АБАЙДЫҢ ЛЕРМАНТОВТАН ЖАСАҒАН АУДАРМАЛАРЫ

Абай Лермонтовтан өлең, поэмадан үзінділерді қоса есептегенде жиырма жеті өлең үзінділер аударған. Лермонтов поэмаларынан Абай аударған үзінділер "Демон"-ның бас жағынан "Мұңлы шайтан" деп басталатын өлең, "Боярин Оршадан" "Босқа әуре боп" дейтін Арсенидің монологы және "Измаил бейдің кіріспе толғауымен" қатар, Лермонтовтың "Вадим" повесінің бас жағынан "Батар күнге шомылдық" деп бірталай жерін өлеңмен аударады.

Лермонтов лирикаларынан "Теректің сыйы", "Қарасам қайғырар жұрт", "Қанжар", "Тұтқындағы батыр", "Жалғыз жалау", "Жартас", "Дұға", "Бородино", сияқты үлкенді-кішілі өлеңдерімен қоса, Лермонтов аударуынан Байроннан "Еврейская мелодия" деген өлеңін "Көңілім менің қараңғы бол, бол ақын"- деген аудармамен береді. Гетеден "Горные вершины", атақты "Қараңғы түнде тау қалғыпты" да Абай Лермонтов аудармасынан алып, қазақша сөйлетеді.

Бұл айтқандарымыз аудармалар. Абай Лермонтовтың кейбір қысқа өлеңдерін аударма сияқты бастап келеді де, өз шығармаларына еркін ауысып кететін бір топ мысалдар бар. Мысалы: Лермонтовтың "Не верь себе, мечтатель молодой" деп басталатын өлеңінің алғашқы шумағы Абайдың  "Өзіңе сенбе жас ойшы" немесе Абайдың "Ауру жүрек ақырын соғады жай" дейтін өлеңі Лермонтовтың "Больное сердце бьется ровно" деген өлеңімен сарындас шығады. Лермонтовтың "И скучно, и грустно" дейтін өлеңі Абайдың "Әм жалықтым, әм жабықтым" деген өлеңімен бір тектес. Осы секілді өлеңдерді мысалға келтірген М.Әуезов: «Тегінде, жаңағыдай өлеңдерді Абайда аударма демей, "Лермонтовтың ізімен" не "Лермонтовша"деп жіктеген дұрыс» - дейді. 

Лермонтов шығармаларын Абайдың шабыттанып отырып, үлкен ақындық шеберлікпен дәлме-дәл аударғандары да бар. Мысалы, Лермонтовтың "Парус" өлеңін Абай "Жалау" деп аударған. Жалаудың орысшасы – знамя, немесе флаг. Абай бұл жерде "Парустың" "Жалау" емес екенін білмей отырған жоқ. Лермонтовтың ақындық ойы мен шабытын терең түсінген қазақ ақыны, теңіз өріндегі жалғыз желкенді, ақындық шабытты ойдың дауылын тілеген ақынның көңіл жалауына теңеген секілді. Бұл жерде Лермонтовты қазақша сөйлеткен Абай, орыстың ұлы ақынымен өнер жарысына түскендей. 

Белеет парус одинокой,

В тумане моря голубом,- деген жолдарды Абай:

Жалғыз жалау жалтылдап,

Тұманды теңіз өрінде,- деп, дәл мағынасында аударса:

Под ним струя светлый лазури

Над ним луч солнце золотой.

А он мятежный, просить бури

Как будто в бурях есть покой,- деген соңғы шумақты Абай:

Астында дария көк майдан,

Үстінде сәуле, алтын күн.

Қарашы, ол, бүлік Құдайдан 

Сұрайды дауыл күні-түн, - деп,Лермонтов сөзін жолма-жол, үлкен дәлдікпен шабыттана аударады.

Абайдың Лермонтовтан жолма-жол дәл аударған өлеңі тек бұл емес. Лермонтовтың "Утес"-ін Абай "Жартас" деп алған. Сол Лермонтовтың "Утес"-ындағы:

Ночевала тучка золотая,

На груди утеса – великана.

