"АСЫЛ СӨЗДІ ІЗДЕСЕҢ..."

Абай атамыздың асыл мұрасы біз үшін баға жетпес байлық. Ол – ақын ғана емес, өзінің өшпес өлеңдері арқылы туған xалқының басты міндеттерін батыл көрсетіп берген данагөй.

Қазір әлем сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жа­ңа мін­деттер мен тың талап­тар қойы­луда. Ғылымдағы жаңа­лық­тар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді.

Сондай-ақ Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – дейді. Ал қазіргідей жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек. Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз.

Абайдың еңбектерін оқу барысында түсінгенім, оның шығар­ма­ларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. 

Абай қазақ қоғамында еңбек туралы жаңа түсінік қалып­тас­тырды. Ғұламаның айтуынша, еңбек – жай ғана қызмет емес, адам болмысының айнасы. Еңбектің өмір сүру құралы екендігін баршаға насихаттайды. Ғылымды игеру, тану, білімді болу – табан ақы маңдай тердің, еңбектің мәні. Сондықтан ақын еңбек пен мақсатты өлеңдерінде асқақтата жырлады.

Бізге, Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды ба­йыппен сараптай білуіміз қажет. Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған татулық пен бірлікті бәрінен жоғары қойған абзал.

Өзім Абайдың көп өлеңдерін, қара сөздерін оқып, жұмыста пайдаланамын. Абайдың айтқан өсиеттері қазіргі өскелең ұрпақ­қа үлкен өнеге. Көптеген жаз­ба­ларға сүйе­нер болсақ, Шыңғыс Уә­ли­­ханов Көкшетау ок­ру­гі­­нің, ал Құнанбай Өскен­бай­­­ұлы Қарқа­ра­лы окру­гі­нің аға сұлтаны болған. Екі би­лік басы­ның өкілдері бір-бірін жақ­сы таныған. Міне, Абай Құнан­баев пен Шоқан Уәли­ха­новтай болашақ қазақ зия­лылары әкелерінің бір-біріне деген қамқорлығы, жанашырлығы, сондай-ақ достықтың мызғымас алтын көпірін осыдан көруге болады. Және де Уәлихановтар отбасының кеңесімен Құнан­бай­дың ұлы Халиолла Шоқан Уәлиханов оқыған Омбы Кадет корпусында оқыған екен. Бұл ғақлиялары кейінгілерге үлкен өнеге. Сол кездегі зиялы азаматтар өз ұрпа­ғының білімді болуына зор мән бере отырып, әскери білім алуын құптаған. Сол зиялы азаматтардың сара жолдарымен Кадет корпусында білім алып жатқан өрендердің ұлтжанды, қазақтың намысты азамат етіп тәрбиелеу менің мерейлі міндетіміз деп білемін.

Өзім бала кезімнен сүйіп оқы­ған­дықтан әр шаңырақта Абай­дың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұр­уы керек деп санаймын.

Осы жылы қазақтың данышпан ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тойланады. Сол себепті жылдың айрықша атап өтілуіне қатысты дайындық осы күндері Қазақстан ғана емес, күллі әлемде басталып кеткендей. Біз де өзіміздің мекемеде бір жылдық іс-шаралар жоспарын құрып, Абайды тану, еңбектерін насихаттау мақсатында жұмыстарды жасап жатырмыз. Сондай-ақ Абай өлеңдерін оқу эстафетасын біздің де кадеттеріміз бен әскери қызметкерлеріміз жалғастыруда.

Абай өлеңдерінен тәлім алу, оны ұғынып бойына сіңіру – бүгінгі ұрпақ алдындағы міндет. Сол үшін «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» – деген сөз әрбіріміздің ұстанымымыз болу керек деп ойлаймын.

 

Серік Асанов,

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының бастығы