Шәкәрімнің жас кезеңдеріне арнаған өлеңдері болғанымен, олар жыраулық дәстүрдің үлгісіне көзсіз еліктеу мен солықтаудан тумаған, жөні бөлек өлеңдер екенін айту жөн. Онда туғаннан өлгенге дейінгі аралықты нақтылы жас мөлшерін айта отырып сипаттау (он бес, жиырма бес, отыз, т.б. секілді) жоқ, әр жас мөлшеріне, дұрысы кезеңіне (балалық, жастық, кәрілік сияқты) тән жағымсыз қылықтарды тізбелеу, жарамсыз қылықтардан құтылғанын көрсету, соның нәтижесінде автор-айтушының үлгі-өнегесінен оқушының ғибрат аларлық бір қорытындыға келуі көзделеді.
Дулаттың риторикалық сұраулармен жазылған жырлары оның жыраулар мектебінің үлгісін терең меңгергенін көрсетумен қатар жыраулық дәстүр тамырының тереңде екенін байқатады. Сондықтан Дулаттың риторикамен жазылған өлеңдері дәстүр жалғастығының айқын айғағы бола алады: Ер қанаты – жүйрік ат, Жүйрік демей, не дейміз, Бәйгеге қосып салғанда, Озып бәйге алған соң? (Ө.,99-б.); Шешен демей не дейміз, Кісінің сөзін байқап ол, Жауап тауып айтқан соң? (Ө.,99-б.). Ал Шәкәрімнің риторикалық сұраулы өлеңдері терең философияға құрылған әрі ғылымилана түскен. Әсіресе, жан мен дене, тәнге арналған өлеңі таза осындай әрі риторика, әрі шексіз сауал туындататын өлең. Мысалы: Жанды билей ме екен дене, Болса бір сипат тәннен шыққан Билер жан неге? (И.,179-б.); Қайран терең ойым,Қартайып тоздың ба? Еріншек боп бұйда создың ба? Сен барша адамнан озам деуші едің Мынау кәріліктен оздың ба? (И.,186-б.) т.б. Дулаттағы алпыс алты айлалы; алты қару асынған; ашуланып қалмақтың түгі шықты сыртына; жарқ етті де, сарт етті; айбаты асып ерлердің, арыстандай ақырды, алтын қарғы арлану, болат сүңгі саптау, т.б. қолданыстардың тегі фольклорда, батырлар жырында жатқаны даусыз. Шәкәрім мұндай қолданыстарға арқа сүйей қоймайды, қимыл қозғалысты сипаттауда әсірелеу жоқ, қарапайым, дағдылы суреттеулер бар.
Дулат мұрасы жайлы осылайша азын-аулақ сөз етудің өзіндік себебі бар. Дулаттың мұсылманша сауаты бар, Дулатқа рухани жақын Абай мен оның жанында жүрген Шәкәрімнің шыққан аймағының, туған жерлерінің бірлігі, дүнияуи ғылыммен таныстықтары, діни сауаттарының зорлығы, сауаттылықтың ұқсас ойлауға әсер етуі – көтерген тақырыптары мен сөз саптауларын өзгелерден ерекшелендіріп тұратын деңгейге жеткізді әрі осылардың бәрі жинақтала келе өз нәтижесін берді: Дулат, Абай, Шәкәрім қазақ әдеби тіліндегі кітаби тілмен сөйлеу үлгісін қалыптастырып, өздеріне дейінгі шығармашылық тұлғалардан бөлек, жазба дәстүр үлгісін енгізген ажарлы топты құрады.
Шәкәрім абстрактілі мағыналы сөздерді өлең мәтіндерінде, шежірелерінің тілінде, поэмаларында жиі қолданғаны үшін ұстазы Абайға қарыздар, сол дәстүрдің негізін қалаған Дулат алдында да парыздар. Шәкәрім – осы екі ақынның сара жолын жалғастырушы, дәстүрді алға қарай ілгерілетіп, мейлінше жетілдіруге барын салушы екені мысалдардан көрінеді: Рахым, ұят, арының Бетін топырақ жасырған (И.,73-б.); Алдаусыз адам өмірін түзетерлік Әділет, ынсап, мейірім бар ма адамда? (И.,83-б.) – деген жолдардағы абстракт сөздер жанды-жансыз объектілерді білдірсе, кейде қаратпалардың орнына да жүреді: Шошыма, ойым, шошыма, т.б.
Тақырып ауқымының кеңдігі мен шығарма авторы ойының тереңдігі абстракт сөздер мен олардың тіркесімдерін кеңінен пайдалануынан байқалатыны рас, нақ осы ерекшелік Шәкәрімнің өзіндік стилінің негізін қалайды. Мысалы, ақын шығармаларындағы жиілікпен ерекшеленетін ақыл, ой, ашу, ынсап, әділет, мейірім, шыдам, шын, көңіл, өмір, өмір сүру т.б. секілді аксиологиялық мәнді сөздердің бәрі де кеңістік ұғым атаулары, бір ұлттың ғана ментальдық ойлауының жемісі емес, адамзат үшін мәнді, маңызды сөздер болып табылады. Сөздің активтілігінің артуы оның тіркесімділік қабілетінің жоғарылауынан сезіледі. Шәкәрім шығармаларындағы абстракт сөздердің тіркестер жасауға қатыстырылуы өте белсенді: ақыл анық, байлаулы ынсап, пайдасыз құмарлық, хақиқатқа сену, адамның еркі, бітпес рахат, ойға тат пен ніл түсірмеу, т.б. Мысалы, хақиқаттың қымызы тіркесін предикаттық қатынасқа түсіріп, нәтижесінде аяқталған ойды білдіретін сөйлем құрылған: Хақиқаттың қымызын Ішіп, бүгін мас едім (И.,122-б.).
Ақын ауызша әдеби тіл поэтизмдерін ретіне қарай қажетіне жаратады, бірақ бұрыннан келе жатқан дәстүрлі поэтизмдердің малға, төрт түлікке, жан-жануарға байланысты түрлерін Абай деңгейінде әсерін күшейте алмағанмен, мүмкіндігіне қарай пайдаланған. Абайдағыдай шыбындап бас изеу, бас асау, тың тұяқ, ноқтаға басы керілу, т.б. төрт түліктің мінез-құлқына еліктеуден туындаған, бірақ аса әсерлі поэтизмдер Шәкәрімде аз. Шәкәрім поэтизмдері дәстүрлі поэтизмдерден ұзап кетпеген, айталық, бірге жүріп, бір жусау, үйір болу, қасқырлығын көрсету, әлсізді аңша қыру, өрісі кеңу, иттей арсылдау, т.б. Бұлар әрине, Абайдың поэтизмдеріне теңесе алмайды, ерекше образ жасауға сұранып та тұрған жоқ.
Ақынның көтеріп отырған тақырыптары Абай өлеңдерінің тақырыптарымен ұқсас, өлеңдерінің дені Абайға еліктеуден туған дүниелер. Абайда: ақыл, талап, терең ой, қанағат, рақым, ойлау, білімсіздік, надандық, адамгершілік, ынсап, ынсапсыздық, т.б. (бұл жерде көбінесе өлеңнің бастапқы жолы тақырып есебінде болатынын айтып отырмыз) болса, ал Абайдың алдындағы Дулатта: Қадыр, қасиет, сый (қадыр, қасиет, сый кетті), т.б. түрінде келеді. Тақырып пен көтеріп отырған мәселелерінің ұқсастығы, кітаби-жазба стильдің элементтерін қолдануы жағынан Шәкәрім Абай мен Дулаттың жанынан табылады. Сондықтан Шәкәрім туралы сөз Дулат пен Абай туралы сөздің жалғасы, Абай мен Дулат тілін талдауды толықтыратын тілдік талдау болуы керек.
Буын саны мен екі жолдың соңғы сөзінің ұйқасы бір болып келетін, ал жыр жолдарының 3-шумағы мен 6-шумағы ұйқасатын Абайдың «Сегіз аяғының» үлгісі Шәкәрімнің мына өлеңінде сақталған: Достыңыз зор, Дұспаның қор, Бар тілекке жетсеңіз. Сансыз бақыт, Алтын тақыт, Барша жаннан өтсеңіз.
Шәкәрімнің кейбір өлеңдеріндегі айтылған ойларының Абай ойлауына ұқсауы оның өлеңдерінің Абай өлеңдерімен форма жағынан ұқсастығын тудырған: Иесін білме, ісін біл, Сыртын ұқпа, ішін біл т.б. 7-8 буынды немесе 11-12 буынды өлеңдерінен бөлек, 4-5 буыннан тұратын, тек қана есімше тұлғасының ұйқасына құрылған өлең жолдары сұрауға аяқталады, тұжырым жоқ, сұрау бар: Дөңгелеткен, Өңгелеткен, Түк білімсіз күш пе екен? Дәл осы әдіс сын есімдерді пайдалануда да қолданылады: Тіпті мінсіз, Кемшіліксіз Есті қылған іс пе екен?
Абайға еліктеген Шәкәрім өлеңдерінің бір бөлігі мысал өлеңдерінен тұрады. Ендеше Абай дәстүрінің жалғасын Шәкәрім шығармаларынан іздеу дұрыс, Абай дәстүрі өз жалғасын Шәкәрім мұралары арқылы тапқаны ақиқат. Табиғат суреттері, құбылыстары мен адам баласы арасына теңдік, параллель жүргізу барысында лирикалық образ жасау (кейіптеу) де – Абай қалыптастырған тәсіл. Оны да Шәкәрім еркін іліп әкетіп, жағымды жалғастыққа ұластыра білген: Жан беріп жарық, жылы нұрдан, Күн атам жерді буаз қылған Өсімдік туған осыдан (И.,108-б.).
Абай орыс классиктері мен шығыс ойшылдарының, шығыс классиктерінің поэзиясын аударған. Шәкәрім де Хожа Хафизден т.б. аударған. Шығыс классиктері мен орыс поэзиясын аудару Абай мен оның төңірегіндегі шәкірттерінің интеллектуалды поззияны дүниеге әкелуіне қатты әсер еткен. Абай әсері мен Абайға еліктеудің нәтижесінде қара сөзбен жазылған Пушкиннің «Дубровскийін» өлеңмен тәржімалауы Шәкәрім шығармашылығындағы өзіндік ерекшелікті қалыптастырған. Сондықтан да аудармалар Шәкәрім мен Абай поэзиясының маңызды бөлігі болып табылады.
Ал аудармаларындағы, әсіресе, «Дубровскийдегі» отарба, пароход, шар, динамит, бомба, пушка, заграница, молда қыз (учительница, преподаватель), қышлақ (поместье), закон, задатка, почта, конвой, секретарь, член, стена, чемодан, почтовой, станса, доктор, тарантас, чиновник, уезной, приказной, справник, заседатель, протокол, дознание, әкті, разбойник, учитель, т.б. сөздер сол күйінде қабылдап, аударылмаған сөздердің көбірек қолданылуын тудырған себеп басқа. Шәкәрім бұл сөздерді аудару қажет екенін білгенмен, бәрін аударуға сол кездегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік, мәдени ортада аталмыш ұғымдардың жоқтығы, ұқсас ұғымдардың, түсініктердің болмауы кедергі болған. Сондықтан өзгеріссіз сол күйінде алуды жөн деп тапқан сыңайлы. Ал аударуға күші жеткен, әлеуеті жеткен кейбір сөздердің сәтті баламаларын келтірген, мысалы, аппеляция (наразы арыз – түсінік Шәкәрімдікі), махкеме (контора), сүт ене (няня), т.б. Сауда-саттық пен тұрмыстық деңгейдегі тілге еніп, қолданыла бастаған көптеген сөздерді халықтың сөйлеу тілінде қалыптасқан вариантымен жұмсай берген: божы (вожжи), жәмшік, т.б.
Шәкәрімнің орыс сөздерін аударудағы үшінші тапқан амалы бар. Ол – қазақы өмір салтында жоқ көшпелі тұрмысқа сай келмейтін ұғымдарды өзге отырықшы болып қалыптасқан түркі тілдерінде бар сөздермен аудару тәсілі. Мысалы: поместье – қышлақ (өзб.). Жаз жайлауда, қыс қыстауда өмірін өткізетін қазақтар үшін поместье ұғымы мүлде болмағаны белгілі. Енді соны қарапайым халық ұғынуы үшін өзбек тілінің сөзімен бергендегі ойы қыстаудан қышлақтың күйі бөлектігін өзі білгендіктен, соны басқаларға ұғындыру мақсатынан, өзгелер де көрші жұрттың салт-дәстүрінен хабардар деген үміті болғандықтан туындаған болса керек. Учительницаны молда қыз деп баламасымен беруі бала оқытқан адамның бәрін ол кезде қазақ даласында молда деп атау дәстүрі қалыптасқандықтан болған.
Кірме сөздерді Шәкәрім өз өлеңдерінде кез келген жағдайға байланысты қолдана алған. Мысалы: Қаз ілген лашын ем көлден, Жас өтті төрт пенен нольден (Иманым,137-б.). Бұрыннан келе жатқан дәстүрге салар болса, Шәкәрім Жасым қырыққа келгенде, Қырық жасқа толғанда, Мен қырыққа толғанда, т.б. дер еді.
Дулат, Абай, Шәкәрім тілдік тұлғаларының шығармашылық ұқсастығын тудыратын факторлардың ішіндегі қуаттылары толық болмағанмен, көрсетілді.
Қысқарған сөздер:
Ө.- Дулат Бабатайұлы. Өсиетнама. – Аматы,2004.
И. – Шәкәрім. Иманым. – Алматы: Арыс, 2004.