Утром в путь она умчалась рано,

 По лазури весело играя,- деген шумақты Абай:

Қонады бір күн жас бұлт,

Жартастың төсін құшақтап.

Жөнелді ертең, қалды ұмыт,

Көк жүзінде ойнақтап,- деп аударған. Лермонтовтың бұл жерде "золотая тучка" яғни "алтын бұлт" деген сөзін дала төсінде өскен қазақ оқырманы онша қабылдай қоймайды. Олардың ұғымынша "ақ бұлт", "ала бұлт", "қара бұлт", "қазбауыр бұлт" деген секілді бұлт бар. Ал, Лермонтов бұл жерде бұлттың әдемілігін айтқысы келіп, оны "алтын бұлт" яғни "тучка золотая" деп алып отыр. Лермонтовтың осы ойын дәл түсінген Абай, әдемі бұлтты суреттеу үшін, оны "алтын бұлт"- деп емес, "жас бұлт"- деп алып, Лермонтов суреттеген алып жартасты:

Әжімді жүзі тершіген,

Кәрі жартас таң қапты,- деп, "утес великанды" "кәрі жартас" деп өзгертіп, "кәрі жартастың" жанында "жас бұлтқа" жан бітіре, жастықты кәрілікке қарама-қарсы қойып, жастықты асқақтата жырлайды. Ертесіне кетіп бара жатқан  бұлтты Лермонтов "весело играя" деп суреттесе, Абай, "весело играяны" - "ойнақтап"-деп аударған. Қылығы тәтті, еркін де, көңілі тоқ, жеңіл жүрісті жастың образын беру үшін, ақын қазақ оқушысына өте түсінікті "ойнақтап"- деген етістікті алып, тірі суретке айналдырған. Қарны тоқ, көңілінде басқа алаңы жоқ жас төл ғана ойнақтайды. Дөп басып, дәл айтылған сөз. Бір ғана сөзбен салынған ғажап образды сурет. 

Салыстырып қарағанда Лермонтовтың "көңілді ойнаған, алтын бұлтынан", Абайдың "ойнақтаған, жас бұлты" қазақ оқырманына әлдеқайда әсерлі де, түсінікті.

Абай орыс ақыны Лермонтовты, Лермонтовтың өзімен ақындық бәсекеге түскендей шабыттана аударады. Осы жерде Абай Жуковскийдің, аударма түпнұсқамен бәсекелес болу керек,- деген сөзін жандандырып тұрғандай.

Абай Лермонтовтың Гетеден аударған ("Из Гете") "Горные вершины" деп басталатын өлеңін "Қараңғы түнде тау қалғып"-деп, жолма –жол дәл аударған. Бұл өлең Лермонтовта да, Абайда да сегіз жол. Өлеңдегі ырғақ, ой, образдар жағынан да Абай Лермонтовқа өте жақын келген. 

Лермонтовтың:

Горные Вершины

Спят в тъме ночной,- деген жолдарын Абай:

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап,- деп аударған. Лермонтовта "тау шыңдары түн құшағында ұйықтап жатса", Абайда "тау қалғып, балбырап", енді-енді ұйқыға кетіп бара жатыр. Жол шаң шығармай, жапырақ сілкінбеген табиғат аясындағы осы тыныштыққа куә болған адамның тыншығуы үшін де "таудың қалғып, балбырап", енді-енді ұйқыға кетуі керек болып тұрғандай.

Лермонтов "Тау шыңдары ұйықтады" – десе, Абай Лермонтовтан "тау" деген жалпы есімді ғана алып, оны жай ұйықтатып қоймай "қалғып", "балбырап" ұйқыға кетеді деп Лермонтовтың сөзбен салған суретінің бояуын Абай қалыңдата, айшықтандыра түседі. Лермонтовтың:

Тихие долины

Полны свежей мглой,- деген 

екі жолын Абай:

Даланы жым-жырт, дел-сал ғып,

Түн басады салбырап, - деп аударып , "жым-жырт" даланы "дел-сал" ететін қазақ сахарасының ерекше тыныш түндерін Абай қазақ оқушысының көз алдына алып келеді. 

