Есім-сойым – Бекмұханбет Рақышев, ауылдастарым Майсары атап кеткен. Өзім оқыған әрі аз-кем бірнеше ауданның прокуратурасында тергеуші, Алматы қалалық ішкі істер бөлімінде аға тергеуші болып еңбек етуіме септігін тигізген мамандығым заңгер болса да өмірдің ағымы мен Құдай берген қабілетке қарай 40 жылдай Абай ауданындағы «Абай елі» газетінде, жергілікті радиода журналист болып жұмыс істедім.
Жастайымыздан қатарымыздан қалыспай кітапқа құмарттық. Абай атамыздың «ғылым таппай мақтанба» дегені үнемі санамызда жаңғырып жүреді, содан болар өз бетімізбен ізденіп, қазақ әдебиетімен шектеліп қалмай, әлемдік классикаға және орыстың XIX ғасырдағы ең үздік жазушыларының кітаптарына ауыз салдық.
Сөз өнеріне деген құмарлығымның арқасында қазақтың үш бірдей таланттысы – Шәмші, Мұқағали, Фаризамен таныс болдым. Осы үшеуінің де сол кезде-ақ Кеңес өкіметіне қарсы болғанына нақты куәгер бола аламын. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Ақселеу Сейдімбек, Қажытай Ілиясов, Пернебай Дүйсенбиндермен қатарлас оқып, дос болғанымды мақтан етемін. Ал бүгінде Абай атамның ойларын бойтұмарымдай көремін. Өмірде қиналсам жігерлендіретін, қуансам бақытымды еселейтін де ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздері.
«Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» дегендей, өресі өсіп, жан дүниесі жан-жақты дамып жетіле бастаған ұлы ақынның ұрпақтары бүгінде Абайдың 175 жылдық мерейлі мерекесін неғұрлым биік, мәнді, мағыналы, халықаралық деңгейде өткізуге барынша атсалысып, айрандай ұйыған ұлттың үлгісін көрсетіп отыр. Әсіресе оған ақынның кіндік қаны тамған, туған жерінің перзенттері ерекше мән беріп келеді. Ал қарт Шыңғыстау халқы мерейтойға мұрындық болып, бастама көтерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дән риза. Соның нәтижесінде қазір Абай ауданы тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналды. Аудан орталығы саналатын Қарауыл ауылы гүл-баққа оранып, жаңа түскен келіндей жайнап, жаңарып келеді. Орталықтағы барлық көшелер дерлік асфальттанып, әр үйге су құбыры тартылып жатыр. Ауылдың дәл іргесінен бастау алатын Абай атындағы су жаңа саябақ салынды.
Абайдың өмірге келіп, кіндік қаны тамған «Сырт Қасқабұлақ» маңы қазір адам танымастай өзгерген. Орталық қара жолдан сол жерге дейін жаңадан асфальт жол салынып, өмір бойы жабайы аң, төрт түлік малдың мекеніне айналған, үш бірдей суы тастай суық бұлақтар тегіс айнадай болып тазаланып, қазірдің өзінде жолаушылар бір соқпай кетпейтін қасиетті мекенге айналды. Бұлақтар түгелдей қоршалып, айналасына Абайдың әртүрлі нақыл сөздері жазылды.
Тағы бір ауыз толтырып айтар жаңалық, ұлы ақынның әкесі Құнанбай қажының зираты тегістей жөнделіп, айналасы қымбат тастармен көмкеріліп, қоршалды. Қазір сол кісіге арналып музей үйі бой көтеріп жатыр. Жергілікті халықтың күшімен Қарауылда Құнанбай қажы атындағы жаңа мешіт жанынан үлкен қатымхана салынуда. Бәрінен бұрын алты Алаштың тарихи меккесіне айналған, Абай мен Шәкәрім жерленген Жидебай қорығы түгелдей жаңартылып, көргеннің көзі сүйсінетін жағдайға жетті. Маңайында ағаштар өсіріліп, гүлмен көмкерілді.
Осынау елдік, халықтық күрделі де жауапты іске жан сала жанталасып, күндіз-түні ұлан-ғайыр мың сан жұмыстың басы-қасында болып, ерен еңбектің үлгісін сөзбен емес, нақты іспен көрсетіп жүрген аудан басшылығының еңбегін ерекше атап кетпесек, әділетке жасалған қиянат болар еді.
Бір сөзбен айтқанда, бұл жерде болып жатқан игілікті, үлгілі істерді тілмен жеткізіп беру қиын. Оны әркім өз көзімен көріп қана шынайы бағасын бере алады.
Майсары РАҚЫШЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы