АБАЙДЫ АРДАҚТАҒАН АБДУСАТТОР

Қазақ-тәжік халықтарының арасындағы достық қарым-қатынастың тамыры тым тереңде жатыр. Оған екі елге ортақ мәдени жәдігерлер мен ауыз әдебиеті үлгілері дәлел бола алады. Тәжік-қазақ достық қоғамының төрағасы, профессор Абдусаттор (Абсаттор) Нұралиев елу екі жыл бойы қазақ-тәжік халықтарының арасындағы достық қарым-қатынас пен әдеби байланысты зерттеп, әсіресе ұлы Абай мен Шығыс әдебиетінің арақатынасына ерекше ден қойып зерттеп жүрген жалғыз ғалым еді. Биыл 21 наурызда дүниеден өтті.

Ғалымның көзі тірісінде жазыл­ған бұл мақалаға негізінен оның Абай жайындағы зерттеулері арқау болады.

А.Нұралиев 1998 жылы Душан­беде «Абай және Абайдан кейін­гі қазақ ақындарының парсы-тәжік әдебиетімен байланысы» тақырыбында докторлық дис­сер­тация қорғады. Кейінгі ғылы­ми-зерттеу еңбектерінде де Абай тақырыбына айрықша мән беріп келді. 1995 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген ұлы ақынның өмірі мен шығарма­шылығына арналған «Абай» энциклопедиясына арнап жиырмадан астам ғылыми мақала жазды. Бұл мақалаларда Абай Құнанбаев шығармалары тәжік әдебиетінде 1950 жылдардың басынан мәлім бола бастағаны; Абай жайындағы алғашқы мәліметтердің бірі Тәжік­станда шығып тұратын «Хаки­кати Ленинабад» («Ленина­бад ақиқаты») газетінің 1950 жылғы 11 тамыздағы санында ақынның туғанына 105 жылдығына байланысты жарияланғаны; А.Мир­почаевтың «Ұлы орыс мәдениетінің досы» деп аталатын мақаласында Абайдың өмірі мен шығармалары жайында қысқаша мағлұмат берілгені; ұлы ақынның парсы-тәжік әдебиетін жетік білгендігі баян етіледі.

1954 жылы «Ленинабадская правда» газетінде ұлы ақынның қайтыс болғанына 50 жыл толуына орай С.Атаджановтың «Қазақ халқының ұлы ағартушы ақыны» атты мақаласы жарияланыпты. Онда да Абай өмірі, шығармашылығы әңгіме болады. Абай аудармалары сөз етіледі. Республикалық әдеби «Шарқи сурх» («Қызыл шығыс») журналы сол жылы ақынның «Жастықтың оты қайдасың?..», «Жүрегім менің қырық жамау...» (аударған Бобо Хожи), «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...», «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы...» (аударған Ғаффор Мирзо), «Балалық өтті, білдің бе?..», «Қалың елім, қазағым, қай­ран жұртым» (аударған А.Шари­фи) өлеңдерін тәжік тілінде тұң­ғыш рет жариялайды. Абай өлең­дері Өзбекстанда тәжік тілін­де шы­ғатын республикалық «Уз­беки­­стони сурх» («Қызыл Өзбек­стан») газеті беттерінде де көріне бас­­тайды. Тәжіктің белгілі ақын-жазу­шылары М.Тұр­сынзаде, Д.Ик­роми, М.Қанаот, Ю.Акебиров, Г.Саф­­риева, А.Сейфуллоев Тәжік­­стан­да өткен қазақ-тәжік әде­биеті мен мәдениеті күндерінде (1963, 1969) жа­рияланған ма­қа­ла­ларында Абайды қазақ әде­биеті­нің классигі деп таниды. Тә­жік әдебиетші ғалымдарының зерт­теу еңбектерінде, монография­ларында, мақалаларында Абай жөнінде соны пікірлер айтылады [Абай. Энциклопедия. -Алматы: «Атамұра», 19951, 541 б.].

Ғалым-ұстаз А.Нұралиевтің 1994 жылы «Орталық Азия халық­тары әдебиеті», 1995 жылы «Абай және тәжік әдебиеті», 2001 жылы «XIX және XX ғасырлардағы қазақ-тәжік мәдени және әдеби бай­ланыстары» атты еңбектері ком­поративистика мәселелеріне ар­налған. Оның 2011 жылы жа­рық көрген «Қазақ-тәжік әдеби бай­­ланысы» кітабында қазақ-тәжік әдеби байланыстарының өзек­ті мәселелері, түрік-парсы әде­­биет­терінің дамуындағы руха­ни алыс-берістің рөлі ғылыми тұр­­ғы­дан жүйелі талданады. Сон­дай-ақ қазақ әдебиетін зерттеу­де пар­сы-тәжік әдебиетіндегі тари­хи дерек­тердің құндылығы, парсы-түрік әдебиеттерінің өзара ықпалы жа­йында құнды пікірлер айтылады.

«Тәжік фольклорын зерттеу­ші­лер Көрғұлы жайындағы аңыз түркі халықтарының творчествосынан дамыған шығарма деп санайды», – деп жазады автор осы моно­графия­сында. – Ал оның тәжік тіліндегі нұсқасы Орталық Азия халықтарының достығы мен өзара шығармашылық байланыстарының нәтижесі болып саналады.

XIX ғасырдың орта шенінде пайда болған Көрғұлы қиссасының қазақша нұсқасы қазақ халқының төл туындысына жақын келеді. Олай дейтініміз Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсарин заманында Көрғұлы қазақтар арасында кең тараған болатын. Шоқан Уәлиханов ол қиссаның кейбір үзін­ділерін өз қолымен жазса, Ыбы­рай Алтынсарин өз өлең­дерін­де Көрғұлының ұлы Әуезге жазған нақыл сөздерін пайдаланған еді».

Автор енді бірде атақты «Шах­нама» сюжеттері қазақ ауыз әде­биетінде ғана емес, жазба әде­бие­тінде де кең тарағанын, әсі­ресе, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтын­са­рин шығармаларында «Шах­нама­ның» негізгі кейіпкерлері – Жәмшид, Ескендір, Анушерван, Рүстем, Бахрам және т.б. есімдері ерекше бір құрметпен аталатынын айтады.

Тәжік энциклопедиясына А.Нұ­ра­лиевтің қазақ әде­биеті жа­йында жүзден астам мақа­ла­сы енген. Мұның сыртында, А.Құнанбаев, М.Әуезов, С.Мұ­қанов, Ж.Жабаев, Т.Ізтілеуов, Р.Бер­дібаев, Ә.Жәмі­шев­тердің өмі­рі мен шығармашы­лығы туралы жиыр­мадан астам мақаласы, қазақ-тәжік әдебиетінің арақатынасына арналған отыздан астам теле-радиолық бағдарламасы бар.

Белгілі ғалым кейінгі жылдары Ахмет Ясауидің, Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбектерін, Тәжікстан қазақтарының тарихы мен мәдениетін тереңірек зерт­­тей бастады. 2011 жылдан бері Тәжік­стан-Қазақстан дос­тық қоғамы­на төрағалық еткен ға­лым-қайрат­кер Қорғантөбе қала­сын­дағы бір көшенің Қазақтар көшесі деп аталуына мұрындық болды.

Тәжік әдебиетінің негізін салушы Садриддин Айни есімі қазақ оқырмандарына да жақсы таныс. Айни мен Абай шығармалары бір-бірімен үндес. Абай да, Айни де әрі ақын, әрі сазгер, қарасөзге де жүйрік.

 Кезінде М.Әуезов С.Айни­дің А.Тоқ­мағамбетов пен Қ.Мұха­мед­жанов аударған «Құлдар», «Бұхара» романдарына жақсы баға берген. 2010 жылы А.Нұралиев «Абай және Айни» деп аталатын конференция ұйымдастырып, осы тақырыпта ғылыми баяндама жасады.

Абайдың өмірі мен шығар­машылығын ыждағатты зерттеп жүрген ғалым «Тәжік әдебиеті мен өнері» деп аталатын үш томдық энциклопедияның бірінші кітабына Абай туралы мақала жазды.

2010 жылы Абайдың «Қара сөздері – ғақлияны» жазушы Фатхулла Азизовпен бірлесіп қазақ тілінен тікелей тәжік тіліне аударып, алғысөз жазды. Кітап Қазақ­станның Тәжікстандағы ел­ші­лігінің демеушілігімен 1 000 дана басылып шықты.

Ғалымның 2011 жылы Душан­беде жарық көрген «Тәжік-қазақ әдеби байланыстары» атты 465 беттен тұратын моно­гра­фиялық еңбегінде қазақтың Абайдан кейінгі кітаби ақындары­ның Шығыс тақырыбына арнал­ған шығар­малары туралы әңгіме қоз­ғалады. Онда Ш.Құдай­бердиевтің тәжік-парсы ақындары Сағди, Хафиз шығармаларынан аудар­малары, Шәді ақын дастан­дарының тәжік-парсы классикалық әдебиетімен тікелей байланысы, Садриддин Айнимен Бұхара медресесінде бірге оқыған Тұрмағамбет Із­тілеуов­тің Фирдауси «Шахнамасы­ның» «Рүстем-Дастан» туралы үлкен бөлімін тәжік тілінен қазақ тіліне аударуы, Жүсіпбек Шай­хысламұлының тағы басқа қазақ ақын-жазушылары шығармалары терең зерттеліп, құнды пікірлер айтылған. Еңбектің «М.Әуезов және тәжік әдебиеті» деп аталатын арнайы тарауында «Абай» романының тәжік тіліне аударылуы (1955), тәжік жазушылары мен ғалымдарының мақала­ларын­да Абайдың өмірі мен шығар­­машылығы терең зерттелген. М.Әуезовтің еңбектері туралы ғылыми пікірлер айтылған. Қо­ры­та айтқанда, Абайдың өмірі мен ақындық қарымын тәжік оқыр­мандарына бұрынғыдан да тереңірек ұғындырған 1955 жылы баспа көрген «Абай» романының аудар­масы екенін ғылыми негіз­де дәйекті пікірлермен дәлелде­ген. А.Нұралиевтің түркітану мәсе­ле­леріне арналған зерттеу мақа­лалары мен Түркістанда, Көкше­тау мен Нұр-Сұлтан қалаларында ұйым­дастырылған халықаралық симпозиум, конференцияларда жасаған баяндамаларында да қазақ-тәжік және парсы әдебиеті мен мәдениеті жайында әңгіме қозғалады.

Қазақ-тәжік мәдени, әдеби байланысын, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин мұраларын зерттеп, оны орыс, өзбек, тәжік тағы да басқа шетелдерге таныстырып насихаттап жүрген Абдусаттор Нұралиев еңбегі елеусіз қалмауы тиіс. Елімізді, Абайды ардақтаған ағайын бізге де құрметті. Ғалымның «Абай және тәжік әдебиеті», «Таджико-казахские культурно-литературные связи XIX и XX в.в.» және т.б. кітаптары қазақ тілінде жарық көрмеген.

Биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Осыған орай А.Нұр­алиевтің Абай өмірі мен шығар­машылығы жайында жазған еңбек­терін қазақ тілінде кітап етіп бас­тырып шығарсақ, ұтпасақ ұтыл­масымыз анық.

 

Серікбай Оспанұлы,ақын,

Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік

педагогикалық университетінің профессоры