ХАКІМ АБАЙДЫҢ ҰСТАЗЫ – ҚАМАРАДДИН ХАЗІРЕТ

 

А.Айтілеуұлы – Ішкі Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің үміт күткен шәкірттерінің бірі болатын. Бала кезінде Ордадағы жергілікті татар молдасынан сауат ашады. Бұдан соң, М-С.Бабажановтың деректеріне қарағанда, Жәңгір хан 1826 жылы өзінің ортаншы ұлы Ескендірді, Айжарықты және бірнеше қазақ баласын көршілес башқұрт еліндегі Істерлітамақ уезіне – ел арасында Ишан атағымен белгілі молданың мектебіне оқуға жібереді. Онда 8 жылдай оқып, мұсылманша жүйелі білім алған Айжарық 1834 жылы Хан Ордасына қайтып оралады. Елге келген соң туыстары оны үйлендіреді. Бірақ қалыңдығының жанына бір түнеген соң, ертеңіне Айжарық оқуын жалғастыру үшін қайтадан Ишанға барады. Алайда ұстазы оған бұдан артық білім бере алмайтынын айтады. Айжарық болса, білімін жетілдіру мақсатымен Бұхараға аттанады.

Бұхара медреселерінде 15 жыл оқып, ислам ілімдері бойынша терең білім алған Айжарық 1849 жылы Орынбор арқылы Ордаға қайтып оралмақ болғанда, оған туған жерінде тұрақтауға рұхсат етілмейді. Ресей әкімшілігінің шенеуніктері Айжарыққа: «Шетелде білім алғандықтан Ордада тұруға болмайды, бір жыл Орынборда боласың, сосын Бұхараға кетесің» деп бұйырады [1,23]. Қамараддин хазіреттің өмірбаянын оның тағы бір талантты шәкірті Сәдуахас Шормановтың ұстазы дүниеден өткен жылдары газет бетінде жариялаған қазанама-мүнақибі толықтыра түскендей. Екі мақала деректерінің аздаған айырмашылықтарына қарамастан, Айжарықтың Жәңгір хан Ордасында тәрбиеленіп, одан әрі Істерлітамақта, кейін ұзақ жыл Бұхарада оқығандығы нақты баяндалады:

«Мәзкүр марқұм Кіші жүз тайпасы Алшын бөлімінің генерал-майор Жиһангер хан Шыңғысханов хұзырында Жомарт деген бір дәулетлі адамның ұғлы екен. Марқұм жас күнінен оқуға ықыласлы болып, мал бағуға қанша салса да мойындамайынша, ел арасындағы моллалардан оқып, оларның оқуын бітіріп, 19 жасында Істерлітамақ деген шаһарға 8 жыл оқып, 27 жасында елге қайтып барып, Шыңғысханов қолында бірнеше ай молда болып тұрған соң, мәзкүр Шыңғысханов данышпан адам екен, марқұмның ғылымға ықыласын һәм зеһінлілігін аңлап, қанша ақша беріп, Бұхара-и шәрифке мұсылман ғылымын хатым қылғанша / бітіргенше / оқуға жібереді. Ол кісі Бұхара-и Шәрифте 12 жыл ғылымны бек жақсы хатым етіп болғаш һәр кімдерге мәшһүр болып, хатта /сондай-ақ/ Бұхара-и Шәрифте өзіне шәкіртлер де жиыла башласа да, өз халқына пайда келтірмек үшін өз еліне қайтып келсе, Шыңғысханов опат болған екен. Ол кісі жоқ болған соң онда тұрғысы келмей, және Бұхараға барып бірнеше жыл тұрып, 1852 жылында Сібір тарапына, Ақмола шаһарына қайтып келген» [2]. Бұл арада автордың «Шыңғысханов» деп отырғаны – Жәңгір хан. Бөкей Ордасының ханы бірқатар ресми құжаттарда өзінің тегінің соңына «Шыңғыс хан» сойын тіркеп жазып жүргені мәлім. Ханның Орынбор мұрағатында сақталған «формуляр тізімінде» де солай көрсеткен. «Шыңғыс» тегін оның ұлдары Сақыпкерей, Ибраһим, Ахметкерей және генерал Ғұбайдолла сұлтандар да иеленген. Сірә, бұл орыстар тарапынан хан әулетінің ақсүйектігі мен ерекше қызметін мойындау ретінде берілген бұрынғы «кінәз» дәрежесімен деңгейлес атақ болса керек. Бір қызығы, осы өңірден шыққан белгілі қоғам қайраткері Н.Манайұлының Шәңгерей шайырдың өлеңдер жинағына жазған алғысөзінде Жәңгір ханның немересі жайлаған Борсы маңында «Шыңғысхан» атты қоныс болғандығы айтылады [3,26].

С.Бабажановтың жазуынша, Айжарықтың Ордадан кетуін Орынбор әкімдері қалаған. Сәдуахастың дерегі де сенімді. Өйткені, қалай дегенмен, болашақ ағартушы Бұхарадан оралғанда Жәңгір ханның бақилық болғаны айдан анық. Сол тұста ағылшын, түрік елдерімен қарым-қатынас жасай бастаған Бұхара елінде көп жылын өткізген оқымысты қазақтың Ордаға оралуы орыс шенеуніктеріне тіптен ұнамайды. Жәңгір ханның көзі тірі болса, өзі балапандай баулыған шәкіртін елден аластатып қоймас та еді. Біздің ойымызша Арқаға – Ақмола өңіріне келгенде Айжарық «Мен Орынбор ұлықтарынан қуғын көріп, жер ауып келдім» деп айтпай, Сәдуахас секілді жақын шәкірттерінің өзіне «Ордадан Жәңгір хан өлімінен соң кеттім» деуі әбден мүмкін. Жәңгір ханның жұмбақ өлімі де Айжарықтың қауіпті аймақтан бас сауғалап, алыс Арқаны біржола мекен етуіне себепкер болған шығар… Оның үстіне орыс билігімен қойын-қолтық қызмет істейтін кеңсе шенеунігі, полковник Тұрлыбек Көшеновке сыр білдіруге де сақтық жасаған сияқты. Сәдуахас Мұсаұлының қазанамасында ұстаз өмірінің бұл кезеңі нақпа-нақ көрсетілген: «Анда бір жыл тұрып, андан полковник Тұрлыбек Көшеновтің аулында тұрып 11 жыл балалар оқытып, көп адамларны пайдаландырып (ағартып. – С.Қ.) тұрғаны жоғарғы ұлықтарға жетіп, Омскідегі Кадетский корпуста оқитұрған қазақ балаларын оқытуға шақыруы бойынша Омскіге барып, анда 63 жылында муфти хазіретлеріне барып емтихан ұстап, имаматлық уә мудәррислікке рұхсат алып, келер жылы 3 жыл Кадетский корпустағы балаларны оқытып тұрған. Андан соң Омскиде оқитұрған мұсылман балалары аз болған соң 1867 жылында Баянауылға көшіп келіп, мәсжидке имам болып неше жылдай қазақ балаларын оқытып, ақыр ғұмырына шақлы Баянда тұрып, көп адамдарды пайдалануына (ағаруына) себеп болды» [2].

Айжарық тіпті, аты-жөнін де жасырып, Арқаға «Қамараддин Бижомартұлы» деген лақап атпен барған болуы керек. Осы себептен болар, деректерде оның әкесі мен атасының аты түрліше аталған. Мәселен, М.Тәжмұраттың жазуынша, ноғай-қазақ шежірелерінде Қамараддин есімі аталмайды. «Сондай-ақ хазіреттің бүгінгі әулеттік төр шежіресіне түскен әкесі Байдүйсеннің, атасы Жұманың аты (төр шежіреде шыққан руы жағалбайлы деп қате көрсетілген), Сәдуақас мырзаның мұнақыбында аталатын Бижомарттың есімі де мәлімсіз» [4,19]. Бір кісі есімінің үш түрлі аталуы ойландырмай қоймайды. Ресми орындар ғана емес, ұрпақтары мен жақын шәкірттерінің шатасуына қарап, біздің «лақап есім» жөніндегі болжамымыз дұрыстыққа келеді. Мүмкін, оның Айжарық Айтілеуұлы екенін сүйікті шәкірті Мәшһүр Жүсіптен өзге ешкім білмеген шығар. М.Ж.Көпейұлы өзінің ұстазын жоқтаған «Қамараддин хазіретті жоқтау» деп аталатын көлемді мәрсие-толғауының соңында «Айжарық Айтілеуұлы. Кіші жүз, Бөкейлік қазағы. Мәшһүрдің 30 жасында сөйлеген сөзі» деген анықтама берген. Несі бар, бір жағынан қазақтың «ат қою» дәстүрі бойынша әкесі Айтілеу болғанда, баласының Айжарық атануы шындықтан алшақ емес.

Орта Азия дінбасылары Айжарыққа хазірет, дамолла дәрежелерінен басқа «Қамараддин», яғни қазақша «Діннің айы» деген құрметті атақ береді. С.Шормановтың жазуынша, ол алдымен Ақмола өңіріне келіп, 1852 жылы сондағы ықпалды қазақтардың бірі полковник Тұрлыбек Көшеновтің аулына қоныстанып, осы төңіректегі елдің билігін ұстаған Қоңырқұлжа Құдаймендеұлы мен Ыбырай Жайнақұлы секілді аға сұлтандардың иелігіндегі қазақтардың балаларын оқытады. Қамараддин хазіреттің тағы бір талантты шәкірті Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазуына қарағанда білімдар ұстаз Арқадағы керей, қыпшақ, атығай, қарауыл, қанжығалы, қуандық, сүйіндік сияқты жеті дуанды жайлаған ел балаларының көкірек көзін ашып, саналарына иман мен ілім сәулесін түсіреді.

1852-1863 жылдары Сарыарқа жұртының бір талай зерек жастары Айжарық дамолладан білім алып, ислам медреселерінде тереңдей оқытылатын 12 пән құпиясымен танысады. Шығыстың классикалық әдебиеті, хикая-дастандар, шайырлық поэзия, қазақтың халық әдебиеті, сопылық ілім бағыттары, ислам философиясы, қоғам және хұқық, т.б. негізгі және қосымша пәндер қазақ шәкірттерінің ой-өрісін кеңейтіп, жаңа белестерге ұмтылдырды. Айжарық ишанның ағартушылық еңбектері туралы Ішкі Бөкей ордасында туып-өскен Жәңгір хан мектебінің тағы бір талантты шәкірті М.С.Бабажановтың «Северная пчела» журналында жарияланған «Қазақтың қазақтар туралы жазбалары» атты мақаласында сөз болған. Салық – қазақтың алғашқы кәсіби журналистерінің бірі, этнограф, суретші әрі ғалым, Ресей география қоғамының Үлкен күміс медалінің иегері. Ол өзінің жас кезінде, одан соң 1849 жылы Орынбордағы Неплюев кадет корпусында оқып жүргенде көріп, жақын танысқанын және Айжарықтың терең білім иесі екендігін өзі тікелей куә болған қызық жайттарды баяндау арқылы дәлелдейді. Зерттеуші осы мақаласында Айжарықтың Бұхарада 18 жыл оқып келгендігін мәлімдей отырып, осынша мол білімді пайдаға жарататын мүмкіндіктің жоқтығына өкініш білдіреді. Расында ол тұста қазақ даласында мектеп-медреселер жоқтың қасы еді.

Кейбір қазақ ғалымдарының жазуынша, Қамараддин хазірет Арқадағы өмірінің алғашқы жылдарында Семей өңірінде болып, ақын Абайға да дін мен ғылым сабақтарын үйретуі мүмкін. Бұл туралы абайтанушы профессор Тұрсын Жұртбай («Айқын» газеті, №121, 2008) мен журналист-ғалым Мақсат Тәж-Мұрат («Астана» журналы, №2, 2010) баспасөзде жарияланған мақалаларында жазады. Өкініштісі сол, алғашқы автордың мақаласында Қамараддин лақабы Камалатдин түрінде қате берілген және оның «Шаһабуддин Маржанидің медресесін бітірген алғашқы шәкірт» болуы да шындыққа жанаспайтын ақпар. Аталған мақаладағы мәліметке сілтеме жасаған М.Тәжмұраттың да пікірлеріне келісу қиын. Себебі, Қамараддин молланың Маржаниден 11 жас үлкендігі бар және ол татар ғұламасынан бұрын Бұхара шейхтарының алдын көріп, Пірге қол берген әрі жоғарыдағыдай құрметті атаққа ие болған бірден бір қазақ. Асылы, біздің ғалымдарымыз «жәдитшілдік» бастауларын – жаңаша оқу тарихын Ш.Маржанидан немесе И.Ғаспыралыдан бастағанда тамыры Жәңгір хан Бөкейханұлынан басталып, Қамараддин, Мұхаммед-Салық, Абай, Мәшһүр-Жүсіп, Құрбанғали, Шәңгерей, Ғұмарларға жалғасатын қазақ зиялыларының ерен еңбегін ұмытпағаны абзал. Оның үстіне болашақ татар ғұламасы, тарихшы әрі имам Шиһабуддин әл-Маржани хазірет Бұхара медресесінде енді ғана ілім үйреніп жүрген жылдары Жәңгір хан түрік, татар, шағатай және бірнеше Еуропа тілдерін меңгерген, 1841 жылы Ішкі Бөкей Ордасында жаңа тұрпаттағы мектеп ашқан, 1844 жылы Қазан университетінің құрметті профессоры атанған белгілі мәдениет пен ғылым қайраткері еді. Ресей мұсылмандары арасында бірінші болып «Мұхтасар» кітабын тәржімелетіп, М.Қазымбектің редакторлығымен баспадан шығарып үлгергені тағы бар.
Расында, жаңағыдай пікір жазушы ғалымдар Айжарық Айтілеуұлының 1807 жылы, ал Шиһабуддин Маржанидің 1818 жылы дүниеге келгендігін есепке алмаған сияқты. Татар тарихшысы Ғабделбари Батталдың мына деректері де соның дәлелі: «Ш.Мәржани Бохарага 1838 елның 12 декабренде барган. 1849 елда исә, шактый мөһим кульязма китаплар һәм букча-букча ғыйльми язмалар белән төянеп, Казанга кайткан» [5,107]. Бұл мәліметті белгілі дін қайраткері, имам Р.Фахреддин де растайды [6,177]. Ал, Айжарық Айтілеуұлы, яғни, дамолла Қамараддин хазірет Бұхараға оқу үшін 1834 жылы аттанған болатын. Айырмашылығы, қазандық шәкірт Бұхардағы «Мір-Ғарабта» 10 жыл, Самарқандағы «Көкелташта» 2 жылдай оқыса, Айжарық Бұхарға екі мәрте барып, бас аяғы – 15, кей деректе – 18 жыл шарғи ғылым көзінің көзесін түп-түгел сарқып қайтқан еді.

Ақын өмірбаянын өзгелерден гөрі жақсырақ білетін М.Әуезовтің мәліметіне қарағанда «Абай он жасқа келгенде әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген, бұдан бұрын қырда оқыды ма жоқ па? Ол туралы хабар жоқ. Семейде алғашқы берген молдасы Ғабдулжаппар деген татар имамы. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген имамға тапсырған. Бұ да татар имамы. Екеуі де мешітте имамдық қылып, сол мешіттерінің жанында медреселері болған» [7,115]. Бізге белгілі мәліметтерден білгеніміз, Абай осы медреседе қазақтың алғашқы кәсіби тарихшыларының бірі Құрбанғали Халидұғлымен қатар тәлім алуы мүмкін. Ал Абай өмірі жайында алғаш қалам тербеушілердің бірі, Алаш қайраткері Ә.Бөкейханов: «Абай он-он екі жастар аралығында қазақ даласында жүріп хат таныды. Ал он екі жасында Семейдегі Ахмет Риза молданың медресесіне түседі. Абай он төрт жасында сонда жүріп үш ай орыс мектебінен дәріс алады. Осы төрт жылдық медреседегі және үш айлық орыс мектебіндегі дәріспен Абайдың мектептік оқуы аяқталады» [8,71-72]. – деп жазды.

Былай қарағанда жоғарыда келтірілген екі зерттеушінің мәліметтерінде елеулі айырмашылық жоқ сияқты. Дегенмен, Әлиханның дерегіне сүйенсек, Абай мұсылмандық әліппесін ел ішінде – Қырдағы оқыған молдалардың бірінен алғандай көрінеді. Себебі, оқуы терең – араб, парсы тілдерінің грамматикасына қоса, шариғат ілімін қаузайтын 12 пәнді және Шығыс классикалық әдебиетін оқытатын медреседе білім алу үшін талапкер алдымен, кем дегенде ауыл мектебінен, не болмаса, жеке молдадан сауат ашып, «тіл сындыруы» қажет. Демек, жас Абай аға сұлтан Құнанбай өз жанында ұстаған ноғай-татар молдаларының бірінен «әптиекті» тауысып барып, Семейдегі медресеге аттануы шүбәсіз. Бірақ Абай медреседе 3 жыл оқығаны өз алдына, өз бетінше көп оқып ізденгеннің өзінде мұншама ілім-білім иесі болып шығуы неғайбыл еді.
Әдетте, ислам шариғаты, араб-парсы тілдерінің грамматикасы, Құран тәфсірі, әбжат ілімі, тассауыф (сопылық тариқат), т.б. пәндерді игеру үшін Қазан, Ташкент, Бұхара секілді шаһарлардағы медреселерде шәкірттер 9-12 жылдай оқитыны белгілі. Осыған орай, Абайдың мезгіл-мезгілімен медреседен бөлек ел арасындағы оқымысты дамолла, ишан, хазіреттердің бірінен жеке дәріс тыңдап, жеткілікті сабақ алуы ықтимал. 14-15 жасында медреседен босаған Абайдай талапкер жастың ел істерімен ғана айналысып, оқусыз қарап жатқаны да иланымға көнбейді. Әлбетте, бұл ретте ойымызға тағы да Арқадағы көптеген ынталы жастың көкірек көзін ашқан, 1863 жылға дейін Ақмола уезінде, 1867 жылдан бастап Баянауыл өңірінде, жиын-теріні – 35 жыл ұстаздық еткен Қамараддин хазірет еріксіз еске түседі. Рас, Айжарық таза әдебиеттің емес, діни-ағартушылық ағымның өкілі, әйтсе де оның қазақ руханиятының жаңашыл буынын тәрбиелеуге қосқан ерен еңбегін айтпай кету – әділдікке жатпас еді.

Абай өмірбаянының шәкірт кезеңінде Қамараддин есімді молда не хазіреттің есімі ұшыраспайды. Есесіне, жас Мұхтардың ХХ басында Семейдегі Камали атты кісінің медресесінде оқығаны туралы деректі жазушының өз өмірбаянынан оқуға балады. Ал Абайдың ұстазымен кездесуі ақынның 20 жастағы кезінде – Айжарық дамолла Омбыда имам әрі кадет оқытушысы қызметінде тұрған мезгілінде орын алуы қисынға көбірек келеді. Абайдың 1866 жылы Омбы кадет корпусында оқып жүрген інісі Халиолла Құнанбайұлына жазған үшбу хатындағы сөздері екі зиялының бір-бірін білетіндігін және ерекше қадір тұтатындығын аңғартса керек. Осындағы: «Сізден бізге хат жазған Қамараддин моллаға көптен-көп сәлем дегейсіз. Һәр бір сізге дінқарындасы тұрғысынан қылған жақсылықтары Аллатағаладан қайтсын, өзіне хат жазуға уақыт тар болды» [9,171], – деп келетін Абай лебізінен біраз жайттың басы ашылады. Хат мазмұнына қарағанда, хазіреттің жас Абай мен ақынның Омбыда оқып жатқан інісі Халиоллаға ұстаздық жол көрсетіп, жағдайға қарай жанашырлық танытқандығы, тіпті, өзара хат-хабар алысып тұрғандығы да байқалады. Бұл кезде Абайдың жасы 21-ге, Халиолланың 17-ге жаңа толған жасөспірім екендігін ескерсек, ағайынды шәкірттердің Қамараддин дамолладан үйренер үлгі-өнегесі де, алар тағлым-тәрбиесі де аз болмасқа керек.

Өткен ғасырдың 30-жылдарында Санкт-Петербург қаласындағы Шығыстану институтының Березин қорында сақталған бұл хатты тапқан академик Ә.Марғұлан болатын. Академиктің жазуынша, Қамараддин дамолланың қолынан атақты Науан хазірет пен Ақан сері де шариғат шәрбатын татқан, тариқат тылсымына батқан. Бұл пікірдің жаны бар. Себебі, Айжарық Айтілеуұлының Арқадағы ұстаздық қызметі дәл осы Ақмола өңірінен басталғаны тарихи деректерден белгілі. Сол мезгілде Құнанбай аға сұлтан атанып, Көкшетау жерінде әкесі Өскенбай биге ұлан-асыр ас беруі де хатқа түскен шындық.

Әйтсе де хаттағы мәліметтер әлі күнге жөндеп тексеріліп, зерттелген емес. Осы жолдардың авторы 2012 жылы бір айлық ғылыми іссапар кезінде Питердегі аталған қорда сақталған құжаттық материалдарды қайта сүзіп шығып, онда сақталған Қамараддин хазіретке қатысты өзге екі хатты тауып, көшірмесін алғаны бар. Хаттардың бірі 1868 жылы Шоқанның ұстазы Н.Ф.Костылецкийге жазылған болып шықты. Кадет корпусында үш жылдан аса уақыт ислам діні мен тарихынан және Н.Ф.Костылецкиймен бірлесіп шағатай тілінен дәріс оқыған Қамар хазірет Құнанбайдың дарынды ұлдарын қажетті кітаптармен де қамтамасыз етіп отырған десек, қателеспейміз. Ондай дүниелердің арасында Еуропа мен Шығыстың классикалық әдебиеті де, ислам-шариғат қағидалары мен жаратылыс заңдарын түптен қозғайтын талай құнды кітаптар болуы мүмкін ғой. Кейінірек, Абай толғаған ислами-имани фәлсафалық ой орамдары мен ғақлият сөздері де «аспаннан салбырап түспеген», осы тектес оқымысты һәм турашыл хазірет көкірек көзін ашқан, оқыр кітабын нұсқап, алар ілімі мен барар бағытына жөн сілтеген ұстаз мектебінің нәтижесі деу ләзім. Хазірет хат жолдаған орыс зиялысының дарынды қазақ ғалымы Шоқан Шыңғысұлының ұстазы екені мәлім. Шоқанға әдебиеттен дәріс беріп, ерекше жанашырлықпен тәрбиелеген Николай Феодоровичті Қамараддин хазіреттің «ашына-и достым» дегеніне қарап олардың жақын араласқан сыйлас, пікірлес жандар болғандығын аңғару қиын емес. Хаттың шағатай тілінде жазылуы – Н.Ф.Костылецкийдің түркі тілдерінде сөйлеп, жаза білетіндігіне куәлік етсе, керісінше Айжарықтың орыс тілін әжептәуір білуі ғажап емес.
Бұл уақытта Айжарық ишанның Баянауылдағы Мұса Шорманұлы ашқан мешіт-медреседе шәкірт тәрбиелеп жатқаны мәлім. Хазірет Николай Феодоровичтің әйел, бала-шағаларының хал-жағдайларын сұрап, оларға бақытты ғұмыр тілейді. Арасында: «Ашналықлар қолдан кетуб, көңіллер фәрамуш қылмасын дейу қалам тербәтамыз. Хат жазар десек те, ойға түшіріп, бір де жазбайсыз. Шұғылыңыз көплігі ме, иә қолыңыз босамай, иә йалқаулық қыларсыз ма?» – деп, өзінің екі-үш мәрте жазған хаттарына жауап алмағанына базынасын айтады. Хаттың соңын: Ғабдулғани ағаға уә Ағлан-ад-динге уә ғайри сұрағушы ағайынға дұға-и сәлем дейсіз. Һәрнешік хатуңизни йәна күтеміз – муштамал ахуалатларың илән. Қамараддин дамулла» [10,41], – деп аяқтайды.

«Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, Омбыда тұрған бірнеше жыл қадарында Айжарық ишан көптеген зиялы жандармен, дін ағартушыларымен емін-жарқын араласқаны байқалады. Хат мазмұнынан хазірет Омбы Кадет корпусының оқытушысы, Шоқанның ұстазы Н.Ф.Костылецкиймен де жақын әрі шынайы достық қатынаста болғандығын көру қиын емес. 1863 жылы хазірет Кадет шәкірттеріне дәріс бере бастаған кезде Шоқанның әлі тірі екендігін ескерсек, ол екеуінің кездесу мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Тіпті, Николай Феодорович кейбір ауыз әдебиеті материалдарын Қамараддин хазіреттен алып, Н.Березин арқылы Питерге не Қазан университетіне жіберіп отыруы мүмкін. Өйткені, Мәшһүр Жүсіп деректеріне жүгінсек, оның өзі де халық әдебиеті үлгілерін алғаш 8-9 жасында ұстазы Қамар хазіреттің айтуынан үйренгенін жазған. Бір жағынан, Айжарық Айтілеуұлы кейінгі Батыс және Шығыс Алашорданың арасын жалғастырған алтын көпір сияқты. Бөкейлікте Жәңгір мектебінен тәлім көріп, Орынбор қаласындағы кадеттер училищесінде білім алған М.-С.Бабажанов пен Омбыдағы Шоқанның өзара таныс болуы, Айжарық дамолланың Халиолла мен оның Жидебайдағы ағасы Абайға ұстаздық етуі, ілгеріде айтылғандай, Науан, Шәймерден, Мәшһүр, Сәдуахас, Ақан сері, т.б. көптеген қазақтың белгілі тұлғаларының шығармашылық ғұмырбаяны осындай ойға еріксіз жетелейді.
Бір өкініштісі, Омбы олыстық мемлекеттік мұрағатында Кадет корпусының оқытушылары мен шәкірттерінің қызметтік өміріне қатысты деректер сақталмаған. Сірә, ондағы қызметтік жазбалар мен Кадет оқытушылары Қазақстан, Орталық Азия мен Сібір өлкесінен жинақтаған бай тарихи-этнографиялық және фольклор материалдары кезінде Ресейдің орталық қалаларына жіберілген сияқты. Қамараддин хазіреттің, Шоқанның, Абайдың қолжазбалары мен хаттарының Санкт-Петербург мұрағаттары мен ғылыми кітапханаларында сақталуы, Н.Г.Потаниннің мұралары Томск қаласындағы мұрағат қорларында жинақталуы осының айғағы.

Көлемі 4 бетті қамтитын екінші хатты 1865 жылдың 21-сәуірінде Мәскеу қаласындағы Кремлге жақын Болотной алаңында Айт намазын оқу үшін арнайы өкілеттікпен, біраз жамағатпен барған Петропавль губерниясының имам-ахуны Ғабдоллабай бин дамолла Ғаббас әл-махсым деген кісі жолдаған. Жазу дағдысына қарағанда жергілікті қазақ не татар дінбасыларының бірі деп шамалаймыз.
Автор хатты: «Ғиззатлу шерикжанымыз дамолла Қамараддин хазіретіне ихласлу дұға уә сәламлар көндүрдүм. Ошандақ ініміз Шаһмардан мырзаға көп дұғалар көндүрдүм. … Дұғагөйіміз Башмаков мырзаға көп дұға, сәламлар көндүрдүм.
Әл-хамдуллаһ, өзіміз сахат уә саламатлармыз. Хайыр-фатихаларыңыз уә барша жамағатларымыз иле 10-апрелде йазған мүбәрак-намеңізе апрелдің 19-нда йолығып, шад уә сарам болдық. Сауал айтыпсыз. «Айт уақиғасыны» жәнабыңызе ғарзу етәлік. Собрание әмірі билән Арбаткә имаматшылық қылурға бардық. Маһи мүбәракның 16-шы күні Арбатке дахил болдық. Барғашта тоқсан теңгеге бір пәтер Болатной алдым. Төрт комнатлы еді: бір комнатынде өзім тұрдым, үшеуінде жамағат илә беш уақыт намаз оқыдым. Бек зор болат еді. Екі жүз жамағат сиғар еді. Һәр күн уағыз болып, жамағатқа бек уағыз айттым. Қай ықылымнан келген адамлар йығылып, уағыз ештимекке келдиләр» [11,60-63], – деп бастап, одан әрі Айт намазы кезіндегі бастарынан кешірген қызықты сәттерін баяндайды. Арбаттағы Айт намазы шынында да зор салтанатпен өткені байқалады. Пар ат жеккен әдемі фургон-күймелі шананың алды-артында 12 қазақ-орыс, екі жанында 4 жандарм қошеметпен алып жүргені, 15 мың орыс қызықтап, 10 мың жамағат намазға сапқа тұрғандығы, намаздан соң халыққа уағыз айтылып, пітір-садақа жиылғаны, орыстардың қатты таңырқап, ахунға риза болғаны да мақтанышпен баяндалады. Сондай-ақ осы хаттан Қамараддин хазіреттің Кадет корпусында дәріс берумен шектелмей Омбы маңындағы қазақтардың әлеуметтік-құқықтық мәселелерін шешуге тікелей атсалысқанын көруге болады. Сірә, хазірет Петропавл аймақтық ахунынан Омбы төңірегінде «санда бар, санатта жоқ» әрі «указной» молдаға зәру қазақтардың некелік рәсімін заңдастыру үшін өзіне жергілікті үкіметтен рұхсат қағаз алу үшін кеңес беруін сұраған.

Қызылжарлық ахунның хатындағы: «Зинһар, ғайыб итә көрмеңізлар. Жәнабыңыздан бір мәслихат сұрапсыз. «Омский атырафындағы қазақлардың некаһы» тұғрасында. Жәнабыңызге мәслихат шул ке: Қазақлар отуз, қырық кіші қол қойып, Собрания мекемесіне қағаз берсүнлар. Шул рәуішде Омский атырапында болған һәр тарафтан келген йатақлар/да/ неке қағазы бола-дүр. «Молламыз жоқ, бізләр қалаймыз, Омский қалғасында тұрған мүдәррис-молла Қамараддин «фәлан» ұғлыны тілейміз. Шул кіші некаһ оқып берсе екен» деп, прощение берсүнлар. Мұндан біз хат йазамызлар андағы ашыналарға. Қазір де Мәулей муфти ухра қази-дүр. Ескендіріф қазақлар сұраса, әмір болмай қалмас» [11], – дейтін үзінді осы жайтты меңзейді. Бұл аз ғана деректің өзі де Мәшһүр мен Сәдуахас мақалаларында сипаттайтын Айжарықтың жұрт қамы үшін жаны күйген нағыз тақуа мұсылман – тура жол иесі екендігін толықтай құптайды.
Осы хаттың соңында Шаһмардан атты жас жігіттің есімі екінші рет ілтипатпен аталады: «Шерікжан, Шаһмардан мырзаны мұнда қызлар бек күтүп тұрадүр-лар. Ертерек, бірісіні некаһлап алсун. Айта көріңіз, келе көрсүн, бек сағындық!» Бұл кім? Бәлкім, кейін Алаш қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі болған Шәймерден Қосшығұлов емес пе екен? Дегенмен, бірқатар дереккөздерде оның 1877 жылдары дүниеге келгендігі жазылған. Бұл бағытта тереңірек зерттеу, нақтылау жүргізілгені дұрыс. Қысқасы, Мәскеуде – Арбатта Айт намазын өткізген мәртебелі дінбасының өзі хат арқылы есеп беруіне қарағанда Қамараддин хазірет бүтін Еуразия түркілерінің белгілі қайраткерлері санасатындай үлкен беделге ие болған.

Айжарық Айтілеуұлы дүниеден өткенде Сәдуахас Мұсаұлы жазған қазанама-мақалада ұлық ұстаздың аса көркем мінезі мен ел үшін сіңірген игі істері жайында тебірене жазған. «Өткен 1888 жылында сентябрь айында молла Қамараддин хазіреті 81 жасында Баянаула атырабында опат болып, Баянаула қаласының күншығыс жағында бір шақырымдай жерде мұсылман қабірлері ішінде дәфін болынды. Бұ күнгеше қазақ халқы ішінде мұндай адам аз болса керек», – деп басталған қазанама соңындағы мына пікірлер Қамараддин хазіреттің нағыз тақуа, жұрт жоқшысы, терең білім мен кісілік иесі екендігін айғақтайды:с«Бұ марқұмның мінезі сондай еді: нашар, дәулеті жоқ адамдардан хақы алмақ түгілі, оқығаны үшін бәлкім, өзінен тамақ беріп оқытатұғын еді. Және халық ішінде аразлық болса, насихат айтып тауластырар еді. Және екі-үш күнлік жерде өзінің білетұғын адамларында ауру яки қайғылы кісілер болса, сонша қарт болса да ерінбей барып, көңілін аулар еді. Билер бітіре алмайтұғын үлкен іслер ол кісінің насихат қылуы илан татушылық /жөнімен/ бітіп қалатұғын еді. Көп адамларға зары өтсе керек. Қазақ халқы бір артық адамынан айрылды» [2].

Қамараддин хазіреттің ел алдындағы ерекше қызметі туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да құнды мәліметтер жариялаған. Сопы-ақын ұстаз есімін әрқашан құрметпен атай отырып, оның ізгі істерін ризашылық сезіммен еске алады. Мысалы, «Дала уәлаяты» газетінде басылған «Даладағы оқу жайынан» атты мақаласында:
«…Кеше көзіміз көрді: Баянаулада – Қамараддин хазірет, Ертіс бойында – Нұрғали хазірет, оның алдында Жақай ахун, һәр жерде сондай қазақтың өзінен жақсы молдалар шығып, дін шашып, көп адамға ғылым үйретіп, бірсыпыра тауфиқлы жанларны оқытып, молда болуына себеп болды. Бүгінде Көкшетауда – молла Наурыз, Қызылжарда – Қожахмет молла Тухфат хажы баласы, Орымборға қараған арғыннан Ханиф деген молла шығып, солар ғылым шашып, халқыны жақсылыққа үйретіп жатыр», – дей келе ұстаз есімін ең алдымен атайды.

Газетте ұстазы туралы Сәдуахастың қазанамасы шыққан жылы жазда М.-Жүсіптің өз әкесі Көпей сопы да сырқаттанып, хал үстінде жатқан болатын. Соған қарамастан әкесі қайтыс болғаннан соң тура бір айдан соң жариялаған екі мақаласында да ақын ұстаз есімін ұмытпайды. Ілгергі мақаланың соңындағы мына лебізінен де ардақты ұстазына деген шәкірт сүйіспеншілігін сезіну қиын емес: «Бес жасымда моллаға беріп, сегіз жасымда Қамараддин хазіреттің қолына тапсырып, осынша ғылымға, өнерге қосқан марқұм әкем 73 жасында 11 августа, 1889 жылдың жұмға салауаты уақытында төсегінің үстінде сәждеде жатып ахирет сапарына кетті. «Анна Аллаһу уә илла фиһу рәджиғуна» – дін қарындас мұсылманнан бір фатиха үміттімін» [12].

Мәшһүрдің Құлмұхаммед ұста опатына байланысты мүнақиб-қазанамасында ұстаз есімі тағы да үлкен ілтипатпен еске алынады: «Біздің қазақ жұртында, оның ішінде Сүйіндік ортасында ексе бітпейтін, қуса жетпейтін екі-үш кісі бар еді. Бірі – Шорманұғлы Мұса марқұм еді, бірі – Қамараддин хазірет кәзитке жазылған, бірі – Құлмұхаммед ұста Жанғозы ішінде көпшіл, дархан еді. Дін ісін ізлеген, шариғатқа мұхтаж болған хазіреттен барып, көңілі дауаланып қайтушы еді. Болыстан зорлық көрген, орыстан қорлық көрген ғақыл сұрай Мұса мырзаға барып көңілі дауалап, жанға сая тауып қайтушы еді. Бір нәрсесі сынған, бір нәрсесі бүлінген қайдан болса да ізлеп Құлекеңе барып, ісін бітіріп, көңілін тындырып қайтушы еді. Жұрт йақшысы кетті, ғақыл сұрар ер қалмады, бас паналар жер қалмады. Бөлтірік болыс, бөдене билердің тұсында сауысқанша ағаш басына қонғандай заман болды…» [13].

Ақын мақаласының мазмұнынан сол тұстағы отаршылық қамытын киіп, Ресей үкіметінің түрлі заң-шарғыларынан, шенеуніктер мен жергілікті болыс, би, ауылнайлардың озбыр қылықтарынан зәбір көрген қазақ елінің тығырыққа тірелген қиын тағдырын қапысыз танимыз. Өкініштісі, бір заманда тылсым білімі мен терең ақылы, шариғатқа шеберлігі мен адамдық табиғаты Мұхаммед-Салық, Мәшһүр Жүсіп, Сәдуахас мырза сияқты талай оқыған қазаққа ой салған Қамараддин хазірет туралы ешбір оқулықта не ғылыми еңбектерде жазылмаған. Шынында да Айжарық Айтілеуұлы (Қамараддин хазірет) өткен ХІХ ғасырдағы қазақ даласында ілім мен білімнің шамшырағы болып қана қоймай, туған жұртының топырағына ізгілік пен кісіліктің асыл ұрығын сепкен алғашқы ағартушылардың бірі болды. Қамараддин хазіреттің мектебі алғаш 1852 жылы Ақмолада – бүгінгі Астана қаласында ашылып, сол арада сандаған қазақ балалары 11 жыл бойы ескі мен жаңаның парқын айырарлық сапалы білім нәрімен сусындады. Омбыдағы Кадеттер корпусын айтпағанда Баянауылда ширек ғасырға жуық медреседе шәкірт тәрбиелеп, қазақ рухының оянуына өлшеусіз үлес қосты. Сол бір ғана Баянауыл ауданының төңірегінен «25 академик шыққанын» мақтан етушілердің барлығы бірдей Айжарық дамолланың есімін естіді ме екен? Тек қана Арқадағы Тұрлыбек, Ыбырай, Қоңырқұлжа, Мұса, Құнанбай сынды аса беделді әулеттердің айналасында көптеген дарынды жастың ағарып, келешек жұрт пайдасына қызмет етуіне себепкер болғанын білеміз бе? Әзірге бұл бағыттағы ой-пікірлерімізді келер күннің еншісіне қалдыра тұрамыз.

Түйіндей айтқанда, Абайдай ұлт көсеміне тура жол көрсетіп, Мәшһүр Жүсіп, Сәдуахас, Ақан сері, Науан, Шаймерден сынды Алаш ұлдары бастаған ондаған сахара саңлақтарының көкірек көзін ашқан Қамараддин хазіреттей пассионар тұлғаның қазақ тарихы төрінен ойып орын алатын мезгілі жеткен секілді.

ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Қазақтың қазақ туралы жазбалары. // Бабажанов С. Этнографиялық мақалалар. – А., Қазақстан, 1993. – 110 б.
2. Шорманов С. Мулла Камаруддин Бий Жумартов. // Дала уәлаятының газеті, 1889, № 9.
3. Манаев Н. Өмірбаяны. Кітапта: Шәңгерей. Өлеңдері. – Алматы: ҚКӘБ, 1933-34 жыл, 26-бет.
4. Тәжмұрат М. Көрінбестің көлеңкесі. // «Астана» журналы.
5. Батталов Г.А. Казан төркиләре. Тарихи язмалар. – Казан: татар. кит. Нәшр., 1996. – 273 б.
6. Фахреддин Р. Болгар вә Казан төрекләре. – Казан: Татар кит. Нәшр., 1993. – 287 б.
7. Әуезов М. Абайдың туысы мен өмірі. // Абайды білмек парыз ойлы жасқа (Ибраһим Құнанбайұлының ғұмырнамасы). Оқу құралы. – А., «Санат», 1997. – 347 б.
8. Бөкейханов Ә. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. // «Қазақ» газеті. – А., «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 574 б.
9. Абайдың інісі Халиуллаға жазған хаты. // Абай. Шығармалары. 2-том. – А., Жазушы, 1986. – 287 б.
10. С.-Петербург. РҒА Шығыс қолжазбалары институты. Н.Березин қоры. 5-қор, 1-тізім, 39-іс, 60-63 бб.
11. С.-Петербург. РҒА Шығыс қолжазбалары институты. Н.Березин қоры. 5-қор, 1-тізім, 39-іс, 41-бет.
12. Йусуф бин Көпей. Даладағы оқу жайынан. // Дала уәлаятының газеті, 1889, № 38.
13. Йусуфбек Көпейұғлы. Мүнақиб Құлмұхаммед ұста. // Дала уәлаятының газеті, 1889, № 28.

Серікбай ҚОСАН,
шығыстанушы,ф.ғ.к.