«КИТАБ ТАСДИҚ» АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

Әуелі басы былай басталып еді: «Жүз жылдың жүзі болды Абай мұрасын азық қып келе жатқанымызға. Әлі де тамырын қопарып, танып болдық деп айта алмаймыз. Жұмбақ жанның сыры шын мәнінде оңай болмай шықты. Сөзімізге тұздық қылғалы отырған туындының бірі – «Китаб тасдиқ». Аталмыш шығарманың біз осы күнге дейін түпнұсқа мәтінін оқымай, тек аудармасымен алданып келіппіз.

Былайша айтқанда, Мүрсейіт қол­жазбасынан бермен қарай Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасының түпнұс­қасы қазақ оқырманына жетпеген. Тек қазақ тіліндегі тәржімәні місе тұтып, оны түпнұсқаға тең көріп жүре бергенбіз. Абай сонда «Китаб тасдиқ» шығармасын қай тілде жазған? Шағатай тілінде. Яки мұсылман-түрки, яки қадымша, яки кітаби тілде. Бәрі бір нәрсе. Қазақтың әде­би тілін түрлендірген Абай тек «Китаб тасдиқ» туындысын осылай өзгеше тілмен жазған. Себебі «Китаб тасдиқ» – көркем шығарма емес, ғылыми еңбек болатын. Ал шағатай тілі – бүкіл түрік жұрты мың жыл бойы қолданған ортақ тіл еді. Ғы­лыми һәм әдеби. Ол өрнекпен кезінде Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи, Бұрһанеддин Рабғузи, Сәйф Сараи, Қадырғали Жалайырилар жазды. «Китаб тасдиқ» – осы күнге дейін бағы ашылмай келе жатқан туынды. Оның бағы ашылуы үшін ең әуелі оның түпнұсқасы жариялануы керек қой. Түпнұсқа сонау баяғы архив сө­релеріндегі Мүрсейіт қолжазбасының ішінде шаң басып, жатып қалды. Содан бері шығарма А.Байтұрсыновтың жаңаша араб әліпбиімен де, кейінгі латын һәм кирилл алфавитімен де жарық жүзіне шыққан жоқ. Ал біз оқып жүрген қазақша аударма туындыға өз аты қойылмай, осы күнге дейін «38 қара сөз» деген ла­қап атпен жүр. Өте ыңғайсыз, ұят нәр­се екен. Абайдан ұят, ұрпақтан ұят. Абай­дың автор­лық құқы әбден аяқ асты болып ке­ліпті. Ештен де кеш жақсы деген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қа­зақ­стан мемлекеттік университеті жанынан ашылған «Мұхтартану» ғылыми-зерт­теу орталығы осы мәселеге өз үлесін қос­паққа талпынып отыр. Осы жолдар авторы осыдан төрт-бес жыл бұрын өзі­нің бір талапты шәкіртіне «Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасындағы көр­кем­дік, танымдық мәселелер» атты дип­лом­дық жұмыс берді. Ол шәкірттің аты-жөні – Әзімхан Исабек. Әзімхан қазір білдей магистрант. Ол өзінің дипломдық жұмысын сәтті қорғап, осы тақырыпты енді магистрлік диссертация ретінде зерттеп жүр. Жақында ол белгілі арабтанушы ғалым Абдулла Жолдаспен бірге Абайдың «Китаб тасдиқ» туындысының траснкрипциясын жасап шықты. Бір жері өшіп, бір жері көгеріп, сарғайған парақтардан Абай­дың әрбір сөзін, әрбір әрпін танып, оқып шығу оңайға түскен жоқ. Онша-мұнша оқылмаған тұстары да бар әзірше. Транскрипция М.Әуезовтің мұра­жай үйіндегі Мүрсейіт қолжазбасы­на сүйеніп жасалды (ЛММА. Кипр-1, №351). Қол­жазбаны қолға түсіруге қол ұшын берген мұражай директоры Диар Қо­наев­қа айтар алғысымыз шексіз. Алда атқа­рылар істер шаш-етектен. Сөйтсе де, осы бір маңызы елеулі жаңалықты ел-жұрт­пен бөлісуді жөн көріп, мәтінді жария­лауға беріп отырмыз. Оқырман Абай­дың тасада қалған туын­дысын оқып, рахаттанып, ләззәт алсын деген оймен. Ғасыр қойнауынан аршып алын­ған Абай атамыздың мұрасын бүгінгі ұрпақ то­сыр­қап, жатырқамай қабылдайды деген үміттеміз. Кезінде атақты профессор Әуелбек Қоңыратбаев: «Абайдың ең қиын-қыстау ойларының бірі 38-інші қа­ра сөзі. Бұған әзірге ешкімнің тісі батпай жүр» деген еді (Ә.Қоңыратбаев. Қазақ эпосы және түркология //Фараби және Абай. Ғылым, Алматы, 329 б). Бәлкім осы басылым тіс батырудың алғашқы баспал­дағы болар (Абайдан ұят, ұрпақтан ұят... Qamshy.kz. 8.10.2019; Тасада қалған туын­ды. Abaialemi.kz. 9.10.2019).

«Китаб тасдиқты» осылай жария ғып, елге жеткізіп едік. Одан бері бірнеше айдың жүзі болды. Мүрсейіт Бікіұлы ақсақалдың қолжазбасымен тынбай жұ­мыс жасадық. Алғашқыда шағатай (ескі түрік) тілімен жазылған қолжазбаны кө­ріп абдырып қалған едік. Ондайды оқып жүрмегеннен кейін түсінікті нәрсе ғой. Төте жазуды төтесінен оқитын Қытай елінен келген бауырларымыз да бұл жазуды оқи алмайтын боп шықты. Таза араб тілін суша сіміретін кейбір молдаларымыз да «бұл жазуға тісіміз батпайды» деп, тізгінді кейін тарт­ты. Сөйтсек бұл шағатайыңыз бөлек нәрсе екен. Ақыры мың болғыр имам Абдулла Жолдас ағамыз оқып берді ғой. Со­дан қолжазбаның ну ор­манына кіріп кет­тік. Ақыры ежелеп оқу дәрежесіне жет­тік. Есесіне Абай­дың түпнұсқа мәті­нін оқыдық. Бі­рақ араб графикасымен жа­зылған ша­ға­тай нұс­қа­сындағы мәтінді кирилл графи­ка­сын­дағы 2020 жылғы қазіргі қазақ тіліне толық, идеал қалыпта көшіру мүмкін емес екенін аңдағандай болдық. Бірақ көп жақындадық деп ойлаймыз. Ақыры өзі­мізше соңғы нұсқа жасадық. Кейбір фило­логиялық ерекшеліктер:

  1. Абай қолданған әліпби ескі (қадим) түрік алфавиті. Немесе шағатай. Бұл алфа­виттің ерекшелігі: араб графикасының парсыланған нұсқасы деуге келеді. Онда араб әліпбиінде жоқ г, ч, п әріптері бар. Бұл әріптер араб тілінде жоқ дыбыстарды парсы тілінде белгілеу үшін кіргізілген. «Китаб тасдиқ» шығармасында автор бұл әріптерді сол парсы сөздерін белгілеу үшін қолданған. Мысалы, шығармада г-әрпі (йадгар, гул), п-әрпі (пайғамбар, пəк), ч-әрпі бар сөздер (гарчи) бар.
  2. Лексикалық құрамы туралы. Араб, парсы сөздері бар. Әсіресе араб сөздерінің үлес салмағы басым. Шығармада арабтың 280 сөзі қолданыс тапқан. Ол сөздердің көбі термин сөздер. Сондай-ақ парсыша: йадгар, үмід, мола, баһра, раст, хəмма, пайғамбар, бəндə, хұда, һəмишə, гул, намаз, руза, зинһар, жуанмəрд, күнəкəр, һунəр, ишан, дуст, пəк, гарчи, дария; латынша: икра, машина, фабрика; ескі грек тілінде (бір сөз бар): електір, ескі түрікше:гүзəл, кібік, чалма сөздері бар. Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасының жалпы 310 сөзден тұратын сөздігі жасалды. Оны жасауда Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің түлегі Исатай Батыр атсалысты.
  3. Шығарма тілі j – тобына жататын (сөз басында ж орнына й дыбысы келе­тін түр) формада жазылған. Сөз басында ж әрпінің келуі негізі түрік тілінің қып­шақ тобына, и әрпінің келуі қарлұқ тобына тән нәрсе. Ал сөйте тұра «Китаб тасдиқ» шығармасында сөз басында ж әрпі емес, и әрпінің келу себебі – автор бұл шығарманы жазғанда ортақ түрік әдеби тілінде (яғни, шағатай тілінде) жазған. Ал ортақ түрік әдеби тілінде оғыз, ұйғыр (қар­лұқ), қыпшақ тілдік нұсқалардың бәрінің де үлесі бар. Мысалы: өзгә деген оғыз сөзі мен қыпшақ тобындағы басқа сөзінің қолданылуы. Йоқ деген қарлұқ тілдік формасы мен жоқ тәрізді қыпшақ сөзінің қатар қолданыс табуы. Бұның бәрі ортақ әдеби тіл нормасы аясында (контекстінде) болып жатқан қалыпты құбылыстар.
  4. Шығармада ш дыбысының орнына ч дыбысы қолданылады: қалайча (қалайша), өлчәулі (өлшеулі), үчүн (үшүн), елчі (ел­ші), тынычдық (ты­ныш­дық), барча (барша), әнчейін (ән­шейін), чалма (шалма), жаманчылық (жа­маншылық) т.б. Тағы с әрпінің орнына ш әрпінің: іш (іс), баш (бас); т әрпінің орнына д әрпінің: даратған (таратқан) қолданылатын жерлері бар.
  5. Еріндік дыбыстар езулік дыбыс­тар­дың орнын басқан жерлер бар: үйүр (үйір), танұмақлық(танымақлық), салындұрұб (салындырыб), жасұнда (жасында), табынұб (табынып), бойұмұз­дағы (бойымыздағы), дауұссыз (дауыссыз), сауұтсыз (сауытсыз) т.б.
  6. Шығармада шағатай тіліне тән шылаулар түрікше: бірлән (мен), кібік (сияқты), арабша: уа (және), ләкин (бірақ), парсыша: хəмма (барша) еркін қолданылады (Тілдік талдау барысында мына еңбекті пайдаландық: Р.Сыздықова, М.Қойгелдиев. Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы. Алматы, Қазақ университеті, 1991).

Абайдың «Китаб тасдиқта» қолданған тілін таза шағатай тілі деп айтуға болмайды. Себебі онда қазіргі қазақ тілінің элементтері де кездеседі. Ең дұрысы шығарма тілін түрік әдеби тілінің ХІХ ғасырдағы қазақ даласындағы қолданыс тапқан түрі деуге болады. Шағатай тілінің өзі әр кезеңде түрлі трансформацияға ұшырағаны белгілі. Ежелгі үлгілерден Ж.Ба­ласағұнидің «Қутадғу білік», Бабыр­­дың «Бабырнама», Бұрһанеддин Раб­ғузидің «Қисас-ул-әнбия Рабғузи», Қа­дыр­ғали Жалайыридің «Жамиғат тауарих» еңбектерінің ішінде салыстырып қарағанда өрнегі ең жақыны Рабғузидің «Қисас-ул-әнбия Рабғузи» шығармасы деп ойлаймыз.

Енді «Китаб тасдиқтың» ішкі әлеміне кішкене шолу жасап көрейік. «Китаб тасдиқ» – Абайдың ең басты шығармасы. Бұл туралы Көкбай Жанатайұлы жақсы айтқан: «Абайдың жалпы, діни өсиеттері мен негізгі діни пікірлері қара сөзінің ішіндегі «ғақлиат тасдиқат» деген сөзінде толық айтылған. Әрқашан ауызша айтатын уағыз насихаттары болсын, өлеңмен үгіт қылып айтатын адамшылық жолы, құдайшылық жолы болсын, барлығы да сол сөзіне жиналып келіп қорытылған сияқты. Кейде жазылған дін жайындағы өлеңдер болса, түгелімен сол сөздің жеке-жеке пікірлерінен туған сияқты» дейді. (Абай туралы естеліктер. Алматы, Қаламгер, 2018, 212 б). Көкбай шығармаға өте жоғары баға беріп отыр. Яғни «Китаб тасдиқ» – Абай шығармасының квинтэссенциясы деп тұр ғой ол. Бір артық кемі жоқ баға.

Абай «Китаб тасдиқ» шығармасында: Аллаһ, иман, Ислам, адам тәрбиесі (мінез-құлық), жаратылыс әлем сыры, тәркі дүниелік (сопылық элементтер), толық адам ілімі (жуанмәрдлік), өнер (эстетика), білім жүйесі, заманауи технология, намаз т.б. туралы ойлар қозғайды.

Осының бәрінің басы – Жаратушы. АллаҺ Таъала. Абай: «Сонан соң ғана Аллаһ Таъаланы танұмақлық, өзін та­нұ­мақ­­лық, дүниәні танымақлық, өзі адам­лығын бұзмай жәлбу манфаъат, дәфғу музарратларны айурмақлық секілді ъилм-білімні үйрәнса біләр деб үмід қылмақға болады, болмаса йоқ, аның болмаса чала» дейді. Жартушыны, дүниені һәм өзіңді тану. Адамның жаратылғандағы бар тын­дырмақшы болғаны осы нәрселер ғана екен. Қалғаны ше? Біздің миымызды тор­лаған нәрселер жүдә көп сияқты еді ғой?! Олар әлгі үшеуін танымақ жолын­дағы қажетті нәрселер ғана екен. Бар болғаны сол. Иә, Абай осылай бұл шығармада дүниені түбірімен қопарып көрмекші болған. Оған барын салды. Ми сөлін сықты десе болады. Өйткені шығарма «хақиқат сүйүб, чынды білмәк құмарың бар болса» деген шартпен жазылған еді. Әуелі Жаратушыдан бастады: «Сіз: «Әмәнту билләһи кәмә һуә би әсмайһи уа сифатиһи» дедіңіз» дейді. Құдайды есім сипаттарымен тануға шақырады. Әр нәрсені тану үшін оның сипатына қарау керек. Жүрер жол сол. Олай болмаса Конт айтқан: мифология да, философия да, эмпирика да сізге жәрдем бере алмайды. Контқа сенсек Құдай бізге со күйі жұмбақ нәрсе боп қалар еді. Құдай да бізге жұмбақ боп қалмас үшін өзінің есім сипаттарын білдірген. Абайдың да: «Әгәрда ол сифатлар бірлән таърифламасак бізге маърифатуллаһ қыйұн болады. Біз Аллаһ Таъаланы Өзінің білінгәні қадар ғана біләміз» дегені содан. Артынан кәләмшілер өрнегіне салып, шамасының жеткенінше Аллаһ есім сипаттарын шо­лып өтеді. Себебі: «Аллаһ Таъала – өлчәу­сіз, бізнің ъақлмыз – өлчәулі. Өлчәулі бірлән өлчәусізні біләргә болмайды» дейді данышпан. Осы зор таным. Яғни өлшеулімен өлшеусізді тану. Өлшеусізге өлшеуліні тану сөз болып па?! Құдайды танымаған өзін танымайды. Әлемді танымайды. Абай өзін қайтіп таныпты:

 «Адам баласын құрт, құс, өзге хайуан сифатында йаратмай, бұл гүзәл сифатда қылыб, екі аяқға бастырыб, басын жоғары тұрғызыб, дүниәні көздерлік қылыб, өзге хайуанлар секілді тамақны өз басыманан алдырмай, ыңғайлы екі қолды басқа хызмат қылдырыб, аузына қолы ас бергәнда не ічіб, не жегәнін білмай қалмасун деб, йүсін алыб, ләззатланғандай қылыб, ауыз үстіне мұрұнды қойұб, аның үстінән таза­лығын байқарлық екі көз беріб, ол көзлерге нәзіклігінән зарардан қорғаб тұрарлық қабақ беріб, ол қабақларны ачұб-жауұб тұрғанда қажалмасұн деб кірфік жасаб, маңлай тері тура көзгә ақбасұн деб, қаға беруге қас беріб, йүзіне көрүк қылыб, бірінің қолұнан келмәсдай ісді көбдесіб бітірмақға, біреуі ойұн бірәуіне ұқтұрарлық тіліне сөз беріб, йаратмақлығы мухаббат емәс ба? Кім өзіңе мұхаббат қылса, саған да оған мұхаббат қылмақ қарыз емәс бә?». Өстіп таныпты. Конт өстіп танымапты. Абай енді әлемді қалай ақтарып қарайды:

