2020 жыл – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуымен де ерекше болып отыр. Осы орайда Абайдың өмір жолына және шығармашылығына қатысты күні-бүгінге дейінгі жинақталған мәліметтер де халықтың ой таразысына салынып, бүгінгі күннің елегінен өткізілуде. «Нағашымның аулына да барайын, жолшыбай тайымды да үйретіп алайын» демекші, Абайдың даталы жылы ауқымында абайтану ғылымына да біршама серпіліс еніп, тың деректер мен қисынды ой-пікірлер айтылып, осы арқылы аталған ғылымның өрісі кеңіп, ары қарай дамуына лепе әкелері сөзсіз.
Абайдың өмірі мен шығармашылығын оның философиялық ойларымен, педагогикалық-дидактикалық, эстетикалық көзқарастарымен және қазақ поэзиясын дамытудағы жаңашылдығымен, музыкалық мұрасымен қоса алып, кешенді зерттеу жүргізетін абайтану ғылымының күні бүгінге дейінгі қалыптасып даму жолы бар. Қазақ әдебиеттануының өзгеше бір қанаты абайтану – зерттеу пәні, әдістемесі қалыптасқан ғылым саласы ретінде дами бермек. Абайтанудың негізі қашан қаланды, оны кім қалады дегенге нақты жауап айту қиын. Бір анығы: абайтану ғылымының негізі Абай дүниеден өткеннен кейін басталғандығы. Абайтану ғылымының қалыптасуына деген алғышарттың өзі – жаһандық даму үдерістері аясында қазақ қоғамындағы туындаған алғабасарлық үдерістерге байланысты. Осы үдерістер туралы аз-кем тоқтала кетелік.
Ұлы Даланы отарлауды ХІХ ғасырдың басынан аяғына дейін үздіксіз жүргізе отырып толықтай аяқтаған тұста Патшалық Ресей билігі қаласын-қаламасын, өзіне бағынышты бодан жұрттар арасынан андыз-андыз болса да әлемдік ақыл-ой прогресінен хабардар тұлғалар шыға бастады. Бағынышты халықтарды әрдайым білім-ғылымдық ілгерлеушіліктерден аулақ ұстап, басқарушы билікті сақтап нығайтуға қолайлы белгілі бір деңгейде ғана сауаттандыру, бағынған халықтардың ақыл-ойын жан-жақты «ағарту» – үстем державалардың барлығына тән. Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлихановтар өмір сүрген дәуірдің сипаты осы еді. Сондықтан да аталған тұлғаларды «ағартушы» атаудың өзі де шынайы ұлттық таным тұрғысынан алғанда «орыстандырушы» деген ұғымның баламасы екендігін түйсінуге тиіспіз. Патша үкіметі қазақтардың терең білім алуына құлықсыздық танытуы, көзсіз фанатизмге негізделген діни түсінікке неғұрлым байлаулы болуына мүдделі болуы түсінікті де. Көзі ашық, көкірегі ояу халықты тырп еткізбей бағындырып, бөлшектеп билеу қиын болмағы анық қой. Қазақ арасынан орыс-қазақ школдарының оқытушылары, аудармашы песірлер (болыстардың іс-қағаздарын жазатын «писарь» сөзінен шыққан), ұсақ кеңсе қызметкерлері, дін миссионерлері ғана дайындалып келген үрдістің көкжиегі ХІХ ғасыр соңында кеңейгенін көреміз. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мәмбетәлі Сердалин т.б. ондаған жүздеген заманауи білім алған қазақ интелигенциясы қалыптасты. Шығармашылық қарым-қуаты жағынан өзіне дейінгі ақындардың дәстүрлі биік әлеуетін түрлендіріп қолдана отырып, қаламынан араб-парсы, еуропа поэзиясы поэтикасымен иық теңестірерлік деңгейіндегі өресі биік жырлар тудырған Абай шығармашылығы жоғарыда аталған жас қазақ интеллигенциясының назарынан тыс қалмайтындығы сөзсіз еді.
Сондықтан да, абайтану ғылымының негізін қалаушылар кім дегенде, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы қатарлы қазақ интеллигенциясы өкілдерін атаймыз. Абайтану ғылымының басында қалай айтсақ та, Әлихан Бөкейханов тұрғанын айтуға тиіспіз. Яғни 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде «Абай (Ибрагимъ) Кунанбаевъ» деген тақырыппен жарияланған қазанама абайтанудың бастауы болмақ. Мұны Абай Құнанбайұлы, Әлихан Бөкейханов шығармашылығына ден қойып жүрген көптеген ғалымдар мен зерттеушілер нақты дәйектер арқылы дәлелдегенін атап өткен жөн. Әлихан Бөкейхановтың аталған қазанамасы – Абай Құнанбаев атты көрнекті қазақтың қайтыс боғанына бір жыл толғандығы туралы хабарламалық сипаттағы ақпарат ғана емес, бұл – Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы біршама көлемде баяндалып, талданған шолу мақала. «Өзінің өлеңдерінен аңғарылып тұрғанындай, Абай алапат поэтикалық күшке ие болуы арқылы қырғыз («қазақ» деп түсінеміз) халқының мақтанышына айналды. Өз халқының рухани шығармашылығын бұрын-соңды дәл мұндай биікке көтерген қырғыз (қазақ) ақыны болған емес. Оның жыл мезгілдеріне (көктем, жаз, күз, қыс) арналған таңғажайып өлеңдеріне Еуропаның әйгілі ақындарының өзі бас иген болар еді...», - деп Әлихан Бөкейханов Абай поэзиясының өресі биіктігіне, келешекте әлемдік поэзияда өзінің лайықты орнын алатындығына сенеді. Осы ретте қазақ неміс Герағаңның (Герольд Бельгер): «Қараңғы түнде тау қалғыптың» поэтикаслық қуатына қатысты Гётеге «үш», Лермонтовқа «төрт», ал Абайға «бес» қояр едім» дейтін айтылымы есімізге оралады. Герольд Бельгер – Абайдың поэтикалық қарым-қуатын түпнұсқада толықтай сезінген талантты қаламгер екенін ескерсек, Әлекеңнің бұдан жүз он бес жыл бұрын жазған пікірінің дұрыс болғанына көз жеткіземіз. Абайтану мәселесіне қатысты тағы бір айта кетерлік жағдай, зерттеуші ғалым Зәуре Батаеваның «Абайдың жұмбағы: Қазақстанның беймәлім ұлы ақыны» («Загадка Абая: величайший нейивестный поэт Казахстана») атты көлемді мақаласы орыс тілді ғаламтор сайттары мен басылымдарында жарияланып, пікір алуандығы тұрғысында біршама қызу талқыға түсіп жатқаны белгілі. Ғалымның көлемді мақаласын оқып шықтық. Көкшетаудың Әуликөлі ортасындағы «Жұмбақтастың» алыстан, жақыннан, әр қырынан қараған әр адамға алуан пішінде көрінетіні сияқты, Абайдың өмірі мен шығармашылығы да әр зерттеушінің таным көкжиегіне әр түрлі сипатта қабылданып, ой қорытылатыны анық.
Өлеңге әркімнің бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы», -
деп Абай ғұламаның өзі айтпақшы, Абайдың өмірі мен шығармашылығына ол туралы белгілі деңгейдегі мағлұматы бар, ол мейлі атақты-атақсыз ғалым, тереңді-тайызды зерттеуші, тіпті филолог, тарихшы т.б. қоғамдық ғылымдарға қатысы жоқ Жер шарындағы кез келген адам өз ой-пікірін білдіре алады. Осы тұрғыдан алғанда ғалым Зәуре Батаеваның сенсациялық лепестегі мақаласына түсіністікпен қараймыз. Түйіні – Абайдыкі деп жүрген қарасөздер шындығында ауылдан ұзап шықпаған көшпелі қазақ Абайдыкі емес, еуропалық білім-ғылымға сусындап өскен Әлихан Бөкейханов бастаған ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандары дегенге саятын мақала бір қарағанда сыни тұрғыда ойлауға, кейбір тұстарда еріксіз күдік-күмәнге жетелейтіні анық. Иә, арғы дәуірлерді айтпағанда, кейінгі жүз жылдан астам тарихымыздың өзінде санамызға мызғымас мәңгілік деп сіңірілген идеал идолдарымыз күл-парша болып қирап қалған жұртпыз. Қирап қалғаны – тез оңғақ әсіреқызылдығы, жалғандығы басымдығынан болар. Аталған мақаланың бір тәуір қыры болса, Абай шығармашылығын танып, танытуға көп жағдайда солай болып шығатынындай, тек науқаншылдықпен, идолшылдықпен ғана қарамай, өз заманына сай тың ойлар айтып, батыл зерттеулер жасауға болады деген ұмтылысқа шақыруы дер едік. Ал, жеке пікіріміз тұрғысында ұнамаған қыры – кеңестік дәуірдің идеологиясына сәйкес қаншама фальсификация жасалып, «қолбала туындыгерлер» шығармашылығы қалыптастырылды дегенімізбен, көптеген тұлғалар талантына қатысты негізгі ақиқатқа шындықтың аппақ сұлбасы анық болды. Оған күйе жағу мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, зерттеуші ғалымның көптеген ой-тұжырымдарымен келісе алмайтынымыз анық. Табан астында тауып айтылған әлдебір шешеннің өрелі өрнегін ғасырлар бойы ұмытпайтын Ұлы Даланың қапысыз қағып алма жадысы мен сонау Демосфен, Цицерондарынан бастап қағазға қарап айтуға сүйенген еуропалық мұрағатшылдық танымның Абай өмірі мен шығармашылығын танудағы өзара бәсі қандай дегенге тіреліп тұрғандаймыз-ау. Бұл арнайы тоқталуды қажет ететін ұзақ тақырып болғандықтан, осы арадан абайтану бастауына қайта оралайық.
Абайтану бастауындағы Әлихан Бөкейхановтың қазанама мақаласынан кейінгі елеулі дүниенің бірі – 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген Ахмет Байтұрсыновтың «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласы. Қазақ әдеби тілі мен жазуының ғылыми теориялық негізін салушы жаңашыл ғалым Ахаң Абай шығармашылығына: «Одан асқан бұрынғы-соңғы қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», - деп баға береді.
Абайтану ғылымының бастауында тек ғана ақын шығармашылығы туралы мақалалар жазған тұлғалар ғана тұр деуге болмайды. Абай дүние салғаннан кейін оның мұраларын жинақтап, баспа бетінде жарық көруіне атсалысқан өз туыстары мен өзге де көзі ашық көкірегі ояу жандарды да абайтанудың бастауында тұрғандар ретінде қарастыра аламыз. Осы тұрғыда абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының мына бір пікіріне ден қоямыз: «Абай қайтыс болғаннан кейін оның әдеби мұрасын, халықтық мұрасын халықтық тұрғыдан бағалап, қолдан келгенше аянбай әрекет еткен қалам қайраткерлері де болды. Бірақ бұлар ақын мұрасын әр түрлі дәрежеде таныса да, ол дәуірдегі әдеби сынның толыспаған жағдайына байланысты, үлкен талап қоярлық дәрежеге көтеріле алмады. Олар ақын мұрасын қазақ тілінде шығатын баспасөз арқылы насихаттауды Абай қайтыс болғаннан кейін-ақ көп ұзамай қолға алды. Бұл жолда азды-көпті еңбек етіп, Абайдың мұрасын танытуда, бағалауда өзіне тән үлес қосқан Әлихан Бөкейханов, Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауһари әл-Омскауи, Кәкітай Ысқақов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Самат Әбішұлы сияқты революцияға дейінгі қазақ қауымының қоғамдық ой-санасының демократиялық-ағартушылық бағытындағы интеллигенттер тобы еді».
Абай шығармаларының тұңғыш жинағын дайындап бастырушылар – ақынның немере інісі Кәкітай Ысқақұлы мен баласы Тұрағұл болатын. Абайдың тұңғыш өмірбаянын дайындаған да Кәкітай Ысқақұлы. Абай өлеңдері осы алғашқы нұсқасы жарық көргенге дейін-ақ қазақ даласына біршама таныс болғаны анық. Жоғарыда Мекемтас Мырзахметұлы Абай мұрасын танытуға үлес қосушылар қатарында атаған Зейнелғабиден ибн Әміре әл-Жауари әл-Омскауидің (омбылық жауар қарауыл, Әміреұлы Зейнелғабиден) (1881-1920) 1909 жылы Уфа қаласындағы «Шарх» баспасынан жарық көрген «Насихат Қазақия» атты отыз сегіз беттік трактаттар жинағында Абайдың бірнеше өлеңін жариялаған. Абайдың алғаш баспа бетін көрген туындылары қатарына жататын бұл жинаққа енген өлеңдердің мәтінінде қазіргі баршаға таныс үлгісіне қарағанда біршама өзгешеліктер бары туралы бұрнағы жылдары өз әлімізше тоқталып, мақала жариялаған болатынбыз. Филолог ғалым Зарқын Тайшыбайдың да Зейнелғабиден Әміреұлы кітабындағы Абай өлеңдері мәтіні бойынша жазылған мақаласын да оқып, ой түйген едік.
Жәдитшілдік қозғалыстың белсенді қолдаушысы, жаңашыл тұлға Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақиясы» жазылған кез – араб гарфикасына негізделген жеке қазақ әліпбиі әлі жасалмаған, қазақ тілі әлі де болса түрки-татардың шылауында жүрген тұс болатын. Бұл кезде мұсылмандық Ресейдегі әдеби тіл, жазу, баспа ісі татар халқынан шыққан іскерлерінің қолында болатын. Зейнелғабиден Әміреұлы өз жинағының қазақ әдебиетіне қатысты бөлігінде туған ұлтының бай әдебиетін түркі әлеміне бар бояуымен таныстыру мақсатында Абайдың бірнеше өлеңі мен Сәдуақас Шормановтың бір өлеңін үлгіге алып «Жаһұт қазақ әдебиеті» деп енгізеді.
Аталған трактаттағы «Жаһұт қазақ әдебиеті» және «Тобықты Ыбырай марқұмның сөздерінен» деп аталатын топтамадағы Абай өлеңдерінің мәтініне қарап, қазіргі күні Абай шығармаларының академиялық жинақтарына жеке өлеңдер ретінде енгізіліп жүрген бір топ өлеңінің сұлбасын аңғаруға болады. Бұл турасындағы ойымызды Зейнелғабиден Әміреұлы әл-Жауаридің «Насихат Қазақия» жинағындағы Абай өлеңдері мәтінінің нұсқалық ерекшеліктері туралы» атты мақаламызда біршама таратып жазып көрген едік. Ғаламторда жүктеулі болғандықтан бұл турасында қайталап жатпадық. Абай өлеңдерінің мәтініне қатысты біздің өзімізше жасаған талдауымыздағы ұсынған нұсқамызды басы бүтін дұрыс тұжырым деп айтуымызға да болмас. Абай өлеңдерінің мәтініне қатысты, жалпылай алғанда әлі де ізденіс біршама жасау қажет деп білеміз. Себебі, Абай өлеңдеріне мәтіндік мағыналық талдау жасау да абайтану ғылымының басты бағыттарының бірі болғандықтан, бас ақын шығармашылығы мәтініндегі әрбір шумақ, жол, сөздің қапысыз мінсіз болуына атсалысу – баршаның ісі деп білеміз. Жоғарыда «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінен екі жолды келтірген болатынбыз. Аталған жолдар Зейнелғабиден Әміреұлы жинақтап бастырған «Насихат Қазақия» жинағында былайша берілген:
Өлеңге әркімнің бар тайталасы,
Сонда да олардың бар таңдамасы.
Иә, өлеңге әркімнің таласы жоқ, өлең тудырауға қабілетті жандар арасында өлең өрудің тайталасы болуы мүмкін. Бәйгеге шапқан қос жүйрік те бір-бірінен озу үшін өзара бәсекеге түсіп, үзеңгі қағысып, құйрық тістесіп тайталаспаушы ма еді? Абайтану ғылымының дамуы үшін де осындай шынайы тайталас қажет. Абайды тану – «Абай жылымен», «Абай күнімен» ғана шектелмеуі тиіс, әрине. Бұл межелер – үздіксіз ұзақ үдерістегі жылдамдық үстеліп, ой сергітер кезең ғана деп білеміз. Абай күні құтты болсын!