Бану МУХИЯЕВА: «АБАЙ БАТА СҰРАҒАН ЖЕТІНШІ ӘУЛИЕ КІМ?»

 

Абай әлемінде жарияланған  «Абай бата сұраған жетінші әулие кім деген» деген мақалада Абайтануда әлі күнге дейін Сәйхалидің кім екенінің анықталмағаны, Абай танымын тексерушілердің ғылым дамуы атына соңғы жылдары Абай мәтініндегі кейбір сөздерге берген түсініктемелерді  өзгертіп беруі, осы мәтінде аты аталған шаирлар туралы қазақ әдебиеті ғылымының қол жеткізген жаңалықтары секілді  мәселелерден хабар беретін пікірлердің болуымен ерекшеленеді екен.  Жоғарыда аталған мақала авторы А. Елгезек «Физули, Шамши, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Қожа Хафиз бу хаммасы-фариад шағири» деген мәтінге «7-әулие» және өлең жолдарын Абайдың «медет бер, иә,  «хаммасы- фариад шағири (олар) Физули, Шамси. Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Қожа Хафыз» деп сөйлем түрінде жазсақ,   осы мәтіндегі «фариад» сөзінің түсініктемесі өзгертіліп, Абайтануда қалыптасып қалған «Шығыс шайырларының әруағын шақырып, оларға сиынған» таным тұрғысында жасалған ғылыми әдебиеттердегі деректерге қарамастан, «Абай бата сұраған»  деген пікірі арқылы адалдық танытып отыр. Абай бұл шаирларды «әулие» деп атаған, «Мешіттің құтпа оқыған ғұламасы, «Мүнәжәт уәлилердің зар – наласы.  

Төменде Абай өлеңдерінің қай жылдары қанша рет басылғаны жөнінде график берілген, осы график бойынша  Абай өлеңдерінің әр жылдарда 189 рет басылғаны көрінеді. 1995 жылға дейінгі Абай өлеңдерінің басылымдарында Абай мәтіні негізге алынған «Абай өнеріне медет сұраған» шығыстың жеті ақыны, дұрысы да осы, «фәриад» сөзі «дауыс, үн, сиынған» деп түсіндіріледі. Кейінгі басылымдарды Абай осы өлеңінде аты аталған шаирларға «табынған, сиынған» деген пікір қалыптастырылып, «фариад» сөзіне «теңдесі жоқ, асыл» деген түсіндірме беріледі, (Абай шығармалары 1995, 2011 жж.). Бұл пікірдің 2020 жылда, қазіргі кезде, жарияланып жүрген магистр, доцент секілді ғылым адамдарының еңбектерінің өзінде «аруағын шақырып, табынған» болып нық отырғанын жазылып, айтылғандардан кездестіруге болады. Осы екі пікірге де медет болатын бір «фәриад» сөзі,  Абай мәтіндерінің барлығында бұл сөз «фәриад» болғандықтан, сөздің өзі өзгертіле алмайды, ал «ғылыми» түсініктеме өзгертуге келеді, сондықтан жасалған «ғылым» негізіне «тұғыр» керек болғандықтан, «фәриад» сөзінің мағынасы «теңдесі жоқ, асыл» болып өзгертілген. 2011 жылғы Абай өлеңдерінің шығарушылар алқасы да бұл жөнінде (Абай-Шығармалары [Мәтін], 2011,7-10бет) «...түсініктерде тың деректермен толықтырылып, бірталай тұстарда қайта жазылды» деп жазады. Бірақ «фәриад» сөзінің «теңдесі жоқ, асыл», болуы үшін «фәрид» сөзінің көпше түрі «фәраид» деп оқылатын арабша сөз болуы керек еді, бұл мүмкін емес, өйткені Абай өлеңдерінің бүкіл қолжазбаларында, уйғыр, өзбек аудармаларында бұл сөз - «фәриад» түрінде келеді. Классикалық шығыс шаирлерінің сөздік қорында «ферид» сөзі де қолданылатын болған, мысалы, «ферид-үд-деһр»-«жалғыз тал, теңдессіз інжу» секілді,  «Феридун» есімі осы «фәрид» түбірінен келеді.

Абай шығысының бір қайнаркөзі – алты ғасырдан артық уақыт (кейде 10-ғасыр деп те қарастырылады)  пен орасан зор кең аймақты қамтитын адамзат өркениетінің ауқымды бір бөлігі, өзіндік бастау көздері, дәстүрі, стилі, жанры, әдеби құралдары, әдістері, ғылыми жүйесі болған классикалық шығыс  әдебиеті. Бұл поэзияның белгілі қалыптасқан ережесі, музыкалық, уәзінге өлшеп тізілген ритмі-ұйқасы,  метафора жасаудың өзіндік жолы, газалдардағы бәйіттердің қатаң орналасу тәртібі, бәйіттер арасында байланыс болу шарты секілді ережелері болған. Әр бәйіт әуендік қасиетке ие музыкалық сөйлем, әр сөз, әр метафора, әрбір образды бейнелі тіркес аса ыждахаттылық шеберлікпен таңдап қолданылатын еді. Ол кездің шаирлары өзіне дейін жасалған әр мотив, метафора, қай ақын қандай сөз құбылту түрін қолданғанын білетін,  бірінікін бірі пайдаланып кете алмайтын, яғни, қазіргі турнитиннің офлаин форматында жұмыс жасайтын, Сағдидің өзі Алишер Науаиға өлеңдерін қаратып, айтқан сын-ескетулерін қадірлейтін болған екен. Алишер Науаи диуанының алғысөзінде тақырып бүтіндігі мен әр газалда үлгі-өнеге айтылатын бір бәйіттің болуы шарт, ондай болмаған газал жазу бос әурешілік деген. Классикалық шығыс әдебиеті жайлы «араб, парсы сөздерімен шұбарланған, сарай әдебиеті немесе діни әдебиет» деген кең тараған түсінік бар. Классикалық шығыс әдебиеті бұлардың ешқайсы да емес (А.С. Лебенд, Диуан әдебиеті, Истанбул, 1984, «Диуан әдебиеті қандай әдебиет», 638-642) Мәселенің ауқымдылығы себепті, классикалық шығыс әдебиетінің ең басты бір ерекшелігін ғана айтып өтейік, ең бірінші, бұл әдебиет интеллектуалды әдебиет, сол себепті белгілі дәрежеде ғылыми дайындығы болмағандар, үлесін ала алмайды.  Ақын Е. Раушанов: «Интеллектуалды поэзия деген поэзияның сүйкімдісі емес. Әрі-беріден соң, ол скучная поэзия. Екінің бірі оқи алмайды. ...оқырманы ең аз, тыңдарманы одан да аз поэзия. Бірақ, ол – поэзия!» дегеніндей, классикалық шығыс поэзиясы – интеллектуалды поэзия. Физули диуанының кіріспесінде ілім мен поэзия бірігіп кеткен, «ілімсіз поэзия, тұғыры жоқ дуал секілді, тұғыры жоқ дуал абыройсыз қалар» деп ғылыми, даналыққа толы поэзияның ерекшеліктеріне кең көлемді тоқталып, «Нағыз поэзияны қылды қырық жаратын ақыл иелері дана, парасатты адамдар түсінеді» деп қорытындылаған. Бұл ұстаным шығыс шаирларының барлығының поэзиясында көрініс тапқан.  

ФИ-ЗУ-ЛИ   ШАМ-СИ   СӘЙ-ХА-ЛИ      (А)

НА-УА-И      САҒ-ДИ      ФИР-ДАУ-СИ   (А)

ҚО-ЖА-ХА   ФИЗ-БУ     ХАМ-МА-СИ     (А)

Мәдет бер, иә, шағири фарияд»                   (б)

Осы өлеңдегі төрт жол батпандай білім арқалап тұр.  Өлеңде Физули, Шамси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдаусиды айтуы форма жағынан да мазмұн жағынан да саналы түрде таңдалып алынған. Бұл шаирлар алты ғасырдан астам уақыт пен үлкен территориялық аумақты қамтыған үлкен мәдениеттің алыптары. Физули жайлы классикалық әдебиет тарихшылары шығыс пен батыс түркі ақындарына көпір болған, өлеңдері түркі әлемінің қай жерінде болса да,   бірдей түсінікті оқыла беретін деп жазады. «Фәриад» сөзінің қолданысын беретіндіктен шаирлар диуанынан алынған бәйіттердің түпнұсқасын келтіріп, одан кейін қазақшаға сөзбе-сөз аудардық, қазақшада кей сөздің қолданысы болса, сол сөзді қалдырдық. 

«Аһ у ФӘРИАДУН Физули инжидүбдүр алеми Гер бела-иы ышк иле һошнуд исен гавга недүр».Физули 

(«Ей, Физули аһ ұрған «ФӘРИАДЫҢ»  көңіліне қаяу түсірді әлемнің,  Егер ғашықтық бәлесін хош көрсең, онда бұл даң не). 

Физулидың басқа бір бәйітінен бір жол «Шыкажакдыр фәләиә НАЛӘИІ ЗАРЫМ бұ геже» (Шығады көкке нала-зарым бұл түні). Абайда осыған үндес  «Көкке бақтым Алла деп, тамаша етіп құдіретін» деген жолдар бар. Физулидің мысалда көрсетілген екі бәйітінде батыс түркі шаирлары қолданған «фәриад» сөзін де, шығыс түркі шаирлері қолданған «зар-нала» сөзін де қолданғанын көреміз. Йасауиде «Сеһер уаһтде кобуп УЫҒЛАР НАЛЕ ЕЙЛЕ» (саһар уақытында наласын айтып жылайды), (Диуани хикмет, 176бет). «Уығлар нале ейле деген» осы «фариад», «нал» парсыша бірнеше мағынасы бар сөздің бір мағынасы «жылаған» дегенді білдіретін сын есім. (Девеллиоғлы сөздігі) Науаи поэзиясында «фариад» сөзінің орнына, «чығ», «иығ» (абушка сөздігі)  «чығлык» - шыңғыру сөзінің түбірінен жасалған сөздер және «зар ет», «зар» сөздерін қолданған. 7-әулие поэзиясында зар-нала қылып, фәриад ету мотивтері өрілген бәйіттер өте көп. Абайдың 7әулиеден өнеріне демеу, көңіліне медеу немесе бата сұраған өлеңі, сөздің нағыз мағынасында классикалық әдебиеттегі АААБ ұйқасына, уәзін қалыбымен, төрт жолдық ӨЛЕҢ түрінде жазылған, ал мәтінде  «медет» сөзі  1-ақ рет кездеседі және газалдың арнайы бәйітінде қолданылатын «ей» сөзі бар. Шығыс поэзиясында «медед» редиф-рифмасын қолданған, «ей –«нида» бәйіттері бар газалдар шығыс шаирларының барлығында дерлік бар. Газал ережесінде Ақын Ерлан Жүністің бір өлеңіндегі «Һей, түркінің алдаспаны» дегені секілді, «ей» сөзін қолданатын арнайы бәйітте ақынның міндетті түрде екінші жақта, қарата айтатын «ей» сөзінің иесі, лирикалық кейіпкері болатын болған, осы «ей» иесінің қарсы алдына шығып ақын сырласатын, өзінің рекламасын жасайтын, оқырманға, тыңдарманға хабарлама тастайтын. «Ей» сөзінің иесі ғашық, ғашық көңіл, ақынның лирикалық «мені» тағы басқа сол секілділер ішкі ұйқас пен ритмге сәйкес, саналы түрде таңдалып алынатын болған.  Бұл өлең төрт жолдан ғана тұрғандықтан, «медет» сөзін редиф-рифма деп айта алмаймыз. «Медед» сөзінің сол уақыттағы поэзиядағы қолданысын көру үшін «медед» редиф-рифма  қолданылған газалдардан мысал береміз. Абайдың басқа өлеңдерінде «Медет» сөзі бір ғана жерде «Әйелің Медет қызы...» өлеңінде  адамның есімі ретінде, «көңілге медеу» мағынасында «медеу» сөзі кездеседі. Классикалық шығыс поэзиясы сөздік қорындағы «медед» сөзі арабшадан «мдд» түбірінен «мадад» қол созу, жәрдем» дегенді білдірсе де, «медед» редифпен жазылған газалдарда басқа мағынада да қолданылғанын көреміз. 

Абайдың «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» қанатты сөзіне үндес, 16 ғасыр Баки деген шаирдің «Авазеиуі бу алеме Давуд гиби сал, Баки қалан бу куббеде бір һош сада імиш»  бәйітінің екінші жолын былай деп қазақшаладық: 

«Аспан көк астында айтылмаған сөз жоқ екен жаңғырып,

Көңілге қош келетін үн ғана екен мәңгілік» 

16-ғасырдың ең мықты шаирларынан бірі Бакидің қанатты сөзге айналып кеткен «бәржастә» бәйітінен мысал келтірудегі мақсат –  классикалық шығыс әдебиетінің поэзия дәстүрін көрсету.  Баки  16-ғасырдың ең мықты шаирларының бірі, заманының падишахының өзі өлеңдеріне назира жазып,  «шаирлар сұлтаны» деп атаған, ілімде жетік ғұлама, мемлекет қайраткері, шаирлігімен қатар бірнеше прозалық еңбектері де бар. Шаирдің поэтикасы талданған еңбектерде осы екі бәйіттегі 4 құбылту түрін атап,  таңдап қолданылған сөздер бәйіт ішінде ұйқас тұрғысынан ғана емес,  терең мағыналық «келісім» ішінде қолданылғаны туралы жазылады. МЕДЕД сөзінің газалдарда қолданысын және сол кездегі поэзияда қолданылған мағына ауқымын көрсету үшін, Бакидің «медед» редифрифмасын қолданып жазған 6 бәйіттік газалының алғашқы және соңғы бәйіттерін түпнұсқасын сақтай отырып, сөзбе- сөз аударып бердік. Мәдад газалында «медед» сөзінің әртүрлі мағынада қолданылғанын көруге болады.

 

Ейлесүн лалині дерман дил-и бимаре МЕДЕД  

Достлар иште бен өлдүм бір чаре МЕДЕД

Қылсын қызғылдық дәрмен дертті ділге МЕДЕУ 

Достар міне, мен өлдім бір шара – КӨМЕК дегені Абайдың «Ажал уақыты жетті, Мен өлейін, сен-ақ сау бол!- деген өлең жолдарындағы лирикалық кейіпкермен үндеседі.    

 

МЕДЕДін қалмады фериад ү фиган ейлемеие Сана кімден ире ей Баки-и бишаре МЕДЕД  КҮШІҢ  қалмады зар-нала қылуға 

Саған, кімнен келсін ей, бейшара Баки ЕСІРКЕУ 

Абай мұрасы мен зерттеулерінің ғылыми библиографиясына шолу жасалған «Абай мұрасының э-кітапханасында» (Ж. Шойымбет) анықталған зерттеу еңбектердің  мазмұнына жасалған анализде, Абай мұрасы мәтіні негізге алынбаған зерттеулер бар екені анықталды. Абайтану ғылымында екі түрлі дереккөз бар, біріншісі және ең негізгісі- Абай шығармаларының мәтіні, екіншісі, Абай мұрасына жасалған ғылыми жұмыстардың библиографиясы. Абайтануда жасалған ғылыми зерттеулерге контент анализ жасау барысында (график-2) әлемдік ғылыми айналымға ұсына алмаған дүниелердің қазақ әдебиеті ғылымы сүйенетін негізгі дәйеккөз ретінде салтанат құрып тұрғанына көз жеткіздік. Абайдың дүниеге көзқарастары мен танымын «тексерушілер» еңбектерінде негізгі дәйеккөз ретінде Абайдың шығармаларының мәтіні емес,  дәйектердің «Абай жолы» романынан келтірілетін жағдайлары кездеседі. Мысалы, «Әрине, оның мұндағы күнбатысы-өзі тілін, өнерін үйренген Ресей. Абай әрбір жақсы сөзді оқыған соң, соның ағымына ақыл-оймен терең бойлайтын әдет табады. Мәселен, Будданың жайын оқып шыққанның артынан: «Будданың сөзі қалай терең еді, жасымда кез келмеді-ау!»-деген екен.  («Хакім Абай», 76-бет)  Бұл мысалды Абайдың көзқарасын анықтау үшін беріп отырған жоқпыз, Абай мұрасын талдауда Абай шығармаларының мәтіні бірінші дәйек, негізгі қайнаркөз ретінде негізге алынбағанына мысал ретінде беріп отырмыз. «Абай жолы» жазылған уақыттан бүгінге дейін әр жылдары 84 рет басылған екен, барлық мәтінді қарап шығу көп уақыт алатын күрделі жұмыс болғандықтан, бұл цитатаның  «Абай жолынан» алынғандығы тұрғысынан мысал ретінде келтірілгендіктен, «Абай жолында» бар, жоқтығы тексерілмеді. Бар болғанның өзінде М. Әуезовтың бұл еңбекті жазып шығу үшін қандай қиыншылықтарды бастан кешіп, Абайдың өміріне қатысты талай мәселені астарлап, жасырып алып шыққаны, қанша рет қайталап, қолмен жазып жазып шығу секілді, қазіргі біздің бәрі дайын техника жеңілдетіп берген жағдайымызда көз алдымызға елестетудің өзі қиын, тас қашағандай ауыр жұмыстар атқарғаны белгілі жайт.  

«Абай бата сұраған жетінше әулие кім?» мәселесіне оралсақ, Абайтанудың төрт құбыласын түгендеген М. Мырзахметовтың «Абай мұрасының Шығысқа қатысын «Абай» энциклопедиясында жан-жақты ашып көрсетуге мүмкіндік берілмеді. Абайдың орыс әдебиеті мен еуропалық мәдениеті шамадан тыс мадақталып, назар осы тарапқа молырақ аударылды. Ал, Абайдың дүниетанымы жайлы мәселелер қала, қалама, материалистік, атеистік таным тұрғысынан баяндалып, насихатталды. Кейде, тіпті, Абайтануға қатысы жоқ кездейсоқ лауазымы жоғары тұлғалар еніп, кетіп ғылымилық сапасын түсірді» дегеніне жүгінсек, (М. Мырзахметов, «Абайтану ғылымына жаңа таным қажет»). Сейхали жөнінде деректерді энциклопедиялардан таба алмаймыз. Абай шығармаларының  2011 жылғы бір басылымында кітаптың текстерін марқұм ғалымдар «тексеріп», жасы ұзақ болсын, көзі тірі ғалымның марқұмдар қатарында берілуінен-ақ ғылымилық деңгейі көрініп тұрса, бұған ғылым зерттеушілеріне уикипедиялар дереккөз бола алмайтынын қоссақ,  ғылымға төрелік жүрмейтінін және ғылыми дереккөздерден алынбаған мәліметтерсіз жазылған дүниенің ғылымилық  құны болмайтынын ескерсек,  «Сайхали туралы мәлімет аз» деген пікірдің жаны бар деуге тура келеді.  Сайхали кім? Біріншіден, Абай өлеңі мәтініндегі 6-әулие жанынан орын алғанына қарағанда, осы 6-әулие деңгейіндегі ақын; екіншіден Абай 7-әулиені ұйқас болсын деп алмаған, классикалық шығыс әдебиеті деп аталған үлкен мәдениетті бір бүтін ретінде алсақ, Герат, Тебриз, Хорасан, Шираз, Туси, Самарканд пен Бухара секілді мәдениет орталықтары мәтінде көрсетіліп тұрғанына қарағанда, енді осы бүтінді толықтыратын тағы бір мәдениет орталығының өкілі болуы керек секілді - Сейхали.  Науаи парсы шаирларының өмірі мен шығармаларының биографиясынан хабар беретін Девлетшахтың шаирлар биографиясын жалғастырып жазған  «Мәжалисун-нафаис» еңбегінде  Герат, Хорасан, Азербайжанда өмір сүрген 461 ақынның өмірбаяны мен шығармаларынан мәлімет береді. Классикалық шығыс әдебиеті тарихында әдебиет қайнаркөзі болатын Науаиден бастау алған, әр ғасырда, осы әдебиет қамтыған жерлерде өмір сүріп кеткен шаирлар өмірінен, шығармашылығынан мәлімет беретін 28 шаир биографиясы жазылған еңбекте  Сайхали есімі кездеспейді.  Бір ғана Науаиде 461  шаир аталған болса, осындай 28 еңбекте орталама 100-300 шаирдің тізімі берілген,  Сейхалиден басқа  6-әулие жайлы мол дерек бар биографиялық еңбектерде Сейхали есімінің болмауының бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншіден, Сейхали жанында тұрған 6-әулие деңгейінде солармен иық тіресе алатындай, олармен творчествалық байланыста болған,  оларға назира, газалдарына жарыстыра газал жазған шаир болу керек.  Сейхали осындай деңгейдегі шаир болған болса, басқа 6-әулие де кірген 28 шаирлер биографиялық еңбектерінің біреуіне болса да, кірмей қалуы мүмкін емес немесе өз атын мүлде ұмыттырған «Физули» секілді әдеби лақаппен танымал болған болуы мүмкін немесе қазақ тілінде араб, парсы сөздерінің дыбыстық өзгеріске кіріп айтылатындығы заңы бойынша «Сейхали» болмауы мүмкін. Осының бәрі бір қарағанда күрделі, қайшылықты көрінуі мүмкін.  Өнер танушылар Леонардо да Винчидің атақты Моно Лизасының әр дәуірде жаңа қыры,  жаңа сыры ашылып жатуының себебін геометриялық дәл өлшемдерде, бүтінді құрайтын бөлшектердегі реттілікте деп  көрсетеді. Керемет өнер туындыларына осындай сипаттар тән. Ф. С. Хантингтон «Адамзат тарихы-адамзат өркениеті тарихы» дегеніндей, Абай   адамзат өркениеті тарихының білгірі, мыңжылдық мәдениеттер тарихындағы кез-келген мәселелерге сын айта білу дәрежесінде жоғары деңгейде білімді адам. Абай мұрасының тамыры  терең тұғыры бар, шығармаларында қарама - қайшылық, түсініксіз, басы артық бос тұрған нәрсе жоқ. Леонарда да Винчинің шедевр туындыларында  болғандай  жүйе, реттілік, өлшем бар, ал осы қарапайымдылық, қарабайырлылық емес, даналықпен боялған, сондықтан Абайды зерттеушілер Абай мұрасының тікелей мәтініне жүгінсе, қателеспейді деп ойлаймыз. 

Абай бата сұраған жетінші әулие кім дегенге ой жүгіртіп отырғанда, тағы  бір сұрақ туды: Абай М. Ю. Лермонтовтан аударған өлеңінде  «Әкесі аштан өлген кісідей-ақ, неткен жұрт мал өлтірген жеті атасын?! деп, басқа өлеңдерінде тәңірі, құдай сөздерін қолдана отырып,  М. Ю.Лермонтовтан аударған өлеңінде,  «Көкке бақтым Алла деп, тамаша етіп құдіретін» деуінің сыры неде екен?  

Мухияева Бану, Алматы, 4.05.2020. 

График -1

График-2