Алланың өзі де рас, сөзі де рас.
Абай
Құранның «Фатиха» сүресін «Уммул-Куран» – Құранның анасы» дейді, сонымен бірге «Ең қасиетті сүре Фатиха» (Хаким), «Құранның ең биік шыңы – Фатиха сүресі» деген де бар. Мұны айтып отырғандағы ойым, Абайдың қара сөздерінің шыңы, өзім оқып, білген мұсылман әлеміндегі Алладан бастап, Пайғамбарымыз және Иман, жалпы дінге қаратып айтылған әм жазылған пікір-тұжырымдардың, түйін-түйсіктердің ең озығы «Отыз сегізінші сөзі» ме деп қалдым. Не деген тереңдік, не деген көл-көсір парасат-пайым. Ғұламалық. Ол «Ей, жүрегімнің қуаттары, перзентлерім!» деп басталады. Бұл маған, қазақты былай қойғанда, бүкіл әлемге қаратып айтылған сөз секілді. Мұны, аталған қара сөзді қайта бір оқып шыққасын айтып отырмын. Әйтсе де, ондағы ұшан-теңіз білім мен біліктілікке қол да, ой да жеткіздім, оған толық қанықтым десем кінәлі да күнәлі болып қаламын. Бірақ, жүрегім сезеді. Абайдың өзінен кейін, өзі және шығармасы туралы ұрпағына мәңгілік шешуге жұмбақ қалдырып, «Мен бір жұмбақ адаммын…» деуінің сыры сонда екен ғой… Достоевский Пушкин туралы, ақын ескерткішінің басында тұрып, осы тақылеттес сөз айтқан еді. Пушкин жұмбақтығын сыр еткен.
Бір қызығы біз, өз-өзіне сүйсінгендерді, өзін-өзі жақсы көріп, атына шаң жуытпай, атына сын айтылса тулайтындарды «Нарцисс (грек мифологиясында Наркисс) немесе Нарциссизммен дертті» дейміз, оны Абай, о сөзге қарағанда әлдеқайда терең де, кең пайым-парасатпен «Айнаға табыну» (қара сөздегі сөйлем «Бұл айнаға табынғандар…» деп басталады)» депті. Ал, адам айнаға қарап тұрғанда, одан кімді көретінін білесіздер. Сондықтан, достарым, Абайдың «Отыз сегізінші сөзін», менің азды-көпті, барлы-жоқты өз ойымды таратып айтқаныма қарағанда, өздеріңіз оған қайта-қайта оралғандарыңыз жөн. Қорыта айтқанда, Абайды «қайта-қайта оқып, тіпті, жастанып жатуларың керек» деген ұстаздарыма мың алғыс.
***
Абай шындыққа, тіпті ақиқаттың өзіне тік қарап, оларды айтты да, жазды. Ой түйді. Өлең тудырып, қара сөздеріне арқау етті. Ақиқат – жалқы, шындық – көп. Данышпан соны білді әрі сезді. Оның ақиқатқа жүгініп «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Ажал – хақ» деуінің сыры сонда. Ал шындыққа иек артып И.Тургеневтің «Отцы и дети» шығармасындағыдай әкесі Құнанбаймен төбе басында бетпе-бет қалып, әкесінің айтқан ақыл-кеңесі, айып сөзіне қарай жауап берген бәтуәлі сөзі, ой-толғамы соның айғағы. Әке мен баланың арасындағы диалог әйгілі романды оқығандарға жақсы таныс болуы керек. Құнанбай ұлына не деп мін тақты? Әке сөзіне Абай қандай жауап қатты? Оқып көрейік!
– Сенің басыңнан үш түрлі мін көремін. Соны тыңда! Ең әуелі, арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың. Бұлдай білмейсің. Көп күлкіге, болымсыз ермекке асылыңды шашасың. Жайдақсың! Жайдақ суды ит те, құс та жалайды. Екінші, дос пен қасты сараптамайсың. Досқа досша, қасқа қасша қырың жоқ. Жұрт бастайтын адам ондай болмайды. Басына ел үйрілмейді. Үшінші, орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін, мұсылман жат санайтынын ескермейсің! – деді.
