Мақтан деген бір екіжүзді қанжар бар. Оны басқаға сілтеп, ауыртпай қанын ағызып жазым қылуға болады, өзгеге сес көрсетем деп жүріп өзіңді жаралап алып, қансырап қалуың да мүмкін. Десе де, осыны ескеретіндер аз, әсіресе біздің халықта. Шәкәрім айтпақшы:
Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,
Дұспан мақтар елірте бермек үшін.
Есептемей есірік елің мақтар,
Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін.
Демек, мақтауда есеп бар, ал есеп бар жерде адамгершілік қайдан болсын?!
«Мақтау қауіпті нәрсе», – дейді Бауыржан Момышұлы. – Мақтаудың екі түрі бар: біріншісі – қара ниетті мақтау, екіншісі – ақ ниетті мақтау». Рас шығар. Бірақ қара ниетті мақтау мен ақ ниетті мақтауды қапелімде қайдан айырасың?..
«Мақтаудан өлген қазақтың моласы жоқ» (Қалтай Мұхамеджанов) десек те, биологиялық өлім мен рухани өлімнің аражігін айыра білу керек шығар-ау! Білесіз бе, мақтай беру деген, шын мәнінде өз дәрменсіздігіңді бүркемелеу үшін, өзгеге жақсы атты көрінуге қам жасаған екіжүзді тірлік сияқты. Бірақ осыдан тыйылар күніміз жоқ. Тыйылу қайда, қайта үдетіп бара жатқан секілдіміз ғой. Басқасы басқа, біздің ұлт... ұлы ақыны Абайдың өзін сондай күйге салып қойғандай...
Әбдірәштің Жарасқаны айтпақшы, «Әр халықтың өзінің Абайы бар, Абайы жоқ халықтың Құдайы жоқ» екені рас болса, неге ұлы ақын бізде ғана бардай күпінеміз? Ұлт болған жерде ұлылар туатыны аксиома емес пе? Неге Абайды танып-түсінудің, талдап-түсіндірудің орнына көпіртіп мақтай жөнелеміз? Неге өзімізге ыңғайлы болған кезде «абайшыл» бола қаламыз? Қара басымыздың мінін жасырып, Абай сөзін өзгеден есе қайыруға сілтейтін жуан шоқпар қылу ұлы тұлғаға қиянат болатынын шынымен түсінбейміз бе? (Бір саналы азамат өзін Абай сөзімен сынаған біреуге айтқан екен, «Әй, Абай ақын кемшілікті сынағанда мені саусағымен нұсқап көрсетіп, сенің пайдаң үшін сөз шығармаған шығар. Ол қазақ болса, екеумізге де ортақ» деп).
Абайға жасайтын жақсылығымыз – оны дәріптеу деп түсініп, «ойбай, керемет» деп ауызды ашып, көзді жұма беру емес, оның айтқанын ұғып, ұлық тұту десек, соны қанша қазақ түйсігімен сезіп, талантымен төбесіне көтерді?
Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласынан бүгінге дейінгі 107 жылдың ішінде Абайға лайық не жасадық? Әдебиетте Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы мен Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» атты кітабынан, Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» атты әңгімелер циклынан, Тұрсынжан Шапайдың «Шын жүрек − бір жүрегінен» басқа жалпақ жұртқа танымал бірдеңе бар ма? Мұхтардың тетралогиясын оқымаған қазақ аз, Тәкеннің кітабын сөз қадірін білетіндер жоғары бағалайды. Ал Асқар көп халыққа түсініксіздеу стилдегі жазушы болғасын сирек оқылады әрі оның шығармасындағы Абай образы Асқардың өзіне ұқсаған кісікиіктеу болмысқа ие демесек, әдебиетті түсініп, қадір тұтатын қауым оны да жақсы бағалайды. Ал Тұрсынжан Шапайдың кітабы – кейінгі дәуірдегі дарынды қазақтың Абай жұмбағына сүңгіп, оны құдіретін таныта алған аз еңбектің бірі.
