ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ТҰҢҒЫШ ҒАРУЗ ӨЛШЕМІ

Қазақ әдебиетінің ежелден тарихи тамырластығы бар Шығыс әдебиетімен байланысы XIX ғасырда айрықша күшейді. XIX ғaсыр ұлттық әдебиеттің бет-бедері айқындалып, ішкі дәстүр заңдылығы біршама қалыптасқан кезең. Осындай әдебиеттің өрлеу кезеңінде шығыстық дәстүрмен бетпе-бет келген ұлттық поэзиямыздың қаншалықты үлгі мектебі болса да, шығыстық үрдіске басыбайлы тәуелденіп, сол арнаға біржола бет бұрып кетуі мүмкін емес еді. Авторы белгісіз ауыз әдебиетінің аясынан шығып, жазбаша үрдістің жаңаша соқпағына түскен ұлттық әдебиетімізге тарихи дамудың осынау өтпелі кезеңінде сан ғасырлық тарихы бар шығыстық дәстүрдің, оның ішінде түркі жазба әдебиетінің өнеге болғаны анық.

Жазба әдебиетіміздің тарихи жүйесін түзіп, оны 1) діндар дәуір; 2) ділмәр дәуір деп екі кезеңге ажыратқан А.Байтұрсынұлы діндар дәуірге берген сипаттамасында «Молдалардан шыққан жазу әдебиет дінге қызмет қылса да, тілге қызмет қылмаған. Тілді ұстарту, әдебиетті күшейту, көркейту орнына, тілді бұзған, аздырған; қазақтың тұтынған тілімен жазбай, шығарушылар: «Кітаби тіл», «Әдеби тіл» деп, ноғай тілімен, яки сарт тілімен жазған. Қазақтың тілінде басылған бұрынғы шығармаларды алып қарасақ, қазақ тілі болмай, қазақ пен ноғай тілінің араласқан қойыртпағы болып шығады. Ол қойыртпақ тіл қожалар, молдалар шығарған сөздерде ғана емес, қазақ молдаларының шығарған сөздерінде бар. Бұл кемшілік егер де баспа кітаптар жүзінде ғана болса, бастырған ноғайлар бұзды дер едік, олай емес, жазу солай екендігін қазақ молдаларының өз қолымен жазған жазулары көрсетеді», дейді.

Ғұлама ғалымның «ноғай тілі», «сарт тілі» деп шартты атап отырғаны Әлішер Науаилердің тілі. Яғни шағатай тілі, дәлірек айтсақ, түркі халықтарына ортақ жазба әдеби тіл. Мейлі татар, ноғай, өзбек болсын, араларында аздаған диалектілік айырмалар бола тұрса да, бұл жазба әдеби тілдің сонау «Құтты Білік» дәуірінен жалғасып келе жатқан көркемдік-эстетикалық нормалары, стильдік өзегі ортақ. Діндар дәуір әдебиетінде қазақ ақындары өз шығармаларын «қазақтың тұтынған тілінде жазбай», ортақ жазба әдеби тілдің әсерімен қазақ тілін алалағанымен, қазақ әдебиеті бұл ортақ тілге, ортақ тілдегі әдеби үрдіске толығымен ауысып кеткен жоқ. Зерттеуші Т.Тебегенов Ахаңның пайым­дауларын негізге ала отырып, бұл дәуір шығармаларының жанрлық сипатына қатысты «шығармалардың тақырыптық-идеялық нысанасы, мазмұны адамгершілік-имандылық жолы ретінде ұсыныла отырып, ақындар халық әдебиетінің ежелден қалыптасқан көңілге қонымды, құлаққа сіңімді түрлерін жаңғырта жалғастыра жырлаған», дейді. Демек, қайталай айт­сақ, қазақ ақыны Шығыстан немесе шы­ғыс­тық үлгідегі түркілік жазба әдеби дәс­­түрден қашан да түрді емес, маз­мұн­­ды, тақырыптық-идеялық бағытты үлгі етіп алады. Бұл да болса, сыртқы ықпалдың аса күшейген кезінде де, ауызша әдебиет­тен бастау алатын тарихи тамырынан ажы­ра­маған ұлттық әдебиетіміздегі дәстүр сабақ­тас­тығы беріктігінің белгісі.

 Шығыстық әсерден, шығыстық үлгі­де­гі Шағатай жазба әдебиетінің ықпа­лы­нан ұлттық поэзиямыздың ұлы белесі – Абай шығармашылығы да құр алақан емес. Әсіресе медреседе оқып жүрген жыл­дарында Шығыс шайырларының әйгі­лі шығармаларымен танысқан жас Абай таза шығыстық дәстүрмен өлең жа­зуға да талпынды. М.Әуезовтің көр­сетуінше, Абай Шығыс ақындары үлгі­сін­дегі «Йузи-Раушан», «Фзули, Шәмси», «Әлифби» сияқты өлеңдерін 13 жас пен 18-19 жас арасында жазған. Абай шығар­ма­ларына қатысты зерттеулерден әлі де болса тысқары қалып келе жатқан шаға­тай үлгісіндегі осы үш өлеңнің сырт­қы құрылымы мен ішкі мазмұнына қатыс­ты құнды пікірлерді тағы да М.Әуезов еңбектерінен кездестіреміз. «Осы өленде және бұдан кейінгі екі өлеңде де, Абай өзінше түркі тіліндегі (сол кездегі әдебиет тілі деп саналған) үлгіде жазып отыр. Бірақ анық, сол түркі сөзі мен осы өлең қатарында келетін араб сөздері әлдеқайда көп. Өлеңнің уәзін ырғағы да, жеке сөз­дердің айтылуы да кітап үлгісінде «нигә», «шигә» деп қазақтың «неге», «ше­ге­ді» деген сөздерін кітапшалап, әдейі бұр­ма­лайды. Өйткені алып отырған өлең ыр­ға­ғы, ритмнің өзі арабтан иран, ша­ға­тай­ға жайылған «ғаруз» өлшеуінің үлгісі. Бұл – қазақ сияқты елдердің тіліне, өлең құрылысына мүлде жанаспайтын ырғақ. Бірақ өздері әзербайжан, өзбек, түрікпен, татар, қазақ сияқты елдерден шығып, арғы замандар мен бертін кез­дер­дегі араб, ислам мәдениетінің ық­па­лын көрген классик ақындардың көбі өз халықтарының тілдерін бұрмалап жаза­тын. Сол үлгі Науаида, Физулида, тағы басқа Абай қадір­леген ескі өзбек, әзер­бай­жан, тәжік ақын­­дарында көп кездеседі. Өзі шәкірт, өзі бала ақын Абай соларға сырттай бой ұрып, алаң­­сыз еліктейді», дейді ғалым «Иузи-Раушан» өлеңіне қатысты талдауында.

Мәселенің жай-жапсарын жан-жақты ұғына түсу үшін ғұлама ғалымның пікірін әдейі толы­ғырақ келтіріп отырмыз. Маңыздысы сол, М.Әуезов ойлары Абай талпыныстарының тарихи себептері мен дәстүрлі арналарына үңіліп, аса мәнді мағлұматтар береді. Абай осы өлеңдері арқылы қазақ әдебиетіне тұңғыш рет «ғаруз» өлшемін енгізді. Ендеше, ақынның шығыстық үлгідегі бұл шығармалары ұлт­тық өлеңіміздің тарихындағы өрелі құбы­лыс, өзгеше ізденіс екені даусыз. Әде­биетіміздің тарихында Абайға дейінгі, Абайдан кейінгі дәуірлерде де шығыстық дәстүрге еліктеп, шағатайлық үлгіге іш тарт­қан ақын-жыршылар баршылық. Алай­да олардың көпшілігі шығыстық үр­дістен түрді емес, мазмұнды және идея­лық бағытты алды. Ал ұлы Абай талпы­ныс­тары тым бөлек. Оның шығысқа елік­те­уі де ерекше. Абай өзге ақындардай емес, шығыстық үлгіден мазмұнмен бірге түрді де игеруге тырысады. Бір кездері парсының атағы жер жарған ақындарымен өнер бәсекесіне түсіп, солармен бой те­ңес­­тіруге талпынған Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки, Хорезми, Құтып, Науаи, Физули және т.с.с. түркі ақындары ғарузды (аруз) таңдауға мәжбүр болып, осы өлшем­нің түркілік үлгісін қалыптастырса, Абай да қанша қиын болғанымен, бұл дәстүр­дің қазақтың ұлттық поэзиясындағы тұң­ғыш тәжірибесіне бастама берді. Әри­не тоғыз ғасырдай қолданылса да шарт­ты­лық шеңберінде ғана қалып, түркі өлеңімен толық үйлесім таба алмаған ғаруз өлшемінің қазақ тілімен, өлең құры­лы­сы­мен жанаспасы әбден анық. Сол себепті де Абай ғарузбен жазылған шығыс­тық үлгі­дегі өлеңдерінде сол дәуірде қазақ тілі­не қарағанда ғаруз өлшеміне әлдеқайда икемделген шағатай әдеби тілінің стиліне арқа сүйейді.

«Иузи-Раушан» өлеңінің тағы бір назар аударарлық тұсы – сыртқы құрылымы. Мұхтар Әуезов айтқандай, бұл үлгі қазаққа жат, араб-парсы өлең үлгісі. Ұйқас жүйесі аааә-аааә-бббә түрінде түзілген, төрт тар­мақты үш шумақтан тұратын бұл үлгінің қазақтың халықтық өлең өрнегінде кездесе бермейтіні анық. Ендеше, бұл үлгінің тегін ақын еліктеп отырған шығыстық үрдістен іздеген абзал. Жалпы, шығыстық үлгідегі классикалық түркі поэзиясында екі тармақ бәйіттерден құралған өлең түрлерінен өзге, төрт тармақтардан тұратын рубай, тұйығ, мурабба, терби-бенд сынды өлең түрлері баршылық. Бұл түрлер бір-бірінен өзгешеленеді. Мәселен рубай мен тұйығ қазақтың қара өлеңі секілді ааәа түрінде түзіліп, бір ғана төрт тармақтан тұрса, мурабба және терби-бенд түрлері ең азы 3, ең көбі 7 төрт тармақты шумақтардан құралады. Абайдың жоғарыдағы өлеңі мурабба өлең түріне келеді. Мурабба ұйқас жүйесі аааә-бббә-вввә түрінде түзілген төрт тармақ шумақтардан тұратын өлең түрі. Абай өлеңінің бар айырмашылығы – бірінші және екінші шумақтардың алғашқы үш тармағы өзара ұйқасып, аааә-аааә-бббе түрінде құрылған. Алайда бұл аса айқын айырмашылық емес. Әр төрт тармақтың алдыңғы үш тармағының және әр шумақтың соңғы тармақтарының өзара ұйқасуы мурабба өлеңінің басты белгісі саналады. Бұл түр шағатай және осман түрік шайырларының шығармаларында кеңінен қолданылған.

Тегінде, Абайдың шығыс поэтикалық дәстүрімен байланысы сөз болғанда, ондағы бар шығыстық белгіні таза араб-парсы үлгісіне тели беру әбестік. Бұл орайда сүйенерге тұрарлық салмақты пікірлер тағы да М.Әуезов зерттеулерінде айтылады. «Оған (Абайға), – дейді ғұлама ғалым, – тілдері түсінікті ең жақын ақындар болғандықтан Науаи, Физули үлгісі көп әсер етеді. Жас шағында сол ақындар өздеріне үлгі еткен Фирдоуси, Сағди, Қожа Хафиз тәрізді ұлы классиктердің ескі өзбек тіліне аударылып, Абайға сол аударма арқылы таныс болуы көңілге қонымдырақ көрінеді. Бұл соңғыларды Абай білгенде «түркішеленген аудармалардан білу керек». Яғни Абайдың үлгі мектебі араб-парсылық үрдіс емес, сол үрдістің ықпалында қалыптасқан түркі классикалық өлең дәстүрі. Бұл дәстүр түркі өлеңі тарихында Қарахандар дәуіріндегі «Құтты білік», «Ақиқаттар сыйымен» бас­талып, Алтын Орда дәуірінде Хорезми, Құтып, Бабыр-шах және Сайф Сараи сынды ақындардың шығармашылығымен шыңдалып, Науаи, Физули, Нәсими, тіпті, ХVІІІ ғасырдағы Осман түріктерінің Нәдим, Бақи сынды шайырлары шыр­қау шы­ңына жеткізген, көркемдік заңды­лық­тары ортақ, біртұтас поэтикалық құбылыс. Мұсылманша хат таныған жас Абай осы ақындардың легіне қосылмаққа құлшынды, дәуірінің алдыңғы қатарлы өлең дәстүрінің төрінен орын теппекке талпынды. Бұған қоса, Әуезовше айтсақ, шағатай үлгісіндегі үш өлеңі арқылы «ол бұрын қазақ жазып көрмеген өлеңдік оқшау түрді қызықтап, тамашалады да». Бұлардың ішінде көлемі де, көркемдік сипаты да күрделірегі «Әлифби» өлеңі. Әр тармағы араб әліпбиінің ретіне сай тізілген бұл өлең түрі шығыс поэтикасындағы күрделі көркемдік тәсілден туған. Шығыс ақыны өзінің шеберлігін паш етпек үшін әртүрлі күрделі көркемдік тәсілдер арқы­лы екі жол бәйітті мың құбылтып, астарына сан алуан мазмұн жасырған. Бұл күр­делі көркемдік тәсілдердің ішінде тарих, мувашшах, менкут, мүхмел, т.с.с. тәсілдер араб әлифбиінің графикалық ерекшеліктеріне негізделе құрылады. Мәселен, тарих – әр әріптің әбжәттік реті­не, яғни сандық сипатына негізделе құры­ла­д­ы да, өлең бәйіттегі қандай да бір сөзді құраған әріптердің сандық сипаты бәйіт мазмұнына қатысты белгілі бір жылды немесе кезеңді меңзеуі мүмкін. Менкут – бірыңғай нүктелі әріптерден түзілген мағыналы өлең. Ал мүхмел болса, бірыңғай нүктесіз әріптерден түзілген бәйіт өлең. Мувашшах – бәйіт өлеңнің тармақ басы әріптерін жоғарыдан төмен қарай белгілі бір ретпен немесе тәртіппен түзу тәсілі. Мувашшах екі түрлі болады. Біріншісінде, тармақ басындағы әріптерді жоғарыдан төмен қарай біріктіріп оқығанда қандай да бір адамның аты шығады. Ал екіншісі, Абай өлеңіндегідей, әлифбидің ретіне сай түзіледі. Яғни Абайдың «Әлиф-дек» өлеңі аса күрделі тәсілмен түзілген мувашшах өлең. Бұл екі ақынның бірінің қолынан келе бермейтін, өлеңнің өзгеше үлгілерінен саналады.

Шағатай әдебиетінде Науаи, одан кейін ХVІІІ ғасырдағы Осман түрік әдебие­тінде Есрар Дәдә (1748-1796) сынды ақын­ның шығармашылығында мувашшах өлең үлгілері кездеседі. Абай да «Әлиф-дек» өлеңі арқылы осы күрделі түрді игеруге тырысты. Ақынның бұл ізденісі өзі еліктеген шағатай өлең дәстүрін қаншалықты еркін меңгергендігіне дәлел. Сондай-ақ белгілі ғалым Қ.Жұбанов айт­қан­дай, «Абайдың түр іздеу екпінінің көп өскендігін көрсетеді».