– Осы үш айтқаныңыздың үшеуіне де дау айтам, әке. Өзімдікі дұрыс деп айтам. Ең әуелі, жайдақ суға теңгердіңіз. Қолында құралы бар жалғыз-жарымға ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсыз, кәрі, жасқа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын. Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз. Ел билейтіндердің мінезін айттыңыз. Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған. Бір қора қойды жалғыз қойшы «ай» десе өргізіп, «шайт» десе жусататын болған. Бертін келе, ел түйе сияқты болды. Алдына тас лақтырып «шөк» десең, аңырап барып қана бұрылады. Ал қазіргі ел бұрынғы көрбалалықтан, нашар, момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді. Ендігі ел жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында топ не көрсе, соны көруге шыдаған, жанын аямаған, қар төсеніп, мұз жастанған, етегін төсек, жеңін жастық қылған бақташы ғана баға алады… Жанашыры бар, жақсылық пайдасы бар ғана кісі бағады… Үшінші, орысты айттыңыз. Халық үшін де, өзім үшін де дүниенің ең асылы – білім-өнер. Сол өнер орыста. Мен барлық тірліктен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма? Жатырқап, қашықтауым надандық болса болар, бірақ қасиет болмас… – деді.
Міне, бұл ақиқатқа қарағанда шындыққа келеді. Сонымен Абай, ақиқат пен шындықтың айырмасын білген, сезген тұлға.
***
Абайға дейінгі Шалкиіз, Ақтамберді секілді ақын-жырауларымыз бен ауыз әдебиетімізден өрген, өнген, қаузалған шығармалардың қай-қайсысында ұлтымыз жүріп өткен сүрлеу, соқпаққа теңесек, солардың бәрі Абайға келіп тіреліп, сонда тоғысып ұлы ақын шығармашылығы арқылы эволюциялық-дәстүрлі үрдіспен дамып, әлем әдебиетінен ойып орын алуға беттеген үлкен жолға айналды. Жан-жақты дамыды. Тамыры құнарланды. Жапырақ жайды. Тың, жаңаның басы боларлық ұлттық нәр алды. Қуаттанды. Абайдың ұлт ақыны, данышпан аталуының бір сыры мен қыры сонда. Сөйтіп, ол өзі айтқандай, жаңаның басы болды.
***
Бірінші: Абай шығармаларымен бірге қазақтың әдеби тілі қалыптасты, екінші: ол ұлттық шығармашылық дәстүр мен әлем шығармаларының озық үлгісін бойына сіңірген қазақ әдебиетінің классикалық стиль үлгісін жасады, үшінші: Абай болашақ, бүгінгі, тіпті ертеңгі десе де боларлық, қазақ әдебиетінің эволюциялық даму бағыт-бағдарын белгілеп берді. Логикасын нықтады, шымырлады, түзеді. Оның:
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы. –
дей келіп;
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы –
деуінің сыры сонда. Сосын, ол, бүгінгі кейбір ақындардың аяқ алысын байқағандай «Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап» дейді де, ойын «Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап» деп түйіндейді. Осыдан кейін Абайды әулие демей көр. Ал, оқырманға «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дейді. Бұ өлең жолының қадір-қасиеті әлі де түскен жоқ.
***
Абай қазақ поэзиясының көркемдік және суреткерлік қадір-қасиетін өзі қалыптастырған әдеби тілі стилистикасы мен оралымына бейімдеп, қазақтың образды ойлау жүйесі және сөйлеу мәнеріне дәстүрлі түрде дамыған жаңа мазмұн-мән, әр берді. Өлеңді қарабайыр да қарадүрсіндіктен, жалаң баяндаудан арылтып, көпсөзділіктен ада етті.