«Ъақыл көзіман қара: күн қыздырұб, теңіз­дән бұлут чығарады екән. Ол бұлут­лардан йаңбыр йауыб, жер йүзінда нечә түрлі дәнлерді өсіріб, жемісләрні өн­дү­рүб, көзге көрік, көңілге рахат, гул-бәй­чәчакларні, ағач-йафрақларны, қант-қа­мысларын өндүруб, нечә түрлі нә­бататларны өстіріб, хайуанлар сақлатыб, бұлақлар ағұзұб, өзән болыб, өзәнләр ағыб, дария болыб, хайуанларға, құсқа, малға сусын, балықларға орұн болып жа­тыр екан. Жер мақтасын, кендірін, жемі­сін, кенүн; гүлләр гүлін, құслар жүнүн, етін, жұмыртқасын; хайуанлар етін, сүтін, күчін, көркін, терісін; сулар балығын; балықлар икрасын, һәтта ара балын, балауызын; құрт ифәкін – һәммасы адам баласының файдасына йасалыб, һеч бірінде бұл менікі дерлік бірнәрсе жоқ, бәрі – адам баласына таусылмас азық. Мілиұн хикмәтмәнан йасалған машина, фабрика адам баласының рахаты, файдасы үчүн йасалса, бұл Йасаучы мухаббат бірлән адам баласын сүйгәнлігі емас ба? Кім сені сүйсе, оны сүймак қарыз емәс ба? Адам баласы қанағатсызлықманан бұл хайуанларның тұқымұн құрұтыб, алдұңғұлар артқыларға жәбір қылмасұн деб, малны адам баласының өзінің қорға­нына қорғалатыб, өзге хайуанларға бірін ұшқұр қанатына, бірін күчті қуатына, бірін екі аяғына сүйентіб, бірін биүк жар­тасқа, бірін терәң тұңғұйұқға, қалың орманға қорғалатып һәм һәрбірін өсүб-өнбекке құмар қылыб, жас күнінде кічкена уақтында шафқат сихры бірлән басларын байлаб, қамқұр қылыб қоймақлығы – адам баласына өсүб-өніб, теңлік алсын емас, бәлки адам баласының үзілмәс нәсіліне, таусылмас азық болсын деганлік. Жә, бул хикмәтләрінан һәммасынан һәм мархамат һәм ъадалат заһир тұр екан.

