Ел жақтан Ызғарбек атты ағамыз хабарласты. Бұл кісі Алматы облысының Ұйғыр, Күрті, Кеген және Нарынқол өңірлеріне белгілі адам. Ат жалын тартып мінгеннен бастап ауылдағы ұжымшарларға жетекшілік етті. Азамат болғанда бірнеше ауданда ауатком төрағасы, аупартком хатшысы, әкім болды. Ел ағасы атанғанда облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығы қызметін атқарып, мәслихат депутаты атанды. Қазір атамекеніне оралып, ауылдағы ағайын ортасында отыр. Ойы – өткен өмірге шүкіршілік ету, ниеті – туған-туысқанның тірлігіне тілекші болу.
Міне, осы ағамыздың Елордадағы біз сияқты іні-қарындастарына хабарласып, жағдайымызды сұрап тұратыны бар. Бұл жолы да сол мақсатпен қоңырау шалғанын жеткізген ол кісі Бауыржан атты баладан бір қолжазбалар жинағын беріп жібергенін айтты. «Иесі ертеректе өмірден озып кеткен Тұрысбек Тойшыбекұлы деген шежіре қарт. Жинақ ішінде «Қырманшы қарттың айтқаны» деп аталатын деректі дүние бар. Соған назар аударып көрші…» деді ағамыз.
Көп кешікпей Ызғарбек Бекбосынов аға айтқан топтама қолыма тиген. Оны асықпай отырып қарап шыққанымда, мынадай жайттарға көз жеткіздім. Қолжазба иесі Тұрысбек ақсақал 1905-1983 жылдар аралығында өмір сүрген адам екен. Жаркенттегі педагогикалық семинарияны бітірген соң, Кеген, Ұйғыр аудандарындағы заң, білім орындары мен орман шаруашылығы мекемесінде қызмет істепті. Сол жұмыстарда жүріп қадери-халінше жеке шығармашылықпен де айналысқан. Оған жинақтағы өлең-дастандары куә. Сондай-ақ ел арасындағы аңыздар мен түрлі қызық оқиғаларды, өңір тарихына қатысты тың деректерді жиыстырумен шұғылданған. Мұны ол кісінің «Төртінші» және «Бесінші» деп белгі соққан дәптерлеріндегі дүниелерден байқауға болады. Соның бәрін әкесі қайтыс болған соң, қызы Сара ретке келтіріпті.
Сол қолжазбаларды оқып отырып көзімнің бір дүниеге түскені!.. Бұл Ызғарбек аға айтқан нәрсе-ау, шамасы. Иә.., иә, сол! «Қырманшы қарттың айтқаны» деген жазба. Бас алмай оқып шықтым. Оқып шықтым да таңғалдым. Естеліктің сөзі жүйелі, оқиғасы сенімді. Ал мазмұнына келсек, бұл бұрын-соңды еш жерде баян етілмеген жайт. Тың тақырып. Әсіресе, ХІХ ғасырдағы Жетісу өңірі адамдарының арасындағы сирек оқиға. «Бұл сонда не?» дейсіздер ғой, қадірменді әлеумет! Оқыңыздар, ол мынадай жағдай.
«Мен ескі замандағы ауқатты адамның баласы едім, – деп бастады әңгімесін Қырманшы ақсақал. – Ескі заман деп отырғаным – ақ патша билеген уақыт. Әкем дәулетті болған деп айттым ғой жаңа. Сондағы біздің үйге кіретін табыстың бір бөлігі қарақұйрықтың мүйізі-тін. Қарақұйрық – киіктің бір түрі. Мына қарадаланың жазығында қаптап жүретін жарықтық. Соны көрші Қытай еліне апарып саудалайтынбыз.
Бір жылы суық күзде сол жаққа өтіп, Қайнақ деген жерде қасымдағы серігіммен түнеп жаттым. Таң ата бейтаныс төрт адам келіп, бопсалай бастады. Оларда қару жоқ, бізде бір қара мылтық бар-ды. Төртеуі де қоршап, бізді тонауға айналды. Бәрі де қазақ екен. Енді біздер де өліспей беріспеуді ойладық.
Ол заманда патшаның мировой судьясы болады. Бұлар ұстап алып, киік мүйізін сатып жүр деп сотқа апарса, жазаланамыз. Соны ойлап, қатар тұрған адамның біреуін басып салдым. Аузынан дәрі құйып ататын қара мылтық неге жарасын. Қалғандары бас салып мені және жолдасымды ұстап алды. Міне, сол адам өлімінің ақыры дауға айналып, біздерді патша соты он жылдан түрме кесіп, Сібірге айдады да жіберді.
Сонымен итжеккенге кеттім. Байкал көлі маңындағы колонияға барып жазамды өтеуге кірістім. Түрмедегі адамның жағдайын Құдай ешкімнің басына бермесін. Жарытымсыз қара нан мен қайнаған қара су ішіп, ауырлығына сөз жетпес жұмыс істеп жаттық. Өстіп жүргенімде, бір жылы, қыс болатын, елге оба ауруы келіп, адамдар шетінен қирайсоқ болып, қырыла бастады. Отызға жуық орыс, қазақ, басқа да түрлі ұлттар бар, бәріміз бір кеңдеу барақта тұратынбыз. Орыстардың бәрі дерлік сауатты, әсіресе, орта жастағы бір жігіт бізге мынадай бұйрық берді. Ол: «Бараққа нан мен суды жинақтаңдар» деді. Тас көмірді барынша үйдірді. Өзі жан таппай жүріп бір шелектей тотияйын тауып келді. Сөйтті де: «Жігіттер, оба басталғалы төрт күн болды. Бұл ауру жұқпалы, жүз адамнан он адам да қалмайды. Лагерь іші қырылып жатыр. Даланы көруші болмаңдар, жан қалса осы барақта қалады…» деп, есіктен шықпауға бұйырды. Біз күні-түні тотияйынды қайнатып қойып, оның буын иіскейміз. Барақтың бір бұрышына барып дәрет сындырамыз. Обамен ауырып, жанталасып, бараққа жақын келген адамды бас-көз демей қайнап тұрған тотияйыннан бір шөміш алып, есіктен тұрып ұрып жібереміз. «Бәрібір өлген адам» дейді бастығымыз. Осындай сақтану арқасында 30 адам аман қалдық. Лагерьдегі жүздеген адам қырылып қалды.
Сонымен, 15 күн шамасында өлім тоқтады. Ол кезде дәрігер дегенді естігенім болмаса, көрмеппін. Ресейдің түкпір-түкпірінен келген олар әлгі алапат ауруға жан таппай қарсы күш салды. Бұл 1892 жылы болған оқиға еді, – деп Қырманшы қария бір тоқтады.
Содан соң қария тағы да сөзін жалғап: – Алты жыл өткенде бұл азапты түрмеден бір орыс жолдасымның көмегімен екеуміз қашып шықтық, – деді. – Кеудедегі жан қалай тәтті… Апта жүрдік, ай жүрдік. Жаз өтіп, күз еңкейіп жеткен кезде орыс маған: «Енді сен Семейге қарай тарт. Ол – қазақтың жері» деп жол нұсқады да, қош айтысып, өз бағытына кете берді.
Семей даласын бетке алып, жолсызбен жасырынып қанша жүргенімді білмеймін. Бір күні жота-жота шоқылы өңірге жеттім. Сырттай көз жіберсем, жалпақ елдің маңы сияқты. Жол бойғы қорегім аз ғана қатқан қара нанның қабығы мен орыс жолдасымның бір селодан тауып беріп кеткен шикілі-пісілі картобы. Сонымен арып-ашып, сұрым адам көргісіз, кір, лас кейпімде келе жатырмын… Сақал, шашым өсіп кеткен, кәдімгі барақ ит сияқтымын. Аяғымда дал-далы шыққан шәркей. Бір қабат көк жейде сәуе боп етіме жабысып, мақталы шалбар қошалақтанып, тас көмірдің күйесімен әбден біткен.