Абай аты қойылған қаптаған көшелер мен елді мекендер, театр, мәдени мекемелер, мектеп аттары т.б. нысандар құрмет белгісі десек те, соншалық ерекше сый емес. Себебі ондай атаулар Абайдан басқа тұлғаларға да берілген, беріліп жатыр, беріле бермек. Ақын атында журнал бар десек, ол типтегі журналдар көп әрі Абайға қатысты барлық нәрсені бір басылымға еншілеп беру ыңғайсыз және бір тақырыппен шығатын басылымнан халық тез жалығады. Абайтануға арналған оқулықтар көп десек, оны мамандардан басқа ешкім оқып жарытпайды... Тек Алматыдағы Абай даңғылының бас жағында, Республика сарайының алдында тұрған Абай ескерткіші (1960 жылы жасалған, биіктігі 13,7 метр бұл өнері туындысының авторы – Хакімжан Наурызбаев) ұлы ақынға болмысына етенелігімен көңілге жылылық ұялатып, көзге ыстық көрінеді. Сол сияқты өткен ғасырдың 30-жылдарынан басталған қазақ театр өнеріндегі шоқтығы биік бір туынды − «Абай» операсы да ұлттық операмыздың мақтаныштарының бірі. Музыкасын композитор Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди, либреттосын ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов жазған бұл операның алғашқы қойылымы 1944 жылғы 26 желтоқсанда қазақтың опера және балет театрында Абайдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қойылды (операны сахнаға шығарған режиссері Қ.Жандарбеков, суретшісі Қ.Қожықов, дирижері Л.Шаргородский). Кейін А.Жұбанов пен Л.Хамиди 1956 жылы операны қайта жазды. Содан бері «Абай» әлі сахнадан түспей келе жатыр.
Бір ғасырдан аса уақытта Абай атына лайық 5-6 нәрсе ғана жасай алсақ, ол аз ба, көп пе? Абайдың бізге бергеніне (жиі оқылатын Абай өлеңдері мен қарасөздері, шырқалатын әндері, жазба әдебиетіміздің негізін салушы ретінде әлемге ылғи көрсететін классик тұлғасы) қарағанда, мүлде аз-ау... Шынына келгенде, Абай туралы жазылып жатқан шығармаларда есеп жоқ, бірақ соның бәрінің руханиятымызға тигізген пайдасы ауыз толтырып айтуға келер ме екен?..
Өткен ғасырда Абай шығармашылығынан қорғалған ғылыми диссертациялар қанша? «Абай тілі сөздігі», «Абай энциклопедиясы» жасалды, шығармалары көптеген тілге аударылды, т.с.с. Алайда сонша нәрсенің өзімізге не өзгелерге де еткен әсері жайында айтуға келгенде күмілжіңкіреп қаламыз. Өйткені істелген іске келгенде санның қарасы кісі қорқытады, ал сапа жағы көңіл көншіте бермейді.
Қош, сонымен бір ғасырдан аса уақыттың ішінде маңдайға біткен жалғыз Абайды (негізінде бұл кісіден басқа ұлы тұлғаларымыз да жоқ емес) құр мақтағаннан басқа шыққан ұшпағымыз жоқ. Себебі не?