Алайда алғашқы шығармашылық тәжіри­бесін ортақ түркі тілінен, шағатай дәс­түрінен бастаған ұлы ақын көп ұзамай ана сүтімен дарыған халықтық әдеби тіл үлгісіне, ұлттық әдебиет үрдісіне оралды. Ол осы үш өлеңнен кейін Шығыс жұрт­ына қонуды тоқтатқан. Абай шығар­ма­шылығындағы бұл бетбұрыс ұлттық әдебиетіміздің болашағын белгілеген аса іргелі құбылыстардың бірі. Тіпті ұлт­тық әдебиет қана емес, сол кезеңдегі бүкіл түр­кі тілді елдер әдебиетіндегі жа­ңа­ша бір белес. Қ.Жұбанов әдебиет та­ри­хын­­да­ғы Абай шығармашылығын онымен тұстас Зәки Уәлиди, Шайықзада Басбич, Чиха­будтин Мәржани, Қаюм Насири, Мыр­за Фатали Ахундов сынды түркі жұр­тының танымал тұлғаларымен салыс­тыра келе, «Абайдың ақындығын, басқа қа­сиеттерін былай қойып, тек әдеби тілі­міз­ді жасаудағы еңбегінің өзін ғана алсақ та, онда ақымыз кететін түрі жоқ. Оның үстіне Абайдың ірі ақын бол­ға­нын, оның өлеңі болсын, қара сөзі болсын, бұрынғы халық ақындарынан да, шағатайшыл молда ақындардан да ауып шығып, соны жол салғанын ескерсек, Абай бейнелі ақын ол кезде қазақта ғана емес, көрші елдерде де болып жарымағанын көру қиын емес», дейді.

Рас, Абай дәуірінде өзге түркі ұлыс­та­рының әдебиеті әлі де болса шығыстық үрдістің шырмауынан шыға қоймаған-ды. Хиуа хандығында ғұмыр кешкен Муқими (1851-1903), Фурқат (1858-1909), Убайдуллах Салих (1853-.....), т.с.с. ақындар стиль тұрғысынан классикалық шағатай өлеңіне қарағанда өмір құбылыстарын шы­найырақ суреттегенімен, тіл мен түрде ша­ғатай үлгісінен аса алмаған. XIX ға­сы­рдың екінші жартысында Орта Азия мұсылман елдерінің мәдени өмірінде түбегейлі реформалар жасау идеясын бастатқан «жәдидшілдік» әрекеттің өзі әдебиетке айтарлықтай жаңалық әкелген емес. Хиуа мен Қоқандағы «жәдидшіл» жыр­шылар өз өлеңдерінде көнеден келе жат­қан дәстүрлі тақырыптарды тол­ғау­мен бірге, дәуір талабына сай тың тақы­рып­тарды игеруге тырысса да өлеңнің тілі мен түріне назарға ілігерлік жаңалық енгізген жоқ. Тіпті Қ.Жұбанов айтқандай, «Абайдай жаңашыл ақын Орта Азия былай тұрсын – Ресей күншығысы ғана емес, мемлекетті ел – Түркияда да кем болған». ХV ғасырдан бері Халифат билігін қолына ұстап, мұсылмандық Шығыс елдерінің көшбастаушысы болған Осман түрік мемлекеті XIX ғасырда ескі империялық құдіретінен айырылып, дамыған Батыстың ыңғайына ығыса бастағаны тарихтан жақсы мәлім. Мәдениет пен әдебиетте Танзимат дәуірін (1860-1896) бастаған Осман түріктерінде Шиннаси (1826-1871), Зия Паша (1829-1890), Намык Кемаль (1840-1888) сынды ақындар көнеден келе жатқан шығыстық үлгідегі классикалық Диуан әдеби дәстүрінің қатаң қалыбын бұзып, әдебиетке, әсіресе өлең өнеріне жа­ңашыл сипат беруге тырысқанмен, бәрібір көне дәстүрдің шеңберінен шыға алмады. Өлең өлшемінде әлі де болса аруздың (ғаруздың) айқын үстемдік құруы, негізінен ғазал, тәркиб-и бәнд, қыйта сынды классикалық түрлердің кеңірек қол­да­нылуы танзимат дәуіріндегі жаңа­шыл­дық жай әншейін, көненің жалғасы ғана бол­ған­дығын дәлелдейді.

