"ӨТКЕННІҢ АРТЫ, ЖАҢАНЫҢ БАСЫ..."

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы ұлт әдебиеті мен мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге тың серпін береді. Мемлекет басшысы атап өткендей, хакімнің мерейтойы тойлау үшін емес, ой-өрісіміз мен таным деңгейімізді кеңейтіп, отандастарымыздың рухани тұрғыдан дамуына ұйытқы болмақ.

Абайға бет бұру, «өткеннің арты, жаңаның басы едім» деген ұлы ақынның тағылымына терең бойлау – бүгінгі күнде үлкен маңызға ие. Абай – ұлттық болмыстың айқын үлгісі. Абай – дала даналарының барша жақсы қасиеттері мен асыл мұраларын бойына сіңіре отырып, ұлт әде­­биеті мен мәдениетін һәм қо­ғам­­дық ойды баға жетпес қазы­налармен байытқан дана да да­ра тұлға. Абай – адамзатқа ор­тақ тұлға. Ұлы ойшылдың шығар­маларының 30-дан астам тілге ауда­рылып, өміршең өлеңдері мен пәлсапалық ойлары әлемдік әдебиеттің алтын қорына енуі бұл сөзімізге айқын дәлел.

XIX ғасырдың екінші жартысында киіз туырлықты қазақ халқы әлеуметтік, рухани дағдарысты бастан өткерді. Біріншіден, ол үш ғасырға созылған отаршылдық қамытының бұғауынан қара­ша халықтың сан замандар бойы қалыптасқан жолынан жа­ңыл­ды. Екіншіден, бұл ке­зең ауыз әдебиетінен жазба әде­бие­тіне көшу кезеңіне тұспа-тұс келді. Ұлы даладағы осындай оқиғалар мен өзгерістер ұлт­қа тұтқа, ұрпаққа тұлға болатын ағартушылардың шығуына, яки олардың көпшілік қауымға өнеге беретін ағартушылық-демократиялық сипатта қалам тербеуіне түрткі болды. Бұл «мың өліп, мың тірілген» ұлттың оянуы­на ықпал етті. Ел басына күн туып, ер етігімен су кеш­кен қиын-қыстау замандар арт­та қалды. Тәуелсіздігімізді ал­дық, дербес мемлекет болдық. Еге­мендіктің елең-алаң кезінен бері ауқымды істер еңсерілді, ел­дің еңсесі көтерілді. Ұлтты ұйыс­тырып, әлемнің дамыған ел­дерінің көшіне ілесу үшін не істемек керек? Ол үшін Абай ұлағатын тереңірек зерттеп-зерделемек керек. Ол үшін Абай мұрасы – Ұлы дала өркениетінің алтын тұғырына айналуы қажет.

Президент мақаласында ұлт­тық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемле­кеттік маңызы бар мәселеге ай­­­нал­­ғандығын ерекше атап өт­ті. Себебі сананы жаңғырту ар­­­қылы жаңа мыңжылдықта елі­­­­міз­дің тың серпінмен дамуы­на жол ашылады. Бұл тұрғыда Абай мұрасының тигізер пайда­сы елеулі болмақ. Мемлекет бас­­шысы атап өткендей ұлы ақын­­­­ның ой-тұжырымдары бар­ша­­­мызға қашанда рухани азық, тау­­сылмас қазына. Сананы жаң­ғыр­туда Абайдың өміршең шы­ғар­­ма­ларының тигізер ықпалы зор.

«Жүрегіңнің түбіне терең бой­ла, мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деп тәмсілдеген Абай туралы, оның поэзиясы жайлы аз айтылған жоқ. Десе де, бүгін мен болашақтың алтын діңгегіне айналған ойшылдың тұл­ғасын толық танып үлгер­дік деу асығыстық. Сыры мен жұмбағын ішіне бүккен шығар­малары әлі де баршылық. Бұл оның тым тереңдігін аңғарт­са керек. Адамзаттың ақыл­маны ең алдымен ұлтын шексіз сүюдің қан­дай болаты­нын көрсетті. Сы­нады, сынау арқылы ұлты­ның өсіп-өркендегенін көз­­­деді. «Біздің қазақтың дос­тығы, дұшпандығы, мақтаны, мық­тылығы, мал іздеуі, өнер із­деуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аң­дып, жаулап, ұрлап, кірпік қақ­тырмай отырғанымыз» дейді хакім. Абайдың ерекшелігі – надан­дықтың орнына білімпаз­дықты, тайталастың орнына тату­­лықты, даңғойлықтың орнына даналықты сіңістіріп, хал­қымыздың рухани қасиеттерін паш еткендігі. Себебі нағыз қай­раткер ғана туған елін іргелі іс­терге бастап, орға жығатын емес, өрге бастайтын жол іздейді.

Шындығында да «Адамзат­тың Абайы» атанған ақынның әдеби мұрасы бүгінгі күнде де, болашақта да өзінің мәні мен маңызын жоймайды. Ол – ұл­­тымыздың рухани жаңғыру жо­­лындағы темірқазығы һәм шам­шырағы іспетті.

Қазақ қыздарының пара­сат мектебіне айналған Қыз­дар университетінде Абай Құ­нан­­­бай­ұлының әдеби мұра­сын кеңі­нен дәріптеу мақса­тын­­­да бір­қатар шаралар қолға алын­ды. Атап айтқанда, был­тыр­ғы оқу жылынан бастап уни­­­вер­ситеттің оқу үдерісіне «Абай­­­­тану» курсы енгізілді. Бү­­­гін­­де болашақ мұғалім ма­ман­­­да­рына абайтанудың бас­тау­лары, ақынның өмірі мен шығар­машылық жолы оқы­тылуда. Келешек педагогтер курс барысында абайта­ну мәсе­лелерінің даму бағыт­тарымен, оның ақындық мекте­бімен және хакімнің «Толық адам» философиясымен таны­сады. Осы орайда, Қыздар уни­верситетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенованың «Абайтану» атты оқулығы да жарық көрді. Оқулықта Абайдың өмірі мен шығармашылық жолы бүгінгі абайтану ғылымымен біртұтас бірлікте қарастырылады. Со­нымен қатар абайтанудың бас­таулары, шығыс, батыс және орыс әдебиеттерімен байланысы, ғұлама ойшылдың ғылым, білім, өнер, ел билеу, тарих, қоғамдық құрылыс, азаматтық көңіл күй, табиғат көрінісі, философиялық шығармаларының мән-мағынасы мен маңызы түсіндіріледі.

«Президенттің «Абайды та­­­ну – адамның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғы­лым­­ға, білімге басымдық бе­руі – кемелдіктің көрінісі» де­ген сө­зінде терең мағына бар. Өйт­кені Қазақстан Респуб­ли­касы­ның Білім және ғылым ми­нистр­лігі ұсынған жалпы бі­лім беретін мектептің 9-10-11 сыныптарына арналған «Абай­тану» оқулығы мен әдістемелік «Мұғалім кітабы» оқу құралы­ның авторы ретінде мен Абай даналығын жете меңгеру арқылы бүкіләлемдік гуманистік және ұлттық өлшемдердің адам тұл­ғасын қалыптастырудағы орнын бағамдап, қадірлеп-қастер­леп, өмірді және адамзат құпия­сын тануға болатындығына сенім­дімін», деп пайымды пікір біл­діреді ғалым Руда Зайкенова.

Сөзімізді тарихшы, мем­ле­кетшіл азамат Дархан Қыдыр­әлінің мәйекті ойымен аяқтағым келіп отыр: «Абайдың өнегесі қашанда өзекті. Бос мақтан үшін есепсіз шашылатын түрлі той дүрмекті тыйып, дарақылықтан бойды жиып, қанағат пен қайы­рымдылықты, ынсап пен пара­саттылықты басшылыққа алсақ, кісілік һәм ұлттық қалпымызға да жақындай түсер едік...»

 

Жандар АСАН