«...Абайға біздің кісілер әлі таңданып жүр. Себебі Абайдың дүниетанымының, дүниені түйсінуінің деңгейіне біздің рухани элита әлі көтеріле алған жоқ», – дейді белгілі ақын Мейірхан Ақдәулетұлы бір сұхбатында. – «Дұрысында, Абайға табынып, одан пұт жасаудың қажеті жоқ, оны дос, пікірлес, тағдырлас етіп өзіңе сіңіріп алып, дүниеге соның күрделі, естияр сезімімен қарау керек. Сонда ұлт есейеді, түсінік тереңдейді». Қандай әділ айтылған сөз! Ал енді осындай ойды жұртқа тағылым етіп көрші, «Абайға түсінбеген көрсоқыр надан» немесе «ұлтқа іріткі салатын ойы бұзық» бірдеңе болып шыға келесің. Өйткені «Айналаңдағы адамдар мақтай беретін адамды яки затты жаман деуге аузың бармайды. Себебі көпшілікте теңдессіз күш пен билік бар» (Мо Янь). Сол көпшілікке ыза болғасын шығар, жалғандық пен жәреукелікке жаны қас адуын ақын Өтежан Нұрғалиев: «Абай – әр уақытта да тамақта тұрған қылтан сияқты. Сен қаншалықты ақын болсаң да, Абайдан кейін екінші боласың. Абай – жай ғана ақын. Еуропада шамамен мұндай бес жүз ақын бар. Мұны «всемирный скорость» дейді. Өте қайғыдан басқа ештеңесі жоқ. Оның смертный нүктесі жоқ», – деп жіберіпті бір сөзінде ашынғаннан. Бір қарағанда бұра тартқан сияқты көрінгенімен, осы сөзде азы-кем шындық бар. Ол шындық – өзіне ұнамағандарды Абаймен жасқағысы келіп тұратын екіжүзді аярлардың нені көксейтіні...
Ақиқат деген жұрттың түсінігімен санаспайды ғой. Бас-көзге қарамай төпелей беретін «абайшылдарға» «Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» деп жіберіпті, азуы тиген жерді оңдырмайтын Асқар Сүлейменов. Ол сөз түсінген кісіге Абайдың ұлылығына шек келтіру емес-ті, керісінше, түсінуге тырыспағандарға Абай, Мейірхан ақын айтпақшы, «пұт Құдай болып» тұра бермекші. Әбіш Кекілбайдың бір сөзін сәл өзгертіп айтсақ, тамсандырып отырған тұлға Құдай да, оған тамсанып отырған кісі құл болса, «ол екі ортада махаббат қайдан жүреді, ол әншейін мәймөңкелік, жәреукелік болады да». Демек, ұлыны ұлықтауды көпірте мақтау деген түсініктен тыйылмай болмайды. Ұлымыздың ұлы мұрасында айтылғанды түсініп, сүйсініп, жанымызға жақын тұтып рухани досымызға айналдырмасақ, жетілдік дегеніміз бекер.
Абай туралы айтқанда, биыл ақынның 175 жылдығы тұсында жасалып жатқан қарекеттер жайында бір-екі ауыз айта кетпесек болмас. Жыл басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялап, онда Абай мұрасының жаңа дәуірдегі қазақ мемлекетінің рухани әлемін қалыптастырудағы рөлі жайында. ой қорытып, «Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруы тиіс» деген болатын. Алайда осы бір жақсы ниет, ізгілікті іс басталмай жатып, Абайға қатысты кейбір мәселелердің ел наразылығын тудыруы өкінішті жағдай болды. Соның бірі − Абайдың кіндік қаны тамған Сыртқасқабұлақта салынып жатқан кешенге қазақтың ұлттық аспабы домбыраның пішіні (ол да төбеден қарағанда көрінеді) пайдаланылғаны. Ол құрылыс нысаны белгісіз бір кісінің YouTube желісіне салған бейнежазбасы арқылы тарап, әлеуметтік желілер мен БАҚ-тарда белгілі қазақ өнер қайраткерлері тарапынан сынға алынды. Ұлттық құндылыққа айналған саз аспабының бейнесін аяқ астына тастау рухани мұрамызға деген құрметсіздік екенін айыптады. Ал оны салуға рұқсат берген жергілікті әкімдер аталған құрылыстың формасы Абай өлеңдерінің мәні негізінде жасалғанын («Туғанда дүние есігін ашады өлең») дәлелдеп бақты. Бәрібір көпшілік оны қолдаған жоқ.