Бір күні үлкен бесін әлетінде, шөбі шүйгін әрі қалың қолатта отырған бай ауылдың тұсына кеп тоқтадым. Бақсам, қазақтың ерекше бір сәулетті ауылы сияқты. Ұзыннан-ұзақ қатарластыра тігілген өңшең ақ төбедей үйлер. Әсіресе, оқшаулау бір үй ерекше үлкен. Оның үзігінің етегін оюлап, айнала төңірегін қызыл-жасыл матамен әшекейлеп тастаған. Әлдеқандай ауқатты адамның үйі-ау, шамасы. Қызықтыра көз тартады. Есіктен аулақтағы кермеде ер-тұрманды, жабдықты жарау аттар тұр. Ауыл сол ұзын қолатқа ықтай қонған екен. Жаз лебімен астасып тұрған қоңыр күздің шағы еді. Мұнда көшіп келіп қонғандарына көп бола қоймаған сияқты. Ауылдың шығыс жағы майда қырқалы жазық. Кең алқап. Оралып жатқан көкала шалғын. Ұзыннан-ұзақ биебау, онда 20-30 бие байлауда тұр.
Жаңа сәулетті үйді көрдім дедім ғой. Соның тұсында биік төбе бар екен. Сонда шоғырланып көп адам отыр. Мен ашық жүріп, топ қасына жақындай бере оқшау отыра кеттім. Бақсам, бәрі де қадірменді ел адамы. Ортада астына текемет пен кілем, көк ала шайы көрпе төсеген, үстіндегі көк мәуіті шапанын желбегей жамылған, басына қара барқыт ноғай тақия киген, тұлғалы, қара торы, дөңгелек жүзді кісі отыр. Шоқша сақалы бар, ірі денелі, кең маңдайлы ол кісі аяғын айқастырып салып, төңірегіндегілердің әңгімесін тыңдауда.
Мен ақырын келіп отырғаннан бастап мұндағы адамдардың әрқайсысы-ақ таңырқаса қарап, көздерін бір-бір қадап өтті. Бірақ сен кімсің деген ешкім болмады. Жоғарыда отырған ортадағы адамға әлдебіреуі «Абайжан» деп, өз тілегін айтып жатса, екіншісі «Абай аға» деп жығыла сөйлейді. Ел ішінде біреуінің ақысын жеп, қонысын тартып алып немесе зықым көріп, ол аз десеңіз, жоғалған ат, түйенің дауы сияқты ыза-кегін жаңағы адамға шағым етіп, қым-қиғаш тілектер айтып жатты. Кейбіреуі, Абай аға, рұқсат берсең, қиратып тастайын деп, зордан асып зор шығып жатыр. Осы арада әлгі кісі әрқайсысына тиянақты шешім жасап, жуата-жуасыта жауап беріп, топты ақырындап тарата бастады. Содан соң мойнын бұрып маған бір-екі рет қарап алды да: «Ана бала өзі неткен жүдеу еді? Кімнен болса да қорлықтың зорын көріп келе жатқан жан ғой» деп қойды. Содан басқа сөзге аз айналып кетіп барып, маған тағы қарады. Күн еңістеп, бие ағытар мезгіл еді. Бұл кісі дауыстап бір жас жігітті шақырып алды. «Ана отырған жігітті үйге апарып, күтіңдер, тым жүдеп келе жатқан жан екен» деп тапсырды.Шамасы, менің бұл араның адамы емес, алыс сапардан екенімді айтпай-ақ біліп отырған тәрізді.
Осы сәтте астында нардай жирен қасқа аты бар, сақал мұрты жаңа тебіндеген ақсары жігіт маған келіп: «Жүріңіз» деді. Мен отырған орнымнан созыла тұрып, сылти басқан күйі жігіттің соңына ердім. Ол жаңағы сәулетті үйдің төменгі жағындағы 200 қадамдай жерде тұрған шағындау ақбоз үйге алып келді де, келіншегіне дауыстап: «Мына адамды үйге кіргіз, жақсы күтімге ал. Абай аға айтты» деп, өзі аттан түспей өрістегі мал жағына жүріп кетті. Әйел: «Үйге кіріңіз, қонақ» деді. Мен үйдің есігін ашып, үйге кірдім. Іші көз тартады. Мен сияқты кір-қожалақ адамның осы үйдің тап-таза көрпесіне отыруы да мүлде ыңғайсыз еді. Әлгі келіншек бір түйенің жабуын алып келіп үйдің іргесіне төседі де: «Қонақ, осыған отырыңыз» деп бұйырды. Мен оның бұл қылығына іркілмей мойынсұндым да, сол жабу үстіне қисайдым. «Енді сізге сусын керек шығар» деді де, тегенеден жарым шыны қымыз алып кеп ұсынды. Әлгіні екі-үш рет-ақ тарттым. Сөйтіп, бұл ісіне іштей разы болмай отырдым. Өзі далаға шығып кетті. Жаныма тағы бір бөстек тастап қойған, соны басыма қойып жантайдым. Қуыс кеуде әрең жар беріп тұр. Оққа сүйенгендей екі-үш ай тік жүріп аттың жүрісін жүргендеймін. Енді бүгін қуыс қурайдай қаусап отырмын.
Күн батып қалған еді. Біраз үзілістен соң, келіншек үйге қайтадан кіріп, тағы шыны толы қымыз әкеп ұсынды да: «Ішіңіз» деді. Мен кідірмей тағы да тартып жібердім. «Қонақ – деді, – кендіріңіз кесіліп келе жатқанын көріп тұрмыз. Сондықтан осы да жетер, демалыңыз» деп, тағы да үй ісімен айналысып кетті. Сол арада көп кешікпей ұйықтап кеткен екем, үй иесі жігіт те келіп қалыпты. Қазан көтеріліп, ет асылып та үлгерген екен. Көптен көрмеген ас иісі мұрнымды жарып барады. Жайланып отырғаннан соң жаңағы жігіт: «Ал, қонақ, қалай, демалдың ба?» деп, қолыма су құйдырып жуындырды. Баяғы төселген жабудан қозғаған жоқ. Бауырсақ пен сары май қойғызып, шай бергізді де, соңынан шара толы қымызды алдыма қойғызды. Сөйтіп: «Жігіт, астан қағылып, қара көмей боп келгенің көрініп тұр. Аш өзегіңе түсіп кете ме деп, алғашында қымыз саған өлшеніп берілді» дей келіп, менің қайдан келе жатқанымды, неден осы халге душар болғанымды сұрады.
Мен басымнан өткенді ірікпей баяндадым. Ол өміріммен танысып болған соң: «Енді демалыңыз» деді. Осы сөзден соң баяғы жабу үстіне бар киіміммен жатып қалдым. Екі аяғымның балтыры ісіген. Табан терім көтеріле қолдырап кеткен сияқты. Ақсаңдап әрең басып келгенмін. Сол жатқаннан жатып, бір мезгілде көзімді ашсам, таңертеңгілік мезгіл екен. Бұл үйдің әлгі әйелі еріне лайық дөп қосылған сияқты. Бір уақытта: «Ал, қонағым, ұйқыңыз қанса, тұрғаныңыз жөн болар» деп жауап қатты. Мен орнымнан тұрып, далаға шықтым. Әйел: «Қонақ, бар киіміңізді шешіңіз, суға түсіп бір тазарыңыз» деп, мені даладағы бір қазан жылы судың жанына әкелді де үйіне кіріп кетті. Мен әбден жуынып-шайынып болған кезде қайтып келді де: «Енді үйге кіріңіз, сізге деген даяр киім бар» деді. Үйге кірдім, маған іш киімнен бастап мешпет, шалбар, тымақ, етік, шұлғауға дейін түгел әзірлеп қойыпты. Бұл Жаратқан иенің маған жасаған үлкен сыйы екеніне көзім жетті. Киініп бола бергенімде бір жас жігіт келіп, ұстарасымен сақал-шашымды сыпырып, мұнтаздай адам етті де қойды. Бар жағынан тазарып, құрметті үйдің төрінен барып орын алдым. Үй иесі: «Қонақ, енді жатып, әлденіңіз, Абай ағам сізді бізге табыстап еді» деді. Мұндай мейірімге қандай қарсы жауап болсын. Сары қымыз сапырулы, бағлан еті пісірулі болып, бес-алты күн жатып қалдым.
Бір күні өзімді-өзім байқасам, оңалып қалған екем. Сол кезде 32 жастағы күнім болатын. Үй иесі де өзіммен жасы құралпас адам сияқты. «Замандас, сыйларыңа рақмет, мен жүрсем» дедім. Ол маған: «Абай ағамен келіспей, сізді жібере алмаймыз» деді.
Маған келіп-кетіп жүрген адамдардан біліп көрсем, бұл кісінің дәулеті асып тұрған адам көрінеді. Ұстағаны – өңшең жалдамалы. Малында да, басқа шаруасында да – малайлар. «Осыншама құрмет көрсетіп отырғанына қарағанда, мені енді қара жұмысқа ұстап қалар ма екен?» деген күдікте қалдым.
Арада бірнеше күн өткенде үй иесі әлгі жігітім: «Қонағым, бүгін-ертең еліңе жүріп қаларсың. Мүмкін, өзім ертіп, ел табатын бағытқа сап жіберермін» деді. Менің кеудем алып-ұшып ұйқыдан да, тамақтан да қалдым. Екі күннен кейінгі ертеңгі астан соң: «Ал, Қырманшы бауыр, дайындал. Жүретін болдың» деп мамаағашқа есік пен төрдей жирен шабдар атты ер-тұрманымен әкеліп байлап жатыр. Бар болғаны сол екен, елді сағынып, аңсап келе жатқан басым, жігітке ілесіп жүрдім де кеттім.
Ел аралай, араға үшінші күнді салып Аягөз маңынан өттік. Аласа төбелер арасындағы ақ селеулі кең алқаптағы ауылға келіп, бір ауқатты адамның үйіне түстік. Олар жолдасымды ерекше қарсы алды. Таныстары мен достары екен. Бұл адамдарға менің де егжей-тегжейім мәлім болды. Отағасы күзгі семіз лақтың бірін сойып, келістіріп қонақ жасады. Тамақтан соң аттарды ең жазыққа матастырып, жатып қалдық. Алты жылдай атқа аяқ артпаған мен ұйықтап қалыппын. Жолдасым қамданып тұр екен. Мені оятып: «Ал, жігітім, мен кетемін. Қош бол!» деді. Мен мініп келген шабдар бесті арқанда тұрған. «Ойбай-ау, атыңызды алыңыз» десем, жігітім: «Бұл атты саған Абай аға берді. Еліңе осымен жетесің» деді де қош-қош айтысып жүріп кетті. Менің шығыстағы албан жұртынан екенім, ондағы елдің барлық жағдайы жаңағы ақсары жігітке ұғынықты айтылған-ды. «Абай ағаның інісімін» деген еді. Басқадай ештеңе айтқан жоқ-тын.
Абай аға берген сол бестімен қонай-түней екі айға жақын жол жүріп, Іленің жағасына жеткенмін. Одан Жаркент… Туған жерім Пияздық. Көлбастау!!! Ал шабдар атты бірнеше жыл мініп жүрдім, – деп Қырманшы қария үнсіз қалды. Содан соң: «Амал қанша, қазақтың көзі ашық, асқан мейірманды, оқымысты адамы, ақыл-ойдың асқар биігі осы Абай екен-ау. Бірақ мұндай дананың алдына жүдеп-жадап келіп, сол кісінің қайырымы арқасында тазарған дидарымды бір көрсетпей, ауызба-ауыз үнін бір естімей кеткенім менің үлкен өкінішім болды. Енді ойласам, сол – ұлы Абай екен» деп сөзін аяқтады.
Кейін жұрттан сұрастырсақ, албан елінен Абайдың дидарын көріп, үнін естіген осы бір ғана Қырманшы екен. (Хатқа түсірген Тұрысбек. 1948 жыл).
…Бұл хикаяны оқып, танысқан бүгінгі ұрпақ өкілдері: «Жоғарыдағы оқиға нақты дерекке құрылған дүние ме, жоқ әлде әдебиеттегі шарттылық ұғымына жүгініп жазылған көркем сипаттағы әңгіме ме» деп ойлауы мүмкін. Содан кейін екінші бір оқырман көңіліне: «Ол заманда сонау итжеккеннен жаяу-жалпы жүріп отырып, қазақ даласына жетудің өзі өсіріңкіреп айтылған сөз емес пе? Қалай?» деген күдіктің де келері анық. Қадери-халімізше енді соларға жауап беріп көрейік.
Бірінші, өзіміз сөз еткен Қырманшы атты адам да, оның Сібірге айдалып, елге аман-есен келгені де шындық. Бәрі өмірде болған оқиға. ХІХ ғасырдың 60-жылдарында туып, ХХ ғасырдың 50-жылдарында өмірден өткен ақсақалдан ұрпақтар бар. Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауылында тұрады. Сол жердегі қарттар: «Бала болсақ та білеміз. Қырманшы қария 90-нан асып барып қайтыс болған. Оны көзіміз көрді» дейді.
Екінші, патша заманында түрлі жағдаймен Сібірге айдалып, жазадан қашқан немесе оны өтегеннен кейін елге қайтып оралған адамдар неге болмасын? Болған. Оған атақты қырғыз ақыны Тоқтағұл мен өзіміздің дәулескер күйші Сейтек тағдырын айтсақ та жеткілікті. 1897 жылы қырғыз жұртының Ош өңірінде халық толқуы болады. Оны аяусыз басқан Түркістан генерал-губернаторы 64 адамды тұтқынға алады да елу сегізін атып, алтауын итжеккенге айдайды. Сотталған сол бейбақтардың ішінде Тоқтағұл да бар еді. 7 жылдық кесімді мерзімінің жартысын өтеп бола берген кезде лагерьді су басып, ақын бастаған аз адам тірі қалады. «Кету керек бұл жерден. Қашайық» дейді жанындағы орыстар. Осыған тоқтаған олар Бийіскіні бетке алады. Бір күні топ жетекшісі: «Біз Рубцовскіге дейін ғана барамыз. Сен сонда қал да одан ары өз күніңді өзің көр» дейді оған. Ал ол қазақ даласының шеті еді. Соған іліккен Тоқтағұл қиналмайды. Жүрген-тұрған жерінде оған қазақ ауылының кәрі-жасы қолдарынан келгенше көмектеседі. Сөйтіп, 9 айда атамекеніне аман-есен жеткен ақын біздің ел-жұртқа деген ризашылығын өмір бойы айтумен өтеді. Бұған Тоқтағұлдың таңдамалы шығармалар жинағындағы «Қашып келе жатқанда», «Қазақ жеріндегі жыр» деген өлеңдері анық дәлел.
Ал күйші Сейтекке келер болсақ, 1894 жылы оған Үкіметке қарсы адам деген ауыр айып тағылады. Сөйтіп, 12 жылға бас бостандығынан айырылған ол Сайқын даласынан Сахалинге айдалады. 1904 жылы орыс-жапон соғысы басталмай ма? Бұл уақыт Сейтектің кесімді мерзімін өтеп жатқанына тоғыз жыл толған кез еді. Сол уақытта майдан шебі лагерьге жақындап, бір күні олардың барактарына зеңбірек оғы жауады. Міне, сонда ондағы 63 тұтқын жан-жаққа бытырай қашып, оның ішінде Сейтек те бар 16 адам аман құтылады. Осылайша, жолда көрмеген қиындығы қалмаған, алайда солардың бәрін жеңген күйші өзінің атамекені – Орда өңіріне аман жетеді.
Демек, ол замандағы жер шалғайлығы Сібірден бері қайтқан ғаріп жандарға кедергі бола алмаған. Жаяу-жалпы жүрсе де сұрай-сұрай ел-жұртын тауып, отбасына жеткен ғой. Тағдырдың тәлкегімен Байкал барып, одан қайтарда қазақ жерінің шығысындағы Шыңғыстауға иек артып, сондағы Абай ауылы мінгізген атпен Жетісуға жеткен Қырманшы қарт та, міне, солардың бірі. Қарияның басынан кешкен жоғарыдағы оқиғаны хатқа түсіріп кеткен Тұрысбек Тойшыбекұлы ше? Сол еңбегі үшін де бұл ағамыздың рухына бас иіп, тағзым етеміз.
Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Алматы облысы
Ұйғыр ауданы
Шонжы ауылы