Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды. Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, хәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы этнос жастары арасындағы «Абай оқулары» облыстық байқауын ұйымдастырған болатын. Этнос жастары арасындағы онлайн түрде өткен «Абай оқулары» өз мәресіне жетті.
Абай Құнанбайұлының шығармашылығын оқымайтын қазақ кемде-кем шығар, сірә? Өйткені дананың жазған әр сөзі мен айтқан ойында терең мағына бар. Кейінгі жылдары қазақтың бас ақынының шығармашылығына өзге этнос өкілдерінің қызығушылық танытуы артқаны бізді қуантты.
Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев байқау жеңімпаздарын «zoom» бағдарламасы арқылы құттықтады:
– Абай – дана, Абай – дара қазақта. Абай Құнанбайұлының қазаққа қалдырған мұрасы алтыннан да қымбат қазына. Қазақтың әр баласына бағдаршам бола білген ұлы ақынның шығармашылығын жүректеріңізбен сезініп, жауапкершілікпен орындап шыққан сіздерге айтар алғысым шексіз. Елбасымыздың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады. Алтыннан да қымбат қазынамызды құрметтеген азаматтардың өмір жолы ақ болсын. Шығармашылық табыс тілеймін, – деді Айдар Кәрбозұлы. Байқауға қатысушыларды құттықтаған басқарма басшысы марапаттау рәсімі алдағы уақытта өтетінін жеткізді.
Аталған онлайн байқауда әр қатысушы шығармаларды алдын ала бейнежазбаға түсіріп, облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға жолдаған. Сондай-ақ түсірілген бейнежазбалар #Абай175 байқау хэштегімен басқарманың әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланып отырды. Қатысушылардың санына шектеу қойылған жоқ. Байқауда көркемсөз оқу және ән айту шеберлігін қатар меңгерген 18 бен 29 жас аралығындағы 40 үміткер өнер көрсетті. Олар екі кезең бойынша бақ сынады. Бірінші тапсырма – көркемсөз оқу шеберлігін анықтау үшін, Абай шығармаларын (білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген поэзиялық шығармасын, қара сөзін) немесе Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа орындау. Екінші тапсырма – әншілік қабілетін таныту. Онда үміткерлер халық немесе Абайдың әндерін орындады.
Байқауға Абай атындағы мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмақыз Әлімбекова, С.Аронұлы атындағы облыстық филармонияның әншісі Сая Есенгелдинова, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы Әбілқайыр Оралов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі Юлия Спирченко және облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының әдіскері Жеңіс Жолдыбаев төрелік етті. Қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтауда олардың онлайн түрде орындалған тапсырмаларының жалпы қаралымын, тыңдалымын, бағалануын ескере отырып, өздерінің дауыс беру қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Ұлы ақынның өлеңдерін мүдірмей мәнерлеп, жатқа айтқан өнерпаздар аз болған жоқ. Алайда байқаудың талабы тек бұл ғана емес еді. Сондықтан онлайн оқырман мен қазылардың ерекше көзайымына айналғанымен, байқаудың барлық талабын орындай алмаған үміткерлер де болды.
«Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді»
Қатысушылардың ішіндегі талғарлық Алина Гушкелова Абайдың он сегізінші қара сөзін асқан шеберлікпен, тіл тазалығын сақтай отырып, мәнерлеп оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ал «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңін оқыған Анжелина Ягель оқырман тарапынан бір тәулікте 170 жақсы пікір жинап үлгерген. Байқаудың талабы бойынша үміткерлердің көркем мәтінді таңдау және оқу шеберлігіне, қазақ тілінде орфоэпиялық нормаларды сақтап сөйлеуіне, ән орындау шеберлігіне, өнер көрсету мәдениетіне және қазақтың ұлттық киім үлгісіне баса назар аударылды.
Байқау қорытындысы бойынша, өнер көрсетуде қарсыластарынан оқ бойы озық тұрған жаркенттік Дильназ Шарипова бас жүлдеге ие болды. Барлық тапсырманы сақадай-сай етіп орындап, өзінің осал қарсылас емес екенін танытқан Кербұлақ ауданының тұрғыны Инна Лысенко басқарманың бірінші дәрежелі дипломына лайық деп танылды. Жүлделі II орынды көксулық Карина Аманкулова мен қараталдық Аслан Оглы Эмина алды. III орын айдынды Алакөлдің тумасы Анжелина Ягель мен Еңбекшіқазақ ауданының намысын қорғаған Ангелина Воцкеге бұйырды. Ал ынталандыру сыйлығына Рабигуль Кенжеева Розабуви Бубехтухтаева, Сахидиям Апандиева ие болды.
Облыстық сайыста этнос жастары қазақтың ұлттық киім үлгісін кию арқылы қазақ еліне, Тәуелсіз Қазақстан Мемлекетіне деген махаббат пен қазақы рухты бойларына сіңіріп, ұлы ақын шығармаларын жаттау арқылы ел бірлігінің басты кілті – қазақ тіліне, Абай тіліне тереңірек бойлай түсті. Байқаудың мақсаты да осы еді.
Е.САҒЫНДЫҚОВА