Біз ортамызда бұл мархамат, ъада­латны иманның шартынан хисаб қыл­маймыз. Аның учүн муслим болғанда Аллаһқа тәслим болыб, Аның йолында болмақ едік, болғанымыз қайсы? Бұл екі айманан күннан артұқ мағлұм тұрған жоқ ба? Фиълы Һұданың һеч бірін де қарар қылмаймыз, өзгәләрда болғанұн жек көрмәйміз, өзіміз тұтбаймыз, бұл хиянатчылық емас ба? Хйанатчылыққа бір қарар тұрған адам – йа мұсылман емәс, ең болмаса чала мұсылман». Міне, нағыз иман. Нағыз таным. Абайдыкі абстрактылы иман емес, реалды иман. Оған дұрыс таным жолымен келіп отыр. Заһир һәм батнды хауас салиммен көрген жан осылай сөйлер болар. Абайда схолостика деген нәрсе жоқ. Һәм тұманды мифология яки тар шеңберлі фанатизм жоқ. Осындайға ұрынғандар көп болды. Абай соларды орынды сынайды. Абайда нұрлы ақыл қатты жұмыс істеген ғой. Исламда тәркі дүние жоқ. Екі дүниеге бірдей қарайды. Соңғы біраз ғасырларда мұсылмандар сол тәркі дүние боламыз деп көп нәрседен айы­рылды. Қоғам, саясат, білім-ғылым, тұр­мыс, экономика, мәдениет т.б. салаларында қатты артта қалдық. Қазақты да біржақты кінәлау дұрыс емес. Ел сондай бір тарихи тығырыққа тірелді. Абай сол тарихи коллизия тамырын тамыршыдай дөп басты. Екі дүние ара-қатынасын анық көрді. Құран бір жақта, әлем бір жақта, қазақ бір жақта қалғанын түсінді. Фәниді бахи контексінде қарауда шала мұсылман боп жүргенімізді айтты. Құлшылық деп құлшылықтың көлеңкесін түсініп жүр­ген екенбіз. Яғни әуелі іргетасты (фундаментті) жөндеу керек еді. «Китаб тасдиқ» деп шығарма жазуы содан. Растау керек еді. Нені? Бәрін. Бүкіл болмысты. Ой-өрісті. Күнкөрісті. Намазды айтады. Жілік-жілік қып талдайды. Енді бірде атақты америкалық өнертапқыш Никола Тесла туралы әңгіме өрбітеді. Шығармадағы «адам баласына файдалы іс чығармақлығына йағни електірианы тауыб, асманнан жайды бұрұб» дегені соны меңзейді. Н.Тесла сонау ХХ ғасыр басында (1900) найзағайдан электр тогын алуға болатыны жайында әңгіме қозғаған ғалым. Ғылыми гипотезасына патент те алып үлгерген (патент №685957, 5 қараша 1901 жыл). Абай одан да хабардар боп тұр ғой. Сөйтіп «Китаб тасдиқ» ішінде електрия да жүр. Иманға електрияның да қатысы бар екен. Н.Тесла – ХХ ғасыр өркениетінің негізін қалаған адам. Ол – ХХІ ғасырдағы Стив Джобс. Өркениетсіз өмір жоқ. Иманға да тиер зардап орасан. Иман мен өркениет ет пен тері. Содан иманын уайымдаған Абай ондай өркениетке жету үшін білім реформасын жасау керектігін айтады:

«Уа йәна пайғамбарымыз саллаллаһу ъаләйһи уә сәлләм «ақырзаманна бір йыл­лық, бір күн болар» деганда сахаби-карамлар «бұл бір йыллық бір күнде намаз нечеу болар» деп сұрағанда, «аның фатуасын сол заманның ъалимлары білар» деген сөзінен бір ғибратланыб қарасаң, замана өзгеру бірлән қағидалар өзгерілмегін білдіргені мағлұм болады. Бұл күндегі тахсилғулум ескі мадрасалар ъұрфында болыб, бул заманға файдасы жоқ болды. Соған қарай Ғұсманияда мактаб харбия, мактаб рушдиялар салыныб, жаңа низамға айналған. Мұндағылар узақ йыллар ғұмыр өткізүб, ъилмны файдасыз ұзақ бахсләрмәнан кү­нүн өткүзіб, маъишат дүниәдан надан бір ессіз адам болыб чығады да, һеч бір хәракатка лайақаты жоқ болған соң адам аулауға, адам ал­дауға салынадылар. Көбінәса бұндай ессізләрнің насихаты да тәсирсіз болады. Дүниәнің мағмурлығы бір түрлі ъақлға нұр беріб тұратұғын нәрса. Жоқчылығнің адамны хайуанландырыб жібәратұғыны да бар. Бәлки, дүниәні уа ъилмын білмәй қалмақлық – бір үлкен зарарлы надан­лық, ол Құранда сөгілгән». Міне, Абай­ға өркениет не үшін керек боп тұрға­ны. Адам аулауға емес, білім аулауға түсу. Осындай білім реформасы керек бізге. Құры бахс білім емес. Мектепте оқушы­ға Ньютонның заңымен бірге Құдайдың заңын да білмек ләзім. Фәни бахи сонда тоғысады. Анық, дұрыс, пайдалы информация алған бала ғана дені дұрыс тұлға болып қалыптасады. Абай­дың толық адам туралы ойлары осыны меңзейді: «Енді біліңләр, ей фәрзәндлар! Һұдай Таъаланың жолы ниһайатсыз болады. Аның ниһайтына һечкім жетбейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып, кім қадам басды, ол таза мұсылман, толық адам делінеді». Абайдың толық адам формуласы осы.

«Китаб тасдиқ» – сол Абайдың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиет сөзі. Ендігі міндет. Абайды дұрыс танып, зерделеу.

 

Ақжол ҚАЛШАБЕК,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент