1885 жылдың жазында Семейге америкалық журналист Джордж Кеннан келіпті. Бұл туралы мен оның «Сибирь и ссылка» деп аталатын екі томдық кітабынан оқып білдім. Ол Ресей түрмелері мен айдауда жүрген адамдардың тіршілігін зерттеу мақсатында Сібірге саяхат жасаған. Губернатор америкалыққа түрмені көрсетіп болған соң қаладағы кітапханаға соғуды ұсынады. Семейдегі кітапхана бұдан екі жыл бұрын ғана революционерлердің атсалысуымен ашылған екен.
Кеннан ол жердегі әдебиет қорын көрген кездегі таңданысын жасырмайды (бұдан әрі «Сибирь и ссылка» кітабынан келтірілген үзінділерді өзім аудардым): «Губернатордың үйінен оның кеңесі бойынша көпшілік кітапханаға бардым. Қаланың орталығында орналасқан ағаштан соғылған қарапайым ғана үй екен. Ішінде шағын антропологиялық музей, көптеген орыс газет-журналдарын табуға болатын, жайлы оқу бөлмесі мен мың томға жуық кітаптардың керемет жинағы бар екен. Олардың арасынан мен Спенсер, Бокль, Льюис, Миллий, Тэн, Лебокк, Тэйлор, Хаксли, Дарвин, Лайелль, Тиндалль, Альфред Рассел Уоллес, Маккензи Уоллес пен сэр Генри Мэннің еңбектерін, Скотт, Диккенс, Марриет, Джордж Элиот, Джордж Макдональд, Энтони Троллоп, Джастин Маккарти, Эркман-Шатриан, Эдгар Аллан По мен Брет Гарттың романдары мен повестерін тауып алып, таңғалдым. Ғылыми және саяси-экономикалық әдебиет бөлімдері тіптен керемет екен».
Әрі қарай Кеннан күнделік түрінде жазылған еңбегінде былай дейді: «Жоғарыда аталған авторлардың көптеген ғылыми шығармалары цензура араласқан орыс басылымдары болып шықты. Леккидің «Рационализм тарихы» атты еңбегінің әрбір тарауының сиқын цензор бұзыпты. Кітаппен асығыс таныстым, кейбір жерлерін он беттен он алты бетке дейін қиып алып тастағанын көрдім. Осындай қысқартылған күйдің өзінде шалғайдағы Сібір қаласы Семейде бұл кітап қорқақ орыс үкіметі үшін қауіпті болып көрінгені сондай, жоғарыдан түскен бұйрық бойынша оны бөлек алып қойып, оқырмандарға ішкі істер министрінің арнайы рұқсатынсыз бермейтін болды. Цензор «қауіпті» және «зиянды» жерлердің бәрін қиып алып тастағанына қарамастан, Спенсердің, Милльдің, Льюистің, Леббоктың, Хаксли мен Лайелльдің шығармаларына да осындай тыйым салынды».
Бұдан кейін Джордж Кеннан сот мекемесінде қызмет ететін Александр Леонтьевтің үйіне барады. Сол жерде кешкі мезгілде он беске жуық адам жиналады. Сөз кезегін америкалықтың өзіне берейін:
«Бізді жиналған қауымға таныстырған соң, еркін тақырыптағы қызу әңгіме басталды. Сұрағыма жауап бере отырып, Леонтьев Семей кітапханасының тарихын баян етіп берді де, ол тек саяси айдалып келгендер үшін ғана игілік болып қоймай, қаланың интеллектуалды өмірін жандандырғанын да тілге тиек етті.
‒ Тіптен қырғыздардың өзі [он тоғызыншы ғасырдың тарихи деректерінде қазақтарды қырғыз деп атаған – автордың ескертпесі], ‒ деді ол, ‒ арасында кітапханаға келіп тұрады. Мен қырғыздың бір білімді шалын танимын, оның есімі Ибрагим Конобай. Ол кітапханаға келіп қана қоймай, Бокль, Милль, Дрейпер сынды авторларды оқиды.
‒ Сонда сіз, ‒ деп айқайлап жіберді бір студент, ‒ Семейде Милль мен Дрейпердің еңбектерін оқитын қырғыз шал тұрады деп айтқыңыз келе ме?
‒ Иә, дәл солай, ‒ деп Леонтьев дым болмағандай сөзін жалғастырды. ‒ Мен оны алғаш рет көргенде, ол менен индукция мен дедукция арасындағы айырмашылықты түсіндіріп беруді сұрады. Кейін мен оның шынымен де ағылшын философиясын зерттегенін, мен атап өткен авторлардың барлығын орыс тіліндегі аудармада оқып шыққанын білдім.
‒ Сіз ол оқығанын түсіне алды деп ойлайсыз ба? ‒ деп сұрады студент.
‒ Мен одан қатарынан екі кеш бойы Дрейпердің «Еуропаның ақыл-ойының дамуының тарихы» деп аталатын шығармасы бойынша емтихан алдым деуге болады, ‒ деп жауап берді Леонтьев, ‒ және ол кітапты қанағат етерлік деңгейде түсінгенін айтып өткім келеді».
Ибрагим Конобай деген есімді кездестіргенде аузым ашылды да қалды. «Қырғыздың бір шалы» деп отырғаны Ибраһим Құнанбай, яғни біздің ұлы Абай атамыз ғой! «Тоқтамаңдар, әрі қарай жалғастыра беріңдер!» деп іштей тілеп отырсам да, үлкен өкінішіме қарай, осыны айтып болған соң, Леоньтевтің үйінде жиналған қауым басқа тақырыптарды талқылауға көшіп кетеді. Өзім сол бөлмеде жиналған адамдардың арасында тыңдап отырғандай сезімде болдым.
Семейге айдалып келген орыс революционерлерімен Абай жақын араласқан. Леонтьев сияқты революционерлер жайында ұлы ақын: «Бұлар халық қамын ойлайтын, әділдікті көксейтін, көптің теңдігін қорғайтын оқымысты, білімді жандар екен. Бұлар менің шығысымды батыс етті», деп айтып отырады екен. Мұны Абайдың тәрбиесінде болған немересі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың естеліктерінен білеміз.
Америкалық жазған екі томдық қалың еңбекте Абайдың есімі тек бір жерде ғана аталады, бірақ соның өзінде оның аңғарғыш ақылы мен білімге құштарлығының қандай болғанын біле аламыз. Ұлы ақынмен кездесу сәті түспей, америкалық алдағы күндері сапарын әрі қарай жалғастырады.
Кітапты түнде жатар алдында оқып отырған едім. Ұйқым лезде ашылды да, ноутбугымды қосып, желіден қосымша ақпарат іздей бастадым. Ресей империясында шыққан «Восточное обозрение» газетін тауып алдым. Оның 1886 жылы 26 маусымда жарық көрген санында Семей кітапханасына арналған мақала жарияланыпты. Кеннанның келгенін, кейбір заттарды суретке түсіріп алғанын атап өтіпті. Бұл ақпарат әрі қарай ізденуге дайын зерттеушілер үшін маңызды болып қалар деп айтып отырмын. Сонымен қатар кітапхана ашылған 1883 жылдың 18 қыркүйегінен 1886 жылдың 1 қаңтарына дейін болған оқиғалар баяндалыпты. Осы аралықта оның жазылушысы 270 адамға жеткені айтылған: Соның ішінде 88 жазылушысы – шенеунік, 63-і – мещан, 44-і – офицер, 35-і – дворян, 16-сы – көпес, 15-і – төменгі шенді, 4-еуі – қырғыз, 3-еуі – казак, 2-еуі – шаруа.
Төрт қазақтың біреуі Абай екені анық, қалған үш қандасымыз кім болды екен? Тарихшылар уақыты келгенде мұның да жауабын анықтайды деп сенейік.
Семейдегі кітапхана қазір де еліміздің ең көне кітапханаларының бірі. Бір ғасырдан көбірек уақыт өтсе де, Абай оқыған кейбір кітаптарды бүгін де алуға болады дейді. Кім біледі, бір күні сәті түсіп, сол кітапханаға соқсақ, Абай атамыз оқыған кітаптардан бөлек Кеннан айтқан он алты беті қиылған кітапты да тауып алудың сәті түсіп қалар.
Америкалық автордың кітабындағы үзінді несімен маңызды?
Біріншіден, Абайдың қырық жасқа таяп қалса да, балаша таңғалуды ұмытпағанын, іштегі ғылыми ізденіс отының сөнбегенін аңғарамыз. Біреумен енді танысқанда адам әрі барса жөн сұрасады, бірақ өзгемен таныстығын дедукция мен индукцияның айырмашылығын сұраудан тек нағыз ғұлама бастайтын болар.
Екіншіден, заманы мен айналасы берген бар мүмкіндікті пайдаланып, бойына бүкіл әлемді сыйдыра білгенін көреміз. Қазақ халқы бұдан ұтпаса, ұтылмағаны анық. Ойымда бірден: «Абай не үшін Спенсер мен басқа озық ойлы замандастарын оқыды екен?» деген сұрақ туындады. Бұл ойшылдардың еңбектеріне екінің бірінің тісі бата бермейді. Қазірдің өзінде бұларды оқып шықсаң да, оқығаныңды бірлесіп талқылай алатын адам табу оңай емес. Мойындаймын, философия факультеттерін аралап шықсаң, Спенсердің дүниетанымы жайында әңгіме өрбіте алатын бір-екі оқытушыны кездестіресің. Ал Абайдың заманында ұлан-ғайыр жерімізді он кесіп өтсең де, Спенсерді білетін бір қазақты кездестіру мүмкін бе? Абай осыны білсе де, өзін жалғыздыққа душар етіп оқыды. Мұндай қадамға тек ұлы адам ғана барады.
Ғылымның үстемдігін дәріптеген Бокльді, әйел құқықтарын алға тартқан, феминистік көзқараста болған Милльді, эволюция теориясын дамытқан Дрейперді оқудан безетін, «дәстүріміз бен дініміз барда оларды оқып қайтеміз» дейтін небір «данышпандарды» қазірдің өзінде кездестіруге болады. Осылардың еңбектерін оқымағанда, Абай халқы мен адамзатқа қалдырған мол мұрасын берер ме еді?
Үшіншіден, Абай көзі тірі замандастарының ең озықтарын оқыды, уақыт талабынан қалғысы келмеді. Сонымен заманының заңғар қаламгері ғана емес, көрнекті оқырманы да болған Абай атамыздан бүгінгі кітапсүйер қауым қандай үлгі алуы керек?
Заманыңның озық ойлы ойшылдарын, ғалымдарын оқу керек. Өз басым осындай авторлардың қатарына Николас Талеб, Ювал Харари және басқаларын жатқызар едім.
Тек көркем әдебиетті ғана оқи бермей, философия, социология, басқа да гуманитарлық ғылымдар шеңберіндегі әдебиетпен де таныс болу қажет. «Восточное обозрение» газетінде жарық көрген мақаладан Семей кітапханасының сол кездегі қорында көркем шығармалардың мол болғанын білеміз. Бірақ Абай, қазіргі тілмен айтқанда, нон-фикшн жанрына да ерекше зейін қойды.
Дәстүр мен дін тақырыбының айналасында жүре бермей, заманауи мәселелерге де назар аудару керек. Абай заманының әйел құқықтары, эволюция теориясы сияқты өзекті тақырыптары бойынша ізденгенін Кеннанның үзіндісінен көріп отырмыз. Біздің заманның көкейкесті мәселелері – экология, қоршаған ортаны қорғау, орнықты даму тақырыбы, адами капитал, адам құқықтары, төртінші өнеркәсіптік революцияға дайындық және т.б. Ұлы Абай замандасымыз болғанда, осы тақырыптардың барлығын жетік меңгеріп, олардың шешімін табуға белсенді араласатынына сенімдімін. Ал біз осы тақырыптар бойынша қаншалықты оқып, ізденіп жүрміз? Міне, мәселе қайда жатыр.
Бақытжан БҰҚАРБАЙ,
саясаттанушы, «Forbes Kazakhstan» журналының бас редакторы
egemen.kz