Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Абай әлеміне тоқталып, ұлтымызды оның рухани кеңістігіне бет бұруға шақырғаны – тарихи оқиға дер едім. Абай тойын өз деңгейінде өткізу жауапты іс. Ол жайында Президенттің өзі: «Той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін керек» деп атап өтті. Той дүркіреп өтеді, оған сөз жоқ. Абайдың ұлылығын осы тойға дейін салмақты шаралар арқылы көрсету керек. Мұндай игілікті істер мерейтой тұсында ғана емес, қазақ қоғамында үнемі іске асырылып жатса, қанекей?! Абай қалайша «толық адам» болу керегін жазып кетті. Міне, осыны барынша қарапайым тілде халқымызға түсіндірмей болмайды.
Абай қазақ халқының ғана емес, адамзаттың данасы деп айтсақ, ешкімге көлеңке түсірмеспіз. Оны кез келген шетелдік оқымыстының өзі айтады. Ұлы адам! Айтқан сөздерінің бәрі – өнеге, үлгі. Қазіргі барлық рухани ахуалдардың шешілу жолдары Абай шығармашылығында тұр. Абайдың кемеңгерлігі сол, адамзат баласының басында қандай проблема болса, соның бәріне жауап беріп, шешімін ұсынып кеткен.
Басыма бір жағдай туса, Абайды оқи бастаймын. Тәптіштеп тұрып айтып қойған. Жүз рет, сан рет оқыған сайын бір жаңалық ашып береді. Жастау кезімде «Абай университет бітірмеген, ғылым туралы жазғаны жоқ шығар» деп ойлайтынмын. Кейінде ұлының шығармашылығын оқып, қатты ұялдым. Тіпті бейшара күйге түскендей болдым. Ол кісінің ғылым туралы ойлары керемет екен. Білім-ғылым халықты, бүкіл мемлекетті ілгері сүйрейтін ең мықты күш деп дәлелдеп берген.
Біз Абайды әуелі өзіміз тануымыз керек. Көпшілігі түсіне бермейді. Тіпті кейбір зиялылардың өзі Абай әлемінен хабарсыз. Дананың ой-тұжырымдары өзгермейді. Адамзат баласы қанша жасаса да, Абай нақылдары сол маңызды қалпында қала береді. Тереңдігі сонша, бүгінге дейін хакімнің бір өлеңі басқа тілге өз деңгейінде аударылған жоқ. Басқасын былай қойғанда, орысшаның өзіне. Егер, Абай шығармашылығы Конфуций, я болмаса ірі ойшылдар сияқты аударылатын болса, Абай көптеген ғұламалардан басымырақ тұрғанын біліп, әлем бас иер еді. Мәселен, Пушкиннен аударған «Евгений Онегинін» біз жас күнімізде орыс тілінен тәржімаланғанын білген жоқпыз. Қазақ поэзиясының төл туындысы деп ойладық. Герольд Бельгер қазақ, орыс, неміс тілдеріне жетік адам болған ғой. Бір кездескенімде айтты: «Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін әуелі Лермонтов немісшеден орысшаға аударып, одан Абай қазақ тіліне тәржімалаған. Сөйтсе, Лермонтовтың аудармасы нашарлау, ортанқол ғана дүние екен. Абай сол нашар тәржімадан жасаған аудармасында Гете жазған түпнұсқасымен теңдес өлең қылып шығарған. Шығарманың күллі буын ырғағы, мағынасы толысып шыға келген. Не деген керемет?! Германияда Гетенің музейінде болдым. Сонда «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңі айтылып тұр. Бұдан артық ұлылық бола ма? Сондықтан Абайды әуелі өзіміз танып, түсініп алу – парыз. Содан кейін басқа елдерге танытудың оңтайлы жолдарын қарастыру керек. Ақыры аударма арқылы Абай ғибратын, философиялық ойларын таныта алмайды екенбіз. Онда жалпы Абай шығармашылығында тұнып тұрған ғақлия сырларын, адамзаттық деңгейдегі терең ойларын қара сөзбен жеріне жеткізіп тәпсірлеу керек. Яғни аударма жеткізе алмаған терең ойлар астарын қара сөзбен насихаттау парыз. Кім біледі, алдағы замандарда Абай өлеңдерінің қасиетін бұзбай аударатын асқан дарынды бір ақын дүниеге келер. Ол болашақ ұрпақтың еншісінде.
Бұл мақаланы жазуыма себеп болған негізгі ойымды айтайын. Қазір Семей қаласын Абай атына береу туралы әредік болса да қоғамдық пікірлер айтыла бастады. Бұл әбден толғағы жеткен мәселе. Осы бастама ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойында-ақ қолға алынуы керек еді. Дегенмен де «ештен кеш жақсы» демекші, дәл қазір үкіметіміз осы ұсынысты қолдап жіберсе болғаны. «Семей» атауының не қазақша, не орысша мағынасы жоқ. Әу баста орыстардың «Семипалатинск» сөзінен (жеті шатыр) шыққан атау келе-келе шолтиып «Семей» болып кетіпті. Тіпті кейбір білгіштер «Семь үй» деген сөз дейді. Әйтеуір, не болса да, мағынасы түсініксіз. Мұны айтып жатқаным, қалаға Абай есімін берсек, ешкім ештеңесін жоғалтпайды ғой деген ой. Қырғыздар «Манас» жырымен мақтанады, марқаяды. Қазақтың абыройы, ар-ұжданы Абай. Абай ұлттық деңгейдегі ақын емес. Ол адамзат ақыл-ойының асқар шыңы. Қазақстанда Абай қаласының болуы тарих үшін тағылым, ұрпақ үшін ұлағатты іс болмақ.
Темірғали КӨКЕТАЙ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университетінің профессоры, халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамы облыстық филиалының төрағасы