ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

«АБАЙ ӘНДЕРІ» АСҚАҚТАЙДЫ

Оқылған 3421 рет

Қосылған күні: 12.07.2020

Абай атындағы Опера және балет театры ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында 13 шілде мен 9 тамыз аралығында кәсіби емес орындаушыларға арналған «Абай әндері» онлайн-конкурсын жариялайды.

Байқауға барлық тілек біл­дірушілер қатыса алады. Ол үшін Абай Құнан­байұлының өзіңіз сүйіп тыңдайтын туындысын орындап, оны бейнетаспаға жазып, қазылар алқасына жіберуіңіз қажет. Іс-шара туралы  толық ақпарат ресми сайтта www.gatob.kz жә­не театрдың әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарда жарияланған. Байқауға қатысушылардың бейне-жазбалары театрдың ресми YouTube арнасында орналас­тырылады, онда ашық онлайн дауыс беру өтеді.

– Абайдың 175 жыл­дығына орай 2020 жылы ауқымды бағдарлама дайын­дадық, – деді МАОБТ директоры Ая Қалиева, – Ме­рей­той аясында ТҮРКСОЙ ел­дерінің қатысушыларымен халықаралық фестиваль өткізу жоспарланған болатын. Алайда пандемияға байланысты барлық іс-ша­раларды кейінге қалдыруға тура келді. Бірақ біз онлайн-байқау өткізуді және оған кәсіби емес орын­даушыларды тартуды дұрыс көрдік, өйткені Абай – халық ақыны. Байқауға Түркі елдерінің өкілдері де қатыса алады, осылайша біз шығармашылықтың көк­жиегін кеңейтеміз, әр­тістерді жанрлармен шек­­темейміз, олар ой­шылдың шығарма­ларын жеке және ансамбльдерде орындай алады.  Бай­қау сонымен қатар таланттар­ды ашуға арналған. Ашық он­лайн дауыс беру соңын­да бар­лық жеңімпаздар ұйым­дастырушылардан алғыс хаттар мен диплом­дарға ие болады, ерекше көз­ге түскен өнерпаздарды театр­дағы қо­йы­лымдарға шақы­рамыз.

Театрда карантин бас­талғаннан бері ұйымдас­тырылған онлайн-бағдарла­мадан басқа жаздың соңына қарай Абай құрметіне ашық аспан астында концерт өткі­зіл­мек.