Ұлы Абайдың ғаламдық әдеби ескерткіштер қатарына қосылған «Қара сөздері» көкірек көзі ашық жанды күні бүгінге дейін адамгершілік биігіне талпындырып келеді. Адал еңбек, адал сауда жолымен құрылған қоғамның іргесі бекем, адамы бақуатты болмағы туралы Абай пайымының дұрыстығын уақыт дәлелдеуде. Қазақ жұртшылығын керітартпа кемшіліктерден арылту арқылы басқа халықтардың өнері мен кәсібін үйренуге, адал кәсіппен мал тауып, берекелі баю жолына түсуге шақыратын, күні бүгін де өзекті Абай ілімін қарастырайық.
Екінші қара сөзінде Абай жеткіншек кезін еске ала келіп: «…Сонда мен ойлаушы едім: ей Құдай-ай, бізден басқа халықтардың бәрі антұрған, жаман келеді екен деп. …Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, бірімен-бірі шаһари жауласпайды да. Қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп, сол айдап кетіп тұрады ғой. Орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. …Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де – соларда», – деп бір тоқтайды.
Тәуелсіздік алғалы бері меншік кәсіп, сауда-коммерция жағын біз де дөңгелетіп тастадық десек те, әлгі аталған халықтарда ана сүтімен сүйегіне сіңіп, әдет-ғұрпына айналған «ептілік, қырмызылық, сыпайылық» жағы бізде әлі жетіспейді-ау: сол баяғысынша, ісіміз өнбей жатып лепіріп-күпініп тұрамыз. Дәл солардай өтімді саудамыз, мысалы, ауыл шаруашылығында (өзбектің өрік-мейізіндей жоғары бағамен тоқтаусыз өтіп жататын өніміміз) бар ма?.. Демек, Төртінші сөзде айтылған: «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» ғақлиясын күнделікті дұғамыздай жаттай түсуіміз керек-ақ.
Жиырма бесінші сөзінде «Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес», дейді. Менің мұнан түйгенім: пара беріп қызмет алғанша, сол ақшаңды балаңның заманауи сұраныстағы білім-ғылымды меңгеруіне жұмса, ертең сол ұрпақтың қуанышын өзің көресің, ал еліміздің экономикасын, әлеуметтің әл-ауқатын көтеруге тигізген пайдасын күллі халық көреді!
Абайдың осы ғақлиясы Отыз бірінші сөзінде: «Адам көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды» дегенімен тығыз байланысып тұр: неге десеңіз, талапты бала шұқшия білім алып, сапалы маман болып шығады. Ынтасы жоқ, санасы саяз балаңыз оқу ақысы төленгендігіне сеніп, оқуға атүсті қарайды да, ертеңгі күні шаласауатты мамандар қатарын көбейтіп, өзіне сеніп тапсырылған жұмысты да алға бастыра алмайды. Үкіметке жалған ақпар беру, қаржының игерілмеуі, экономиканың тұралауы дегеннің бәрі оқуын «шала мейірмен» оқыған осындай кісілердің кесірінен шығады емес пе?
Отыз үшінші сөз бүгінде біз болып, үкімет болып, шағын кәсіпкерлікті қарқынды дамыта алмай отырғандығымыздың себебін ашып-ақ тұр. Тыңдай беріңіз: «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерші – қазақтың әулиесі сол! Бірақ, Құдай-тағала қолына аз-мұз өнер берген қазақтың кеселдері болады.
Абай нұсқаған осы мінездер қолы өнерлі бола тұра, бағы жанбай, ісі алға баспай жүрген бүгінгі замандастарда жоқ па?! Небір өнертапқыштың, он саусағынан өнер тамған қолөнершінің еңбегі бағаланбай, кәсіпкерлік патентке қолы жетпей жүргені қаншама? Негізінен, қолөнерші бесаспаптығын бағаламау кеңестік дәуірден белең алды. Мәселен, кесімді жалақылы жұмысынан соң әлгі қолөнерші өзіне «куркуль, спекулянт» деген айып тағылмас үшін, жеке тапсырыстарды жасырын орындады. Тіпті, кейбіреулер оның еңбегіне ақша төлеудің орнына, арақ құйып «сыйлап» тәлтіректетіп қойды. Бірте-бірте алтынқолды азамат маскүнемге айналып, Абай айтқандай, «адамшылықтан айрылып, қор болып кетті»!..
Жастарға Абайдың осындай сөздерін зерделетіп-ойланту арқылы оңтайлы бағыт беруге болады-ақ. Қазіргі неше түрлі «коворкинг-орталықтардың» бағыты толық айқын да емес, алайда, Жастар жылы ұранымен үкіметтен мақсаттық қаржы бөлініп қойған соң, арнаулы даярлығы бар кісі ме, әлде «бәріне даяр волонтёр ма, солар «жұмыстарын қызу жүргізіп-ақ» жатыр… Теледидардан «коворкинг» туралы хабарды әдейілеп тұрып неше мәрте қарадым, бірақ бірде-бір жетекші не бітіріп жүргенін практикалық тұрғыда айтқан, көрсеткен емес, ал «келешекте зор істерді қолға аламыз, қатарымыз көбейіп жатыр, біз үкіметтің жастар жылғы қамқорлығына ризамыз» дегендей жалпылама-жаттама сөзден жүрегің лоблыйды!.. Тіл байлығы көлдария Абайдың метафора, афоризмге толы Отыз жетінші сөзіндегі халық мәтеліне айналып кеткен «Бақпен асқан патшадан мимен асқан қара артық; сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық» сынды трактатын жеткіншектерді сол коворкингте адал кәсіпке баулудың ұраны етсе несі айып?
«Қара сөздердің» ішіндегі ең көлемдісі – отыз беттен тұратын Отыз сегізінші сөздегі сұңғылалығы үшін мен Абай атамызға адамзат қоғамындағы ең жоғары марапатты берген болар едім: «Мал, мақтан, ғиззат-хұрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көркі болады», «…Ынсап, ұят – бұл ғадаләттән шығады», «…пенделіктің кәмәләты (мүлтіксіз жетілгендігі – н.а.) әулиелікпенен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып, һу деп тариқатқа (дін жолына – н.а.) кірсе, дүние ойран болса керек!.. Бұлай болғанда, малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді?», «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің… Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады».
Иә, бүгінгі істі ертеңге қалдыруға итермелейтін бұл еріншектік көбімізді иектеп барады. Ер жеткен баламызды тым өбектеу, жанын қинамай табыс табуға бағыттау – бала бойындағы талантты тұншықтырады. Негізінде, шынайы өнер, асқан ерлік көбінесе жан қиналғанда көрініс табады, оған мысалды әлемге танылған жандардың, өз еліміздегі ерен қажыр иелерінің, суретші, композитор, батырлардың өмірінен көптеп келтіруге болады.
Мақала соңында Қырық екінші сөзді қарастыруға шақырамын: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға бір жылқының тайын мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, …пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар! …Адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? …Желөкпелеу, мақтаншақ байларды: «Сіз айтсаңыз, отқа түсуге бармын» деп желпіндіріп алып, шаруасын қылмай-ақ, малын бақпай-ақ, содан алып киімін бүтейтіп киіп, тәуір атын мініп алып, қатарлы бір құрметке жетіп жүре береді».
Лауазымды орынтақтағы көкесінің арқасында тәуір автомобиль, тәуір киімге қолы жетіп, жаттап алған афоризмдерімен сөз сапырып, «қатарлы бір құрметке жетіп жүре беретін» бүгінгінің пысықайларын таныдыңыз ба, оқырман?..
Назипа АСҚАР,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.