Байроннан Лермонтов аударған он алты жолдық "Еврейская мелодия"-ның Абай сегіз жолын ғана жолма-жол дәл аударған. Лермонтов:

Душа моя мрачна. Скорей, певец, скорей    

Вот арфа золотая: 

Пускай персты твои, промчавшися по ней,

Пробудят в струнах звуки рая, - деген 

жолдарды Абай:

Көңілім менің қараңғы. Бол, бол ақын!

Алтынды домбыраңмен келші жақын.

Ішек бойлап он саусақ жорғаласа,

Бейістің үні шығар қоңыр салқын, -деп сөзбе-сөз, дәл мағынасында аударып, тек қана қазақ оқушысына түсінікті болу үшін, қазақ оқушысының ұғымына сай етіп, музыкалық аспап болғандықтан да "арфа золотаяны" алтын домбыра" деп, "певецті" әнші" демей "ақын" – деп аударған. Жырдағы лирикалық кейіпкердің ішкі толғаныс, жай-күйіне әнші емес, ақын керек болып тұр. Сондықтан да, "певецті" Абай "ақын" деп алып отыр. Онысы өлеңнің ішкі табиғи құрылысына құйып қойғандай дәл келіп, "певец" сөзінің мағынасын одан сайын көркемдеп ашып отыр.

Біз сөзіміздің басында Абайдың орыс тілін соншалықты терең білетінін сөз еткенбіз. Расында да Абай орыс тілін адам таңғаларлық дәрежеде тамаша меңгерген. Соның анық дәлелі Абайдың Лермонтовтан аударған «Тұтқындағы батыр» өлеңі. 

Лермонтовтың «Пленный рыцарь» өлеңін Абай «Тұтқындағы батыр» деген атпен жолма-жол өте дәл аударған. Өлең Лермонтовта да Абайда да жиырма жол, барлығы бес шумақ. 

Аудармаға қойылар негізгі талап, түпнұсқадағы ойдың мазмұн-мәнін, көркемдік қасиетін толық сақтап, басқа тілді оқырманға төкпей-шашпай сол күйінде жеткізу болса, Абай аударған Лермонтовтың «Тұтқындағы батыр» өлеңі- аудармаға қойылар осы талаптардың бәріне жауап беретін аударманың классикалық үлгісі. 

Абай аудармасындағы Лермонтовтың «Тұтқындағы батыр» өлеңінің кей жері түпнұсқамен жолма-жол бірдей келсе, ал кейбір жері түпнұсқадағы айтылар ойға мейлінше жақын келіп, үндес шығып жатады. 

Абай Лермонтов ойының нәзік иірімдерін мейлінше қапысыз терең түсінген. Бұл – Абайдың орыс тілін қаншалықты терең білетіндігіне дәлел болса керек. Сөзіміз дәлелді болу үшін Лермонтовтың «Пленный рыцарь» өлеңінің әр шумағын Абай аудармасымен қатар беруді жөн көрдік. 

Молча сижу под окошком темницы;

Синее небо отсюда мне видно:

В небе играют всё вольные птицы;

Глядя на них, мне и больно и стыдно,-деген жолдарды 

Абай: 

Қараңғы үй терезесі-тұтқын орны,

Көгерген көктің жүзі ескі формы.

Азат құстар аспанда ойнап ұшса,

Ұялып қарай алмас мендей сорлы, -деп аударады. 

Аудармашы ақын түпнұсқаға мейлінше жақын келіп, өлеңдегі айтылар ойды Абай да Лермонтов секілді бірінші жақта баяндайды. «Аудармашы түпнұсқаға мейлінше жақын келді,» - дейтін себебіміз, Лермонтовтағы «Синее небо отсюда мне видно,» - деген екінші жолды «Көгерген көктің жүзі ескі формы,» - деп, сөзбе-сөз емес, түпнұсқаға өте жақын келіп, еркін аударған Абай, Лермонтовтың айтайын деген негізгі ойынан алшақтамаған. 

Ал,  төртінші жолдағы «Глядя на них, мне и больно и стыдно,» - деген жолдарды Абай қысқа түрде, «Ұялып қарай алмас мендей сорлы,» - деп аударған. «Больно и стыдно,» - деген сөздерді Абай, «ұялып» -деп, өлеңнің буын санына қарай әдемі ықшамдаған. 

Екінші шумақтағы Лермонтовтың:

Нет на устах моих грешной молитвы,

Нету ни песни во славу любезной:

Помню я только старинные битвы,

Меч мой  тяжолый да панцирь железный, - деген жолдарды Абай:

Тәубә жоқ, дұға да жоқ, тентек бойда,

Өлең жоқ айтып жүрген талай тойда.

Қан ағып, қайрат қылған майдан менен

Ауыр қылыш, дулыға бірақ ойда, - деп аударады. 

Аудармадағы соңғы екі жол сөзбе-сөз, тура өз мағынасында тамаша аударылған. Лермонтовтың екінші шумағының бірінші жолындағы «грешной» сөзінің дәл, тура  мағынасындағы қазақша баламасы «күнәлі», «күнәһар» деген сөздер. Абай «грешной» сөзінің қазақ тіліндегі дәл аудармасын білмей отырған жоқ, тұтқындағы батырдың бар болмысын көрсеткісі келген Лермонтов ойын анық түсінген Абай, тұтқындағы батырдың образын терең ашу үшін «Нет на устах моих грешной молитвы»,- деген жолдарды күшейте түсіп, «Тәубә жоқ, дұға да жоқ, тентек бойда,» - деп аудару арқылы тұтқынға тұла бойы селт етпейтін хас батырға лайық қасиет дарытады. 

Лермонтовтың «Пленный рыцарь» өлеңіндегі: 

 

Каменный панцирь я ныне закован,

Каменный шлем мою голову давит

Щит мой от стрел и меча заколдован,

Конь мой бежить, и никто им не правит.

 

Быстрое время-мой конь неизменный,

Шлема забрало-решетка бойницы,

Каменный панцирь-высокие стены,

Щит мои-чугунные двери темницы, - деген үшінші және төртінші шумақтарды:

Тас дулыға, тас сауыт киінгенім,

Денемді қысып жатыр бүгін менің.

Оқ пен қылыш бұзбастай киінсем де,

Қайран атым, иең жоқ жалғыз сенің.

 

Уақыттай өзі жүйрік ат мінеміз,

Сауыттай шынжырлаулы тереземіз,

Тас дулыға болмай ма жатқан үйім,

Шарайнамшойын есік бұ да бір кез, - деп үшінші, төртінші шумақтарда сөзбе-сөз, жолма-жол, үлкен дәлдікпен әрбір сөзді өз орнында тамаша аударған Абай, аудармаға поэзияға тән сезімге толы күш беру үшін, «Каменный панцирь-высокие стены» деген жолды «Тас дулыға болмай ма жатқан үйім,»- деп аударып, «каменный панцирь» яғни, «Тас сауыт» деген сөзді «Тас дулыға» сөзімен ауыстырып қолданады. 

Десек те, өзінің табиғи орнына дөп келіп, шумақпен бірге жолма-жол жымдасып кеткен «Тас дулыға» сөзі аудармаға ғажайып поэтикалық күш беріп тұр.

«Пленный рыцарь» өлеңіндегі:

Мчись же быстрее, летучее время!

Душно под новый бронею мне стало!

Смерть, как приедем, подержит мне стермя;

Слезу и сдерну с лица я забрало, - деген бесінші шумақта Абай:

Жүйрік уақыт шаршатпай қоймас ақыр.

Денемді сауыт-сайманқысып жатыр.

Бұрын сені біреуге көп жұмсап ем,

Енді өзіме шақырдым, ажал батыр, - деп аударады. 

          Біздің ойымызша, Абай өзінің бар ақындық құдіретін, аудармашылық шеберлігін, Лермонтов поэзиясын бар иірімдермен терең түсінетіндігін осы бесінші шумақта көрсетіп отыр.  

Мчись же быстрее, летучее время!, - дегенжолды 

Абай:

Жүйрік уақыт шаршатпай қоймас ақыр, - деп, Лермонтовтан биіктей түсіп, өмірдің уақыты туралы «уақыт шаршатай қоймас,» - деп, философиялық ой тұжырымдай, айтпақ ойын өткірлей түсіп еркін аударады.  

Екінші жол сөзбе-сөз барлық иірімдермен әдемі аударылған. Соңғы шумақтың үшінші, төртінші жолдарындағы Лермонтовтың: 

Смерть, как приедем, подержит мне стермя;

Слезу и сдерну с лица я забрало, - деген жолдарды 

Абай: 

Бұрын сені біреуге көп жұмсап ем,

Енді өзіме шақырдым, ажал батыр,- деп, өз ажалын сағынған тұтқындағы батырдың ішкі жан-жүйесін жарқыраты көрсетіп, түпнұсқадағы Лермонтов ойымен үндес аударған. 

Көтеріп, түсіруге болатын, дулығаның бетіне орналасқан, көруге арналған тесігі бар қозғалмалы қалқанды, орыс тілінде  «забрало» дейді. 

Бетінде осындай қалқаны бар мұндай дулығаны европалықтар болмаса, дала төсінде өскен қыр қазағы қолданбаған, сондықтан түсінбейді де. Оқушысының білім деңгейін жетік білетін Абай, оларға түсініксіз сөздерді  тура мағнасында аударуды қолайсыз көрген секілді. Оның орнына Лермонтов поэзиясындағы асау сезімді ақынның терең ойларының барлық қырларын жарқырата көрсетіп, түпнұсқаға мейлінше жақындай түсіп, соңғы шумақтың үшінші және төртінші жолдарын сөзбе-сөз емес, еркін аударуды жөн санаса керек.

«Тұтқындағы батыр» өлеңінің түпнұсқасындағы берілетін ой, сезім, күш, эмоция динамикасын оқушысына жеткізу жағынан Абай, түпнұсқадағы Лермонтовтан биік болса биік шығар, бірақ одан бір елі де төмен емес. 

Бұл - Лермонтовтан Абай жасаған аударманың әр жолында мен мұндалап көрініп тұрған ақиқат дүние!

Абай Лермонтовтан жасаған «Тұтқындағы батыр» өлеңін қазақ тілінің оралымына сай, қай жерде еркін, қай жерде жолма-жол дәл аударуды тамыршыдай  дөп басып, дәл тауып, ғажайып түрде керемет аударып шыққан. Сондықтан да аударма қазақ тілінде тура түпнұсқадай оқылады. Бұл да Абайдың ақындық ұлылығының тағы да бір жарқын көрінісі екені ақиқат. 

Енді біраз аударма өлеңде Абай түпнұсқаны аса көркем, шешен тілмен аудара отырып, кейде бірер сөзге басқа мағына беретіні бар. Мысалы, Лермонтовтың "Қанжар" деген өлеңінде "задумчивый грузин", "черкес свободный" деген тіркестерді "грузин ашулы ұста", "ер шеркес" – деп аударған. Бірақ, Абай аудармасындағы бұл сөздер Лермонтов поэзиясының ішкі қуатына, әсем сезімнің толқынына сай келеді.

Абай қолданған асқан ақындық, көркем келісімді сөздер түпнұсқаның көркемдік қасиетін одан сайын аша түседі. Мысалы Лермонтовта: 

И черные глаза, становясь на мне

Исполнены тайнственно печали,- делінсе, Абайда:

...Қара көз қарап маған көп қадалған,

Құпия қайғы өртеніп бойын алған, - деп аударылғанда, қазақ оқушысына барынша ынтық сезімдер туғызып, ғажайып көркем үйлесімдер сыйлайды.

Лермонтовтың "Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз" деген өлеңінде:

"Ночь тиха, пустыня внемлет богу", деген жол Абайда:

"Елсіз жер тұрғандай боп хаққа мүлгіп", - деп аударылады. "Ночь тиха" деген сөз Абайдың бұл жолында жоқ. Бірақ ақын «Ночь тиха» яғни «Тыныш жым-жырт түн» деген сөзді «Елсіз жер» деп аударған.

Елсіз жердің тыныш жым-жырт болатыны әрбір оқушыға түсінікті.

Аудармадағы өлең жолдары арқылы оқушы қиялын алға жетелеп, биікке самғатқан ақын, "внемлет богу" – деген суретті "Хаққа мүлгіп"-деп аударады. Аудармада ғажайып сыпайы әсер бар. Лермонтовты аударып отырған Абай, оған кейде өз жанынан тамаша әсерлі көркем теңеу қосады. Мысалы: "Теректің сыйында"

...Арыстанның жалындай бұйра толқын,

Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып, - деген теңеу, немесе:

Екі езуім көпіріп айғайласам

Шын құтырсам, шың тасты тербеткенмін,- деген образдар Абайдың ақындық қуатындағы ірі тапқырлықты танытады. "Теректің сыйын" еркін аударған Абай, түпнұсқадағы үлкен бір үзіндіні түгел тастап кетеді. Онда Терек қарт Каспийге бір Кабардин жігітін әкеле жатырмын, оның сауыт қаттауында, алтыннан жазылған "Құранның аяты" бар дейді. Оқушысының мұсылмандық сезімін сыйлаған Абай, өз оқушысына осы жерді сол қалпында өзгеріссіз беруді қолайсыз көрген секілді.

Абай сол бөлімді тұтас алып тастаумен бірге, Лермонтовтың кейбір жолдары мен кей шумақтар ішіндегі мазмұнын өзгертіп алады. Алып келген сыйға онша мән бермей, азырқанған Қарт Каспийге Терек:

Казак-орыс қатыны бір сұлуды,

Әкеліп ем, қайтейін, оны-дағы ал, - деп, алып келген әйелін "қайтейін" деп амалсыздан беретін жері түпнұсқада жоқ. Оқушысын ширықтырып, қызықтыра түсу ниетімен "қайтейін" деген амалсыздықты Абай өз жанынан қосқан. Содан кейінгі Лермонтовтағы:

И старик во блеске власти

Встал могучий как гроза

И оделись влагой страсти

Темно-синие глаза

Он взыграл веселья полный

И в объятия свои

Набегающие волны

Принял с ропотом любви,- деп, суреттеген жолдарды Абай:

Кәрі Каспий қара көк көзін ашты,

Жылы жүзбен Терекке амандасты.

Жыбыр қағып, қозғалып сылқ-сылқ күліп,

Қатынды алды, қитықсыз араласты,- деп, образды сурет арқылы ғажап аударма жасай отырып, екі шумақтағы ойды бір-ақ шумаққа сыйғызған.

Абайдың "Мұңлы шайтан" деп басталатын "Демон" поэмасының бас жағынан еркін аударылған үзіндісін алайық. Мұнда Абай "Демонды" «Шайтан» деп аударған. Мұсылманның түсінігінде шайтан көп.

Ал, құдаймен таласатын шайтан біреу ғана. Ол - әзәзіл. Мұсылман түсінігін жақсы білетін Абай "Демонды" аударғанда он шақты жолды өз жанынан қосқан. Сол жолдардың ішінде:

Босағасы кең еді, төрде орын тар,

Төрде жалғыз отырмақ ойында бар.

Жалғыздық бір тәңірдің сыбағасы

Өршілдікпен лағынетке болған душар,-дейді. Бұл тұста Абай құдаймен таласатын әзәзілді айтып отыр. Төрде жалғыз әмірші ғана отырмақ. Ал, қалған бағыныштылар босағадан озбау керек. 

Қазақ оқушысының түсінігіне орай әзәзілдің жаманаттылығын күшейту үшін оны Абай шайтан деп атайды. Міне, өз тұсындағы оқушылардың шама-шарқы, түсінігі, діни-наным сенімдерін еске ала отырып, әдейі кіргізген осындай өзгерістері болмаса, Абайдың Лермонтовтан жасаған аудармалары бүкіл қазақ поэзиясының жеке, оқшау тұрған биігіндей.                                                                                     

Нұрғали Махан

Abai.kz