А.МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ: АБАЙ ЖӘНЕ ӘЛМАҒАМБЕТ

 

Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй,- деп бүгінгі ұрпаққа  айтқан Абайдың бұл өсиеті тәңір жыршысына айналды.

Бұрынғы фольклорлық ән үлгісі келе-келе томаға-тұйық, қалыптан әлдеқайда ұзап шығып, жеке ауылдың, болмаса ру-ұлыстың ғана тиесілі сыбағасындай болмай, кең байтақ қазақ сахарасының ортақ туындысына, қазына байлығына қосылды. Сарыарқадан ән әуелеткен Сегіз сері, Біржан, Ақан сері әндері  қазақ жүртының батыс-шығысына тегіс жария болды. Бұл қатарда алдымен ауызға ілігері тағы да Абай әндері. Оның ішінде ерекше ел көкейіне қона кеткен екі ән - «Айттым сәлем, қаламқас» («Жігіт сөзі») пен «Сегіз аяқ» («Алыстан сермеп») қазақ сахарасында ерекше кең таралды.

Қарт Шыңғысты мекендеген елге арқа әндерінің дендеп тарай бастағаны да Ұлы атамыз Абайдың ән, сән түзеген жастық, бозбалалық шағымен тұспа-тұс келетінін М.Әуезов әріден байыптап суреткерлік шеберлікпен пайдаланғаны оқырманға «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы белгілі.

Ұлттық поэзиямызға жаңа мазмұн, жаңа түр беріп, сол арқылы қазақ халқының дүниетаным көзқарасын кеңейтіп, ақыл-ой санасын тереңдетіп, жаңа өріске бастаған  ақын, қазақ музыка өнерін дамытуда да асқан жаңашыл болды. Бүгінгі ұлттық музыка әлемінде «Абай стилі» деп аталатын ақынның музыкалық мұрасы соның айғағы. «Сөз түзелді тыңдаушым, сен де түзел» деген ақын поэзияға қойған заңғар талабын қазақ музыкасына, оның ішінде қазақ өнеріне де қоя білді.

      «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ел данасы» - деген Абай музыкаға келгенде:

Құр айғай бақырған

Құлаққа ән бе екен?

Өнерсіз шатылған,

Кісіге сән бе екен?

Немесе:

Жаманға «жар» деген-ақ, ән көрінер

 Жақсы ән білсе, айтуға кім ерінер?

Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп,

Жабырқаған көңілің көтерілер, - дегенінде Ұлы ақынның әнге деген терең философиялық көзқарасы оның көптеген өлеңдерінен «мен мұндалап» танылып тұрады. Тұтас жұртты адамгершілікке, имандылыққа, адалдыққа, бауырмалдыққа тәрбиелеудің бір үлгісі – өнер, ұлттық өнер деп білген Абай сөз бен саздың, әуеннің ара жігін ашпады. Екеуін де тәрбиелік бағытта қуатты құрал ретінде жұмсай білді. Ең алдымен өнерпаз беделін көтеріп, көпке әйгілі етудің жолдарын жиі қарастырып отырды. Қолынан келгенше ондай атаққа шыққан жас өнерпаздарды өз ауылына шақырып алып, жиі мәжілістес болып, ұзақ уақыт қолына ұстап, ән сырын, өнер сырын ашып, түсіндіріп, жол-жөн нұсқады. Әсем әнді құлай сүйген ақын өресі биік өнерге қатаң талап қойды. Әнді тыңдауда, әншіні бағалауда табиғи талант иесін жоғары қадір тұтты.

Бір өкінішті жері Абай әндерінің туу, таралу жайы әлі күнге дейін өзінің тиянақты зерттеушісін тапқан жоқ.  Абайдың «ақындық мектебі» болғанын білгенімізбен, «әншілік мектебі» туралы қай-қайсымыз да мүдіріп қаламыз. Шындығына келгенде көптеген архив құжаттарында, ел аузынан жиналған ақын замандастарының, немесе өз ауылдастары мен туған-туысқандарының естеліктерінде Абай әндерінің шығу төркіні, ол әндерді орындап, көпке таратушы, әнші шәкірттерін есімдері кездесіп отырады. Бұл қатарда Абайдын ақын шәкірті Көкбай әншінің, алыс ауылдастарын атасақ, Әсет, Әріп, кейіннен Абай қолына келіп тұрақтап қалған Мұқа, Уәйіс, өзінің аталас жақыны Майбасардың Мұхаметжаны, кейіндеу Әлмағамбет, Әмір, өз баласы Акылбай, немересі Әубәкір болып жалғаса береді.

Ұлы ақынның өзіне ерекше ұнап, қолайына жаққан, «өз әншім» деп білген тарихи өнерпаз тұлғалардың бірі – Әлмағамбет Қапсалямұлы. «Абай жолы» роман-эпопеясының көрнекті кейіпкерлерінің бірі. Мұхтар Әуезов Әлмағамбетті жақсы білген. Таныс, сырлас, талай рет дәмдес, мәжілістес болғандықтан Абайдың өз балалары Ақылбай, Мағауия, Әбіштердің қатарында соларға қатысты оқиғалар ішінде үнемі қатыстырып, көрсетіп, суреттеп отырады.

Сондай деректердің бірі – «Қазақ тілі» газетінің 1924 жылғы 27 желтоқсан №131 саны. Онда «Білдіру» атты құлақтандыру мақала жарияланады. «Осы жылы 29 декабрде Луначар клубында қазақтың байтақ даласында өткен атақты сыршыл ақын Абай (Ибрагим) Құнанбайұлының дүниеден өткеніне 20 жыл толғанын еске түсіру үшін Семейдің «географический обществосы» құрметтеп ескерткіш кешін жасайды» деп жарияланған. Күн тәртібі бойынша Абайдың әндері орындалатыны айтылып, әншілер Әміре, Әлмағамбет есімдері аталады.

Абайдың Әлмағамбетті іш тартып, өз әншісі болуының  себептері болған. Ақынның қырықтан асқан шағында өлең, ән қуаты тасқындап, кемеліне келген кезінде жастық, махаббаттың шерменді шерін, ыстық лебізін Әлмағамбет әншідей жеріне жеткізе дем тартып орындаған әнші кемде-кем. Абай әндерінің жаңашылдығы Әлмағамбеттің әншілігі мен серілік жастық думанды жылдарына әсер етті. Абайдың балаларымен бірге өнер үйренуі, қаладағы атақты музыканттардан дәріс тыңдап, сауатын ашып, өнердің өлмес мұратын анық аңдауы басты себеп болды. Жастайынан пысық, зерделі Әлмағамбет «Абайдың әншісі» атанып, өзге өнерпаздардан қара үзіп алға шығады. Тегінде ел ішіндегі үзік-үзік айтылып жүрген аңыз әңгімелерден басқа Әлмағамбет Қапсалямұлының өмірі мен шығармашылығы зерттеуді қажет ететін жұлынды тақырып.

Әлмағамбеттің орындаған әндерін нақты жеткізген тағы бір баспа «Айқап» журналының 1915 жылғы жарияланған (авторы М.М) «Қазақша бастапқы ойын» атты хабарда «13 февральда Семейдің приказчик клубында қазақша әдебиет кеші» болғанын, онда Абайдың туғанына 70 жыл толуына арнап өткізілген кеште Абай әншісі Әлмағамбетке байланысты біраз деректер береді. «Ырғақты», «Жарқ етпес», «Татьяна» әндерін домбыраға қосып айтқанын, екі домбыра бір мондалинаны қосып ұлт күйін тартқанын айтады. 

Ақын әншісінің туып, өскен ортасы, ата-анасы, ұрпақтары жөнінде біраз мағлұмат Семейдегі мемлекеттік Абай қорық-мұражайының негізгі қорында сақтаулы.

Әлмағамбеттің әкесі – Қапсалям жөнінде немересі Шабдан Әлмағамбетовтың айтуынша бұған дейін Беркінбай байдың жылқышысы болып жүреді. Қапсалямды Абай өз ауылына шақырып  алған соң, көп жылдар Ақшоқы төңірегінде  Абай ауылының жылқышысы болады. 1925 жылы 95 жасында қайтыс болған. Бейіті – Бақанас өзенінің бойында. Қапсалямның бәйбішесі – Қанымбала Абай үйінің тошаласын (етхана) ұстаған. Өзі денесі кішірек болғанымен ширақ жүретін болғандықтан Абай оған «шипақай» деп ат қойыпты.

Абай ауылына барғанда Әлмағамбет бес жаста екен. Абай балаларымен бірге болып, ескіше, арабша, мұқтасарға дейін оқыған. Домбыра, скрипка, сырнайды жақсы тартып, ән салуды үйренген. Кішкене молда, Мүрсейіттерден сауат ашып, жиырма жасқа дейін өнер іздену соңында болған. Атақты әнші-күйші Мұқадан көп үйреніп, өзінің ұстазы санаған. Абай Мағауия, Тұрағұл мен Әлмағамбетті үш қыс бойы Семейде орыс музыкантына беріп, скрипка үйреткен.

Абай әншісі ретінде М.Әуезов та әншіні қатты қадірлеген, ерекше көңіл бөліп, 1925 жылы Затаевичке айтып, Әлмағамбет орындайтын Абай әндері мен халық әндерінің біразын нотаға түсіреді. Тек әнші ғана емес, күші Әлмағамбеттің тартқан «Алшағыр», «Бозайғыр», «Саймақтың сары өзені», «Бұлаң жігіт», «Азамат қожа», «Малжаңгер», «Тепеңкөк», «Түрікпен», «Рүстемнің күйі» күйлерін нотаға түсіреді. Ал, скрипкада ойнаған орыс күйлерінің саны да оннан асады.

Абайдың баласы қайыншылап барғанда қасына Мұқа, Әлмағамбеттерді ерте барады. Бас құда Ақылбай болып Мағауияға тартау ретінде бір ән алып баруды жөн санайды. Әлмағамбеттің өтінішін жерге тастамаған Ақылбай осы сапарда «Ақылбайдың әнін» шығарады. Сонда «Ағамның (Абайды айтады) әндерін бір айтқаннан-ақ жаттап алатын құйма құлақтығың бар еді. Кәне сол өнеріңнен жаңылдың ба, сынап көрейін» деп;

Бір ән тауып Әлекем бер деген соң,

Матайды алыс бірқатар жер деген соң.

Он минутта ойыма осы ән түсті,

Қолымды қапаш-құпаш сермеген соң – деген белгілі әнді үйретеді. Мағауияның қайын жұртына айта барған да осы әнші Әлмағамбет.

Кейіннен Абай қайтыс болған соң да, Әлмағамбет өзінің ұлы ұстазы Абай әндерін халыққа таратудан еш жалықпаған. Қазан төңкерісінен кейін де Семейде қазақтың зиялы қауымы тұңғыш қазақ театрын ұйымдастырғанда Әлмағамбет соның белсенді мүшесі болады.

Әлмағамбеттің – Шабдан, Қаблан және Уалхан деген балалары болады. Солардың ішінде Шабдан әкесінің домбырасын, өнерін ұстаған кеудесі толған шежіре, құйма құлақ қадірлі қария болады. Өз заманында Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған Шабдан бертінде дүниеден қайтады.

Өз әкесі Әлмағамбеттің домбырасын 1950 жылдары әкеліп табыс етіп, әкесінің ғұмырына байланысты естеліктер жазып қалдырады. Әлмағамбеттің домбырасы бүгінде Семейдегі Абай мұражайының негізгі қорында сақтаулы.

Абайдың мәңгі өлмес туындыларын бүгінгі буынға жеткізген Әнші Әлмағамбет бүгінгі ұрпаққа да қастерлі.

 

Алмахан Мұхаметқалиқызы