ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

«МЕН НЕ ҚЫЛДЫМ, ЯПЫРМАУ?!»

Оқылған 7981 рет

Қосылған күні: 07.07.2020

(Абайды соққыға жыққандар туралы)

Заманында «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым, етекбасты көп көрдім елден бірақ» деп кейіген еді ұлттың ұйытқысы Абай. Абай неге кейіді? Тайғанақ тағдыр неге данышпанды қайта-қайта жылатты? Абайға қол көтерген кім? Уақыт өткен сайын осы сауалдардың да иірілген тұсы көбейе түседі екен. Абайды танып, білуге ұмтылған әрбір жүрек өзіне осындай сұрақ тастаса керек-ті. Рас, Абай Алла Тағаланың ерекше бір жаратқан пендесі еді. Талант десе – талант, ой десе – алапат ой, кемерінен асып төгілген парасат. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп тек қана нәпсісін ауыздықтап, дүниенің қызыл-жасыл қызығынан бас тартып, өз-өзіне сын көзімен қараған, қоғамының намыс қайрағы болған, ақирет күнін ойлап, имани адалдық пен тазалықтың биігіне көтерілген шын тақуа ғана айтса керек. Кемеңгердің сөзі еді бұл.

Тарихтан білетініміздей, Абай заманында болыс та болды. Ел ісіне араласты. Халықтың мінезін түзеуге қайран күндерін, қажыр-қайратын сарп етті. Нүктесі қойылмайтын жер дауына да қатысып, жоқ-же­тім­нің құқын қорғап, шынжыр балақ, шұ­бар төс бай-бағландармен арпа­лыс­ты. Кінәсі болса аталас деген жа­қынына да қарсы уәж айтып, ақи­қат алдында әділет жолынан тай­салмады. Бірақ о заманда Абай айт­қан сөз, Абай шығарған үкім, Абай кескен дау Құран сөзіндей заң емес-ті. «Бас-басына би болған өң­шең қиқым» оның сөзін жүре тың­дап, тіпті, керек десеңіз шын ғұ­ла­маға айбар шегіп, айбат көрсеткен сәт­тер де көп болған. Мәселен, Ши тү­біндегі Абай дұшпандарының бірі­гіп баталасуы. Ел ісіне араласып, өкім айтып, қарашаның зарын тың­дап, солардың жақтаушысы бол­ған Абайға қарсы күреспекке жуандар сөз байласқан. Бірде Мұрын деген кі­сінің қызы Сыбандағы атас­ты­рылған жеріне бармай, қарсылық танытып, ақырында сүйген жігі­ті­мен қашып кеткен екен. Осы уақиға ел арасында дау тудырған-ды. Екі ел арасына бітім айту үшін Абай Сы­бан еліне Жиренше мен Оразбайды жі­берген. Екеуі елге келген соң, Сы­бан жақтың шешіміне риза болмай, «Жол осы ма еді, Кеңгірбай әруағы қайдасың?!» деп ұран тастап, әруақ шақырғанын айтып келеді. Мұны естіген Абай: «Кеңгірбайдан ел әділ­дік көрген жоқ, ел ішінде ол «қара қабан» атанған» деп реніш білдірген екен. Абайдың бұл сөзін Кеңгір­байды тілдеу деп түсінген Оразбай, Жиренше, Байғұлақ, Күнтулар – бар­лығы 16 адам болып, Абайдан кек алған. Анттасудың нәтижесінде Күнту болыс болып сайланған-ды. Осы уақиғада Абай сүйегі бір атасы болса да Кеңгірбайдың мінін айтып, сө­зінің әділдігін білдірген еді, бірақ мо­жантопай, пасық кеуделер ата атын қорлады деп атқа қонбап па еді?

Абайға қарсылық көрсеткен адам­ның бірі – Үзікбай Бөрібайұлы де­ген кісі. Қызылмола болысының адамы. Туған, өлген жылы белгісіз. Үзік­бай 1876 жылдың 21 қыр­күйе­гінде және 23 қарашасында Абай Құ­нанбайұлының үстінен Семей уездік сотына арызданып, шағым жазған. Абай мен ауыл старшинасы Мұса Аюбайұлы үнемі өзін жөнсіз жәбірлейді және Абай билер мен старшиналардың мөрлерін алып, өз бетінше үкім кесіп, жұрттан пара алып, ауылдарды әдейі шаптырып, мал тонайды деп жала жапқан. Абайдың орынсыз ауыл шаптыра берген қырғынынан қорқып бір әйелдің бала тастағанын, Таймақ­көл деген жер менің меншігіме тие­сілі деп арыз үстінен арыз жаз­ған. Округтік  сот анықтауынша, бұл арыздардың бәрі жалған, ойдан құ­растырылған жала болып шы­ғады. Үзікбай 1883 жылдың 27 сәуірінде арызын тергеуші Ново­селовқа бар кінәсін мойындап, білместікпен жаздым деп кешірім сұраған. Сөйтсек, бұл кісінің басты мақсаты Аюбайұлының орнына өзінің аталас туысы Мықышұлын қойғызып, келесі сайлауда Қоңыр-көкше болысына  тағы да Абайдың сайланып кетпеуі үшін жасаған әрекеті екен. Үзікбайдың айтуынша, Абайға қарсы арызды жаздырған Қаратай Сапақов болыпты.

Ал Қаратай Сапақов дегеніміз – кәдімгі Тобықты елінің Көкше руынан шыққан атқамінер. Уағында би, ауыл старшинасы болған. Қа­ратай ес білген шағында Құнан­бай­дың айтқанын істеп, қажының қасында жүрген. Кейін Майбасар бо­лыс, Құнекең аға сұлтан болған мезетте аралары суысып, бір-бірі­мен жауығып өткен. 1876-1884 жылдары осы Қаратай Үзікбай ар­қылы Абайдың үстінен жоғарыға арыз жаздырып, Абайды күйелеп отырған. Бір кездері Абай мен Қаратай сөз қағыстырған екен. Бұл жайында заңғар жазушы Мұхтар Әуезов Абайдың 1940 жылы шыққан өлеңдер жинағында бірер мысал келтірген-ді. Бітпейтін бір дау-дамайдың үстінде Қаратай Абайға қарап: «Ей, Абай!  Менің за­маным пайғамбарға жақын» депті. Сонда қоғам айнасы болған жан: «Алатаудың басы күнге жақын. Бірақ басында мәңгілік қар жатады. Төменде, сайында неше түрлі өсімдік, неше алуан жеміс шығады. Рақым, жақсылыққа алыс жер, алыс заман жоқ. Қайда болса да жетеді. Сіз пайғамбарға Ғазірет елінің әке­сінен жақын емессіз. Ол көпір бол­ған» деп сөзден тосқан екен деген әңгіме содан қалған.

Өмірзақтың Рахымы деген бол­ған. Абай ауылының адамы. Бөкенші руынан шыққан. 1898 жылы Мұқыр сайлауында Абай өміріне қастандық жасаған топтың басы. Ақынды жер­ге жығып ұрып, қолынан саға­тын тар­тып алған кісі.  Рахым сияқты та­ғы бір қаскөй болған. Оның аты – Нұрғазы. Дәл осы Мұқыр сайлауын­да ақынға қамшысын ала ұмтыл­ған­да Уәйіс Сопин Абайды өз дене­сімен қорғаштап, соққыны тигізбей, аман алып қалған-ды.

Әуел баста Абаймен ниеттес бо­лып, балалық шағында бірге ой­нап-күлген, кейіннен бітіспес жауға айналған Оразбай Аққұлыұлы (1837-1921) бар. Тобықты еліндегі Бұғылы болысының байы, қажы болған. Оразбай мен Абай жер дауы мен ел дауында араздасып, жаула­сып өткен. 1898 жылғы әйгілі Мұ­қыр сайлауында Бөкенші, Жігітек руларының алауыздығын пайда­ла­нып,  Абай өміріне қастандық жа­сап, соққыға жығып, жанжалмен сай­лауды таратып жіберген топтың көсемі осы Оразбай еді. Хәкімнің «Сенатқа хатында» Оразбайды ел ішін­де бүлікшіл топ құрып, ағайын ара­сында араздық тудырып жүрген адам ретінде қатты айыптап жазып еді ғой.