Сол сияқты жер-жерде Абай мүсіндерін жасап, орнату істерінің де қарқын алып жатқаны байқалады. Бірақ олардың біразы жұртқа ұнамай жатқан сияқты. Мәселен, Жезқазған қаласында орнатылған Абайдың мүсіні труба секілді тасқа кигізіліп қоя салынған. Оған әлеуметтік желі қолданушылары «Тұғырға тұратын Абай мүсіні құбырда тұр» деп наразы болып жатыр. Сол сияқты суреті әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан, қоладан құйылған тағы бір Абай мүсіні де жұрттың көңілінен шықпай жатыр. Әлі тұғырына қонбаған бұл мүсінде ақынның үстіне шапан киіп, түрегеп тұрған бейнесі жасалған. Мүсіншінің Абайға «кигізген көйлегі» ұзын әрі тарлау, ол жиырылып, ақынның қарыны қолайсыздау көрініп тұр. Ұзын көйлектің етегінде әйелдердің камзолында болатын қазақша ою бар. Бұл ақынның жұрт көзі үйренген қалпына ұқсамайды. Орындалуы жақтан нашар шыққандай...
Ақының тағы бір мүсіні Алматы қаласы, Жетісу ауданы әкімшілігінің алдына орнатылыпты. Ақынның кеудеден жоғары жағын бейнелеген мүсін де жаман шықпаған. Бірақ Абай даңғылының басында, Республика сарайының алдындағы еңселі мүсін тұрғанда, бір қалаға одан артық емес екінші бір мүсін керек пе еді деп ойланып қаласың...
Кейде құрмет көрсетудің соңы қымбатты арзандатып, қасиеттінің бағасын түсіріп жіберетін кездері болады. Осы тұрғыдан келгенде, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Lada Granta автокөлігінің Аbai 175 бірегей топтамасының (барлығы 500 дана, әрқайсысы 2,8 миллион тұрады) құрастырылуы да көңілге қонымсыздау. Адам атын көлікке беру тәжірибесі жоқ емес, бірақ Ресейдің сапасы онша емес көлігіне қасиетті ақынның есімін жапсырып, «мата даңқымен бөзін өткізуді» көздеп отырған пысықайлардың тірлігі көңілге кірбің ұялатады екен.
Сосын биыл «Абай тв», «Әл-Фараби» телеарналары ашылғалы жатқанынан хабардармыз. Абай атымен аталған телеарнада тек қана жақсы нәрселер насихаттала ма, әлде Абайды қадірлейтін халықты ұлы ақын атына қойылған телеарнаға телміртіп қойып, салтымызға жат моральды жарнамалай ма? Олай дейтініміз, қазіргі телеарналардағы я тәрбиелік, я мағыналық мәннен жұрдай арзан күлкі, даңғаза шоулардан көрермен мезі болғалы қашан. Салмақты, салиқалы дүниеге сусап отырғанымыз да рас.
Кезінде abai.kz порталы ашылғанда ұлтты ұйыстырып, рухани әлемімізді тұтастыққа жеткізер ұлттық мінбе болатын болды деп тақиямызды аспанға атып қуанғанбыз. Бүгінде аталған порталда демократия атын жамылған қайшылыққа толы материалдар жарияланып, оны астындағы пікір жазатын жеріне бір-бірінің етін шикілей жеп, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан қазақтарды көргенде Абайдың рухы алдында жерге кіріп кетердей ұяласың. Порталды ашқандар ұлы ақынның есімін ізгі ниетпен алған шығар-ау, бірақ оны түсінетін ел қайда?..
Міне, осындай жағдайларды көргенде маңдайға біткен жалғыз Абайды желпілдетіп, оның қасиетті есімін анда-мында сүйрей беру ақылдылық емес-ау деген ойға келесің.
Абай − ұлтымыздың паспорты. Абайымызға абай болмасақ, елдігіміздің абыройына сызат түсуі оп-оңай.
Ахмет ӨМІРЗАҚ
Түркістан газеті