***
Абай –ұлттық ұлы тұлға. Ал, ақын шығармалары – ұлт қазынасы. Оның төркінін танымай, тереңіне бойламай болмайды. Шығыс, Еуропа мәдениетін қапысыз, қалтқысыз қатар меңгерген ол, өзінің ұлттық ойлау жүйесіне, тіл құнарына, образды, суреткерлік- көркемдік болмысына қылау түсірмей, өз тілімен айтқанда, жаңаның басы болды.
***
Абай – ақын. Оның мына бір шумағының өзі неге тұрады.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын.
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, – деген Абай әулиелігі бүгінгі, жалпы адамзат қоғамындағы, оның ішінде, әсіресе, қазақ қоғамындағы айықпас дерттің диагнозы емес пе? Ұлы Абай өзінің жағымсыз кейіпкерлерін сынап-мінегенде шөпке де, шөңгеге де теңемейді, телімейді, оларды тамырсыз қиқымға ұқсатады. Оның ұлт ақыны болуының сыры сол «қиқымда», яғни, сонда. Бұнда ұлтқа, ұлттың қолдану лексиконына тән сөзді сөздің мән-мағынасын, мазмұнын, оның қолдану болмысын өзге тілге аударудың қияметтігі де соған саяды. Абай аудармашысының табылмай жүруінің бір сыры да, қыры да со тұста. Не деген қолға түспес деталь. Абай тілінің уыттылығы мен тапқырлығы осында болса керек.
***
Абай – аудармашы. Ұлы ақын Пушкин, Лермонтов, Гете шығармаларын аудару арқылы өзі де байып, оларды туған халқының рухани дүниесіндей етті. Яғни, ұлтқа сіңісті етіп, өзге тілде айтқанда, ассимиляция жасап жіберді. Бүкіл елдік ортақ ырзыққа айналдырды. Демек, аударма – интернационалдық категория. Оған барғанда, ақындықты былай қойғанда, азаматтық кескін-келбет қажет.
***
Абайды сөз еткенде ұлы ақын ғұмыр кешкен дәуірдің әлеуметтік-тұрмыстық, қоғамдық-саяси, оқу-білімдік, ағартушылық жайын жата-жастанып зерттеп- зерделемесе болмайды. Оған қуат, уақыт, зор ізденіс керек-ақ. Әйтпесе, «таза өнерді» тілге тиек ету бар да, ұлттық мінез, оның образды ойлау үрдісіне лайық салт-сана, салт-дәстүрі тағы бар. Абай шығармалары соның бәрін бойына сіңірген. Ол біздің барымыз!
***
Абай біздің барымыз. Ол қалдырып кеткен адами-азаматтық қадір-қасиет пен шығармашылық жұмбақты, одан кейінгі әрбір толқын өзінше түсініп, қабылдап, қал-қадірінше шешіп келеді. Бізге дейін де солай болған. Біз де солай етудеміз. Бізден кейінгі келер ұрпақтың қай-қайсысы да, бізше, бізге дейінше өз заманының уақыт талғам-талабына қарап шешіп, зерттеп-зерделейтін болады. Өйткені, Абай мәңгілік жұмбақ қалдырған тұлға. Ол жұмбақты әрбір келген ұрпақ өзінше түсініп, қабылдап заманына лайық шеше береді. Ол шешу ұзаққа, қазақ аман-сау болғаншаға созыла беретін процесс. Ал, Абайды әлі түсінген жоқпыз, түсіне алмаймыз деген бос сөз. Оны әрбір келген ұрпақ өзінше түсініп, Абай жұмбағын заманына лайықты шешіп келеді. Ол созыла да береді. Абай ұлылығы, ұлт ақындығының сыры сонда. Орыстар да Пушкин жұмбағын (Достоевский) солай, әр ұрпақ өзінше шешіп келеді. Абай сияқты Пушкин жұмбағы да шешілген сайын, одан әрі сан қырлы-алуан сырлы болып жұмбақтала түседі. Мәңгілік жұмбақ дейтініміз сондықтан. Мұны, Тәкен көкем Әлімқұлов та айтқан. Жинағының «Жұмбақ жан» аталуының да сыры сонда. О кісі де Абайдың біраз жұмбағын өзінше шешіп, сыры мен қырын ашқан. Одан кейінгі бәріміз сөйтеміз. Ендеше, Абайы бар ел-жұрт аман болсын!
***
Абай шығармаларын аудару жөнінде аз айтып жүрген жоқпыз. Әйтсе де, иі қанбай-ақ қойды. Соған қарағанда, ұрымтал тұсын таба алмаған сыңайдамыз-ау, сірә. Болмаса грузиннің Шотасы орыс тілінде сөйлеудей-ақ сөйледі емес пе? Аудармашыларын айтсаңызшы? Арысын қойғанда, берісі Н.Заболоцкий. Қандай тұлға! Біздің кеміс-кетігіміз аңғарғаным, аудармашы іріктеуге келгенде іріген сүттейміз. Түпқазық кемшілігіміз – құнтсыздық, сосын, талғамсыздық. Аудармашы шақырғанда – «ол кім, мүмкіндігі қандай, Абай табиғатына келе ме, қалай аударуы ықтимал?» деп таразылап жатпаймыз. «Соқыр тауыққа бәрі бидайдың» кері. Көрінгеннің шылауына оратыламыз. Мұны айтқанда, мен «Азия» газетінің 1993 жыл, 15 қазан, жұма күнгі санындағы жарық көрген М.Дудиннің аударуындағы Абай өлеңдерін меңзеп отырмын.
Аударма мектебінің қағидасы бойынша ақын өзінің табиғатына сай, үндес, мүдделес, сарындас, айта берді ойлау жүйесі қабысып кететін әріптесін таңдайды. Ол ол ма, әсіресе, Абайды аударғанда ұлы ақын ғұмыр кешкен дәуірдің әлеуметтік, саяси, қоғамдық жайын жата-жастанып зерттемесе болмайды. Оған қуат, уақыт, зор ізденіс керек-ақ. Әйтпесе, «таза өнерді» аудару бар да, ұлттық характер, образдық ойлау үрдісіне лайық салт-сананы жеткізу тағы бар. Екеуі бір-біріне кереғар құбылыс, осы тұрғыдан келгенде М.Дудин аудармасы тұтастай ақсап жатыр. Ол Абай өлеңдерінің әлеуметтік мәнін, эстетикалық тәлімін, этикалық тәрбиесін түсініп, ой тереңіне бойламайды. Мұны айтатыным, аудармашы түпнұсқаның төркініне бармай, сыртқы тұрпатына ғана көңіл-көзін жүгірткені байқалады.
Қазақ өлеңіне, дәстүр жалғастыра отырып, өлшем, түр, пішін жаңалығын енгізген Абай аудармашыға таңсық болмаса керек еді ғой. Ұлы ақын Пушкин, Лермонтов шығармаларын аудару арқылы өзі де байып, оларды туған халқының рухани дүниесіндей етті. Бүкіл елдік ортақ ырзыққа айналдырды. Демек, аударма – интернационалдық категория. Оған барғанда, ақындықты былай қойғанда, азаматтық кескін-келбет қажет. Сонымен:
Жуковский «Қара сөздің аудармашысы – құл, поэзияның адармашысы – бәсекелес» дейді. Онда поэзияны аудару жарыс екен. Сосын, Абай үлгісіне ден қойсақ, аударманың үш тәсілін, яғни, үш үлгісін көреміз. Бірінші – түпнұсқаны дәлме дәл, ауытқымай аудару, Екінші – түпнұсқаның мән-мәтіні (контекстің) мен сөзінің астары немесе бүкпе мәніне (подтекстің) сайма-сай балама іздеу, Үшінші – аудармашының түпнұсқаны аударып отырған тілінің топырағына тарту. Сосын, аударма саласында Гогольдің «Аудармада тұпнұсқаға жақындау үшін, одан алшақтау керек» деген де сөзі бар (оған үлгі Абай аудармалары. Ол туралы «Абайды түсіну үшін де талант керек» деген ой бөлісімде айтқанмын). Бірақ, о кісінің о сөзі аудармадан ауытқып, ойдан шығарылған әлде бірдеңелерді айтып-жазып кет деген сөз емес. Бұл Абайдан қалған үрдіс. Ұлы ақын өз аудармаларында түпнұсқадан бір елі қалмайды, иық тірестіріп, тіпті, кей-кейде мойын озық отырады. Аударғандарын ұлттық төл шығармаларына айналдырып жібереді. Бүгінде атақты:
«Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап»,
немесе:
«Көңілім менің қараңғы:
бол, бол ақын,
Алтынды домбыраңмен келші жақынды» білмейтін қазақ бар ма? Әй, қайдам.
Бұны тәптіштеп, жатқаным аудармашыны да «ұқсап баққа» шақыру.
***
Өлең-жырмен қазақты сынайтындар көбейді. Егер, Абай сынаса, онда оның өмір сүрген заманын, қоғамын, ортасын, со кездегі әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени жағдайларды, өркениеттің қаншалықты деңгейде болғанын елеп-ескергеніміз жөн. Ол «мыңмен алысса», оның тағдыр-талқысы, талас-тартысы, тіпті, араласып жүрген жандарының сана-сезімі де басқа еді ғой. Абай ерекшелігі, ол қолдан трагедия жасамаған.
Сондықтан, оның ой, интонациясын қайталап, тіпті, өзін Абайша ұстап, өзін Абайша сезіну де ешкімге, ешқайсымызға да абырой әпермеген. Бұл – ұлы ақынның көлеңкесі ғана болып қалу. Абайға елікте, бірақ оның интонациясын, мұң-зарын, қайғы-қасіретін, проблемасын қазіргі жағдайға икемдеме. Ол оған көнбейді.
***
Абай – қазақтың поэтикалық және әдеби тілін қалыптастырды. Өз сөзімен айтқанда, жаңаның басы (жаңалық ашушы емес) болды. Яғни, ол сезіну, сезу – құбылысын, білу, білімділік – қасиетімен үндестіріп, өзі ұлттық тұлғаға айналды. Сөйтіп, гректер өздерін Гомерсіз, ағылшындар өздерін Шекспирсіз, немістер өздерін Гётесіз, орыстар өздерін Пушкинсіз көз алдына елестете алмайтынындай, Абай да қазақтардың өздерін, өзінсіз көз алдына келтіре алмайтындай жағдайға жеткізді.
***
Абай – ғұмырымен де, жырымен де, қара сөздерімен де жұмбақ та құпия ақын. Қазір біз соны там-тұмдап шешумен де, ашумен де келеміз. Бұл ұзақ процесс. Ұрпақтан-ұрпаққа кетеді. Ақын ұлылығының сыры мен қыры сонда. Ал, біз Абайды әлі түсінген жоқпыз деу бос сөз. Біз бар түсінгенімізді жүйелеп, кезең-кезеңімен әр ұрпақ шама-шарқымызша айтып та, жазып та келеміз. Арысы Байтұрсынов, берісі Тәкен мен Мекемтас аға, одан да берісі Герағаң, Темірхан, Тұрсын, сосын, мен бірін есіме түсіріп, бірін есіме түсіре алмай жатқан абайтанушыларымыз қаншама. Олар түсінді. Сосын, түсінгендерін қалың қазаққа жетсін деп қағазға тәптіштеп түсіріп жазып та, айтып та жатыр. Сондықтан, біз әлі Абайды түсінген жоқпыз демеу керек, түсініп үлгеріп бола алмай жатырмыз деуге тиіспіз. О процесс бізге дейін де жүрген, біздің кезімізде де жүріп жатыр, болашақта да жүре береді де… Абайды түсіну мен оның жұмбағын шешіп, құпиясын ашу ұзақ та, тынымсыз процесстің көрінісі болса, оны түсінуге ұмтылу – бақытты процесс…
***
Абай Гёте, Пушкин, Лермонтовтың өлеңдеріне қазақ «қанын» құйып, ассимиляциялап жіберді. Өйткені, ұлттың ұлы ақыны олардың туындыларын, олардың өздерімен ақындық жарыстырып аударған еді.
***
Поэзияда шындыққа қарағанда, ақиқатқа қол жеткізу қиын. Абай соған қол жеткізіп, данышпан ақын атанды. Яғни, ақыл-ойды поэзияға көтерді, сөйтіп, о қасиеттерді сезім атты құбылыспен үндестіріп, ұлт ақыны атанды. Өйткені, ақыл-ес, ой-сана философиялық категорияға жатады да, ал сезім, сезіну, таңғалу, тамсану ақындық категорияға ден қояды. Міне, Абай осы екеуінің басын біріктіріп, үндестіріп, үйлестіріп ұлттың ұлы ақыны әрі данышпаны, генииіне айналды.
***
Абай екі қызметті қатар атқарды. Бірінші – жазба әдеби-поэтикалық тілді қалыптастырса, екінші – жазба әдебиеттің өзін қалыптастырды. Оған қосымша, нағыз ұлт ақынының ғұмырын кешті.
***
Сезіну, сезу – туабітті табиғи құбылыс, білу, білімділік – жүре келе қалыптасатын қасиет. Жүребітті қасиет келе-келе бұзылуы әбден мүмкін, ал, туабітті сезім, сезіну бұзылмайды. Білу – білімділіктің көрсеткіші, сезім, сезіну – қандық-тектік категория. Бұны айтып отырғаным, білімділік пен сезімталдық-сезіну үндескен тұстан интеллектуалды поэзия өріп, ақын топырағының құнарлылығын көрсетеді. Мұнда ана тілінің, туабітті бойдағы ділдің алатын орны ерекше. Абайда соның екеуі де жетілген, кемелденген. Оның «толық адам» болатынының сыры сонда.
***
Абай қазақ тілінің поэтикалық заңдылықтарына орыс поэзиясы арқылы еуропалық қан жүгіртіп, оны үндестік үрдісімен логикалық және көркемдік жағынан жетілдірді. Сөйтіп, қазақ поэзиясы ұлттық тіл, образ, музыка (ТОМ) үндестігіне бой алдырып, ақындарымыз суреткерлік пен көркемдікке қол жеткізді. Яғни, қазақы қарабайырлық пен қарадүрсіндіктен әрі жалаң баяндаудан, көпсөзділіктен арылды. Қазіргі кейбір ақынсымақтар, сол үндестікті бұзып, өлеңді хаосқа, ыстығы көтерілген баланың сандырағына, яғни, абстракциялық қолға да, сана-сезімге де тұрғысыз еткенді былай қойғанда, прозаизмге айналдырып жіберді. Олардан белгілі бір ырғаққа түсірілген, басқасын былай қойғанда, тіпті, өлеңге қояр басты талаптардың бірі ұйқастан ада, ақынсымақтың ойдан-қырдан құрастырған (шабытсыз шатпағы) қара сөздерінен ұлы Абайдың «/Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, /Қиыннан қиыстырар ер данасы./ Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,/ Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы/», сосын «/Сылдырлап өңкей келісім, Тас бұлақтың суындай/», дегенінің өзі түгілі, түр-түсін де, мазмұн-мәнін де таппайсың. Мен білемін, ондай ақынсымақтар, өлеңнің ырғаққа түскенінен басқа қасиеті бойына туа бітпегенін мойындамау үшін «Мен өлең жазып отырғанда ұйқасқа қарамаймын. Маған мазмұн, ой керек» дейді. Бұл ақталу ғана. Әйтпесе, ырғаққа түсірілген қара сөздер жиынтығы шабыттың емес, қара жұмыстың, яғни, отыра қалып «өлең» жазудың кәсіпқойға тән қасиеті ғана. Дыбыс, сөз бен сөйлем, тіл, образ, музыка (ТОМ) үндестігін сезінбеген адам солай демеске амалы жоқ. Бұндай ақынсымақтардың жақсы оқырман болып қалғаны әдебиетке де, поэзияға да әлдеқайда пайдалы.
***
Абай ақылды поэзияға көтерген бірден-бір ақын. Ақыл мен сезімді үндестіру кез келген ақынның пешенесіне жазыла бермеген. Қадағаң, Қадыр-Мырза Әлі де, Жұмекен де сондай ақындар санатына жатады. Лирика мен философия үндескен тұстан данышпандық басталады.
***
«Жас жүрек жайып саусағын». Нағыз ақын көріп, сезінген құбылыс. Ал, оны поэзиялық көркем, сазды, образды (бір-бірін толқындай қуалап, дыбыстық хаостан арылған «ж» әрпімен басталған сөздер мен сөйлемдер үндестігі соның көрінісі) деңгейге көтеру туабітті шабыттың шалқыған тұсы.
***
Абай поэзиясында да, прозасында да стилист (еліктеуші емес) және көркемсөз (художник) иесі. Оның әрбір сөзі мен сөйлемі нақты, жинақы, айналасы жұп-жұмыр (өз сөзі), көпсөзділік пен шашыраңқылықтан ада. Онда артық өлең, артық қара сөз жоқ. Тәкең көкем, Тәкен Әлімқұлов сондай жазушы еді. Жақсы нәрсенің жұқпалы болғаны қандай жақсы.
***
Пушкин «Вот Муза, резвая болтунья» десе, Абай «Өлең шіркін өсекші, жұртқа жаяр» дейді. Бұл ұлылар үндестігі. Поэзиядағы реминисценция деген осы.
***
Абай қазақ өлеңінің көкжиегін кеңейтіп, Ана тіліміздің мол мүмкіндігін поэтикалық-интеллектуалдық поэзияда толық пайдаланды.
***
Тілді меңгеру ұлттық ақындықтың көрінісі емес. Ол ұлттық стихияны, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, сана-сезім, тұрмыс-тіршілік көріністерін тіл, образ, музыкамен (ТОМ) көмкеріп, ұлттық нақышта оқырманға жеткізе білу. Мысалы, еуропалық үрдіске тән «Жапырақтар қол соғып тұр» деген сана-сезімде емес, «Жапырақтар жамырап тұр» деп толғаған қазақы ойлау мен көруден өрген сана-сезімнің көрінісі болуы керек. «Жапырақтың жамырауы» қазақ тұрмыс-салтындағы құбылыс. Қозы-лақтың жамырағанын көз алдыңызға келтіріңізші? Болмаса, сол Абайдағы «Лай суға май бітпес қой өткенге», сондай-ақ, «Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?» немесе «Кәрі құдаң қыс келіп, әлек салды», «…бас изеймін шыбындап» деген жолдарда Тәкен көкем Әлімқұлов айтқандай «ұлттық дәстүрден тысқары» ештеңе жоқ емес пе? Міне, ұлттық ақын мен ұлттық өлеңнің үлгісі осыларда жатыр. Сол Тәкен көкем «Тамырсыз өсімдік өспесе, тамырсыз пенденің кітаби білімі ұзаққа бармайды» дейді.
***
Абай қазақ поэзиясының көркемдік және суреткерлік қадір-қасиетін өзі қалыптастырған әдеби тілі стилистикасы мен оралымына бейімдеп, қазақтың образды ойлау жүйесі және сөйлеу мәнеріне дәстүрлі түрде дамыған жаңа мазмұн-мән, әр берді. Өлеңді қарабайыр да қарадүрсіндіктен, жалаң баяндаудан арылтып, көпсөзділіктен ада етті.
Аманхан ӘЛІМҰЛЫ
"Қазақ Әдебиеті" газеті