Абай атамыздың бүкіл қазақ халқын тәрбиелеген шығармаларын барлығымыз жаттап өстік. Ақын алғаш қолына он жасында қалам ұстап, өлеңдерін жазса керек. Дәл сол он жасынан бастап өмірінің соңғы кезеңдеріне дейін қаламын тастамай, қырық сегіз жылдай өмірін қара өлеңге, қара сөзге арнаған.
Адам Абайдың қарасөздерін оқып әрі ондағы ойшылдың ұғындырғысы келген дүниесін санасында қорыта білсе, рухани жетіле түсіп, жан-дүниесін жаңғырта аларына сенімім кәміл. Абай атамыздың пайымынша, ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде жаңсақ баспай, дұрыс жолға түсе алады.
Жыл басынан бері ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты біздің кітапханамызда көптеген мәдени іс-шаралар өтуде. Сонымен қатар, биыл Абайдың әдеби мемориалдық музейінің 80 жыл толуына орай көрме ұйымдастырылды. Аптаның әр бейсенбісінде кітапхана оқырмандарымен бірге «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты Абай оқулары онлайн өтуде. Аталған ісшаралар оқырман жүрегіне өшпес із қалдырары сөзсіз.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты өз мақаласында «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» деді. Біз Абай шығармашылығы мен өмірінен өнеге ала отырып, ел дамуына жол аша аламыз. Абай қалдырған өсиетті ұғына алсақ, жалпы қай салада болсын биіктен көрінетініміз анық жайт. Абай шығармашылығы – Алашқа айнымас алтын қазық.
Азиза ӘБІЛДИНА,
№1 Балаларға қызмет көрсету филиалының кітапханашысы.