"АБАЙДЫҢ АҚЫН ҰЛДАРЫ"

Биыл елімізде және шет елдерде қазақтың ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Осы айтулы оқиғаға орай республикамыздың Ұлттық кітапханасының ұжымы «Абайдың ақын ұлдары» атты, көлемі 37,4 баспа табақ, кітапты жарыққа шығарды. Ол, өзінің аты айтып тұрғандай, хәкім Абайдың дарынды ұрпақтарына арналған.

Кітапқа ақынның ұлдары Ақылбай, Мағауия, Турағұл мен немересі Әубәкір Ақылбайұлының көркем туындылары және олардың өмірі мен шығармашылықтары туралы зерттеулер, эсселер мен мақалалар топтастырылған. Жинақтың алтын арқауы – ғұлама Мұхтар Әуезов, көрнекті абайтанушы-ғалым Қайым Мұхамедханұлының еңбектері болып табылады.

«Абайдың ақын ұлдарын» оқырманға таныстыруға ұйтқы болып, идея берген тұлға – мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, абайтанушы Құл-Мұхаммед Мұхтар Абрарұлы. Кітаптың жалпы редакциясын басқарған Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық кітапханалық одақтың төрағасы Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы.

Ал, оның құрастырушысы –Ұлттық кітапхананың ғылыми хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы. Осының алдында Ұлттық кітапхана ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арнап Б. Жүнісбековтің «Абай сәулесі» атты зерттеулер мен мақалалар жинағын, көлемі 37,6 баспа табақ, басып шығарған еді.

 Абайдың ақын ұлдарының өлеңдері мен аудармаларын оқи отырып ұлы ақын әрі данышпан әкенің өмір мен өнер мектебінің мәуелі жемісіне тамсанып, «өлсе де өлмегенге тең» зор өнегеге тәнті боламыз. Кітап әдебиетсүйер қауымның және барша жұртшылықтың қызығушылығын туғызады деп сенеміз. Төменде кітаптың алғысөзін назарларыңызға ұсынып отырмыз.                                                              

ҚР Ұлттық кітапханасының  баспасөз қызметі

 

 

АЛҒЫ СӨЗ

 

Қадірменді оқырман! Адамзаттың ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының шығармалары қазақ халқының мәңгілік мәртебесі мен мақтанышы.  Олар, сондай-ақ  заманалар көшінде уақыт озған сайын  бағасы арта  берер  асыл қазына. Әдебиет пен өнердің, ғылым мен білімнің дамуына зор үлес қосқан ұлы тұлғаның «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысының» құдіреті де осында.

 Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаев өзінің  «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты тарихи-танымдық еңбегінде «Ғұлама Абай  –  қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Абайдың ақындық қуатының терең тамырына үңілген зерттеушілеріміз оның қазақ фольклорынан, Шығыс пен Батыстың сөз өнерінен, орыс әдебиетінен, тарихи еңбектерден сарқылмас нәр алғанын айтады» - деп атап көрсетеді.

Жаратылысынан сәулелі тұлға ұлттық қана емес,  әлемдік ғылым мен мәдениеттің қайнарларынан сусындады. Адамзаттың даму жолын жаһандық ой мен жасампаз парасат биігінен саралап, барша адам баласын бауыр, дос көруді аманат етті. Туған қазағының үнемі өсіп, өркендеп өзге халықтармен терезесі тең болуын армандады. Бұл орайда ақын өз өсиетін, әсіресе елінің болашағы жастарға арнайды: «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін...» Осылайша келешегімен кеңесіп, оларға білім мен ғылымды, адал еңбек пен адамгершілікті бақытқа жетудің баспалдақтары ретінде үлгі тұтады.

Абай мектебінен ақынның өз балалары да жан-жақты тәлім-тәрбие алды, тіпті бір тобы сөз патшасы – өлең өлкесінде бақтарын сынады. Олар жаңа жазба әдебиетіміздің аламан бәйгесіне ат қосып, оның алтын қорына шырайлы шығармаларынан олжа салды. Ақылбай, Мағауия мен Турағұл Абай ұлдарының  және  ақынның немересі Әубәкір Ақылбайұлының  әдеби мұралары дарынды ұрпақтың  «қиыннан қиыстырған» хас өнеріне тәнті етеді. Абай сәулесі... ақын поэзиясының алтын арқауы – адам бақыты!

Сонымен қатар хәкім, әсілі «қайран қазағына» емес, барша адам баласының қараңғылығына қапаланып, оның надандығына сын найзасын кезейді. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» - терең адамгершілік мұратты аманат еткен әлемдік кемеңгер айналасындығы қарындастарына қарата айтқанымен өзінің әрбір сөзін жеке адамға, немесе туған халқына ғана емес, барша адамға арнайды. «Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой, Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар». Бұл жайында «Қазақ әдебиеті»  («Қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы» - 30.03.2018 ж., «Ұлы ақынды ұғына алдық па?» - 9,16,23.08.2019 ж., «Ақиқат ұшқыны» - 24.01.2020 ж.), «Ана тілі» («Абай сәулесі» - 6.02.2020 ж.), "Алматы ақшамы" ("Жазыпты Алла, жаназығын Абайдай - 10.08. 2019 ж.) және басқа газет-журналдарда жазған едім.

Ал, осы кітапты дайындауды қолға алып, оның шығуына нендей себеп түрткі болды?

Өткен, 2019 жылдың басында мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, абайтанушы Мұхтар Құл-Мұхаммед хабарласқан еді. Маған Абайдың «Жидебай - Бөрілі» Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіндегі хәкімнің ақын ұлдары туралы материалдарды жинақтап, кітап етіп шығаруды ұсынды. Ол күндері мен аталған ұлы ақын шаңырағының бас шырақшысы едім. Мұндай абыройлы да ауқымды шаруадан кім шет қалмақ, қуана келісіп, мұрағат қатпарларына үңілдік.

Кейін Алматыға ауысып, еліміздің бас кітапханасында қызметке араласқанда да «Абайдың ақын ұлдары» есімнен шықпады. Соған орай, республикамыздың Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы қолға алған істің сәтімен сабақталуына жан-жақты қолдау жасады. Ұлы ақын ұлдары шығармаларының оқырман қолына мазмұнды да сапалы болып жетуі үшін басшымыз қажетті жағдай туғызып, нақты көмек көрсете білді. Соның арқасында «Абайдың ақын ұлдарына» оқу мен ойдың ұлттық ордасының қазына есігі айқара ашылды.

Жұмыс шынында да ауқымды болып шықты.

Абайтанудың арқатірегі, ғұлама Мұхтар Әуезовтің ақынның дарынды ұрпақтары туралы  терең толғамдары ойымызға өріс ашып, қаламымызға қанат байлады. Ал, мұның қолға алған шаруаның шашауын шығармай, етек-жеңін жинап, дөңгелете атқаруға пайдасы зор болды. Сол сияқты Әуезовтің шәкірт інісі, тілеулес досы, абайтанудың білгірі Қайым Мұхамедханұлының мол мұрасы арқа сүйер тірегімізге  айналып, кітапқа берік негіз – іргестас етіп қаланды. Себебі, қайраткер Қайымның, ғалым Қайымның жанкешті еңбегінсіз осы тақырыптағы бүгінгі де, бұған дейінгі де кітаптардың сәтімен жарық көруі екіталай екені даусыз.

Сондықтан Абайдың ақындық айналасын, оның ішінде Ақылбай, Мағауия мен Турағұл және Әубәкір еңбектерін зерттеудегі Қайымдай абзал ағаның еңбегін тағы бір еске алып, жеке тоқталуды жөн көрдік. 

Абай музейінің іргетасы қаланған күннен Қайым Мұхамедханұлы аға ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, Абай мерейтойын өткізу комитетінің ғылыми хатшысы, ал 1947-1951 жылдар аралығында музей директоры лауазымын атқарады.  Ақын шаңырағының мұрағатындағы қызметтік есебі (№18к) ғалымның кандидаттық минимум тапсырғанына, «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбында Ақылбай, Мағауия, Көкбай мен Әріптің таңдамалы шығармаларын алғысөзімен, өмірбаяндарымен шығару бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізгеніне (25 баспа табақ), Әрхам Ысқақовпен бірге Абайдың шежіресін аяқтағанына  куәлік етеді.

Музейге Қ.Мұхамедханұлы басшылық жасаған кезең ұжымда ғылыми ізденістер жүйелі жүргізілген жемісті жылдар еді. Ғылым академиясының қарамағындағы мекеме қызметкер-лерінің зерттеу тақырыптары бекітіледі, соның бірі - «Абайдың ақындық мектебі» Қ.Мұхамедхановтың еншісіне тиеді. Аталмыш тақырып бойынша материалдар жинау мақсатында Абай ауданына ғылыми экспедициялар ұйымдастырылып, ақын мен оның туыстық, өнер айналасына, заманы мен замандастарына қатысты естеліктер жазып алынып, қолжазбалар мен жәдігерлер жиналады.

Міне, осы материалдардың негізінде 1951 жылы 7 сәуірде Қ.Мұхамедханов өзінің кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Алайда, Абай музейінің сол жылдардағы бұйрықтар кітабындағы 1951 жылғы 2 желтоқсан күнгі жазбаны оқысақ, онда: «1951 ж. 13 желтоқсан, №47 бұйрық. Бұрынғы директор Мұхамедханұлының 2 желтоқсаннан бастап тұтқындалуына байланысты жұмыстан босатылған болып саналсын (бывшего директора     Мухамедханова полагать уволенным со службы со 2 декабря 1951 года в связи с арестом)» - делінген.

«Халық жауы» ретінде 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген Қ.Мұхамедхановтың Карлагта өткізген 4 жыл еңсесін түсірмей, оның ерекше қайсарлық танытқаны мәлім. Азаматтық ұстанымына болаттай берік Қайым Мұхамедханұлының өмірі мен шығармашылығы ұлы ақынның асыл мұрасына, хәкім Абайды дүние жүзіне танытқан Мұхтар Әуезовке деген адалдықтың тамаша үлгісі. «Мұхтарды сат, ол саған диссертацияны зорлап жазғызды, ғылыми еңбектеріңнен бас тарт» - деген тергеушілер. – Одан да өлгенім жақсы емес пе, жалған айтып, қайтіп жер басып жүремін», – деп жазады мұражай қорындағы естелігінде Қайым аға.

Абай мектебінің ұлттық әдебиетіміз мен өнерімізді дамытуға қосқан зор үлесін ізерлей зерттеген көрнекті ғалым, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қайым Мұхамедханұлының ерен еңбегі мен жазықсыз тартқан жазасының кейбір деректері осындай.

Ұлттық кітапханада да Ақылбай, Мағауия мен Турағұл жайындағы зерттеулер мен мақалалар аз емес екен. Бірақ, олардың бірқатары Әуезов пен Мұхамедханұлының осы тақырыптағы ой-тұжырымдарын қайталаумен шектеледі, тіпті, кейбірі алдыңғы айтылғандарды сөзбе-сөз көшіруден де тайынбайды. Шығармашылықты әр қаламгердің өзіндік ізденісі және ой мен өнер қуатының жемісі деп білетін біз олардың әрқайсысынан жаназығына нәр іздеп, дән теруге тырысып, алтын уақытымызды созыңқырап алдық. Бұл жаңағыдай келеңсіздіктің салдары еді.

Ал, жинақтың құрамына келгенде бір ескеретін жайт, Қайым Мұхамедханұлы мен Мұхтар Мағауин әрқайсысы дербес әзірлеп, баспадан шығарған Мағауияның  «Медғат-Қасым» поэмасы  өзара елеулі өзгешеліктері бар екені ескеріле отырып, екеуі де жинаққа енгізілді. Сонымен қатар Абай өлеңдері мен қарасөздерінің Турағұл қолжазбасын да оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Арап қарпімен жазылып, жеке-жеке бөлімдерге топтастырылған (кирилицаға аударған Ғ. Сапаев) ұлы Абай мұрасының зерттеушілер үшін әрқашан пайдалы болары анық. Абайдың тырнақалды туындысын баспаға ұлы Турағұл мен немере інісі Кәкітай Ысқақов екеуі бірге әзірлеп  ұсынғандарымен, қызыл империя кезінде Турағұл есімінің «халық жауы» ретінде ұмыт қалдырылып келгені шындық. 

Осы орайда арап қарпінен Мағауияның «Медғат-Қасым» поэмасын және Турағұлдың ақын әкесінің өлеңдері мен қара сөздерін және ол туралы естелігін кирилицаға аударған қайраткер ұрпақ Құдайбердиев Ахат Шәкәрімұлы мен  белгілі жазушы Сапаев Ғазиз Сапаұлының  зор еңбектерін ерекше атап айтуымыз парыз. Кітаптағы Абай мен оның ақындық, туыстық  айналасы, ұлы ақынның туған жері суреттерінің авторы, осы тақырыпта талай жыл талмай ізденіп келе жатқан майталман өнер иесі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Нұрлан Өтепбаевқа айтар алғысымыз ерекше. Сол сияқты республикалық Абай музейі мен еліміздің Ұлттық кітапханасының осы жинақты дайындауға үлестерін қосқан барша қызметкерлеріне  және  Турағұл Абайұлының 2018 жылы «Алашорда» қоғамдық қоры бастырып шығарған шығармалар жинағының редакторлары: филология ғылымдарының докторы  О.Жұбаева мен  Ә. Әхметке, Мағауия шығармаларын дайындауға белсене атсалысқан жазушы ініміз Қ.Қиықбайға  ризашылығымызды білдіреміз.

Сонымен ұлы ақынның ұлағатты ұрпағы туралы кітап оқырманға жол тартты. Қайым Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкіртерінен» кейін сол бір өнерлі де өнегелі ұрпақтың  –  «Абайдың ақын ұлдарының»  жаңа ғасырда оқырманмен бұл бірінші, бірақ соңғы кездесуі емесі және ол әңгіменің  барған сайын мазмұнды да тартымды бола түсері кәміл. Олай болса, Абай ұрпағы шығармаларының және олар туралы еңбектердің басын қосып, оқырманға кітап етіп ұсынуды ұлы ақын тойына Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының тартуы ретінде қабыл алыңыздар.   

 

Болат Жүнісбеков,

Қ Р  Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі