М.КЕМЕЛ: АБАЙ ЖӘНЕ ШӘКӘРІМ

 

Абайдың әкесі Құнанбайдың бәйбішесі Күңкеден Шәкәрімнің әкесі Құдайберді туса, Құнанбайдың Күңкеден кейінгі әйелі Ұлжаннан Абай туған. Сонымен, Шәкәрім – Абайдың немере інісі.

Абайдың: «Атадан алтау, анадан төртеу» деген өлең жолдарындағы алтаудың біреуі – Құдайберді. Құдайберді Шәкәрімнің алты жасында қайтыс болады, содан Шәкәрім атасы Құнанбайдың бауырында өскен. Қаршадайынан-ақ ерекше зеректік танытқан Шәкәрімді Абай өз қамқорлығына алған. Ол Абайдан 13 жас кіші, демек Абайдың үлгісі – Шәкәрімнің өмірде көрген ең басты үлгісі. Бір әулеттен екі ақын, ақын ғана емес, философ, сазгер, қайраткер адамның шығуы бұл әулеттің тектілігінің белгісі. Абай мен Шәкәрім заманы мен ХХ ғасырдың алғашқы бөлігі өте күрделі кезең.

Абайды қазақ түгел біледі. Бірақ, Абайды терең түсіндім деп айта алатын адамдар аз. Абайды жан-жақты танып-білу қиын. Абайдың тұңғиық әлеміне үңілген сайын оның одан әрі тереңдей түсетіні, заңғарына көз тастаған сайын биіктей беретіні ұлы ақын поэзиясының халықтың жүрегін бекем жаулап алғандығынан болса керек. Шәкәрім де Абай секілді дара әрі күрделі тұлға, оны таныған әрбір қазақ азаматының да оны терең түсініп, жан-жақты танып-білуі оңай емес. Шәкәрім де Абай сияқты адамгершілікті, тазалықты, ар-ұятты, елдікті, татулықты, мейірімді, рақымшылықты, әділдікті ұстану арқылы қазақты ешбір елден кем болмай жетіледі деп санаған. Шәкәрім шығармашылығын оқыған әрбір адам оның халқын қаншалықты сүйгенін, қазақты өрге сүйреуге барынша ниеттенуін түсінеді.

Шәкәрім жүйесіз заманда өмір сүрген. Абайдың уақыты отаршылдық – бір жүйеге бағынған, белгілі бір талаптарға мойынсұнған заман болса, Шәкәрімнің кезі патша үкіметі мен большевиктер, алашордашылар үкіметі, одан кейінгісі зобалаң жылдарға ұласып, нағыз бейберекет, жүйесіз заманға тап келген. Шәкәрім өз дәуіріндегі қазақ елінің түсінік-танымының дәрежесін, әлеуметтік-мәдени тұрмысының жайын, халықтың психологиялық күйін, ой-сана деңгейін, әлемдік кеңістік пен уақыт ауқымындағы орнын, олардың өзге елдермен салыстыруға келмейтіндей деңгейде екенін жақсы түсінген. Осындай қилы заманның өзінде арлылықты, даналықты, білім-ғылымды бәрінен биікке қою арқылы рух биігіне жеткен Шәкәрім ұмытылмақ емес. Шәкәрім «Кешегі тірі жүрген әкең қайда?!» деген, әкесінің өлімін мұңая есіне алатын өлеңін әжесіне оқып бергенде «бұдан былай өлең шығарма, ол ірі тұқымның айналысатын ісі емес» деп тыйым салыпты. Осы жерде Абай: «жастың талабын шектемеңдер», – деп Шәкәрімге ара түсіпті. «Осы қолдау менің ақын болуыма тікелей әсер етті» деп Шәкәрім ұдайы айтып жүреді екен. Құдайберді өлерде Абай оған: «Балаларыңды әке орнына бағу қарызым болар, жетімдік көрсетпеспін» деп ант еткендей болған екен. Айтқанындай, Абай содан бері Құдайберді балаларын өзімен туысқан Оспаннан да, өз балаларынан да қатты еркелететіні Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында нақтылап айтылған.

Шәкәрім жеті жасқа жеткенде әкесі Құдайберді дүние салған, содан кейін ол 18 жасқа дейін ұлы атасы Құнанбайдың қарауында, бақылауында болған. Құнанбай дүниеден өткен соң, одан алдында Шәкәрім Абайдың үлгісімен өмір сүрді, Абай оны өз қамқорлығында ұстады. Құнанбай дүние салғанда Абай 31 жаста еді. Шәкәрім Абайдың саясында, қамқорлығында болып, ұстаздығынан үлгі алғандықтан, алғашқы өлеңдерінен бастап, Абайды ауызға алады. Ол «Жастарға» деген өлеңінде:

Кел жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік.

Бір білімді данышпан жан табалық,

Ал, енді олай болса, кімді алалық,

Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?

Шын іздесек – табармыз шыны ғалым,

Жалыналық Абайға, жүр, баралық, – деп жазады. Бұл кезде Шәкәрім 19 жаста болатын.

Шәкәрім өз өмірінің екінші кезеңі деп атаған мерзім – болыс болып, ел басқаруға араласқан, өз сөзімен айтқанда «зая кеткен» жиырма жыл. Мұхтар Әуезов жазған Абай ғұмырнамасының 1-нұсқасында 1881-1882 жылдары Ысқақ ұдайы үш сайлау 9 жыл болыстық қылған соң, Құнанбай балаларының қолынан болыстықты шығармау үшін жасы жиырмадан әрең асқан Шәкәрімді болыс сайлатады дейді. Мұның басы-қасында Абайдың өзі жүреді. Түсінікті болу үшін айта кететін бір жайт – Шәкәрімнен кейін 1884 жылы Абай  өз інісі Оспанды болыс сайламақ болады. Оспан тентек, аусар, озбыр, қарсы келгенді сабап тастайтын ожар болған көрінеді. Осы мінезінен Ербол, Жиренше, Оразбай, Күнтулер бірлесіп, жасырын келісіп, Оспанды сайлатпай қоюға, сөйтіп Күнтуды ұсынуға сөз байласады. Сонымен Күнту болыс болады, бірақ, өз жұмысын атқара алмағандықтан 1886 жылы өз арызымен болыстықты тастағанда Абай тобы Шәкәрімді екінші рет болыс етіп тағайындаттырады. Үшінші рет 1911 жылы ояз Сыбанның Салпы деген табында болыстыққа қырғын талас болып, болыс сайланбай қалғандықтан назначениемен Шәкәрімді сыртынан болыс етіп тағайындап жібереді. Ол оязға барып: «Мен сырқатпын, болыстыққа жарамаймын» дегеніне көнбейді. Ояз: «Елді бір тыныштандырып бер, сол тапсырманы орындасаң босайсың» дейді. Сонымен, жарты жыл ішінде ел ішіндегі дауды бітістіріп, тыныштандырып, оязға рапорт жазып, ондағы екі жаққа да қалаулы болған адамды болыс сайлатып, өзі босанып шығады. