Болат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ: АБАЙ АЙНАСЫ

(новелла мен эссе)


1. Леген/ді (новелла)

 

Соңғы аптада Төкен Ибрагимұлы Абай мен Шәкәрімге қатысты естеліктерді тағы бір қайтара қарап шықты. Ғылыми-зерттеушілік мақалалар да назарынан тыс қалмады. Ел аузындағы ұлылар айтыпты деген ұлағатты сөздерді де зердесінен қайта өткізді.

Бәрібір болмады.

Нығыз тапсырманың желге ұшатын түрі бар. Абай төңірегіндегі аңыз жалынан сипатпай-ақ қойды. Ара-арасында санасынан бір сәуле жарқ еткендей болады да іле-шала көзден де, ойдан да бұл-бұл ұшады.

Жоқ, табылар емес.

Әуелден-ақ пәлендей үміті болмаған. Өйткені, елу жыл бойы ақтарғаны Абай мен Шәкәрім қазынасы болса, аңыздың көкесін өзінен артық кім білмек. Өйткен күнде, жаңағы жарты ғасырдың сыбағасының арзан болғаны да.

Төкең өзіне сенімді-ақ еді. 

Ләкин, осы бір «легендісі» ойын шырмап, қиялын тұсаулай берді. Легенді... «аңыз» дегендері ғой, баяғы. Әкімдікке Абай мен Шәкәрімге қатысты жұрт қызығарлық «легенді» керек көрінеді. Егер сондай ақиқатқа бергісіз аңыз табылса, Абай мұрасына қызығушылық артады. Ұлылар еліне жұрт нөпірі бұрынғыдан да мол ақтарылады-мыс. 

Түсінеді. 

Абай мен Шәкәрімді, әсіресе шетелге таныстыруда ойластыратын жайлар баршылық. Оны былай қойғанда, алаш баласының өзі ұлылар мұрасына енді ғана бет бұра бастағандай.

Қиын-ақ.

Кей-кейде, тіпті өзін Абай шаңырағының шырақшысы емес, ұлы ақынға қатысты барлық шаруаға жауапты жандай сезінеді. Бұл, әрине рухани ерекше хәл. Бірақ, аса ауыр жүк. Ұлы ақын мұрасына бас-көз болу үшін өзі басқарып отырған музейдің мүмкіндігі тым шектеулі. Кадрлардың біліктілігі, қаржы  жетімсіздігі... әлі де болса қасаң ойлау өкшелеп қалмай келеді.

Хакім Абай.

Ұлы ақынның аты аталған шаруаның бәріне атсалысамын деу, әрине бекер әурешілік. Тіпті, сырттай жанашыр болудың өзі жүрекке салмақ түсіретін кездер аз емес.

Жүрек.

Зейнет жасына баяғыда толған жанға тірліктің от пен суының «қарымтассы» да жеткілікті. «Бас ауырып, балтыр сыздайтын» кездері көп. Жұмыс уақытында келімді-кетімді музей достарының әңгімесі де қолбайлау болады. Бірақ, тап осы «легендіден» тосыламын деп Төкең ойламаса керек. «Оймен оңаша» қалып, ән мен күйдің «Толқын толғауында» Абай елінің әңгімесін жыр ғып төгілтіп, кітаптарын осылайша үкілейді.  

Иә, «Жер әңгімеші» - деп толғанар еді ол.

Абай мұрасы шырақшысының аталған кітаптарының бәрі де талай жылғы ой-толғаныстарының жемісі. Шынайы да шырайлы шығармалар, ауыз толтырып айтарлық еңбек. Бірақ, «легенді» бәрібір ұшты-күйлі жоқ.

Бүгін жұмыстан кейін жары Нүрилә апайдың шәйін әбден қана ішіп алған соң, тағы да үстел басына отырған. Енді қайтсе де, сол өзі бар болса, «легендіні» аң қаққандай, індетіп алуға бекінді.

Ойын телефон шырылы бөлді. Абай ауданының әкімі екен. Оның айтқанынын ұққаны, Астанадан үлкен қонақтар келеді. Солар «Қоңыр әулиеге» барып, суға түсіп, сырқаттарына шипа тілемек  көрінеді. Төкең аң-таң: «оның бұған қатысы не?»

Қатысы бар көрінеді.

Қасиеті жердің суы құлан-таза шипа болуы үшін Абай үйіндегі жез леген мен жез құман керек екен. Ұлы ақынды сол екі ыдысқа құйған сумен қырқынан шығарғаны мәлім.

... !?

Тілі байланып қалғандай. Телефон құлағын тұғырына қоя салды. Сөйлесе бастаса, сыбағаларын молынан берер еді. Өзін-өзі аяды. Апырмай, Абай заманындағы надандық бұлты қаншалықты бесбатпан еді. Бір жарым ғасыр өтсе де, соңдарынан қалар емес. Оларға енді не шара?!

Ашуы тез қайтты.

«Легендінің» табылған жерін қарашы... Леген... жез леген мен жез құман. Әрине, киелі адамға қатысты киелі дүниелер. Солай екен деп, қасиетті ыдыстармен су құйыну күнә емес пе?! Шындығында, бір Жидебай ғана емес, Абай шығармашылығының куәсіндей барша Семей өңірінде Хакімнің табанының ізі қалған, алақанының табы бар киелі жерлер көп.

Бұдан артық не керек!?

Алайда оларға ділгір, бір немесе бірнеше аңыз екен. Легенді... Төкен Ибрагимұлының бір сәт санасы сәулеленіп қоя берген. Ол тек сонда ғана барып өзінің қателескенін ұқты. Босқа кеткен уақыты үшін ұялды, өзіне-өзі өкпелі. Абайға "легенді" іздеу деген не?! Ол бұлқан-талқан болды. Мұндайда үйде мұңын шағатыны тағы сол жан жары.

- Нүрилә, бір минөтке келіп кетші...

Сосын өмірлік серігінің келгенін де күтпестен оңашада "легенді" қуғандардың аяқтарын бір етікке тығады:

- Әй, сендер өзі не деген жансыңдар?.. Бәсе, бұларды бастық қой, бір білгендері бар шығар деп, құлақ қойсаң осы. Шықпағанды шығарып, Абайға аңыз іздеп не керек. Ол – ақиқаттың өзі емес пе?! Алланың  қараңғылық қапасындағы адам баласының көзін ашып, көкірегін оятсын деген ақиқат ұшқыны ғой. Анау, әлгі бағзы замандардан жеткен аңыз қаншама, соларды түгендеп алсаңдар, аз емес. Ал, Абайға "легенді" іздету деген не?..

Бұл кезде Нүрилә апай да әңгімеге араласады. Ақсақалының неге тулап отырғанын да біледі:

- Қазіргі  жастар қайдан білсін, одан да соны айтып көздерін ашпайсың ба?

Ләкин, оған тоқтай қоятын Төкең бе:

- Соларға сөз шығындап, бәрібір ақпақұлақтар түсінбейді. Абай сәулесін сезбеген соң, не дерсің?!

- Енді өзіңді-өзің тергегеннен не түседі, - дейді жары сабырға шақырып. - Одан да жүр шәй ішейік.

- Легендісі құрысын, - дейді ашулы Төкен аға, - өздерінің Абай атамның легенінде несі бар? Ақын үйіне шын ниетпен барып, рухына тағзым етсе, содан артық не керек. Ол жерде айтылған сөз бен тілек Алланың құлағына тезірек жетеді. Ертең, барша жұрт Абай үйінің жез легені мен құманын іздесе не шара?!

- Қазір ақшаның заманы емес пе, пайдасын көресіңдер, -дейді апай.

Төкең жарына бұрын білмейтін бөтен жандай жатырқай қарады. Қаттырақ айтқанға жаңағы қою шәй ғана кедергі болғандай:

- Айтып тұрмын ғой, Абай үйіне барып, тағзым жасаудың өзі жетіп жатыр. Ол жерде тілегің жаратушының құлағына тезірек шалынады. Түу, енді соларды тыңдасам...

- Е, қойшы, сен кімді тыңдап едің, қартаяйын дегенің де, шынында да легендісі не? Абай атамның өзі легенді…

Соңғы сөз Төкеңнің ойын дөп басқандай:

- Қайдағы легенді, өздері ғой жез легенді тауып алып жүрген. Абай кез-келген "легендіден" артық Ақиқат, өзі де, өлеңі де аңызға бергісіз ақиқат, міне, қазаққа осыны ұққызу керек.

- Төке, оның рас, Абайдан өткен Ақиқат болар ма, жаңағылардың миына құймайсың ба соны, жүр енді, шәйің суып қалады.

Пікірлес қосағы құйған күрең шәйден Төкеңнің маңдайы жіпсіп, бойы жеңілейіп сала берген.

Ерлі-зайыпты екеуі енді ашық қабақпен жадырай шүйіркелеседі.

Абай... шынында да Абай ақиқат нұры, оның сәулесін сәл ғана сезіне алсаң, кеудеңде шамшырақ орнағандай. Тұңғиық... ол тереңге шындап сүңгісең, кері оралу қаперіңе де кірмейді.

Шың...

Көз түгілі көңіл жетпес асқар. Талпынасың, бәрібір жету қиын, оның етегінде тұрып-ақ биіктен ескен самалға желпінесің. Бұл енді ерекше хәл.

Рахат.

2. Бір (эссе)

 

... Екі, үш, төрт... он. Осылай көбейе береді. Он бір, он екі... жиырма бір. Әлі де аз. Бірте-бірте ұлғайып, салмақтала береді. Онда да салыстырмалы түрде ғана: не көп, не аз болады. Бірақ, әңгіме сандар мен салмақ туралы емес. Сәл басқашарақ.

Бір...

Біздіңше, Бір –  Тұлға.

Демек...

Әңгіме жеке адам жайында.

«Бір» хақында.

Дәлірегі, бірдің өнегесі. Жеке тұлғаның айналасына оң әсері.

Жасампаз үлгі

Әңгіме өзегі – Бір.

Бірақ...

Оған топ бастап, бірінші тұрған соң, сөз «сауып» отырған жоқпыз. Бойына сеніп, түйе де жылдан құр қалған.

Ол да – Бір.

Ал, сапта бірінші жүретін ұзынтұралар қаншама?!

Сосын тағы...

Кимелегіштер көп. Кілтипанын тапқыштар. «Кірден» қашпайтын «күреңдер».

Айлакерлер.

Табан жалағыштар.

"Жолы болғыштар".

Бірақ, жаңағылар бағы шапқандар емес. "Бір-екі жолы болған кісі көрсе, Құдай сүйіп жаратқан осы демек" (Абай).   

Рас.

Жалғыз “1” саны жұтаңдау. Жоққа тән. Тым аз өлшем.

«Жалғыз ағаш – орман емес».

Тоғай қайда?!

Адам ше? Ол, әрине ағаш емес. Оның еңбегі, табандылығы, мейірімі... Ол - Бір «орманды» ойландыра, «тоғайды», яғни ел-жұртты соңынан ерте алады.

Бірдің шуағын сезінеді айналасы.

Жұғысқысы келеді.

Ығына жығылады. “Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады ығы да зор” (Абай).

Бір.

Ол үшін, тіпті жақын жүру артық. Бірдің сені тануы да қажетсіз.

Сыртай сүйсінесің.

Тілектессің.

Дарынына қарап тілеулес жүресің. Еңбегіне іштей елжірейсің. Жүрегің шаттанады. Жаның шуаққа толады. Сосын, әрине, Бірдің барына қуанасың.

Ол сенің бар-жоғыңнан бейхабар. Саған да Бірдің сені білгені мақсат емес.

Оның да, сенің де бір-біріңе еш қарызың жоқ.

Ерекше әсер.

Сырттай сүйсінесің.

Қастер тұтасың.

Сөйтіп, сен өзің де Бірге ұқсап бара жатасың.

Жақында сондай бір шуақты сезіндім.

Біркөрер... – бұл сәулелі ұрпақ.

«Ата-анаға көз қуаныш -

Алдына алған еркесі» (Абай).

Қуанамын.

Сенемін.

Бірақ, тап осылай «кілт бұрылар» деп ешкім күтпеген.

Ол шынымен шұғыл өзгерді.

Үзеңгі жолдастары ілесе де   алмай қалды. Олар да тап осылай боларын мүлде күтпесе керек. Дағдарған, тіпті қызғанған жайлары бар.

- Қой, қатты кетпе, - десті әуелгіде олар онша сеніңкіремей.

-Тым құрыса, тобылғы торы сыраға сыртыңды берме, - десті әлі де сеніңкіремей.

“Бірдің” оралар түрі көрінбейді. Алған бетінен айныр емес. Алаңсыз тартып барады.

Кешегі жолдастарын жаңағылар сонда да босатқылары келмейді. Орман ойсырап қалғандай. Босата қояр түрлері жоқ. Бірдің электронды поштасына хатты боратты дерсің. «Бірден ат құйрығын кесісуге болмайды», «сауыттастарыңды» естен шығарма...”, тағысын тағылар.

Толып жатыр.

«Тоғайдың» тосылғысы жоқ. Көптігін жасағысы, тізесін батырғысы келеді. Мысын басудан дәмелі...

Міне, Шәкәрім қажы да өмір жолында өзі оқып, тоқыған ойларын туған халқына жеткізгенше асығады. Данышпан мәңгі тірі өлеңдерімен және сөздерімен, яғни «Ажалсыз әскерімен» ел-жұртының надандығынан улана отырып, қараңғылыққа қарсы бітіспес майдан ашады. Тіпті, тірлік шырғалаңынан аулақ шығып, саят қорада біраз жыл саяқ өмір кешеді.

Біртуар.

Сонда да айналасындағылар кемеңгер ақынға маза бермейді: «Тек отырсам, тепкілеп шыдатпайды,/ Енді қайтіп бұл елмен жарасамын», «Мен жалғыз, сендер елде қалдың қойып,/ Ешкімнің кеткенім жоқ малын алып» немесе «Елсізде неге жалғыз қалғанымды,/ Қырық жыл нені жинап алғанымды/ Сезбейсің тартпаған соң ел қайғысын,/ Сен емес ұғатұғын арманымды» (Шәкәрім Құдайбердиев, Шығармалары, «Жазушы», 1988 ж., 68, 172, 173-бб).

Біркөрер.

Тұлға.

Дара әрі жалғыз.

Ал, айналасы орман ғой.

Ойлағандарына жетпей қойғылары жоқ. Кері қайырудан дәмелі.

Ықтырып алғылары келеді.

Қолдарынан келмейді.

Бірдің аты – Бір.

Олар “Бірдің” орынын түсінбеген. “Сен емес ұғатұғын арманымды” (Шәкәрім).

... Біркөрер бүгін де спортзалға жеке барған. Алдынан бір топ жолдасы шыққанда жүзі жадырап сала берді. Бұл тек бастамасы ғана.

Екі, үш... он. Осылай көбейе береді. Ең бастысы ...

Бір!

Ұлы Абай айтқандай: «Единица – жақсысы,/ Ерген елі бейне нөл./ Единица нөлсіз-ақ, Өз басындық болар сол./ Единица кеткенде/ Не болады өңкей нөл?» (Шығармаларының екі томдық толық жинағы, «Жазушы», 2005 ж., 1-том, 93-бет).

Абайдың ұлы Мағауияға жазған хатында осы ой одан әрі дамытылады:

«Ой жүгіртіп қарашы Мағаш бала,

Сан дегенің тоғыз-ақ, бірден сана.

Нөлді ертпесе бұлар да қысырайды,

Единица сыфат деп біл тек қана.

Көп білгенге көп надан болады қас,

Маужуд пенен мансухты ол айырмас.

Бәйтерек те күндейді көлеңкесін,

Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас» (Абай музейінің қоры, КП-6413).

Рас екен.

«Жарқырап нұрын шашып, жанады шам,/ Талайлар пайда алады жарығынан» (Шәкәрім) немесе «Көп шуылдақ не табар,/ Билемесе бір кемел?» (Абай).

Әр бір елдің, әр ортаның өз біріншісі - Бірі бар. Топ бастар серкесі де солар. Міне, соларға сенім артса, Единица соңынан ерген елімен кемелдене түспек.

Шіркін, біздің ұрпақ «ел мақтаған» азамат болса…

Біркөрер.

 

 Болат Жүнісбеков,

жазушы.