ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • Т.ЖҰРТБАЙ: «СЫРТЫН ТАНЫП ІС БІТПЕС, СЫРЫН КӨРМЕЙ…»

Т.ЖҰРТБАЙ: «СЫРТЫН ТАНЫП ІС БІТПЕС, СЫРЫН КӨРМЕЙ…»

Оқылған 4371 рет

Ауызекі айтылатын және жазба жинақтардағы өлеңдердің өзара айырмашылықтары

 

   Даналардың мұрасы – жалпы жамағатқа, қарапайым қауымға, сөз өнерінен алыс-жақынға бірдей ортақ. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абайдың өзі айтқандай, даналардың мәйегінен нәр алған тіршіліктегі толып жатқан күйініш пен сүйініштің тұсында: ақыл-санасына – азық, сөзіне – дәлел, ойына – ұйытқы, уәжіне – кепіл, сөзінің дәмін келтірер – тұздық болатын, ой өресін көтеретін – көркем кесте сөз, пікірді түйіп тастайтын – тұжырым, қаяу көңілді – жұбату, ойсоқты күйге түсіп, түңілгенді – қайрау, шарасызды – қайраттандыру, үмітсізді – жігерлендіру  үшін даналардың даналық сөздеріне жүгінеді. Бұл – жер үстін мекендеген дүние ұлтының бәріне тән әрі ортақ  дәстүр. Осыдан келіп, айтар ойын ұштайтын дәлеліне сәйкес – бір тәмсілдің, бір ойлы сөздің, бір-мақал-мәтелдің, бір өлеңнің әр түрлі сөз үйлесімімен айтылатын жағдайы өте жиі кездеседі. Тіпті, бес жүз жылдан бері баспа арқылы тарап келе жатқан Шекспирдің, үш ғасырдан аса басылымдық таихы бар Гетенің, Пушкиннің шығармаларын мәтіндік салыстыру барысында зерттеушілерді таң қалдырған әдеби мәселенің бірі де осы.

Орыстың маңдайалды ақыны, Пушкин шығармаларының денін жатқа білетін Евгений Евтушенко Алматыда өткен кездесудегі бір сөзінде: «Пушкинді жаттап өскен бір топ ақын Пушкиннің өлеңдерін жатқа айтып, өзара бәсеке жасадық. Сонда, кей сөздерді, кей тіркестерді әр қайсымыз әр қалай айтып, бір-бірімізге: «Өлеңнің ана сөзін, мына сөзін сен дұрыс айтпадың. Ана тіркесі – алай, мына тіркесі – былай деп бір-бірімізге дес бермедік. Ақыры, мәтінге жүгінгенімізде, көбіміздің жаттағанымыз  кітаптағы сөзге сәйкес келмеді. Бәріміз де таң қалдық. Сөйтсек, әр қайсымыз әр жылдары шыққан басылымдардан жаттаппыз.  Кітапты құрастырған адам өлеңді  көшіріп жазып отырып, өзі жаттаған нұсқа бойынша жинаққа енгізіп жібереді екен. Менің ойымша, ақынның өлеңін ақын жатқа айтқанда Пушкиннің заманындағы сөз қолданысын бүгінгі күннің ырғағымен айтуы заңды. Айтпақшы, біздің – ақындардың сол бәсекесі пушкинтанушылардың назарын аударып, біраз сөз бен тіркестердің қате басылып жүргенін анықтады», – деп еді.

Бұл сөз – Абайдың да шығармаларына қатысты және үлкен әдеби-мәтіндік мәселе. Жоғарыда аты аталған даналардың шығармаларының көпшілігінің қолжазбалары сақталған. Дер кезінде, автордың көзі тірісінде баспа бетін көрген, өңделген нұсқалары да қаттылып қалған. Қаріп, әліпби ауысқан кездегі жазылу үлгісі де бар. Сондықтан да, оларға мәтіндік салыстырулар жасау, түпнұсқаны анықтау қиын емес. Үтір, нүкте, сызықша, тырнақша мәселесі ғана кілтипан  тудыруы мүмкін.

Ал, Абайдың шығармалары ше? Ашығын айтайық, бәрі де ауызша айтылып, жазылуы бойынша қағазға түскен. Тіпті, Мүрсейіт те көп өлеңді өзінің жадында сақталып қалуы бойынша жазған. Тек, бір келіні тамызық ретінде пайдаланып отырған жерінен қолынан жұлып алған «Әзімнің әңгімесі» дастанының қолжазбасының басы ғана аман қалған. Кейін ол да ізім-ғайым боп кетті. Егерде, Мүрсейіт – Абайдың өз қолжазбасынан көшірген болса, онда, Мүрсейіттің қолжазбасы сақталып қалғанда, Абайдың қолжазбасы неге сақталмаған? Кәкітай, Тұрағұл Абайдың өлеңдерін баспаға дайындағанда, Мүрсейітке: Абайдың өлеңдерін ел ауызынан жинастырып, қағазға түсіруді өтінбей, тікелей қолжазбадан көшіруді неге тапсырмаған? Әлихан Бөкейхановты түрмеге қамаған кезде тергеушілер тәркілеп алған Абай өлеңдерінің ішінде ақынның өз қолжазбасы болуы мүмкін. Бірақ, ол да көңіл қалауы, жандәрмен бопса ғана. Ендеше, Абай өлеңдерін көшірушілердің де мәтінінің өзіне, ондағы сөзіне сол шығарманың Абай бойлаған түпкі ойына сәйкесуі тұрғысынан салыстыра қараған лазым.

Бұл өзі аса даулы, екіұшты, тарихи-танымдық тұрғыдан терең салыстырып барып, көркем ойдың астарын ашатын, «Бір өлеңнің тарихы» атты әдеби-әдістемені пайдалана отырып, дәлелсіз дәлел қалдырмауды талап ететін шетін мәселе. Әсіресе, Абайдың өлеңдерін өзінше түсіндіріп, өзінше өлеңнің шығу тарихын ойдан ойтөте құрастырып, «Олай айтуы мүмкін емес» деп өңешін жыртып жүргендер көбейген қазіргі шақта, бұл өте қауіпті бағыт. Өзге емес, өзім теперішін көрген, Айпара ана айтқан: «Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым» – деп басталатын өлеңдегі адам аттарының кезегін өзгерту туралы маған жасалған түрлі бопсалар соған куә. Дегенмен де, Абайдың кейінгі қырық-елу жылдағы   шыққан басылымдарын салыстыра оқи отырып, өзгертпеген мына пікірімді алқалы қауымның назарына салғым келеді.

Жасымыздан түсініп жаттамасақ та, Шыңғыс тауын мекендеген барлық қариялар бас қосқанда, ақыл бергенде, бетпе-бет сөйлескенде жиі айтатын, солардың ауызынан естіген біздің жадымызда жатталып қалған «Сенбе жұртқа…» деп басталатын өлеңнің мәтінін біз қазір де:

Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен қайратың екі жақтап, –

деп   айтамыз.

Жинақтағы   сөз тіркесі басқа екенін білсек те, дәріс барысында да, оның қате болуы мүмкін екенін ескерте отырып, тура мәтін бойынша талдаймыз. Оның себебін өзімізше  түсіндіреміз. Шындығында да, қисын тұрғысынан, поэзиялық тіл бояуы тұрғысынан алғанда – «ақыл мен қайраттың» қатар тұрғаны жарасымды. Ырғағы да үйлесімді. Біздің заманымызда өмір сүрген, Абайдың ұрпақтары – Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев те, Ниязбек Алдажаров та, Сирақбай Досмағамбетов те, Қабыш Кәрімқұлов та, Жұмакүлбай Базарбаев та солай айтатын. Сол қариялардан біз: «Ал жазба жинақтардың барлығында:

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен  еңбегің екі жақтап, –

кей жинақта: «Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп жүр ғой», – деп, «қайрат пен еңбектің» орыны ауысып кеткенін айтып,  қайыра сұрағанымызда олардың бәрі де: «Ол – заманның өзгерісі ғой. Не көшірмешіден, не айтушыдан қате кеткен шығар», – дейтін бірінің сөзін бірі сөз бе сөз қайталап.

Сонда, «қайрат» дұрыс па,  «еңбек» деп айтқан дұрыс па? Бір қарағанда, осы екі сөздің орын алмастыруынан Абайдың өлеңіне келіп-кететін ешқандай мәтіндік-мағыналық ауытқу жоқ сияқты. Еңбек – дегеніміздің өзі қайраттың бір көрінісі емес пе? Иә, еңбек – қайраттың бір көрінісі ғана. Одан артық еңбектің еш жаратқандық (жаратушылық) сипаты жоқ. Ал, қайрат, қуат – санадан тыс, ақылдан бөлек, иманмен бірге жаратылған, тек жаратқанның өзіне ғана тиесілі сыпат. Абайдың барлық өлеңдері мен «Қарасөздерінде» адамның басты қуаты – «ақыл, жүрек, қайрат» – деп атап көрсетіліп, кең түсінік берілген.

Бұл, оның ойлау жүйесіндегі  түйсіктен туған философиялық ұғымды – мәңгілік кеңістік пен уақытты, болмысты, иманды қамтитын категориялық ұғым. Ал, еңбек, ол – кәдімгі тіршіліктің етекбасты харакеті. Дұшпаныңа – ақыл мен қайратты қатар жұмсап, қарсы тұрасың. Жанда – қуат, қайрат болмаса, қанша еңбектенгенмен де, ол михнатты тіршілік, Абайдың өзі айтқандай, «етекбасты өмір», «Сизифтің еш кеткен еңбегі» болып шығады. Сондықтан да, Абай өзінің барлық өлеңдері мен «Қарасөздерінде» «ақыл, жүрек, қайратты бірдей ұста» деп өсиет етеді.

Енді, «бір өлеңнің тарихы» әдеби-әдістемелік жүйесі бойынша осы уәжімізге иландыратын дәлел ұсынайық. Бұл өлең, Абайдың барлық жинақтарындағы реттік көрсетілім бойынша, 1897 жылы жазылған. Бұл жыл – Абай үшін ақыл мен қайраттың азабы мен ашуын бірдей тартып, ызадан булығып:

Ендігіге не сұрау бұл заманда,

Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.

Өлген мола, туған жер жібермейді,

Әйтпесе тұрмас едім осы маңда, –

деп елден кетуге бел байлаған құсалы тұсы, яғни, Көшбикедегі түселде Абайдың «тұщы етіне – ащы қамшы тиген» жыл.

Демек, мұны, құсалы күй кешкен ақынның өзіне-өзі: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап» деп басу айтқаны деп те түсінген дұрыс. Ал, мұндай ақыл-ойдың құсалы күйінен қандай еңбек алып шығуы мүмкін. Ешқандай да. Оның есесіне, ақылмен септескен «жан қуаты», «рух қайраты» ғана бойға күш беріп, көңілді демеп, жанын сергітпек. Сондай құмығуды бастан кешіп отырып: «Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де – бір антұрғандық. Және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы» («Төртінші сөз») деп жазған. Ол «уайымнан шығар есікті» ақылы мен жан қуатына – жан қайратына сүйене отырып тапты. «Жүрегінің түбіне терең үңіле» отырып, елден кету ниетінен бас тартты. Жол ортадан қайтты. Оразбай мен Бітімбайға кешу берді. Бесік құда болды. Базаралының алдынан өтті. Бірақ, Абайды енді өзге, пендешілк пен ағайыннан да зор заман зауалы тұншықтырып, еңсесін басып, жүрегінің басына ащы запыран құйды. Оған қарсы тұруға Абай дәрменсіз еді. Ұлтының басына төніп келе жатқан шоқынудың, оның ішінде, рухани шоқынудың қатері оны өмірден түңілдіріп, өзі айтқан «уайым-қайғының ішіне қамады», ақыры құсаға тұншығып өмірден өтті.

Міне, осындай, «ақылы – ащыған у, ойы – кермек» тартқан кездегі құсалы көңіл-күймен жазылған өлеңнің бойына, мағынасы қаншама жақсы болғанымен де, «еңбек» деген кағыздық сыпаттағы сөз жараса қояр ма екен, тіпті, жарасуды былай қойып, кешегі дос Оразбайдың өзінен түңіліп: Сенбе, жұртқа, бәрібір ішіне қулық сақтайды, одан да «ақылың мен еңбегіңе сен, сол екеуі сені қияметтен алып шығады – деген ызалы ой ырғағына «еңбекті» кіріктіруі лайықпа, орынды ма өзі?

Сыйпай қамшылаған кісіге «еңбек» пен «қайрат» мағыналас болып көрінуі мүмкін. Ал Абай үшін қайрат пен қуаттың – еңбектен айырмашылығы бар ма. Жалпы, Абай, екеуін – екі ұғым ретінде қолдана ма, жоқ па? Жауап: қолданады.  «Төртінші сөзге» тағы да көз қырын салсаңыз, онда: «Қулық саумақ, көз сүзіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі, құдайға сиынып, екінші – өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деп жазылған. Мұндағы: «Өз қайратыңа сүйеніп еңбек қылсаң» – деген сөздің астарынан, еңбектің өзі қайратқа сүйенеді, қайратсыз – еңбек тұл, жай сөз ғана – деген емеуірін анық аңғарылады. Демек, еңбек – өз бетімен, яғни, қайратсыз ақылдың серігі бола алмайды. Ендеше, жоғарыдағы өлең жолы «Ақылың мен қайратың» болуға тиісті.

Мұның мәнісін «Оныншы сөздегі»: «Құдай саған еңбек қылып, мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларлық білім берді, оны оқымайсың» деп одан әрі тереңдетіп түсіндіріп береді. Бұл арадағы қуат дегені – қайрат. Сол қайратты – харакет, ұмтылыс, іс-қимыл, еңбек мағынасында қолданып тұр. Еңбек – қайраттың тәнге тән сипаты, қайрат – адамды қимылға келтіретін күштің көзі. Сол харакеттің бірі – еңбек.

Адамның – адамдық қасиетінің бірі осы қайрат. Қайрат – ақылдың серігі. Оған «Он төртінші сөздегі»: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі – ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық – жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады» деген сөз кепіл. Бұл арадағы қайрат – жан мен махаббаттың қуаты, адамгершіліктің, рухтың қозғаушы күші.

Жаратқан мен түйсікке тиесілі үш ұғымның – ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің жалғаннан алатын орыны «Он жетінші сөзде» мынадай рауият арқылы барынша кең әрі анық талданады: «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып келіп, ғылымға жүгініпті… Сонда ғылым үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты:

– Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз болмайтұғыны да рас, бірақ, қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, залалың да мол.  Кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман… Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас… Амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның, екеуінің сүйенгені – Сен. Екеуінің де іздегенін тауып беріп жүресің, соның жаман… Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің еркіңе (ақыл – Т.Ж.) жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, оның ішінде жүрекке билет… Үшеуің де ала болсаң, жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта: «Құдайтағала қалпыңа қарайды» деп кітаптың айтқаны осы» деп жазған Абай. Ендеше, Абайдың:

Өзіңе – сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен қайратың екі жақтап, –

деп отырған «ақыл мен қайраты» да осында айтылған ақыл мен қайрат.

Ал, еңбек болса, ол жаңағы Абай айтқан «қайраттың… көп өнерлерінің» бір қыры. Еңбектің де түр-түрі, яғни, «пайдалы», «залалды» түрі бар.  Кетпен, күрек соқса – пайдалы, қылыш пен қанжар соқса – залалды. Екеуі де ақылдың күшімен істеліп отыр. Бірақ, алдыңғысын – жүрек қолдайды, соңғысына – қарсы. Ал, Иман болса – Жүректе. Сонда, қайсысына сену керек? Жүрекке бағынған, ақылдың амалың тыңдаған қайырымды қайратқа сенесің. Қайрат, рух қайраты болмаса, еңбек те болмайды. Қайрат – мәңгілік кеңістікті қозғалысқа келтірген бастапқы күш. Онда Жаратқанның болмысына ие сипат бар. Сондықтан да, осы өлеңнің соңында:

Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,

Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме, –

деп, ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің бірлігін еске салып отыр.

Демек, Абай: қияметтік қиындықтан ақылыңның амалы мен қайратыңның «жақсылығын берік ұстап», екеуін серік етіп, «жүрегіңнің түбінде» ұйыған иманмен – ар-ұятпен, ожданмен, таза пейілмен жалғанның жарығына ұмтыл – деп емеуірін танытады Абай. Абайдың алдын көрген дегдарлардын сөзін естіп:

Өзіңе – Сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен қайратың екі жақтап, –

деген жолдарды жадында сақтап қалған қариялардың танымы терең, олар бүгінгі абайтанушылардан көрі Абайдың даналық ойының астарын терең түсінген сияқты.

Демек, солар арқылы, біздің санамызға орнығып қалған бұл жолдарды, яғни, «Өзіңе – Сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап», – деген қос жолды, біз алдағы уақытта да өз пайымдауымызда қолдана берсек, Абайдың мәтініне қиянат болмайды деп есептейміз. Ал, құрастырушылар мен баспа орындарыының редакторы: алды медреседе хат таныған, «Мұхтасарлық» деңгейде білім алған кеңес өкіметінің алғашқы кезеңіндегі Ғ.Тоғжанов, І.Қабылов, Ә.Байділдин, С.Мұқанов, Ж.Орманбайұлы сияқты, тағы да басқа кеңестік күпір сыншылардың сұғынан ықтап, «қайраттан» қаймығып, ол сөзді, нағырақ айтқанда, жаратқандық сыпатқа ие «қайратты» –еңбекшілер өкіметінің баламасына айналған «еңбекпен» ауыстырған – деуге толық негіз бар. Әрине, анығы – Аллаға, содан соң Абайдың өзіне аян. Бірақ та, Абайдың көркем ойлау жүйесі мен көркем көзқарасы, бізге, осындай пікір білдіруге мәжбүр етіп отыр.

Ал, осы қуаттың еңбектен зор мағынаға ие екеніне, дүниедегі бар қиыншылықты жеңетін – жан қуаты екеніне «Қырық үшінші сөздегі» Абайдың мына пікірі дәлел: «Ақыл, ғылым – бұлар кәсіби. Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп – тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы – ұнамды қалпыменен, ұнамсызы – ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретімен көңілге түседі. Ол – көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен (көру, есту, қатты-жұмсағын, сұйық-қоюын ұстап білу, дәм сезу, иіс сезу – Т.Ж.) өткен соң, оларды жайғастырып көңілде суреттемек. Ол – жанның жибили (үйретусіз, табиғи түрде түйсікпен сезіп-білетін – Т.Ж.) қуаты-дүр, бірі – ұмытпастық жақсы нәрседен көңілге жақсы әсер-һасил болу, жаман нәрседен көңілге жаман әсер-һасил болу секілді нәрселер. Бұл қуаттар, әуелде, кішкене болады. Ескеріп баққан адам – үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтады» деп өзінің уәжін айтады.

Еңбек, яғни, еңбекші дегеніміз: қуаттың күшін «ескеріп баққан адам,  үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтқан» адам, яғни, қуатты әрекетке түсірген адам. Демек, ақылдың амалын, тек қана жан қуаты ғана жүзеге асыра алады, ақыл ғана жан қуатына серік бола алады. «Ақылың мен қайратың екі жақтап» қостап, жүрекке сенгенде ғана, қияметқайымдық қиындықтан құтыласың. Ал, қиямет қайымнан кеңестік күркілдер үрейлене үрікті.

Ақыл мен қайрат, еңбек туралы ойымызды Абайдың мына «Қырық үшінші сөзімен» қорытындылаймыз: «Пайда, залалды айыратұғын қуаттың аты – ақыл еді ғой. Бір ақыл қуатымен мұны тоқтатып болмайды. Һам ақыл, һам қайрат – екі мықты қуат қосылып тоқтатады. Ол екеуі кімде бар болса, бағанағы екі қуат: мұнан салсаң – онан шығатын бір жорға атпен тең. Егерде, бұл екі қуаттың екеуі де аз болса, яки, бірі – бар, бірі – жоқ болса, бағанағы екі қуат та – бір басы қатты асау ат. Жүгенсіз тауға ұра ма, тасқа ұра ма, суға ұра ма, жарға ұра ма, құдай білсін». Анығы, бұл асау атты тек «еңбекпен» жуасыта алмайсың. Еңбекпен – жүгендейсің, еңбекпен – үйретесің, еңбекпен – ол атты арбаға жегіп, еңбекке үйретесің. Ол үшін – жан қуаты, рух қайраты керек.

Жә, біздікі жөн дедік. Сонда, мұны да текстологиялық өзгеріске жатқызып, түзетеміз бе? Өзгені қайдам, қашан дәлелді – дәлел тапқанша, түсініктерде: ауызекі сөзде «Ақылың мен қайратың екі жақтап», – деп айтылып жүр. Мұның дәлелі былай деп, түсініктеме берген жөн бе? Ғылыми әдеп, соңғы уәжді қостаса керек. Орайы келгенде, тағы бір уәжді айта кетейік. Сол Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев, Ниязбек Алдажаров, Сирақбай Досмағамбетов, Қабыш Кәрімқұлов, Жүмакүлбай Базарбаев сияқты дегдарлардың Абай туралы сөздерінде жиі қолданатын, тура осы ақыл, қайрат, жүрекке қатысты «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек» атты өлеңдегі екінші шумақты:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден ерек, –

деп қайырушы еді. Ал, барлық жинақтарда:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек (1995, 118), –

деп басылып келеді.

Бұл арада ешқандай мағыналық ауытқу, не жаңылыс жоқ. Мәселе, Абайдың өзінің:

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, –

деп өлеңге    қойылған көркем талғам мен көркем талапта.

Өйткені, үш-ақ шумақ қысқа өлеңде «бөлек» деген сөздің екі рет қайталануы, Абайды былай қойып, суырыпсалма ақындардың өзі, жалпы «бөлектену» деген сөздің жағымсыз мағынада қолданылатынын, «бөлінгенді – бөрі жейтінін» біледі. Бұл қарапайым қауымға да белгілі. Ақыл мен қайратты, жүректі бірдей ұстаған нағыз «толық адам» неге «елден бөлектенуі» тиіс. Ал, ондай, хакім-ғұлама, толық мұһминнің «елден ерекшеленіп», ерек көрініп тұратыны – шындық.

Ендеше, бала күнінен Абайды жаттап өскен, өздерінің алдындағы Абайдың көзін көрген, көптің алдында келеге түскен дегдарлар оларды бір-бірімен бәсекелестіре, жарыса Абайдың өлеңдерін жатқа айтқызған, сол сыннан өткен, өздері де өзара сынасып отыратын Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің, Ниязбек Алдажаровтың, Сирақбай Досмағамбетовтің, Қабыш Кәрімқұловтың, Жүмакүлбай Базарбаевтің жадында сақталған сөзге мән беріп, ескерген лазым сияқты. Сонымен қатар, мына өлең әр жинақта әр қалай:

Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ашуың – ашыған у, ойың – кермек.

Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық,

Кім көңілді көретін (?), болады ермек? – деп басылып жүр.

Осындағы: «Кім көңілді көретін болады ермек» дегендегі «Көретін» деген сөз, «көтеріп» дегеннің орынына ауысып түскен жай ғана кеткен қате ме, жоқ, солай әдейі берілген қателік пе? Әйтеуір, «көңілді көретін» емес екені анық. Өзге басылымдарда қалай берілген? Кейінгі, академиялық толық басылымда «Кім көңілді көтеріп» болып өзгертіліпті (1995,1.52). Игілікті іс.

Сонымен, біздікі, естігенімізді – жеткізу, түйгенімізді – қағазға түсіру. «Ағалар айтпай кетті» – дегізбеудің қамы. Ал, қабылдау-қабылдамаудың ырқы, ықылас-пейіл, қалау – сіздерден.

 

«Қарасөздердегі» сөзден кеткен қателер

Абайдың өлеңдері мен «Қара сөзі» жазылған кезде, қолжазбаны Мүрсейіт, Самарбай молда және басқалар көшірген тұстарда, сондай-ақ, Абайдың өлеңдері алғаш жинақ боп басылған уақытта да қазақ әліпбиі, тыныс белгілер мен оның қойылу заңдылықтары әлі жасалған жоқ болатын, тіпті, жиырмасыншы жылдардағы екінші-үшінші басылымның тұсында да төл сөз бен төлеу сөздің ережелері бекітілген жоқ. Латын қарпіне көшірілген соң ғана осы тыныс белгілері қойылды. Одан кирилл қарпіне түсіргенде ыңғайластырылды. Енді, сол қателер қайтадан латын қарпіне ілесіп бара ма?

Осы қателер, онсыз да шырма-шату боп, шұбатылып жатқан жаңа әліпбидің етегінен ұстап ертеңгі күнге барса, онда Абайдың «Қарасөздерін» түсініктемесіз түсінудің өзі қияметке айналып кетпей ме? Бұл – бүгінгі тілшілер мен әдебиеттанушылардың басты ғалымдық парызы ғана емес, ғылыми міндеті.

«Бірінші сөздегі»: «Енді, ер ортасы жасқа келдік; қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік» (61.439), – деген сөйлемдегі «ер» деген сөздің қате екені, бұл сөздің кәдімгі: ««Енді, жер ортасы жасқа келдік» – деген тұрақты сөз тіркесі екені айтпаса да түсінікті. Кейбір басылымдарда бұл «жер ортасы» деп түзетілген. Ал, біз үлгі тұтып жүрген Ә.Жиреншин құрастырған 1961 жылғы басылымда «ер ортасы» деп жүр. Ал, барлық басылымда «Бірінші сөздің» екінші абзацы: «Ел бағу ма? Жоқ, ел бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!» (61.439; 1968.2.145; 1995.2.158),– деген сөйлемдегі «бағым жоқ» деген сөз бір жинақтан бір жинаққа тұрақты түрде көшіп келеді.

Бұл, әуел баста, «қ» әрпі қалыптанбаған, әріптің қазақ тіліне бейімделмеген, Байтұрсыновтың әліпбиінен бұрынғы кездегі «қ» қарпінің орнына қолданылған «ғ» (ғайын) әрпінің оқылуы бойынша жазылып кеткен жаңсақ сөз. Егерде, біз, Абай өлеңдерінің бірінші басылымы мен қолжазбаларды қатаң ұстанатын болсақ, онда Абайдың барлық өлеңдерін сол үлгіде оқып, жазып, баспа арқылы жариялауымыз керек. Онда, біз Абайды түсіну үшін оның әр сөзіне түсінік беріп, шағатайша, қадымша, татар әліпбиінде жазылған: «И(ә)л бағғу ма? Иоқ, и(ә)л бағғим иоқ», – деп оқуымыз керек. Бұл сөздерді қазақ тіліндегі айтылу нұсқасы бойынша жазған соң, «бағғимды» – «бағымды» да өзгертіп, «баққым жоқ» деп  жазу ләзім. Әйтпесе, «бағым жоқ» деген сөзді алдыңғы мағынасы бойынша ойша «баққым жоқ» деп оқығанша, тура мағынасындағы «баққымның» өзін неге пайдаланбаймыз? Мұнда тұрған ешқандай да бұрмалаушылық жоқ, қайта қатені түзеткеніміз сауап емес пе?

Әр сөздің әр жақта – бірінші, екінші, үшінші жақта айтылуына байланысты оған қосылатын сол шақтың тәуелді жалғаулары да дыбысқа байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, қазақта «сөз байласты» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Осындағы «байласты» деген сөз М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында әр түрлі қолданыста: сөз байласты, байламым осы, байлауы қайда, тілі байланды, байлауы жоқ шешім, байлаусыз сөз, т.б. деген тұрғыда – шешті, уағдаласты, сөз берді, келісті, жалған сөз деген іспетті мағынада барынша мол кездеседі. Ал Абай өзінің «Бірінші сөзін»: «… кім де кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, иә («я» емес) оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім – өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» (1961.439) – деп аяқтайды.

Мұндағы тыныс белгілері мен еміле қателерін, төл сөз бен төлеу сөздерді ажыратып жазу керек пе, жоқ па, оны ғылыми кеңестің дәргейіне қалдырайық та, барлық ойдың басын түйіп тұрған «байладым» деген сөзге назар аударайықшы. «Байладым» сөзі – бірінші жақпен айтылып тұр. Абай нені, кімге байлады – деген орынды сұрақ туады. Атты байлады ма, жіпті байлады ма, сөзді байлады ма, жоқ, ғақлия сөздерін жастарға базарлық ретінде байлап, сыйға тартып тұр ма?  Әрине, «енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» – деп шешім қабылдап тұр.

Ендеше, осы «байладымның» – «шештім» деген мағынасы ашылмай, яғни, алдыңғы сөзге «байланбай» тұр. Біз де әр түрлі амалын қарастырдық. Лажы, әзірше, табылмады. Ақыры, «байландым» дегеннің алдына жақшаның ішіне «сөз» деген сөзді қосып: «(сөз) байладым» деп жазса қалай болар еді дегеннен артық амал таппадық. Қиуын таппаса да, мазмұндық қисыны келіп тұр. «Байладымды» «Бірінші сөзге» «байлаудың» бір жолы осы сияқты көрінді бізге.

«Төртінші сөз»: Кезінде анық танылмаған, не дұрыс оқылмаған, не  әу баста жазылып кетіп, кейін ұзынырғасы түсінікті болғандықтан да, түбегейлеп түзетілмеген, бірақ стильдік тұрғыдан бұлыңғырлыққа әкелетін,  не ұғымсыздыққа әкеп соқтыратын сөздер, «Қарасөздегі» кейбір сөйлемдердің арасынан ұшырасып қалады. Түсініктері мен мағыналары қиын мұндай қателіктер ойды тұмандатады, қате түсініктерге жетелейді, немесе мүлдем түсініксіз күйге түсіреді. Ол түсініксіздік – даналардың «жұмбақ ойының» күрделілілігінен туындап отырған жоқ, керісінше, кәдімгі грамматикалық қатеден кетіп отыр.

Мысалы «Төртінші сөздегі»: «… Әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына – рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын – ғибырат қылып күл. Әрбір ғибырат алмақтықтың өзі де бастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады» (1961.442; 1968.151), – деген күрделі ойды түйіндейтін: жақсыдан алған шарапатың – «бастыққа жібермейді», дер кезінде сабырға шақырады – деген мағынаны беретін «бастықтың» мағынасы не? Жақсы ғибырат қандай «бастыққа» жібермейді? Сол замандағы болысқа ма, осы кездегі министрге ме, әкімге ме?  Бұл сөздің орынсыз әрі мағынасыз екенін аңғарған ғұламалар академиялық басылымда бұл сөзді: «Әрбір ғибырат алмақтықтың өзі де  мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады» (1995.2.163), – деп өзгертіп, екінші бір мағынасыз сөзбен ауыстырған. Ғибырат алуға ұмтылған, ғылым қуған талапкер – ғылымды үйрену барысында қандай және неге маскүнемдік жолға түсуі мүмкін, ғибыраттың жолы – мастыққа бастай ма. Әлде, Абай: ғылым да бір құмарлық іс, ол – құмарпаздыққа, мастыққа бастайды – деп отыр ма? Онда, шын иман сақтау үшін, ақылыңды сау ұстау үшін, толық адам болуға ұмтылмай-ақ, ғылым жолына түспей-ақ қою керек қой.

Жоқ, бұл арада дәбірлердің лауазымы мен «мастықтың» ешқандай қатысы жоқ. Мұндағы «бастықтың» мағынасын «Отыз екінші сөздегі»: «Екінші, ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен – білмек үшін үйренбек керек. Бақасқа бола үйренбе. Азырақ бақас – көңіліңді пысықтандырмақ үшін залалды емес, көбірек бақас – адамды түземек түгіл, бұзады. Оның себебі, әрбір бақасшыл адам – һақты (хаҺ) шығармақ үшін ғана бақас қылмайды, жеңбек үшін бақас қылады. Ондай бақас – хұсідшілдікті (күндестікті, бәсекені – Т.Ж.) зорайтады, адамшылықты зорайтпайды, бәлкім, азайтады. Және мақсаты – ғылымдағы мақсат болмайды, адамды шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады. Мұндай қиял – өзі де бұзықтарда болады. Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі, бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін. Бақас – өзі де ғылымның бір жолы, бірақ, оған хірслану (қырыстану, құшырлану, құмарлану, ашкөздену – Т.Ж.) жарамайды. Егер, хірсланса (қырыстанса – Т.Ж.), өз сөзімшіл ғурурлық (өзімшілдік, менмендік, кісімсіну – Т.Ж.), мақтаншақтық, хұсідшілдік (күндестік, бақастық – Т.Ж.) бойын жеңсе, ондай кісі бойына қорлық келтіретұғын өтіріктен де, өсектен де, ұрсып-төбелесуден де қашық болмайды» (1961.464; 1995.2.183),– деген «бастықтан» емес – бақастықтан іздеген жөн.

Біз, бұл ұзақ сілтемені, Абайдың бір сөзін дұрыс түсінбегенде қандай мағыналық қателіктерге ұрынатынымызды көрсету үшін әдейі келтіріп отырмыз. Тағы бір «Сөзінде» осы бақас ғылымының адамзатқа зияны жөнінде ұзақ толғаған пікірі тағы бар. Ал, біз ғой, бәсекеге лайықты, яғни, бақасшыл мемлекет құрамыз деп ұрандатып жүрміз. Екіншіден, осындағы «бақас» сөзі Абайдың жинақтарында «бахас» деп жазылып жүр. Егер, шынымен де, түпнұсқашыл, арабшыл болатын болсақ, онда «бахасты» – «баһас» деп жазуымыз керек. Ал, біз, қазақтың ауызекі сөзінің жазылу үлгісімен «бақас» деп қолдандық.

Сондай-ақ, осы «Төртінші сөздің» алғашқы абзацында: «Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі – не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек», – деген сөйлемдегі «құр» сөзінің орыны көшіру барысында ауысып кетсе керек. Себебі, «құр» сөзі өзі тіркеліп тұрған «не бір ұят келерлік іске» еш қатысы жоқ, оның алдындағы  «не шаруадан, не ақылдан» деген тіркеске тиесілі сөз, сонда бұл сөйлем: «не шаруадан, не ақылдан құр, не бір ұят келерлік істен  ғафил (өкініш, қателік, ағаттық –  Т.Ж.) көп өткізіп отырса керек», –   деп оқылса, бәрі де өз орынына келмек, яғни, «мастық күлкіге», «орынсыз ыржаңға» (Абай) салынған адам – «жұмысы жоқтықтан, тамағы тоқтықтан азған», шаруадан, «ақылдан кенде», ар-ұяттан құр қалған адам.

Академиялық басылымдағы өзгертілген сөздердің дені орынды. Алайда, түзету барысында «күзеліп» кеткен өзгерістер де бар екен. Мысалы, соған дейінгі барлық басылымдарда: «Әрбір жинақылықтың түбі – кеніш болса керек» (1961.442; 1968,151), – делініп келген сөйлем, академиялық басылымда: «Әрбір жинақылықтың түбі – кәніш болса керек» (1995.2.162), – деп өзгертіліпті. Алдыңғы «кенішке» – «Молшылық», кейінгі «кәнішке» – «парсыша – іс-әрекет, жұмыс-әрекет» – деп түсінік беріліпті.

Біздің пайымдауымызша, академиялық басылымда орынсыз өзгеріске орын берілген. Егерде, осы сөйлемнің мағынасын академиялық басылымдағы «кәніш» пен оған берілген түсінік бойынша түсінетін болсақ, онда бұл сөйлемнің мағынасы: әрбір жақсылықтың түбі – іс-әрекетке, жұмыс-әрекетке, яғни, іс-қимылға бастап әкеледі – дегенді білдірсе керек. Мәтіннен бұдан өзге мағына аңғарылмайды. Ал, негізгі әңгіме – іс-әрекет туралы емес, «Әрбір уайым-қайғы ойлаған кісі – не дүние шаруасына, не аһирет шаруасына өзгеден жинақырақ болатыны» туралы қозғалып отыр. Біздің пайымдауымызша, бұл арада Абайдың парсы тіліне жүгінетіндей еш мұқтаждығы жоқ. Терминді тілеп тұрған ғылыми ұғым да жоқ. Қарапайым ғана: ақирет ісін ойлап, әрбір һарам нәрседен бойыңды таза ұстап, өзі айтқандай, «мінез байлығын» сақтасаң – рухани қазынаға кезігесің, жан-дүниеңнің қазынасы – жан азығы молаяды, яғни, қазақтың қара тілімен айтқанда, «кенішке – молшылыққа» кезігесің деген сөз. Ғылыми термин болмағандықтан да: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол ақынның білімсіз бейшарасы»,– деген Абай, қазақтың «кеніш» деген қара сөзін «кәнішпен» шыбарламаса керек еді.

Сондай-ақ, осы «Төртінші сөздегі» бақас туралы сөйлемнен кейін: «Көп күлкінің бәрін де мақтанғаным жоқ, оның ішінде, бір күлкі бар-ау, құдай жаратқан орныменен – іштен, көкіректен, жүректен келмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет-ауызын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін, бояма күлкі» – деген күлкі және күлкінің мағынасы туралы пікір бар.

Ал, енді осындағы барлық жинақтарда еш белгісіз, тырнақшасы жазылып келе жатқан «мақтанғаным» деген сөзді қалай түсінеміз және сөйлемнің басындағы, ортасындағы, не соңындағы ойды ашу үшін қолданды ма, әлде, Абай өзіне қаратып айтып отыр ма, қайсысына қатысты, қалай білеміз? Егерде, «Көп күлкінің бәрін де мақтанғаным жоқ» – деген сөйлемдегі «Мақтанғаным» деген сөзді тырнақшаға алып: ««Көп күлкінің бәрінде «мақтанғаным» жоқ» – деп жазып, оны: Абай көп күлкінің ішінде «мақтанғанымсыған» күлкінің жоқ екендігін, немесе күлкісіне «мақтанған» біреуді айтып отырмағанын, немесе біреудің күлкісін мақтаған жері жоқ екенін  мекзеген десек ше, сонда «мақтанғаным» жоқ» деп өзін айтып отырмағанын аңғартар еді. Сонда, әңгіме, өзгеге – адамға емес, күлкіге қаратылар еді. Яғни, күлкінің бәрі орынды мақтанғандықтан емес, соның ішінде «қолдан жасап, сыртыменен бет-ауызын түзеп, бай-бай (пай-пай – деп те оқуға болар еді, бірақ, бұдан мағына онша бұзылмайды – Т.Ж.) күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін, бояма күлкі» бар екенін аңғартады – десек, сөйлем де, ой да, мағына да орнына келер еді. Ол үшін: «мақтанғаным» деген сөзді тырнақшаға алса – жетіп жатыр. Ал академиялық басылымда бұл сөз «Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ» – деп алыныпты. Мәтіндік жағынан ышқыр-бауы босаңдау сөйлем.  Біздің пайымдауымыздағы тырнақша ішіндегі «Мақатанғанымда» астарлы  сарказм бар.

Айтпақшы, біз қарамен берген сөздер мен тыныс белгілеріне назар сала отырыңыз, өйткені, алдағы пайымдауларда арнайы көтерілетін тыныс белгісі туралы мәселелерге бұл белгілер толық мысал бола алады.

«Бесінші сөзде» және өзге сөздердің әр жерінде «я» немесе «яғни», «яки» деген мағынадағы қаратпа сөз жалғыз-ақ әріппен «я» деп жазылып жүр. Мысалы: «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» (1961.443; 1995.2.163). Мұндағы «я»-ны, қазіргі жастар «я – мен» деп ұқпағанымен де, сол ләммен оқиды, тіпті, біздің өзіміз де жуан дауыспен «я,  ия, иа» деп оқимыз. «И» мен «а»-ны қосып, «я» – деп жазамыз деген ережені қабылдатқан да адам ғой. Қазақ сөзінің дыбысталуы мен ләмі өзгеріп кететіндігін ескермеген болар, қалай дегенмен де, Абайға бір кешірім жасап, оның «Қара сөздеріндегі» – «я»-ны қазақы «иә»-ға өзгертіп жазса – құба-құп. Ал, түпнұсқада, «а» әрпінің – «әліптің» басы созылып түссе, онда бұл Абай жиі қолданатын «яки» сөзі болуы әбден мүмкін.

«Алтыншы сөздегі» мына сөйлем:1995 жылғы академиялық басылымда: «Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір, бірін-бірі аңдудың амалын іздеседі» (1995.2.163), – деп өзгеріпті. Алдыңғы басылымдардағы «қорғалатын» (1968.2.153) дегенге қарағанда түсінікті, бірақ, нақты емес. Иә, «қорғалатыпты» – ойда шайқап барып «қорғалап, қорғап, қақпайлап», тіпті, «айналдырып» деп те түсінуге болады. Ойланып барып, әрине. Ал, пәле салған қазақ не істейді: «Олла, билла! Менікі дұрыс! Бар пәле сенен келді, содан келді!» – деп қарғанып алады. Сол «қарғануды» қорғанудың амалы етеді. Мұндай қазақы мінезге тән мысалдарды Абайдың өзі: «Оныншы сөзде»: «Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден – жалынып алсаң, біреуден – алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол», «Он үшінші сөзде»: «Қылыш үстінде серт жоқ» – деген, «Құдайтағаланың кешпес күнәсі жоқ» – деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пәнденің жүзі құрсын (күйсін)», – деп сыпаттайды. Жаңағы, «қорғалатыптың» түпкі мғынасы «қарғанатын» (қорғанатын-?) болуы да мүмкін деп ишара жасауымыз да сондықтан. Егерде, бұл мәтінді: ««Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып қарғанатын (қорғанатын)», сөйтіп, «әйтеуір, бірін-бірі аңдудың амалын іздеседі» – деп оқысақ қалай болар екен? Сонда, бұрынғы барлық жарияланымдағы «қорғалатын» деген сөздің төркіні «қорғанатын» деген сөзге жақындай түсер еді. Әрине, біздің бұл пікіріміз жәй бопса ғана екенін түсінеміз. Бірақ, қаперден мүлдем шығарып тастауға да келмес.

«Он үшінші сөз»: «Иман деген – Алла табарака уә тағаланың шариксіз, ғайыпсыз Бірлігіне (Алла – Бір, ол – Жалғыз екеніне – Т.Ж.), барлығына (Алланың Бар екеніне – Т.Ж.)  уә (және) һар түрлі бізге пайғамбарымыз саллал-лаһу ғалейһи уәс-салам арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын сұнып, инанмақ» (1961.450; 1995.2.169), – деген сөйлемдегі «шәриксіз» деп отырғанымыз не нәрсе, ол қандай «шарик»? Мұны ешқандай жұмбақтаудың қажеті жоқ, ол «шәрик» – қазіргі уахабистердің калимасына айналған «шрк», қазақы тілде – шерік, қазақ тіліндегі – серік деген сөз. Оның мағынасы: Алла – жалғыз, оның ешқандай баламасы, серігі жоқ – деген мағына береді. Ал, уахабистер: әруақты – алланың серігі деп баламалап, ар-рух, яғни, рух – деген сөзді әруақ ретінде елестетіп, Аллаға серік қосты – деп мұһмин қауымды күстаналап жүр.

Рухтың иесі – Алла. Құран – адамның тәніне емес, рухына, әр-рухқа, Алланың берген жанына бағышталады. Қазақтар оны жалпақ тілмен әруақ деп атайды. «Шәрик» деп қате дыбысталып жазылып отырған «шерікті», «шірікті», серікті – осы шерік қалпында жазу жөн сияқты. Қалай болған күнде де, «шәрик» емес.  Академиялық басылымдағы «шарикке» берілген түсініктеменің: «көмекші, серік» деген анықтамасы дұрыс, ал түсініктің: «бұл жерде – жалғыз, бір өзі тең келмейтін, бірдей келмейтін мағынада» деген екінші жартысында жаңсақтық, бұлыңғырлық бар. Бұл арада Абай: Алланың серігі, яғни, баламасы жоқ. Ол – жалғыз – деген шариғи қағиданы айтып отыр.

«Он төртінші сөз»: «Рақымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын: «Өз бауырым» – деп, өзіне ойлағандай: «Оларға да болса игеді» – демек, бұлар – жүрек ісі» (1961.450-451). Осындағы «Игеді» деген сөздің арасын түбір бойынша ажыратып, «игі еді» – деп бөліп жазу керек. Сонда, адамгершіліктің игі мағынасы ашылады, жастар мен оқушыларға, қазіргі жағдайда, ересектерге де «игеді»-нің «игі еді» екені түсінікті  болмақ. Академиялық басылымда арасы ажыратылған. Енді осы басылымды ұстануымыз керек.

Осыдан кейінгі: «Айтқанға – көнгіш, уағдада – тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптің атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса – мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау – ерлік, батырлық, осы болмаса – қазақтың айтқан батыры – әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз» (1961.451) – деген сөйлемдегі «көптің атының басын бұрып алуға жараған» – деген сөз тіркестері бүкіл сөйлемдегі ойдың мағынасын бұлдырлатып тұр. Сөйлемге жүгінсеңіз, бұл арада: жаманшылықты ойлаған жұрттың артынан итше ере бермей, «адасқан көптің барлығының атының басын бұруға жараған», қайталап айтайық, «көптің атының басын бұруға жараған» адам туралы сөз болып отырған сияқты. Ал, шын мәнінде, қиын да болса – шындықты мойындаған, оңай да болса өтірікті мойындамаған, ер, батыр жүректі адамды айтып отыр. Демек, жаңағы үзікті, жаманшылықты ойлаған: «көптен атының басын бұрып алуға жараған» ер жүрек, батыр деп түсініп, оқу қажет. Бұл пікірін Абайдың өзі: «Көптің аузын күзетсең – күн көрмейсің, Өзіңді – өзің күзет, кел, шырағым», – деген өлеңі арқылы өзі дәлелдеп беріп отыр. Академиялық басылымда осылай түзетілген. Біздің бұл арада оған көңіл бөліп отыруымыздың бір себебі, Абайдың мәтінін «көптің атының басын бұрып алуға жараған» деген мағынада оқып, өзі де солай түсініп, шәкірттерге де солай деп түсіндірген ғылыми еңбектерді оқыған жамиғаттың қаперінде жүрсе екен деген құлаққағыс.

«Он бесінші сөздегі»: «Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «Ананы», «Мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен» (1995.2.171) – дегендегі «оғатты» деген сөз қате оқылған, дәлірек айтқанда, егіншілік аудандарда, әсіресе, өзбек пен ұйғырларда қолданылатын «ұғыт» – тыңайтқыш деген сөз екенін толық сеніммен кепіл бере айта аламыз. Бұл арада, адамның ағзаларында жинақталып қалған арам ұғытты (тыңайтқышты, шлакты) шығарып, тәнді де, жанды да тазартып, «ақылдың көзін ашу керек» деген пікір айтылып отыр. Ал, бұған мойынсынбасаңыз, «оғат» деген сөзге, «оғат кетті, қате кетті» дегеннен басқа балама мағына тауып беріңізші.

 «Жиырма екінші сөз»: «Енді, әлбәттә, амал жоқ, момындығынан: «Ырыс баққан – дау бақпас» – деген мақалмен боламын деп, бергеніме – жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момындарды аямасаң, соның тілеуін тілемесең болмайды» (1961.455) , – деген сөйлемдегі «бергеніме» деген сөзге назар аударайықшы. Бірінші, сөз – бірінші жақтан баяндалып тұр. Бірақ, Абайдың өз атынан айтылып тұрған сөз емес. Екіншіден, бұл сөз «бергеніме» деп тырнақшаға алынса, онда бұдан кейінгі сөз: «бергеніме» емес, «бергеніне» орай болса керек-ті. Біздің ойымызша, стильдік тұрғыдан алғанда, бұл сөйлем: «бергенімен – жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момындарды аямасаң», – деп оқылғаны дұрыс сияқты. Мұның себебі, тағы да сол сөздің, сөйлемнің соңында сүйретіліп жазылатын   араб қарпін оқудан кеткен жаңсақтық сияқты. «Бергеніне –жаға алмай» десе де түпкі мағынадан ауытқымайды. Неге екені түсініксіз, осы «бергеніме» деген сөздің қате оқылғанына назар аударған академиялық басылымды дайындаған оқымыстылар оны «бергенінен» (1995.2.175) деп түзетіпті, яғни: қолындағысын бергенінен жақпай-жаға алмай жүр – деген ойға жетелейді. Мүмкін, бермеген соң жақпай жүрген шығар. Бұған қарағанда, «қолындағысын бергенімен де жаға алмай жүр» – деген әлдеқайда жатық. Бұл сөздің неге былай өзгертілгеніне түсінік берілмеген.

«Жиырма төртінші сөз»: «Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді – біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастыққылып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістететрлік күн болар ма?» (1961.456). Бұл, сөйлемдегі қатені жай ғана әріп қатесіне жатқызып, «қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, … өрістетерлік күн болар ма?», – деп оқуға болады. Бірақ, сөз – Абайдың сөзі, демек, дәлел керек. Алайда, мына сөзге еш дәлелдің қажеті шамалы. Өйткені, Абай, ешқашанда: «қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қылып» жүріп, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен ізде» – деп айтпаса да, жазбаса да керек. Академиялық басылымда бұл қате түзетілген.

«Жиырма бесінші сөз»: «Орысша оқу керек: хикмет те, мал да, ғылым да – бәрі де орыста зор. Залалынан – қашық болу(ға), пайдасына – ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі, олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдей дағуасына (бәсекеге, тартысқа – Т.Ж.) кіреді, аса арсыздана жалынбайды» (1961.458;1995.2.176), – деген пікірді толықтай келтіруіміздің мақсаты, біз тамсанып жүргендей: «хикмет те, мал да, ғылым да – бәрі де орыста» емес, «орыста зор» деп айтқанын қаперге іле кету. Иә, тек қана орыста емес, орыста – зор. Бұл – шындық. Өзге ұлттың өзін де, тілін де солай дәріптеп отырып, кілт «әрбіреудің», яғни, әркімнің тілін білген кісі, оның ықпалына түседі, бақастыққа бара алады – деп немкетті сілтей салуы мүмкін бе? Сөз ауаны оған ұқсамайды. Ендеше, бұл «әрбіреудің» деген сөз – «әлде біреу» немесе «әркім» емес, шағатайшадан үстірт оқылған «әр бір елдің» деген сөз. Мұны түзету үшін қиналып та қажеті жоқ. Сөздің де, сөйлемнің де мағынасы «әр бір елдің». Араб қарпінде «у» мен «л»-ді сүйкей жазғанда бір-бірінен айнымай қалатынын ескерсек, оған анық көзіміз жетеді.

«Жиырма бесінші сөз»: «Қайта кедейдің балаларын орысқа (оқуға –Т.Ж.)  қорлап берді» (1961.458; 1995.2.177). Оқуға берген – қорлық емес, «зорлықпен» оқытқан шығар. «Қорлық» дегеннің үстіне түсетін бір ноқатты алып тастасаң, «зорлық» болып шығады. Ал, қос ноқат еш қашанда «қос нүкте» боп түспейді, бір сызықпен тартыла салады. Демек, «қорлықпен» орыс оқуына берген жоқ, «зорлықпен» оқытты.

«Жиырма бесінші сөз»: «Құдайдан – қорық, пендеден – ұят, балаң – бала болсын десең – оқыт, мал аяма» (1961.458). Осындағы: «пендеден – ұят» деген сөзді еш ойланбастан «пендеден – ұял» деп өзгертсе, тағы бір мазмұндық қатеден арыламыз. Сөйлемнің мазмұнының өзі осы «ұялды» қалап тұр.

«Жиырма алтыншы сөз»: 1961-жылғы жинақта: «Ай, жоқ та шығар» – дұрысы: «Әй, жоқ та шығар». Осы «Сөздегі» хайуан деген сөздің барлығы да «қайуан» деп, қазақша «қ» әрпімен жазылған. Ал, біз ғой, қазір «хайуанаттар паркі» деп жазып жүрген жоқпыз ба? Ендеше, араб, парсы тілінде қолданылған сөздердің орфографиясын бір ізге түсіру керек-ақ. Бұл тілек – академиялық басылымға да қатысты.

«Жиырма жетінші сөз»: араб әріптерінің баспа, не жазба түрі жоқ. Әркімнің жазу мәнері әр түрлі. Соның ішінде, барлық адамның жазу мәнеріне ортақ, кейбір ғұсни үлгілерде болмаса, бір ортақ сыпат бар. Ол: екі тісті – ы, і, және үш тісті – с, ш, әріптері бір сызықпен сүйкеле жазылады. Т – қатаң т*; д – қатаң з*;  р, о,у әріптері сүйретіліп түскенде біріне бірі қосылып, асты-үстілі боп, таштит пен сукнаның міндетін атқарғандай шимайлана түседі. Сөздің тұтас мағынасын, жалпы араб әрпіндегі сөзді оқығанда, түбіріне қарай ажыратып оқисың. Мысалы, МХМД-ты – Мухаммад, Мұхамед, Махмұд, Михмед, Махамбет деп оқуға болады.

Тура осы әріптердің қолжазба үлгісіне орай шырма-шату боп келетін сөз нұсқалары Абайдың да қолжазбаларына тән. Соған бір мысал: «Әуелі, көзді – көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтып ләззәт алар едік? Ол (Жаратушы – Т.Ж.): көз – нәзіктігінен керегіне қарай ашып, жауып тұрсын үшін қабақ беріпті, Желден, ұшқыннан қаға берсін болсын үшін кірпік беріпті… Өсіп-өнудің қамында болудан басқа істі аз ойламақтары – бұлардың бәрі жұрт болсын, өссін, өнсін үшін» (1961.460;1995.2.179), – деген сөйлемдегі қосарланып келетін: «жауып тұрсын үшін қабақ беріпті», «Желден, ұшқыннан қаға берсін болсын үшін кірпік беріпті», «бұлардың бәрі жұрт болсын, өссін, өнсін үшін» – деген тіркестерді дәйекке алайық. Осындағы: «жауып тұрсын үшін», «қаға берсін болсын үшін» деген сөздердің өзара үйлесімі зорлықпен қосылып тұрғаны бірден байқалады. Сөйлемнің жалпы мағынасына қарап мазмұнын: «Жауып тұруы үшін – қабақты», «Қаға беріс болуы үшін – кірпікті» – берген деп түсінесің. Шындығында да, солай. Оған еш кәдігіміз жоқ. Өйткені, араб әрпінде сүйретіп жазғанда «болсын» мен «болудың» арасында еш парық болмай қалады. Бұған қарағанда, «болсын, өссін, өнсін үшін» дегеннің астары екіұшты. Мұны, егерде, жоғарыда айтылғандардың барлығы «болсын, өссін, өнсін үшін» – деп түсінсек, онда өзгертпеуге болады. Ал, осының барлығы «болуы, өсуі, өнуі үшін» десек ше? Иә, бұл арада сәл кілтипан бар. Әлі де түпнұсқаның емеуірініне терең бойлай түскен жөн.

Осы диалогқа құрылған «Жиырма жетінші сөздің» орта тұсында: «– …Бұл айтқандарыңның бәрі рас, жаратушы артық ақыл иесі екендігі мағлұм болды. Ол құдайдың ұлықтығына іңкәрім жоқ, бірақ, сондай ұлық құдай менің құлшылығыма не қылып мұқтаж болады, – деді» (1961.460;1995.2.179), – деген сөйлем бар. Осындағы «іңкәрім жоқ» деген сөзге біздің күмәніміз бар.

Әңгіме – құдайдың барлығына күмәнданбау, сөзсіз илану туралы. Ендеше, «құдайдың ұлықтығына» неге «іңкәрім жоқ», яғни, «ықыласым жоқ» дейді. Тағы да сол Байтұрсынұлының «Әліпбиі» қалыптаспай тұрған кездегі араб жазуында «і», «ң» әрпі жоқ екенін еске саламыз. Сонда, бұл сөз «крм» болып жазылуы мүмкін. Егерде, алдына «м» әрпі түскенде «р» мен «о» әрпінің жазылу барысында еш айырмасы болмай қалатынын ескерсек, мұны, «күмәнім» деп те оқуға болады. Сонда: «Ол құдайдың ұлықтығына күмәнім жоқ, бірақ, сондай ұлық құдай менің құлшылығыма не қылып мұқтаж болады», – деген мағынасы толықтай анықталған сөйлем болып шығады.

Осы «Жиырма жетінші сөздің» ортасында: «Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көрмегіндігіне және қандай лайықты жарастықты законімен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің» (1961.458;1995.2.175) – деген сөйлем бар.

Әңгіме – Жаратқанның сыпатына, кереметіне, мінсіз жаратылысы мен жарасымына, келісті көркемдігіне қаратылған. Ал, сондай мінсіз жаратылыстың «келісті көрмегіндігіне» дегенді қалай түсінуге болады? Барлдық қасиетті кітаптарда және ол туралы хадистер мен рауияттарда Жаратқанның «келісті көркемдігі» туралы барынша жиі айтылып, жазылған. Ендеше, келіссіз «көрмегіндігіне» деген түсініксіз жұмбақ сөзді Жаратқанға тән «келісті көркемдігіне» деп оқу сауап болмақ. Ал, академиялық басылымда «көрмегіндігіне» деген сөздің орынсыз қолданылғанын орынды байқағап, оны «келісті көрімдігіне» деп өзгертіпті. Біздің ойымызша, осы «көрімдіктің» өзіне түсінік керек. Қайдағы көрімдік, кімнің, ненің көрімдігі? Демек, дұрысы – көркемдігіне! Академиялық басылымда бұл қате қате түзетілген.

«Жиырма сегінші сөзінде»: бәрін де құдай кесіп-пішіп қойған, дүниедегі әрбір нәрсе соның жазмышымен жүзеге асады – деген пікірді талдай келе Абай: «Олай болғанда, пенде өз тырысқандығыменен не табады? Бәрін қылушыға қалдырушы өзі екен?» (1961.451) – деп сұрақ қояды. Осындағы: «Қылдырушы» дегеніміз – істетіп отырған Жаратқан иемнің өзі, ал «Қалдырушы» дегеніміз кім?

Біздің ойымызша, түпнұсқаны оқу барысында байқаусызда кеткен қате. Дұрысы – «қалдырушы» емес, «қылдырушы», яғни, соны істетіп отырған Жаратқанның өзі. Өте терең пайымды пәлсафаның шетін де мәнді сөзі. Себебі, осы жазмыш, тағдыр мәселесін талдай келе Абай: «Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма (көне ме)?» – деп күфірлікке бет бұрған сауал да қояды.  Оған өзі: «Жақсылықты, жамандықты жаратқан – құдай, бірақ қылдырған құдай емес… байлықты, кедейлікті жаратқан – құдай, бай қылған, кедей қылған – құдай емес!», – деп жауап береді. Ал, ойды былай қорыту үшін, пікірді шиыруға бастап тұрған жоғарыдағы «қалдырушы» емес, «Қылдырушының» өзі керек. Әйтпесе, ой сабақталмай қалады.

Бұл сөз қазір архаизмге айналғанымен де, әлі де сирек болса да «Жаратқанның» орынына қолданылады. Академиялық басылымда бұл қате түзетіліпті, ал өзге басылымдарды да осы ізге түсіру керек.

«Отызыншы тоғызыншы сөздегі»: «Өлімге шыдайтұғын қазақ көргемін жоқ, «Өлімге шыдамаймын»– деген де қазақ көргемін жоқ, аз кеңірдегін ғана көрсетеді-ау» (1961.463;1995.2.182), – деген сөйлемнің ішіндегі «аз» деген сөздің «өз» деген сөз екенін грамматикалық қатенің қасына қосып, еш алаңсыз түзету керек. Керісінше, академиялық басылымда бұл «аз» деген сөз артық көрінсе керек, еш түсініктемесіз алынып тасталып: «өз кеңірдегін ғана көрсетеді-ау» – дегеннің орынына – «кеңірдегін ғана көрсетеді-ау» – деп беріліпті. Қимыл иесін көрсетіп тұрған «өз» сөзінің өз орынына қайтып барғаны дұрыс деп батыл айта аламыз.

Ал, төменде келтірілетін дәйектерге ешқандай да дәлел қажет емес, еленбей қалған әбестіктердің бірі деп қараған жөн.  Бұл сөздердің оқылымын мағынасына қарай қолданылатын қазақы тұрақты сөз тіркестері арқылы қалпына келтіруге еш бөгет жоқ деп есептейміз.

«Қырық бірінші сөздегі» – «Хатта қыздарды да мұсылман ғылымына жіберіп, жақсы дін танырлық қылып жіберсе» (1961.484;1995.2.212) – деген сөйлемдегі «хатта» – кәдімгі көркем әдебиетте қолданылып жүрген «кәттә» деген сөз. Бұл арада «хаттың», араб тілінің ешқандай қатысы жоқ. Бұл сөз алдыңғы «Сөздердің» бірінде де екі-үш рет осылай қолданылған. Олар да «кәтта» деп жазылуы тиіс.

«Қырық екінші сөздегі»: «Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі, сондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме?» (1961.485;1995.2.213) – деген сөйлемдегі «дүниелік» сөзінің түпнұсқадағы жазылымының «дүние-мүлік» екендігіне өз басым еш күмәнсіз, кәміл сенемін. Бұл екі сөздің жазылымының араб қарпіндегі айырмасы қазір де жоқтың қасы. Тіпті, кейінгі сөйлемнің өзі соған сұранып тұр. Мұны, мәтіндік саралауда кеткен жаңылыстың қатарына қосқан дұрыс.

«Қырық екінші сөз»: «…Киімін бүтейтіп киіп, тәуір атын мініп алып, қатарлы бір құрметке жетіп жүре береді» (1961.486;1995.2.213) – деген бұл сөйлемдегі: «Киімді бүтіндеп киіп» деген сөздің қалай жаңылыс оқылып келгеніне, оны академиялық басылым кезіндегі салыстыруларда қалай байқамағанына, не назар аудармағанына таңым бар. Бұған дәлел іздеудің өзі артық.

«Қырық үшінші сөздегі»: «Жан қуатымен адам хасил қылған өнерлері де күнде тексерсең, күнде асады» (1961.463;1995.2.215) – деген сөйлемдегі «асады» деген сөз де дұрыс оқылмаған. Өйткені, Байтұрсынұлының әліппесінің өзінде, жиырмасыншы жылдың басына дейін «ө» әрпінің жіңішкелік белгісі ретінде «о» әрпінің алдына «әліп» – «а» таңбасы қосылып жазылатын болған. Сондықтан да, көшіруші де, оқушы да «өседі» деген сөзді «асады» деп жазған. Демек, бұл сөйлем: «Жан қуатымен адам хасил қылған өнерлерді де күнде тексерсең, күнде  өседі» – деп оқылуы тиіс.

«Қырық төртінші сөздегі»: «Осыным бірсыпыра елеу азық болар» – деген талаппен қылып жүр» (1961.488;1995.2.217) – деген сөйлемді еш алаңсыз: «Осыным бірсыпыра елге азық болар» – деген талаппен қылып жүр», – деп оқу керек.

Міне, Абайдың әр жылдардағы басылымына қырық-елу жыл бойы көз қиығын салып жүргенде ойға алып, қаперге ілген кейбір мәтіндік түйткілдер осындай екен. Ал, осы арада реті келіп тұрса да, қаралмаған «Отыз сегізінші сөздің» мағыналық, емілелік, орфографиялық тауқыметін айта көрмеңіз. Оны тізіп, әр сөздің түпкі және астарлы, ауыспалы мағынасы мен емеуірінін тәспірлеу – жеке монографияның өзіне кәдімгідей салмақ артады. Бұл «Сөзді» тәпсірлеуге, яғни, «шектеусізді – шектеуге, өлшеусізді – өлшеуге» біздің білім дәрежеміз де шектеулі болғандықтан, оған өремізді жеткіземіз деп өңештемей-ақ қоямыз. Бірақ та, соны білуге деген бір аңсар, түсінуге деген бір құштарлық, мүмкіния болса – санама сіңірер едім деген түйсік сәулесі бар.

Анығы, «Отыз сегізінші сөздегі» ислами дүниетаным мен оның философиялық-көркем поэтикасына, құрылымына, ойлау мен тәпсірлеудің сатылы кестесіне, тәпсірдің астарлы әдіс-тәсіліне, әр терминнің тарихы мен танымына және оның қолдану орынына сөзсіз жаңадан ғылыми түсінік берілу керек. Біріншіден, бұл – мұнда сараланатын мағрифат, шариғат, тарихат, ақиқаттың қағидаттары мен қағидаларын, иман мен ар-ожданның қат-қат жіктерін түсінбей, бұл «Сөздің» мағынасын, сол арқылы Абайдың даналық пайымын түсіну де мүмкін емес. Бұл туралы өзіміздің болымысыз түсінік-талпынысымызды «Иман ізде!..» атты талдауымызда баян еттік. Мұны, түбегейлеп түсіндіру үшін исламтанушылар мен ислами және еурпалық ілім үлгісіндегі философтар, әдебиеттанушылар мен тіл мамандары, арабтанушылар мен ирантанушылар, түкітанушылар, мәтінтанушылар бірлесе отырып, әрбір ұғымның астары мен жазылу үлгісін талдай-тарқата отырып жүзеге асыру ләзім. Дәл қазір, қазақ қауымы ондай мүмкіндікке толық ие.

Осы ретте, «Отыз сегізінші сөздің» орфографиясы мен емілесіне де әр саладағы мамандарды қатыстыра отырып, ерекше және дербес тоқталу қажеттігін атап өте отырып, біз ол туралы мәтіндік мәселені ашық қалдырамыз.

Ал, «Қарасөздердегі» тіл мен жазуға қатысты грамматикалық ортақ қателерді бір-екі мысалмен ғана, жалпы мәселені аңғарту ретінде ғана дәйектеп өтеміз. Әйтпесе, оларды тізіп шығу үшін, «Қарасөзді» тұтасымен қайтадан көшіріп шығуға тура келеді.

Тыныс белгілерінен кеткен қателердің қаңқасы

Қаратпа сөздер: қаратпа сөздің алды-артына үтір қойылады. Мысалы, «Бірінші сөздегі»: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік: әурешілдікті көре-көре келдік» (1961.439; 1995.2.158), – деген сөйлемде бір жасырын, бір ашық түрде кездесетін екі қаратпа сөз бар.

Егерде, бұл сөйлемді бүгінгі қалам ұстағанның бірі, не мен өзім жазсам, онда «Бұл жасқа келгенше» дегеннен кейін міндетті түрде үтір қояр едім, өйткені, бұдан кейінгі айтылатын ойдың бәрін ішкі сөйлем ырғағы арқылы өзіне бағындырып, пауза жасатып тұр.

Мейлі, үтір көбейіп кетті дерсіздер, сондықтан да, мұны сол жасырын тұрған қаратпа сөз ретінде «жасырын» күйінде қалдырайық. Бірақ, бар назарды еріксіз өзіне қаратып, мақұлдатып, ойды шиырып тастап, ажыратып, тыныс алдырып тұрған «әйтеуір» деген қаратпа сөздің екі жағына да үтір қойылуы тиіс. Мұны кез-келген диктант жаздырған ұстаз да, диктант жазған шәкірт те біледі. Демек, бұл екеуі де тыныс белгісінен кеткен қатенің есебіне жатады. Ал, қаратпа сөзге қатысты мұндай емілелік қателіктер әрбір «Қара сөзден» бес-ондап табылады.

Қос нүкте. Әдетте, өзінен кейінгі сөздер мен мағынасы тиянақты, бірақ бірін-бірі жалғастырып, үстемелеп келетін, күрделі ойды білдіретін сөз тіркестерінің алдына қос нүкте қойылады. Ал, әр қайсысы жеке-жеке ой ретінде аяқталған, бірақ, ұзына көңіл-күйді үстемелеп жалғастыратын жай сөйлемдердің міндетін атқарып тұрған сөз тіркесінен кейін үтірлі нүкте қойылады. Үш-төрт үтірлі нүктенің басын бір ғана баяндауыш пен етістік арқылы қосақтай салуға болады.

Мысалы: «Енді, ер ортасы жасқа келдік; қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік» (1961.439; 1995.2.158), – деген сөйлемде осы екі тыныс белгісі де (қос нүкте мен үтірлі нүкте) жарыса қойылған. Менің ойымша, осындағы екі үтірлі нүктенің екеуі де, құрып кеткенде біреуі («келдік» дегеннен кейінгі үтірлі нүкте) орынсыз қойылған.

Бұл арада, кейінгі айтылатын ойдың барлығын санамалап беруге бейімдік танытқан паузадан кейін қос нүкте қойылуы тиіс, яғни, ««Енді, жер ортасы жасқа келдік:» – деп жазылуы тиіс. Содан кейін барып, өзінен кейінгі сөйлемнің арасын ажыратып, анықтап көрсетіп, себебін ашып, «өйткені» деген себеп-салдардың орынына қолданылып тұрған «қажыдық, жалықтық;» деген сөзден соң үтірлі нүкте емес, сызықша (–) қойылып, «қажыдық, жалықтық – (себебі, өйткені дегеннің орынын айырбастап тұр) қылып жүрген ісіміздің баянсыздығын… білдік» – деп жалғасын тапса, сөйлемдегі тыныс белгісі – сөйлемнің мағынасына қарай қойылуы тұрғысынан алғанда, сауатты сөйлем болып шығар еді.

Мұндағы «Ер ортасы» деген сөздің «жер ортасы» екендігіне ешкімнің күмәні болмаса керек.

Төл сөздер мен төлеу сөздер: Абайдың «Қара сөздеріндегі» бір үлгіге түспеген, ешқандай да тілдік заңдылықтар сақталмаған: қалай оқысаң да, қалай ұқсаң да, қай жерге қандай белгі қойсаң да өзің біл – деген дейсалдыммен жіберілген қателіктердің бастысының қатарына осы төл сөз бен төлеу сөздер жатады. Бұл – жай сөйлемде де, құрмалас сөйлемде де, аралас құрмалас сөйлемде де әр түрлі қолданыста: хабарлау, сұрау, одағай тұрғысында араласа ұшырасады. Мысалды, «алыстан сермемей», ең қолжетімді оңай үлгіні «Екінші сөздің» өзінен алып, үлгі ретінде екі түрлі жазылымды салыстыра қатар берейік.

Барлық жинақтардағы жазылуы: «Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді: «енеңді ұрайын кең қолтық, шүлдірлеген тәжік, арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде, «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт» деген осы деп» (1961.440;1995.2.160).

Қазіргі тілдік заңдылықтарға түсірілген нұсқа бойынша: «Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді: «Енеңді ұрайын кең қолтық, шүлдірлеген тәжік.Арқадан: «Үй төбесіне саламын», – деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде: «Әке-үке» – десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «Сарт-сұрт» деген осы», – деп» – жазылуы тиіс.

Оқыған кезде мазмұны ұғымға жеңіл аралас-құрмалас бір сөйлемде жеті-сегіз қате. Жарайды. Дейік. Бірақ… келесі сөйлемге көз салайықшы. 1961-жылғы жинақта:

«Ноғайды көрсе, оны да боқтап, күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе, шаршап, жаяу жүрсе, демалады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, «бакалшік» ноғай деп» – жазылған. Мұнда төл сөз бен төлеу сөзді айыратын үтір, нүкте, сызықша, тырнақша қойылмаған.

Дұрысы: «Ноғайды көрсе, оны да боқтап, күлуші еді: «Түйеден қорыққан ноғай. Атқа мінсе – шаршап, жаяу жүрсе – демалады. Ноғай дегенше – ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді. «Солдат ноғай», «Қашқын ноғай», «Бақалшық ноғай» – деп» – жазылуы тиіс.

Егерде, осылай төл сөз бен төлеу сөзді ажырата берсек, онда «Екінші сөздің» өзі-ақ «қарала-торала» болып шығатыны анық. Үстірт санағанның өзінде, мен осы «Екінші сөздің» қалған мәтінінен 17 қате таптым. Ал, академиялық басылымда оннан астам емілелік ақау жүр. Енді, осыны 45-ке көбейтіңіз. 456 қате! Құм жиылса – тас болады. Ал, қателер жиылса не болады? Надандық болады.

Қандай негізге сүйенгенін білмеймін, түсінікте жазылмаған, осындағы «бакалшік» деген сөзді «башалшік» (1995.2.160) деп өзгертіп, оған: «Ұсақ саудагер» деп сілтеме беріпті. «Ұсақ саудагері» – дұрыс, ал «башалшігі» не? Түбірі «бакалейядан» шыққан бұл сөзді қазір де жалпақ тілде «бақалшық», жұмсартып айтса – «бакалшік» демей ме?

Қате жазылған сөздер мен ұғымдар«Әлифби өлеңіндегі»: «Мәт – қасың, таштид – кірпік, секін – көзің» (1961.61; 1995.1.34-35) деген жолдағы «секін» сөзіне – «сәкін» деп түсініктеме берілген. «Секін» көзің бе, «сәкін» көзің» бе? Арабшасы – сукна, басы қайырылған дөңгелек үтір. Біздің пайымдауымызша, «сукнаны» қазақы айтылуы бойынша «сәкін» деп алған жөн сияқты. Ал, академиялық басылымның   сілтемелерінде осы белгілер «таштид», «мад», «сукна» деп сөзбен жазылыпты. Бұл сөздердің жазылуына қарап – қас пен кірпікті, көзді елестету қиын. Абай бұл үш сөздің жазылуын емес, олардың жеке әріптік таңбаларының оқылуын айтып отыр. Мысалы, А – әліп, Л – ләм, М – мим деп оқылады. Сонда, Абай бұл арада «м», «т», «с» әріптерінің жеке өзінің арабша жазылуы мен айтылуын өлеңге түсіріп отыр. Бұл да ескеретін шетін мәселе.

Абай өлеңдеріндегі араб, парсы және ескі шағатай мен татар тілдерінде әр түрлі қаріпте немесе дыбысталуы ұқсас араб әліпбиіндегі ауыспалы әріптердің орфографиялық тұрғыдан қазақша жазылуы барысына сол тілдердің мамандарын қатыстыра отырып, еркін жазылған сөздер мен ұғымдарды (терминдерді) бір ізге түсіру керек. Мысалы, қазақша «ақиқат» – ахихат, хахихат, «хаһ» – һах, «ғибырат» – ғибрат,  «салахият» – салақият, салаһият, «ғарып» – ғарип, ғәріп, «рақым» – рахым, «күпір» – күфір, «пиғыл» – фиғыл, фиғл, «ақырет» – ахирет, «қарам» – харам, хәрам, һарам, «мәкүрік» – макруки, «нығмет» – ниғмет, нығмат, хакім – хаким, сипат – сыфат, сыпат, сифат, қалам – калам, құдірет – қүдрет, құдрет, құдретолуда, камелет – кәмеләт, мақшар – махшар, маһшар, шапқат – шафғат, құлық – хұлық, тарихат – тариқат, ақыл-и тарихат – әһіл тариқат – деп жазылған. Орфографиялық қателігін былай қойғанда, бұл сөздерді мағынасына орай бір ізбен жазу керек. Әйтпесе, бұлардың әр қайсысы әр жерде әр қалай жазылып жүр.

Керісінше, қазақ тілінің дыбысталу заңдылығымен жазылған мына сөздер түпнұсқа бойынша орфографиялық тұрғыдан: Хаят – һаят, қадім, қадим – қадым, әсмай хұсна – асмағ-и хұсна, мағрифат улла –мағрифт-ул-алла, затия субутия уә фиғлия –зәт-и-а субут-и-а уә фиғл-и-а, құдретолуда – худрат-ул-алла, хатта – кәтта, хауас – һауас, хас – Һас, макән спат – макан-и сифат – деп жазылуы керек. Мұндай мысалдар жеткілікті. Тек, бала кезде жазған алғашқы өлеңдерінің өзіне («Шығыс ақындарына» және «Әліпби») жиырмадан астам орфографиялық түзету енгізу керек. Сөздің не қазақша, не түпнұсқа тілінде таңбаланғаны – кәдімгі сауаттылық пен жауапкершіліктің белгісі. Шүкір, қазір маман да бар, идеологиялық қысым жоқ. Ендігіміз, енжарлық, салақтық, немкеттілік болмақ.

Міне, Абайдың өлеңдері мен «Қарасөзін» үстірт шолып өткенде байқалған жалпы мәтіндік әбестіктер осындай. Ал, дастандары мен аудармаларындағы текстологиялық мәселенің өзі дербес әңгімені қажет етеді. Ол – арнайы ғылыми текстологиялық салыстырудың нәтижесінде жүзеге асатын еңбектің еншісіне тиесілі.

Тұрсын Жұртбай