Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай – рухани реформатор" атты еңбегі өзінің терең мазмұнымен, сарабдал салмақтылығымен ерекшеленеді. Мақалада осыдан тура 25 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ерекше еңбегі арқасында ЮНЕСКО шешімімен Абайдың 150 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өткендігі баяндалады. Арада ширек ғасыр өтті. Қоғам дамуда. Бүкіл әлемде алуан түрлі өзгерістер орын алуда. Ал, мұның өзі АДАМ-ҚОҒАМ-САНА-УАҚЫТ төрттағанының дүние жүзінде алапат геосаяси ахуал қалыптасуына қазіргі таңда алғышарттар жасап отырғаны мәлім.
Президент еңбегінде атап өтілгендей, Абайдың ұлылығы барша адамзат баласына үн қатуында жатса керек. Өз мұрасында ұлы ойшыл бүгінгі қауымға ғаламат құнды мұра қалдырды.
Алланың адамды, адамның Алланы, адамның адамды сүюі арқылы (үш сүю яғни Иманигүл) толық адам тұжырымдамасын ұсынды. Егер адамның Алла жаратқан он сегіз мың ғаламның ішіндегі ең жетілген, ең қуатты, ақыл-санаға, ойға ие болған ерекше жаратынды екенін ескерсек, Абайдың сол адам арқылы барша адам баласына сөз арнағанын байқаймыз. Көпұлтты Қазақстан халқы үшін, жалпы әлем үшін ақын еңбектері әлемнің он тіліне аударылып, баспаға әзірленгендігі қуантарлық жайт.
Президент атап өткендей, білім игеру, тәрбие мәселесі, жаңа кәсіпті меңгеруге ұмтылыс, ынтымақ проблемалары тұнып тұр. Демек, Абай өз арнауы арқылы туған халқының төл топырағындағы рухани-мәдени шүйгіндіктің молдығын, айрықша қуатты ақыл-ой, сана әуелетін көрсетіп тұр.
Президент еңбегі ұлы Абайдың мәңгілік мұрасының уақыт аясындағы яғни Кешегі, Бүгінгі, Болашақтағы тағылымына салмақты саралау жүргізумен даралануда. Расында да адамзат қоғамының дамуында материалдық игіліктер, олардың жағдайы, түрлі қиындықтар - бәрі де өтпелі. Ал, рухани қазына мәңгілік. Сондықтан да Абай мұрасының тағылымын тек мерейтойлар тұсында ғана емес, баршамыз бүкіл болмысымызға сіңіре білуіміз қажет. Дала данышпанының өсиетін бойыма қалай сіңірдім, не атқардым, енді не істегенім абзал, міне, өзімізге өзіміз осылай есеп берсек, өмір атты ұғымды, өмір сүрудің мән-мағынасы мен мазмұн, маңызын жеке түйсінгеніміз болмақ.
Ұлы Абай әлемге өз мұрасы арқылы халқын танытқан қайталанбас тұлға, біздің мақтанышымыз, рухани бойтұмарымыз. Қазақтың ұлы данышпанын ұлықтаған ел Президентіне рақмет.
Қарлығаш Хамзина
ҚарТУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты