Абайдың есім-сойы ғана Абай демесеңіз, ол рух пен намыс, хал мен болмыстың ішкі мазмұны ғой. Антұрғанымыз сол, біз оны тек «ақын» ғана деп есептейтін ергежейліктің ең төрінде отырмыз. Мәймөңкелемей өз пікірімді бірден білдірейін. Дін мұсылманның көңілі мен көзқарасына қарсы келсем, үшбу кешірім сұраймын. Хакімнің небары жалғыз-ақ шумақтан тұратын мына бір ғазалы пайғамбарлық дәргейге пар.
Сүйсіне алмадым, сүймедім,
Сүйегім жасып сор қалың.
Сүйісіп саған тимедім,
Бола алмадым сенің жарың.
Осы бір шумақ өлеңді тағы бір мұхият оқып көріңізші. Енді құдайшылығын айтыңыз. Бұл да ұрғашыға арналған ғазал ма сонда? Біз неге осы кез келген шығармадан «сүю» мен «жар» ұғымдары жолықса болғаны, көк бауырдай жабысып алып әйелден әріге бара алмай жатамыз. Бұл хакімнің өзі жиі айтатын «жаннан тәтті» Жаратушысына қылған шын назы ғой (Бір жағынан осы өлеңде адамның шын сүйіспеншілігі мен қатар еркіндігі де ерекше байқалып қалады). Өлеңді оқып отырғанда көз тостағың жасқа шыланады. Әрине, Абайға емес, екі аяғыңның басына салмақ түсіріп жемтік сүйретіп жүрген өз бейшаралығыңа.
Ғазалдан ұққанымыз, ғашық жан өзін қашанда сынық қанат құстай төмен ұстайды. Жаратқан алдында тым жалынышты көрінген осы хәл өлеңнің тек сыртқы формасы ғана. Ал ішкі атмосферасына келгенде жаның шыдамайды.
ШЫН ЖАРЫНЫҢ алдында қорғасындай балқыған, ыстық ынтызарлықтың алауы жүзіңді шарпиды.
Рас, «Сүйісіп саған тимедім...» тілегі кемеңгерді «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі...» өлшеміне өткізді. Сонда адам ертелі кеш Жаратқанды бір мезетке болсын еш есінен шығарып алмай қалайша ғұмыр кешеді? Мұндай өлшемге пенде баласы нендей құдіреттің қуатымен жете алады? Міне, осы секілді сұрақтардың да көлденең тартылатыны мәлім. Мұның бір тиянағы хакімнің өз пайымында жатқан секілді. «Құдай ләмәкән» (мекенсіз) деген кемеңгер оның шын «мекені» адамның өз жүрегі ғана екендігін ишаралайды.
Сонымен "Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі..." өлшемінен біз Алла мен Адамның бірігіп кеткен тұтас болмысын көреміз. Енді бұл болмысты өзара еш бөліп қарауға мүлде келмейтінін ұғамыз.
Әңгіменің аңдатпасы ретінде жазылып отырған бұл мәселенің түйіні төменде барынша тарқатылатын болады.
Сәл сабыр сақтап, бейіл қойя білсеңіз болғаны құрметті оқырман қауым.
II
Сонымен жалғыздық феномені, оның негізгі мағынасы қандай? Әңгіме әлхамы да осы болайын деп отыр ғой. Осы жерде философия мен теология әдіснамасын алға салып, сәл шығандап сөз шығару да керек болып тұрғаны. Ендеше бұған дейінгі бар жиған-тергенімізді осы жердегі ой талқысына салсақ па дейміз. Әрине, әнтек басқан жері, кеткен кемшілігі болса кешірім сұраймыз.
Біздің ойымызша, Құдайдың танымдық болмысы бір (1) цифрында емес, керісінше жалғыздық феноменінде тұр.
Қайталап айтамыз, бір (1) мен жалғыздың парқы қашан да екі бөлек. Абайлап байқасаңыз, жалғыздық цифрдан гөрі болмысқа, нақтырақ айтсақ мазмұнға көбірек жақын. Бұл жердегі бір цифры Құдайдың сандық сипаты болса, жалғыздық оның негізгі мәні. Осыған қарап бұларды өзара ұқсамайтын екі бөлек философиялық категориялар деп бөлсек те болады.
Мейлі, бүгінгі қазақ топырағында қоғадай қаулаған деструктивті діни топтар, мың жерден Құдай бір (таухид) деп безек қаққанмен қазақтың негізгі темірқазық түсінігі сопылық ілімінде жатыр. Құран сөзін құр жаттаған жадағай насихатшы (моллалар) мен Алланың хикметін танушының парқы жер мен көктей. Иррационализм кеңістігі сопылықтың негізгі тағаны, ал Жаратушы жалғыздығының мағынасы мен мазмұны оның басты сыры. Бұл жердегі сопылық таным цифрға емес, керісінше мазмұнға ынтық. Көбіне адамның рационалды (суық ақылы) зат пен мәтіннің тек сандық сипаттағы нақтылығына ғана жүгінсе, жүрек сол мәтіннің аутенттілігіне иланады. Бұл манифест Шәкәрім трактовкасында «Бас көзімен қарама, жүрегіңнің аш көзін» болып келсе, Абайда «Тіл жүректің айтқанына көнсе жалған шықпайды» болып күрделеніп кете береді. Егер жүрекке жүгінсек, мәселенің бәрі сенімде ғана. Сенсең ғана кез келген ғажайыптың ішкі құпиясына ендей аласың. Ал сенбейді екенсің, ештеңені де пайымдай алмайсың деп бірден кесіп айтуға болады. Әрине, жүректің өзіне ғана мәлім «көретін» әм «сезетін» мұндай хикметін затшылдық (матерализм) әмәнда мойындамақ емес.
Әл-Фараби өзінің «Ғылымдардың шығуы» туралы трактатында субстанция мен акциденция ұғымы турасында айтады. «Субстанция – зат болса, акциденция – қасиет. Біз акциденцияларды тек сезім арқылы ғана танимыз» дейді данышпанның өзі ағынан жарылып. Әл-Фарабидің бұл жердегі қолданып отырған «сезім» ұғымы иррационализм екендігі шүбәсіз.
Мұны жазып отырғандағы бар ниетіміз, жалғыздықты тануға жасалған қадамның Жаратқанға жасалған қадам екендігін оқырман қауымға аз да болсын аңдатып өту ғана.
III
«Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» дейді бабатаным.
Абайдың «Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек» өлшеміне салсақ, рас, адамға идеалды дүние тек Жаратушының өзі ғана (Әрине, өзгермек, оңбақ, жоғалмақ дүниеден қандай идеалды дүние бола қойсын).
Адамның Аллаға деген махаббаты мен ынтықтығының мағынасы да осыдан шығады емес пе. Идеалға «еліктеу» мен «ұқсау» – адамның негізгі мұраты. Дәлірек айтсақ, адамның Аллаға «ұқсау» дәргейі де осы ынтызарлықтан туындайды. Бірден айтайын, бұл жол біздің төл түсінігіміз бен негізгі жүлгеміз. Әрісі Халлаж Мансұр, берісі Мәшһүр-Жүсіптерге дейін жалғасқан Алланы тану жолының негізгі тағаны да осы болатын.
Мұның басты мәні не десеңіз, адам Жаратқанның Сабырын тану арқылы «сабырлы», Ілімін тану арқылы «білімді», Рахымын тану арқылы «рахымды», Мейірімін тану арқылы «мейірімді» болмақ. Мінеки, адамның Аллаға «ұқсау» ұғымының негізгі мұраты да осыдан шығады. Тарихтан белгілі, Иассауидің рухани ұстазы Халлаж Мансұрдың рухани хәл биігінде әнә-л-Хақ (Мен Хақпын) деп айтқандығы естеріңізде болар. Ал, Мағжанның «Өзім – Тәңір табынамын өзіме, Сөзім – құран, бағынамын сөзіме» деп айтуының сырын да осы өлшем өресінен іздеген дұрыс. Өкінішке қарай, кешегі қызыл жүйе адам рухындағы осы бір «МЕН» ұғымын толығымен тұншықтырып, болмысты «біз» деген ұжымдық (дұрысы тобырлық) өлшемге өткізіп жіберді. Сөйтіп, «МЕН» ұғымы саналы түрде екінші орынға жылыстады. Әйгілі француз ойшылы Жиль Делездің: «Теологияны антропологияға ауыстырғанда ғана адам туралы асықпай, аптықпай отырып сөйлесуге болады» пайымының айтпағы да дәл осы болатын. Әрине, жоғарыда сөз еткен Халлаждың жетілген «МЕНІН» тобырлық таным өз бойларына тоғытып еш қабылдай алған жоқ, керісінше оны қанға бөктіріп дегендеріне жетті. Сөйтіп қашанда жоғары тұруға тиіс «МЕН» (эго) шариғат пен қағидат табанында қалды.
