"АБАЙ КҮНІ" – РУХАНИЯТ МЕРЕКЕСІ

Абай адамзаттың Абайы. Оның терең пәлсапасы, мазмұнды һәм мағыналы қара сөздері, надан болмай, адам болуға шақыратын мәңгілік шығармалары, рухани мол мұрасы, классикалық әндері күллі адамзатқа ортақ.

Немістер Гетесімен, орыстар Пушкинімен мақтанады. Ал біз халқымызды өркениеттің өріне қарай жетелеген, қалың елдің Абайымен мақтана аламыз. Абай ешкімге ұқсамайтын болмысымен, асқан дарынымен әлемдік дәрежедегі дара тұлға болып қала бермек. Ол қазақтың қасиетті топырағы тудырған әлемнің перзенті.   

Өйткені, ақынның дүниетанымы, озат ойлары, салмақты сөздері, өзектілігін жоймайтын пәлсапасы қай жерде, қай ортада, қай елде болмасын өтімді әрі актаульді. Оның адамзатқа ауадай қажет туындылары ешқашан өлмейді. Керісінше зерделеніп, зерттеле береді.                                                                

Расында, "Мен бір жұмбақ адаммын…" - деген ғұламаның сырлы әлемі әлі де жұмбақ. Абайды оқыған сайын жаңарып, тазара бересің. Тереңіне бойлаған сайын ойлана түсесің. Мына сұлу дүние есігін ашып, рухани құндылыққа ұмтылғысы келген әрбір адам, Абайдың шығармаларымен етене танысу керек. Өйткені, Абай қай заманда болмасын ұлы кемеңгер болып қалады.  Абайдың ойы, ақынның толғанысы, данышпанның қайғысы – бүтіндей тіршіліктің үні, тұтас қоғамның сөзі деп ұғынатын уақыт келді. Абай адамзат тарихында енді қайтып келмейтін тұлға.   

Иә, Абай надандықтың құлпы, адамдықтың кілті. Абай мектебі – руханияттың кәусар бұлағы! Оның  тағлымын  таныған кісі кемел келешекке бет бұратыны ақиқат. "Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық" - дейді данышпан. Демек, біз Абайдың жарық, нұрлы әлемімен сусындаған сайын, ғылым, білімге ұмтылып, өнер үйренеміз. Ондай адамның болашағы бұлыңғыр тартпасы хақ.                                                       

Биыл ұлы хәкімнің 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының  ұсынысымен Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев 10 тамызды "Абай күні" деп белгіледі. Бұл расында көңіл қуантарлық жаңалық болды. Шын мәнісінде "Абай күні" жай ғана атаулы күн емес. "Абай күні" – руханият мерекесі. Дәл осы күні әрбір адам баласы Абайды қаншалықты тани алдым, қаншылықты зерттей алдым, қаншалықты жүрегінің түбіне терең бойлай алдым деп, өз-өзіне сұрақ қойып, соған жауап беруі тиіс деп есептейміз. Анығында, "Абай күні" рухани жаңғырудың жарқын үлгісі.       

 

Ерлан ДАКЕНОВ,  

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің    

Мемлекеттік академиялық   

филармониясының бас директоры