Абай ақындығы қазақ әдебиеті беле­сі­нен асып, жалпы түркі әдебиеті шыңынан бой көрсеткендей. Абай жазу-сызуы мен ғы­лымы орныққан мәдени қоғамдардағы сан алуан әдеби ағымдардың тартысынсыз-ақ, теориялық біліммен қаруланған білімпаздардың сын-пікір, ақыл-кеңесін естімей-ақ, Сарыарқаның төрінде отырып, ұлттық өлеңнің өлмес дәстүрін қалыптастырып, өшпес үлгісін жасады.

Абай дәуірі жалғыз қазақ қауымы үшін ғана емес, исі мұсылман, Шығыс ел­­де­рінің тарихындағы аса ауыр да күр­де­лі кезең еді. Жалпы алғанда, XIX ға­сыр­­дың басты оқиғасы – кәрі Азияның бөліске түсуі (француздардың Арабияны, ағылшындардың Үндіні, орыстардың Орта Азияны жаулап алуы) келесі ғасырдың толқынды болатынын аңғартып кетті. Өйткені аталған Азия елдері жаңа заманға дейін әлемге бағдар беріп, бағыт сілтеп келген көне руханият ошақтары, дәстүрлі қоғам орталықтары болатын. Бұған қоса Шығыстың алынбаған соңғы қамалындай болған Осман түрік қоғамы да 1839 жылы 3 қарашада қабылданған «Гүл Хане Хатт-и Нума-иуну» атты мемлекеттік ресми жар­лық арқылы қоғам өмірінің бар саласында батыстық үлгінің үстемдігін мойындап, жаңа Батыстың алдында күйрек күй кешті. Шығыс елдері тағдырының осынау ортақ желісі жасында Шығыс үрдісіне, шағатай үлгісіне еліктеген Абайдың есейе келе Еуропа мәдениетіне бет түзеуінің тарихи алғышартын әзірлеген сыңайлы. Бұл дәуірде бірнеше ғасырлар бойы араб, парсы, түркі мұсылман елдерінің мә­де­ни бірлігінің ортақ діңгегіндей бол­ған (әрине, діннен кейінгі) шығыстық әдеби дәстүр де өзінің көне дәуірлердегі көркемдік-эстетикалық құнарынан айырылып, тарихи тоқыраудың алдында тұрды. Енді, XIX ғасыр Шығысында Науаи, Физулилар сынды жаңашыл, жасампаз шайыр­лар жоқ еді. Тек солардың айтқанын қайталап, әдеби еліктеуден аса алмай, қасаң қағиданы бұза алмаған қалыпшыл ақын­дар ғана болды. Міне, жүздеген жылдар бойы адамзат баласының руханият қазынасына көркем сөздің сан алуан көрікті үлгілерін қосқан шығыстық әдеби дәстүр жаңа дәуірде өзінің бар көркемдік-эсте­тикалық мүмкіндігін сарқып, дәуір тала­бына жауап бере алмас жадағай күй кешті. Абайдың шығыстық түрден бас тартуының негізгі себептерінің бірі осында деп білеміз. Ұлы ақын көнесі күңгірт, бү­гіні бұлдыр құлдыраған көркемдік салт­тың енді өнеге, үлгі болмасын дер ке­зін­­де аңғарғандай.

 Асылы, қандай да болмасын, әдеби дәстүрдің тарихы адам баласымен, қоғам тарихымен тағдырлас. Туады, түлейді, өседі және күні жеткенде құлдырайды. Бірақ із-түзсіз жойылып кетпейді. Шығыс әдеби дәстүрі де мүлдем жойылып кеткен жоқ. Өзін қалыптастырған ұлттар мен ұлыстардың көркемдік-эстетикалық таным әлемінде өшпес таңбасын қалдырды. Бағытын батысқа бұрып, шығыстық үлгі­ден бойын аулақ сала бастаған Абай да одан біржола қол үзіп кеткен жоқ-ты. Рас, ол шығыстық түрден бас тартты. Бірақ маз­мұннан ешқашан ажыраған емес.

«Мысалы, Абай­дың «Білімдіден шық­қан сөз», «Кел­дік талай жерге енді» өлең­­­деріндегі шы­ғ­­­ыс­тық өлең өрнегі дей­­тіндердің өзі та­биғи тума құбылыс қал­­пына енген, соңы өлең өрнегіне айна­лып кете береді. Тіпті ішкі мазмұны жа­ғынан Шығыс клас­сик­те­рін­дегі махаб­бат ли­рикасына жататын «Қор болды жаным» өлеңінің өзі өлең өрнегі жағынан қазіргі зерттеушілер ше­шен­дік сөз деп атап жүрген аралас буын­ды өлеңмен көмкерілген қазақы түрге бө­лен­ген», дейді белгілі абайтанушы ғалым М. Мырзах­ме­тов.

 Ал енді Абайдағы шығыстық мазмұн тікелей араб пен парсыдан емес, Қара­хан­дар дәуірі, Алтын Орда кезеңі және шағатай дәуірі, түркілік жазба әдеби дәс­тү­рінен ұлттық поэзиямызға желі жал­ғас­тырған өлең сөздің өміршең өзегі. Ақын­ның, әсіресе, махаббат лирикасы және философиялық ой толғамдарға толы өлең жырларында көрінетін шы­ғыс­­тық сарын – оның шығармаларын шы­­ғыстық үлгідегі түркі классикалық поэ­­зиясымен тарихи және көркемдік тұр­ғыдан сабақтастырып жатқан басты белгі­лер­дің бірі. Қорыта айтқанда, Абай өз шы­­ғармашылығының алғашқы кезеңінде Шығыс шайырларының, оның ішінде түркі тілді ақындар қалыптастырған үлгіні ұста­нып, түрде де, мазмұнда да, тіпті, тілде де сол дәстүрді жалғастыруға ұмтылды.

Ол шығыстық үлгідегі классикалық өлең дәстүрін сырттай қызықтап, құр еліктеумен шектелген емес. Абай өзі үлгі тұтқан өлең дәстүрінің қыр-сырын аса жетік меңгерген кәсіби ақын деңгейінде өлең түзеді. Бұған дәлел – ақынның «Иүзі-Раушан» өлеңінің түркі арузының бар қағида шарттарына сай түзілген өлшем өрнегі және «Әлиф-би» өлеңінің аса күрделі көркемдік құрылымы. Абай шығармашылығының екінші кезеңінде шығыстық үлгіден бас тартып, түркілік ортақ жазба әдеби тіл мен сол дәуірдегі классикалық түркі өлеңі арнасынан бойын аулақ салу арқылы жалғыз қазақ әдебиеті ғана емес, жалпы түркі жұртшылығында жазба поэзия дәстүрінің жаңаша үлгісіне бастама берді. Ендігі жерде Абай поэзия тарихында Жүсіп Баласағұн, Хорезми, Құтып, Сайф-Сараи, Науаи, Физули, т.с.с. ақындар шығармашылығы арқылы жеткен, ғасырлар бойы қалтқысыз қағидамен түзілген шығыстық өлең түрлерін дайын қалыпта алмай, оларды шығармашылық талғаммен түрлендіріп, өзіндік түрлер тудырып, өлең сөздің ұлттық үлгісін қалып­тас­тырды.

 

Қуаныш ҚАБЫКЕНҰЛЫ,

филология ғылымдарының кандидаты