Мұны баса салмақ салып айтып отырғанымыз, адамның «МЕНІ» анықталмайынша Алланың да мәні шықпайды.
Мінеки, осы танымның орнықпау кесірінен мешіт пен шіркеудің формальді, ащырақ айтқанда «қуыршақ» құдайлары пайда болды. Әрине одан бері қаншама жылдар сусып, дәуірлер ауысса да қожа-моллалардың осы бір төбедегі түсінікті бүгін де бәлендей хош көре қоюы екіталай. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, бұл танымды төрге оздырар болса, онда олардың дені жеп отырған нанынан айырылады. Дұрысы, тобырдың ақылсыздығынан күн көріп отырған үлкен «бизнесі» толығымен күйреп тынады. Екіншіден, оларға ақиқаттан гөрі мешіт пен шіркеуді садақа жәшігі ретінде сақтап отыру әлдеқайда тиімді.
Бұл арада мына бір екі айырық пікірдің де арасын ашалап алғанымыз дұрыс. Бірден айта кетейік, біз айтып отырған «құдайға айналу» (абзалы құдайшылық) ұғымының перғауындық я сталиндік құдайлық менге еш қатысы жоқ. Біз көп дүниені бер жағынан ғана қайырып, келте пайымдап жатамыз ғой. Айталық, о бастағы пайғамбарлық идеяның төл мәнін де көбіне дін төңірегінен іздеп түсіндіргіміз келеді. Негізінде пайғамбарлықты жетілген жан (толық адам) мен әділет жолында күрескен демократтар десек те болады (Есіңізге Мұса мен перғауының екеуара ұзақ текетіресін түсіріңіз). Абзалы, пайғамбарлық мазмұн, азаматтық әм зайырлы қоғам идеясының тым ілкі бастауы болса, ал, перғауындық пиғыл соған кедергі жасаушы, бүгінгі тілмен айтар болсақ автократ ұғымының архаикалық баламасы ғой.
Өкініштісі сол, осындай озбыр пиғылды көп көргендігімізден және көп жапа шеккенімізден шығар, бізге ШЫН ҚҰДАЙДЫҢ образы көбіне визуалды перғауындар бейнесінің негізінде қалыптасқан. Себебі ұзақ әрі үреймен басқарылған билік табиғаты, көбіне «ұлы Жаратушының» бір сипатына ұласып кетіп отырады.
Әйгілі Ежи Лец айтпақшы «Ергежейлер елінде ел басшысына тек үлкейткіштер (лупа) арқылы ғана қарауға рұхсат етіледі».
Бұған мысал әрине, шаш-етектен ғой. Осыған қарап отырып-ақ әрісі перғауындардан берісі сұм патшалардан көз ашпаған жәмиғаттың осы бір жандардың басқару пәлсапасын ШЫН ЖАРАТУШЫ мазмұнына еш негізсіз теліп алғандығын байқайсыз.
«Патша – Құдайдың жердегі көлеңкесі» деген секілді қолдан жасалған құбыжық өтіріктер бар болғаны автократтардың арман-мұраттары ғана. Бір-ақ мысал. Эдуард Уайд Сайд өзінің «Ориентализм» кітабында мынадай бір тосын деректі келтіреді: «...Мысырды толықтай бағындыру үшін әскерінің тым аз екендігін түсінген Наполеон жергілікті муфтилер мен имамдарға аса мол тарту-таралғы үлестіру арқылы Құранды өз мүддесіне қарай түсіндіруді бұйырды. Өз кезегінде бұл әрекет ерекше нәтижесін берді», – дейді.
Көрдіңіз бе, қолдан құдай жасау технологиясының қандай оп-оңай-ақ екендігін. «Бұйрығын орындамасаң болды, быт-шытыңды шығаратын, ал керісінше құлдық ұрсаң болғаны барынша жарылқайды» дейтін кәдімгі пендеуи (саудагер) түсінігіміздің тағаны қайда жатқандығын енді өзіңіз бағамдай беріңіз.
Шындап келсек, мұның бәрі әлгі Шәкәрім данышпан айтатын ШЫН ҚҰДАЙҒА ешқандай да қатысы жоқ.
Осыдан-ақ бізге көбіне құлдық ұғымының қайдан келгендігін, ол бар болғаны жердегі жебір патшалардың жанымызға еккен үрейі мен қорқынышы екендігін түсіну аса қиын емес тәрізді. Содан барып үндемеу мен көндігу біздің ең басты бастионымызға айналып отыр.
Ендеше ШЫН ҚҰДАЙДЫҢ мазмұны не болды десеңіз, ол – СҮЙІСПЕНШІЛІК ПЕН МАХАББАТ дейміз. Рас, үрей мен қорқыныш тұрған кеуде де нендей мейірімді құдай орныға қойсын...
IV
Жаратқанның шын құпиясы – оның жалғыздығы. Жалғыздықты түсіну арқылы адамзат баласы оның танымдық болмысына тереңдеп ендей алады. Бірақ біздің ең қорқатын, ең қашатын дүниеміз де осы ғой. Жалғыздықтың жауы не десеңіз ол коллективтік (ұжымдық) сана дер едік. Оның мия тамырындай бытысқан, тек өзіне ғана тән ойын шарттары бар. Әрине, ойын қыза түсу үшін фанаттар қарасы көп болуы керек қой. Алыс-беріс, көлгірсу, көңілтабу секілді толып жатқан саудагерлік есептен тұратын бұл ойын ережесінен екінің бірі кіндік үзіп кете алмайды. Бейнебір ұшы-қиыры жоқ қарақұрдым дерсіз.
Жалғыздық – айтқанға ғана тым оңай-ақ нәрсе. Оның кермегі ащы, мехнаты мол. Біздің Абайға антропологиямыз ғана ұқсағанмен ақыл-ойымыздың еш ұқсамайтыны да осыдан болса керек-ті.
Жалғыздықтың коллективтік қағидаларға мүлде томпақ келетін моралдық өртіне жаныңыз сірі болса шынымен-ақ шыдап көріңіз. Әгәрәки, бұл «екінің бірі, егіздің сыңары» өте алатындай соншалықты бір жеңіл өлшем болса, онда кім арзан атақтарға күйлеп, кім тобырды өз кәдесіне жарату үшін өтірік «қайраткер» болады.
Әрине, ертеңгі шындықтар мен ақиқаттар турасында ештеңе айта алмаймын. Бірақ, бүгінгі қылмыстар ар мен ұяттың, Абай мен Алаштың атын жабылу арқылы жасалып жатқандығын ашық айтқым келеді.
Қайыра айтуға мәжбүрміз, тобырдың басты жауы жалғыздық пен индвидуализм идеясы. Себебі олар автономды ой ойлаудан өлердей қорқады. Олар қаумана көзіндегі шелді сылып тастауға емес, керісінше оны одан әрмен үстей түсуге барынша әрекет жасайды. Сондықтан шығар көбіне топталып алып шибөрі пәлсапасымен өмір сүреді. Қолдарынан келетін бар «өнерлерінің» сиқы болса мынау. Шаты айырылып кеткенше шенге жүгіру... Қай жерде жылы-жұмсақ болса, сол жерден табыла қалу... Торқалы той өткізіп өзін мақтату... Бас оздырған жалғызды көре қалса, қасақана елемеуге, дараланып бара жатса, қайыра бас көтере алмастай етіп турап тастауға тырысады (Байқайсыз ба, жағымпаздықпен жан бағатындар көбіне қолынан өнер келмейтін қортықтар мен бейшаралар екендігін).
Кемеңгердің ең үлкен мұғжизасы не дейтін болсақ, ол өз маңдайындағы «жазуды» өзі оқи алатыны дер едік. Адамға дарын мен қабілет қаншалықты молынан пішілсе, оның кермегі де соған пар берілетіні тағы да мәлім ғой. Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романындағы өз прототипі Әжігерейге қарата айтылатын «...Өнерді сор ғана көтереді деген. ...Әжігерей, сенің сорың қалың, өйткені өнерің биік» дейтіні де осы лепес қой. Осы биіктік пен өре қаламгердің аз ғұмырында өзінің шын «сорына» айналды десек те болатындай.
...Көзіме жас бер, жылайын
Шыдам бер, қайрат қылайын.
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын.
Өзіңіз ойланып көріңізші, сау адам басына осындай «сорды» тілей ме енді? Біздей жұмыр басты пенденің тілегі мен дұғасы бұған мүлде керісінше ғой. Бұл сонда қалай болғаны? Не десеңіз де бұл тілектің қалыпты адамның қалауынан мың мәрте биік тұрғандығы мәлім (Мұндай тылсымды түсіндіріп беруге біздің де енді еш өреміз жетпейді).
Сөз бен ойдың заттанатынын ескерсек, Абайдың аталған тілегі айнымай алдынан шықты. Мүмкін, тәләйі дерміз... Бір нәрсе ешқандай да дау туғызбайды. Бұл тағдыры мен кермегі кем туындының тұзы жоқ тағамдай тек су татып тұратыны ғана.
Рас, жалғыздың бағамдайтын шындығы бөтен. Адамзаттың небір ғажайыптары мен жауһар туындыларын осы жалғыздар ғана жасады ғой. Шыбын жаны қурайдай уілдеген Махамбет «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа мінгенде жер қайысқан қол едік» десе, Абай «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ» деп өздерін алдарқатып сөйледі. Шындап келгенде бұлар жападан жалғыз-тұғын. Жалғыздық кермегіне шыңдалып рухани жетілім жолына түскен осы жандар келе-келе кемелденіп, жасампаз сана өкіліне айналып кетті. Сөйтіп өздері сүйген идеалды ұлы Жаратушы секілді ғажайып туындылар «жасаушы» сыпатқа көтерілді.
Рухани жалғыздық – Жаратушы болмысымен қауышудың негізгі тағаны. СЕБЕБІ, ҚҰДАЙДЫҢ БОЛМЫСЫН «ҚҰДАЙҒА» АЙНАЛҒАН АДАМ ҒАНА ЕТЕНЕ ТҮСІНЕ АЛАДЫ.
Ендеше, адамның жалғыздықтан қашуын Жаратқаннан қашуы деп те пайым жасауға болады. Әрине, Абайдың Масғұт поэмасындағы «жынды су» ұғымы жалғыздыққа қарсы коллективтік сананың лаңы ғой. Абайдың соры да сол суды қотарып ішпегендігінде болып отыр ғой.
Біздің «жалғыздығымыз» турасында бірдеңе болжау қиын, бірақ Абайдың жалғыздығында Алланың болмысы мен мазмұны бар.
Абайдың жалғыздығында тұтас адамзат өркениеті мен азат философия суаты бар. Содан шығар Абайды меңгерген адамға материалдық кедейлік пен рухани құлдық атаулы еш жүрмейді. Ең еркін адам пәлсапасы да Абай еңбегінде алаулап тұр. Алаш сол «рухани құлдықты» құп көрмейтін азат философия қайнарынан түлеп ұшты десек еш асылық айтқандығымыз емес.
Міне, біздің де алдымызда қос бұрымдай өріліп екі сүрлеу жатыр. Біріншісі – кермегі көп, мехнаты мол сүрлеу болса, екіншісі – дырду мен қызықтың қайнаған мекені. Бейне бір бұл жолдарды өмірдің өз уақыт белдеуінде орналасқан фәнидің өз «жұмағы» мен «тозағы» дерсің...