген биіктен құз жартастар көрінеді. Қай жерге құлар екем...? Қарағайдың басындағы бұтақтарын сатыр-гүтір сындырып, үсті-басы жұлым-жұлым боп дәл құздың шетіндегі қара тастың үстіне күрс етіп құлаған. Құлағы шыңылдап, басы солқ-солқ етеді. Бірақ денесі, аяғы, қолы орнында сияқты. Ей,Алла! Ей, Алла өзің жар бола гөр! Бір сәт әлгінде ғана өзі құлаған жөңкіле көшкен сұр бұлттардың ар жағынан бір әуен естігендей... Иә, әуен..
Құлама бала, жылама бала
Жылаған жүрек жұбана ала ма?!
Арманға жетпей, жалғаннан өткен
Данышпандар да-ай, ғұламалар да
Неткен таныс әуен, танымал терме... Терме ғой.. Иә... Бұл Мейрамбек емес пе?
Дүк-дүк, дүк-дүк, дыбыс енді күрк-күрк жөтелге ауысқан. Жөтел... А-с-ссс Ей, Алла өзің жар бола көр! Апыр-ай, балалар Бейбарыс пен Ақарыс не болды екен, а? Айнұр ше? Қап Айнұрдың ауырып қалғаны қиын болды-ау. Күрк-күрк жөтел... «Блин, пошел ты, знаешь...» Дәл жанындағы дауыстан Нүркен оянып кетті. Қасындағы жігіт әлде ұйқысырап, әлде қысылып сандырақтап жатқан сияқты. Нүркен оянғанда көзін ашты. Үсті басы малмандай тер. Ей Алла өзің жар бола көр! Жастығының астындағы телефонын қарап еді таңғы сағат төртке аз-ақ қапты. Тұрайын деді Нүркен, намазымды оқиын...
Ей, Алла амандығыңды бере көр... Анам да, Айнұр, Бейбарыс, Ақарыс та аман болса екен... Аман болса екен құлындарым...
Нүркен алты ағайынды. Дұрысы, ұлдың кенжесі. Қарындасы 6 жылдан соң өмірге келді. Атасы Өтеуіл осы Нүркеннің шашын алмай жалбыратып өсірді. Қайда барса да қасынан осы кенже немересін тастамайтын. Әкесі қарапайым ауылдың тракторшысы болды. Ол сондай заман болған. Соғыстың ащы дәмін татпаған ол кезде шаңырақ жоқ қой. Соғыстың қиямет – қайымынан аман келген Өтеуіл баласын қасында ұстады. Бұл қорқыныш еді.
Алысқа тұрмақ, мына тұрған Алматыға жалғыз ұлды жібермеді. Оқымаса оқымасын, тек қарайып көз алдымда жүрсе болды деген. Кейін осы ұлдан ұрпақ сүйді. Кейде көне қапты Абайдың кітабын қолға алатын.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Иә... Абай қалай дәл айтқан. Өтеуіл де дәл солай... Өзі оқи алмады... Жастайынан көргені аштық, кедейлік, жоқтық... Әсіресе ашаршылықтан енді ғана есін жиғанда Ұлы Отан соғысы басталды. Осы ауылдан қаншама боздақ келмей қалды. Шүкір... Өтеуіл бір аяғы жаралы болса да, аман-есен елге оралды. Өтеуілдің ұлы Әшімханды ешқайда жібергісі келмегені де сол болар. Алысқа кетсе көз жазып қалам деп қорыққан. Жалғыз ұлға амандық берсе болды деп қана жүретін. Бұйырса, енді немерелерін оқытса да жетеді. Өтеуілдің кейде домбыра шертіп, қамшы өретін өнері бар. Сосын қолы тисе кітап оқиды. Осы кітапты баяғыда соғыстан соң Алматыдан осы өңірге аңшылыққа келген бір журналист жігіт тастап кеткен. Дұрысы сол кітапты Өтеуіл аттай қалап сұрап алған. Сол Абайға көп үңіледі. Қасиетті кісі екен-ау... Өлеңдері тұнып тұрған ақыл. «Дәл осы Өтеуілдің» өз ойындай. Өтеуіл көбінде тауға барып, кейде есекпен, кейде есек арбамен отын әкеледі. Қотырқара, баялыш, тобылғы шабады. Сонда Нүркенді қасынан тастамайды.
Нүркеннің әлі есінде, ауылдан ұзағалы талай болған. Тауға қарай ирелеңдеген қара жол ағыны қатты болмаса да тастай суық кішігірім арықтардан өтеді. Кей жерде ол арықтар ернеуінен асып маңайдың бәрін су басып жататын. Өтеуіл жаралы аяғына қарамай тастай суға түсіп үлкен тастарды теріп, тазалап кетеді.
– Ата, жүре берейік те... Ол біздің арбаға кедергі емес – дегеніне қарамайды. Судағы үлкен тастарды тазаламай орнынан кетпейді. Ол аз десең тауға жақындаған сайын сүрлеу жіңішкеріп жағасындағы талдар өткен-кеткеннің берекесін кетіреді. Өтеуіл сол үшін де қонышындағы ағаш кесетін секатормен бұтақтарды кесіп жүреді. Қарап тұрсаң нағыз әпенде дерсің... Иә, әпенделік – нағыз қазақтың бойындағы далалық, даналық еді. Бала Нүркен оны кейін... көп кейін ғана ұққан.
Нүркен нұр төгілген шаңырақта өсті, ер жетті. Оң мен солын білді. Ол жай ғана қарапайым шаңырақта Дала тәрбиесін, Дана дәрісін атасы Өтеуілден алды. Әлгінде құз басында жатқанда да сол Өтеуіл атасы кеп «Тұр» деген. Сонау бала кезіндегідей қолынан тартып тұрғызған.
Иә... Өтеуіл атасы осындай кісі болған.
Нүркен мектепте жақсы оқыды. Ән айтты, домбыра тартты. Мектептегі барлық мәдени іс-шара, тіпті ауылдағы той-томалақ та Нүркенсіз өтпейтін. Әкесі Әшімхан өнерпаз, он саусағынан өнер тамған, этнограф қазақ халқының әдет-ғұрпының жанашыры Дәркембай Шоқпарұлымен бірге өскен досы-тын. Бір күні Дәркембайдың үйіне келгенде атақты Нұрғиса Тілендиев, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаевты алғаш рет сол жерден көрген. Сол үйде Дәркембай Нүркенге күй тартқызды. Кейін Дәркембай Нүркенді А.Жұбанов атындағы музыкалық мектепке алып келген. Нүркен домбыра тартты, музыкаға бейімділігін тексеретін сынақтың бәрін тапсырды. Алайда әкесі Әшімхан Нүркенді қайта ауылға алып кетті. Кіп-кішкентай баласын Алматыға қалдыруға қимаған.
Нүркен мектепті бітірер кезде әкесі бұған зооветке бар деген. Баяғы өзі армандаған оқуға баласы түссе деген. Алайда Нүркеннің ойы басқада еді. Оған себеп Бекжан... Иә... Кәдімгі туыстас, ауылдас Бекжан Тұрыс. Бекжан бұл кезде М.Әуезов театрының актері. Кейде «Қымызханаға», кейде Республика сарайындағы концертке қатысады, «Алатау» телеарнасынан да көрініп қалады. Сол Бекжан Нүркенге «Сен де актерлік мамандыққа барсаңшы» деген. «Былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынады». Нүркен әкесінің айтқанын екі еткен жоқ. Зоовет институтқа барды. Бірақ зоотехник, веттехник болуға құлқы жоқ. Алдына келген сұрақтар химиядан да, биологиядан да онша қиын емес. Алайда Нүркен алдына келген ақ қағазын құр шимайлап-шимайлап бос қайтарды. Әкесінің көңілін қалдырмаудың бұл жалғыз ғана жолы болатын. Қасындағы бірге тапсырған жігіттер «түстік» деп қуанса, Нүркен «уһ, түспедім-ау» деп қуанды. Енді не істеу керек? Әрине Алматыда қалу керек. Бекжан Нүркенді М.Әуезов театрына бутафор қып жұмысқа орналастырды. Онда да әйгілі Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов бір ауыз сөзге келмей Нүркенді бутафор ғып алған. Ол аздай Бекжан Нүркенді қасына алды. Бекжан ол кезде үйленген. Абай – Байзақов көшелеріндегі бір бөлмелі жатақханада бөлмесі бар. Нүркен сол бір бөлмеде ағасымен бірге тұрды. Иә, ол бөлме нағыз артистердің бас қосатын жері екен. Күнде жиын, күнде бас қосу... Нүркен күндіз театрда, кешке спектакльде. М.Әуезов театрының спектакльдерін түгел көрді. Бір емес кей спектакльдерді бірнеше рет көріп шықты. Әр көрген спектакльден соң бәйгеге шабар тұлпардың байлауда тұрғанындай, тыпыршып «Шіркін-ай мен де осылай қашан сахнаға шығам?» деген... Нүркен өнер институтына оқуға қиналмай түсті. Қазақстанның Халық әртісі белгілі әнші, опера режиссері, кино актер Кәукен Кенжетаев пен Есім Сегізбаевтың курсына қабылданды.
Жалпы, Нүркен жолы болғыш жігіт. Кәукен Кенжетаевтаевтай тұлғадан, Есім Сегізбаев сияқты ұстаздан тәлім алды. Қадыр Жетпісбаев, Әзірбайжан Мәмбетовтің мектебінен өтті. Осы кезде Қарағандыдан ауысып Әлімбек Оразбеков келді. Әлімбектің атын естігенмен жөнді білмейтін. Әлекең «Абайды» алды. Тілектес Мейрамов екеуіне де Абайды берді. Тілектес ағасының жөні де жолы да бөлек. Алайда спектакльдің бар күші Жас Абай – Нүркенге түскен. Ұйқысыз түндер, мазасыз күндер... Нүркен ұлы Абайдың аруағынан қорықты... Сол кезде бір түнде жайнамазға жығылды. «Ей, Алла, өзің қолдай гөр», – деген... Сол түні Нүркен ұйқысы қанып оянды.
«Ат мініп, аспан асынып, алыстан жау іздеп қайтесің сен, Оразбай! Сенің жауың өзіңде, өз ішіңде... Ол осы тұрған надандығың, қараңғылығың... Сен жабыссаң өткен күннің қараңғылығына жабысасың... Мен алыссам, келешектің жарығын іздеп талпынамын».
Иә...Иә... бұл Абай... «Сенің жауың... өзіңде... ол осы тұрған надандығың, қараңғылығың».
Абай бұл сөзді кеше емес, дәл бүгін айтқандай. Дұрысы бүгінгі галстук тағып бір жерден оқып, екінші жерден диплом сатып алған көкірегі соқыр, сезімі семген... байлықтан семген-сөнген, өз елін, өз халқын іштей жек көретін қазақ атын жамылған жемқорларға, есіл-дерті тек баю, ақша-ақша деп арын сатқан арамзаларға арналған сияқты... Сенің жауың өзіңде, өз ішіңде... Апырмай, бұлар аранын қашан тыяды, қашан тоқтайды? Бұл оңбағандар ел ішін түгел жаулап алған ба? Бұл тіпті коронавирустан да қауіпті екен... Бұл бар жерді, бар саланы қамтыған сияқты... Ол осы тойымсыздық, ашкөздік, дүниеқоңыздық, мақтаншақтық... Сонда бұл жемқорлық, парақорлық, соқырлық, сорлылық, надандық, топастық тоқтамаса қайтіп Ел боламыз? Ертеңгі ұрпаққа нені мұрат етіп қалдырамыз? Сонда мына қаймана халық, Қазақ Елі болашақта не болады? Бұл – Нүркен Абай... Бұл бүгінгі заманауи актердің жан айқайы... Абай боп үн қатқан, бозторғайдай шырылдаған тұлғаның толғауы... Нүркеннің Абайы осындай... Ойшыл... жо-жоқ ойшыл емес Нүркеннің Абайы ертеңіне елеңдеген, болашаққа үркіп емес, қорқа қарайтын образ... Бұл өзі үшін емес... Ертеңгі ұрпақ, ертеңгі елі үшін елеңдеген ойшыл, философ актердің жан айқайы, жан азабы... жан шырылы... Қазақ Елі деп шырылдаған Абайды ол осылай сомдайды.
«Тағдырдың кісенінен ешкім құтылып көрген жоқ. Қазірдің өзінде қол-аяғыңның матаулы екенін білмейсің?... Айырмашылығы – біздің кісеніміз, қазақтың қайыс шідерісі сияқты, заман ысыған сайын қыса түседі. Ертеңін ойламайтын қайран жұрт, надандықтың құрбаны болуға шақ тұрғанын сезбейді. Бұларға қарын тоқ болса болды. Бірінің тілеуін бірі тілеспейтін, бос мақтанға семірген тойымсыздар. Оқуға, білімге ден қойса, жандайшаптар мен көлденең көк аттыларға жем болмайтын едік. Елдің болашағы тек көзі ашық, көкірегі ояу зерделі жастарда? Ол жастар қазір қайда? Олар неге қазір үнсіз?...».
Бұл Жарасбай, «Қара-Қараш» спектакліндегі монолог...
Нүркеннің Жарасбайы жай ішкен-жегеніне мас болған, мәз болған дәу қарын емес... Жарасбай ол ертең еліміз қайда барады? Не болады? Деп ойлаған адам... Заман өзгереді. Еліне мысқылдап кірген өзге жұрт күн санап, ай санап, жыл санап ел ішіне еніп барады. .... өздерінің ділін, тілін, дінін, салтын осы елге таратуда. Әлде Абылайдың түсі – шынымен іске аса ма? О, Тоба! Оның бетін әрі қылсын...
Жарасбай трагедиялық кейіпкер... Құдды Шекспирдің Гамлеті сияқты жақсылық пен жамандықтың , күн мен түннің, ақ пен қараның ара жігін ажыратам деп аласұрған образ. Сол бір кезде жасаған пенделік қателігін кеш болса да түсінген... Түсінген де «Аһ» ұрып айқайлауға шамасы жетпей тұншыққан жүрегі қан жылап, жанын қоярға жер таппай арпалысқан, қамаудағы, қапастағы арыстан іспетті... Сондықтан ол итшілеп, ирек қамышлап есекше өмір сүргісі келмейді... Сол себепті де ол өлімді таңдаған тағдыр иесі...
Бұл Нүркеннің Жарасбайы. Кейде оны Жарасбайдай жалғыз жаны, жүрегі, сезімі, қиялы, ойы, арманы – оны да осындай оңашалыққа итермелейді... Жалғыз ғана ешкіммен сөйлеспей өзімен-өзі иен далаға, ешкім жоқ елсізге, сонау баяғы балалық шағы өткен ауылдың сыртындағы жалғыз соқпақпен биік тауға серуендегендей қазір де сенделіп жүре бергісі келеді...
Нүркеннің кумирі Әнуар Молдабеков те дәл осылай жалғыздықтың жел қайығын мініп, желсіз түнде өнер айдынында белгісіз, беймәлім, бұлдыр да бұлыңғыр аралға сапар шекпеуші ме еді? Жалғыздық тек ақынға, ойлыға, суреткерге ғана берілетін азап. Бұл ақын боп тумаса да, жаны, жүрегі, ойы, арманы, болмысы шайыр боп жаралған жандардың пешенесіне жазылған емделмейтін дерт....Осы мақаланың авторы – мен сонау жылдары, бала кезімде орыстың ұлы актеры Иннокентий Смоктуновскийдің өз қолынан билет алып Малый театрда ол ойнаған «Царь Феодорды» көрген жанмын. Смоктуновский де сол..... Жалғыздықтан, даралықтан, даналықтан, әртүрлі алып қашпа өсеккке ілінген, бірден бір Ұлы тұлға болатын.... Нүркен де сол өзі көрмеген, білмеген, кездеспеген, оны танымаған, алайда табиғатымен бас иетін ұлы талант, ұлы тұлғадай бұл да Гамлетті ойнады.
Гамлет әлемдік драматургияда айсберг сияқты қарлы шыңы ғана көрінетін, және кез келген актердің арманы болған Гималайдай биік рөл. Бұған бару кім көрінгеннің жүрегі бара бермейтін Бермуд аралы іспетті. Әрине ол рөлдің философиялық, трагедиялық болмысын, ойын ол кезде қазіргідей түсінбеген болар...
Нүркеннің көзі ілінгендей... Тағы да денесі бір қызып, бір суыған.... Жөтел бар сияқты... Сонда бұл не екен? Әлде бұл індет адамды осылай қинай ма? Күрк-күрк... Екі құлағы ызыңдап, басы шыңылдап, екі шекесі солқылдап, басына біреу құрсау салып қысып жатқан сияқты.
Ей, Алла, өзің жар бола гөр...
О, Құдіретті Абай! Мына науқастан жазылсам, басыңа барып тәу етермін. Басыңа барып сөйлессем, сырлассам, іштей ғана өзіңмен тілдессем.
Нүркен оянып кетті. Өңі ме, түсі ме? Шынында талай жер, талай өңірді аралап жүріп Абайдың басына, Жидебайға бармаған екен-ау... Әттең бір кем дүние-ай...
Нүркеннің көзі ісініп кеткен екен. Жаңа ғана қасына келген дәрігер қыз Айнұр еді ғой. Ә... ә... түсі екен ғой... Айнұр ақ халат киіп жаңа ғана қасында жүргені түсі екен ғой... Иә... түсі... Не болды екен? Қызуым басылды ма екен? Айнұр... Айнұр... Жаным менің...қиналдың-ау...
Нүркен мен Айнұр бірге оқыды. Төрт жыл бірге жүрді. Партнер болды. Көзі көк, ақсары қыздың алғаш ән салғанында Нүркен бір ысып бір суыған... Бұл жас жігіттің ең алғаш рет әдемі сары қыздың көкпеңбек аспандай көк көздеріне еріген, есі кеткен сәті еді. Төрт жыл төрт күндей өте шықты... Нүркен бүкіл курстас достарымен жаңа театрға, Ақмола қаласына жол тартты... Алматыдан соң Ақмола кәдімгі ауылдай көрінгені де рас... Талай рет Алматыға кетем бе деген ой да болды. Алайда өз достарын, әсіресе Айнұрды қимаған. Көп ұзамай екеуі шаңырақ көтерді... Өмірге үйелмелі-сүйелмелі екі ұл келді... Шүкір... Айнұрдың мамасын қолдарына алды. Ел қатарлы тіршілік...
Нүркеннің қазіргі шығармашылық ізденуі, шарқ ұруы тыпыршыған тұлпардай өзін өзі қамшылап өзін өзі жеуі ол осы творчествоға көңілінің тоймауы... аштығы... Сондықтан ол кейде телевидениеге, кейде киноға, кейде радиоға қуанып барады... торығып қайтады... Өзіне тағы көңілі толмайды... Иә, иә... Бұл тек ақынның тағдыры... Актердің ғана маңдайына жазылған жазу... Өмір бойы болдым-толдым демейтіні... Өйткені болдым-толдым деген актер өледі.
Нүркен басын көтерді... Терезеден сыртқа қарады. Жаздан да сұлулық кетіп, сұп-сұр болған сияқты көрінеді... Ол жайнамазын жайды да бесін намазын оқыды... Иә... Нүркен Алланың жолына түскелі біраз болды... Сынағандар да, мінегендер де, келемеждеп күлгендер де, қолпаштап қолдағандар да болды... Ал, Нүркеннің өз ойы, өз философиясы бар.Ол өмірдің заңы. Ол бар тілегін, құранын, намазын, садақасын, оразасын ең алдымен сонау Кеңес кезіндегі оқи алмаған – атасы Өтеуілге, әжесіне, сосын әкесі Әшімханға арнайды... Бірақ өнер бар жерде өкініш те, арман да қатар жүрері хақ... Әттең, – дейді ол кейде, – Шіркін-ай, әкем мен атам көз алдымда болар ма еді, дейді... Кейде келіп менің ойнаған рөлдерімді: Абайды, Жарасбайды,Гамлетті, Ягоны көрер ме еді, – дейді. Дейді де іштей «шүкір» дейді. Иә, шүкір...
Телефонына «дың» деп «СМС» – келді... Айнұр екен... Нүркен, «шүкір, ертең шығамын», – деді. Сен де 3-4 күнде шығарсың..!
Шүкір, деді Нүркен... Бәріне шүкір
Ей, Алла, өзің жар бола гөр...
Нүркен Өтеуіл бүгінде қазақ театрында өз орны, өз қолтаңбасы бар ойлы да ізденімпаз актер... Оның шығар биігі, алатын асуы, көтерілер шыңы әлі алда...
Талғат ТЕМЕНОВ,
Қазақстанның Халық әртісі