Турағұлдың әкесі Абай өмірі тура­лы жазған көлемді естелігі бар. Сол тарихи естелікте: «... Тобықтыда  қиян-кескі екі ру партиясы бар, оның басында Оразбай қажы, Же­кең деген елден Әбен қажы, Серғазы қажылар топ құрды» деп жазған. Әбен қажы деген – халық ақыны Шә­кір Әбеновтің әкесі. Қажылық парызын өтеген, Тобықты руынан шыққан белгілі адам. 1898 жылғы Мұқыр сайлауында Оразбайға ілесіп, Абайға қоқан-лоққы көр­се­тіп, хәкімнің басындағы бас киімін алып қашып кеткен. Кейін Әбен ақын­нан кешірім сұрап, істі қазақы жолмен бітіріп, айыбын төлеген-ді. Әрхамның естелігінде Мырза-Жәкеңнің адамдары айыпқа 40 түйе әкелгендігі туралы айтылған. Абай­ды тар жерде тақым салып, соққыға жық­қысы келгендер қатарында Әкім­жан Исабайұлы, Әкімқожа, Бей­­сен­бі Жақыпұлы, Кеңгірбай бидің шөбересі Бұланбай Найман­байұлы, Есентай, Жиренше Шоң­қаұлы да болған. Арқабайұлы Дәуіт деген кісі Абайға кісі өлімі туралы жала жауып, Омбыдағы дала губер­на­торына арыз жазып, көмек сұра­ған-ды. Қазақтың өзіне жақсылық ойлап, жанын ыстық табада қуыр­ған қайран Абай ақынның тағдыры Омбыдағы генерал-губернатор кеңсе­сінде қаралған еді. Дәуіттің арыз-шағымын жалған деп дәлел­деп, қорғаушысыз-ақ өзінің ақ екен­дігін көрсеткен шешен әрі дала жарғысының ең әділ қазысы болған бірегей еді ғой бұл тұлға.

Хәкім:

Патша Құдай, сыйындым,

Тура баста өзіңе.

Жау жағадан алғанда,

Жан көрінбес көзіме.

Арғын, Найман жиылса,

Таңырқаған сөзіме.

Қайран сөзім қор болды

Тобықтының езіне, – деп айт­қан-ды. Кәкітайдың естелігінде «Өз­ге алыс ел құмар болып, Абай­дың сөзін жаздырып алып, жиылған топта Абайдың насихатын ұқса, ұқ­паса да құлақ қойып тыңдап отыр­ғандарына қарап, қайта ең жақын туысқан елі тобықтының көбі сөз, жазған өлеңімен ісі жоқ бо­лып, Абайдың өзіне жаулық ой­лаған» деп жазылған. Абай үнемі айналасынан, өскен ортасынан тепкі жеп, таяқ алып отырған. Өткір ыза­дан туған осы өлеңінде шыр­қыраған шындық дауысы естіліп-ақ тұрғандай. Абай өз заманындағы рухани өрісі тар, надан, можантопай қоғамның құрбаны еді. Абайға көтерілген шоқпар, оның арқасына тиген дүре – қазақтың өзіне, рухани өміріне тиген ащы таяқ-ты. Бұл тек данышпан тұлғаның қасіреті емес, бүкіл ұлттың қасіреті еді.

Біржан салды «жынды» деп ар­баға байлап, домбырасын сын­­­дыр­ған едік. Ақан серіні «есі ауыс­қан пері» деп ғайбаттап, туған жұрты­нан бездірген ел едік. Шын ғұлама, парасат-пайымы мол хәкімге қол көтеріп, соққыға жыққан неткен бейшара едік... Ұлттың бағына біт­кен шынарды бағаламай жүре­тініміз не осы? Совет заманындағы зорлықпен танылған өлім Абай сен­ген, үміт артқан бүкіл елдің жас өскін – Алаш ерлерін отап түсірген дүлей домалақ арыз, доностың кесірі еді.

Тағы да бір ойланып қарасақ, Абай өмір сүрген уақыт – қазақ ұл­ты­ның орыс патшалығына күні түс­кен, өз билігі өз ырқынан шық­қан, отарлық қамытын әбден киіп, алым-салықтың түр-түрін өтейтін ауыр кезең-ді. Империяның жарғы­сына сай дала өлкесін басқару жүйе­сі құрылды. Қазақтар өз ішінде қырық пышақ болып бөлініп, таққа, болыстыққа, сұлтандыққа таласып-тармасып жатты. Орыс билігіне жағу үшін байлар алдына жан сал­дырмай, жағымпаздыққа бейім­денді. Ұлт тамырына кесел болып сол жағымпаздық, жалтақтық дерті мерез болып жабысты. Ақырында, совет билігі орнағанда Абайдың кіндігінен тараған ұрпақ та, Алаш оқығандары да бір оқтың құрбаны болды да кетті. Өзгеге әлі жетпеген ұлт өзін-өзі талап-жегенін уақыт­тың өзі көрсетті емес пе?  Ендігіде мұн­дай зор шығын, қолдан жасал­ған нәубет болмасын десек, өткен­нен сабақ алып, қазақтың бағына біткен ерлерді аялай білейік, тани түсейік!

Елдос НҮСІПҰЛЫ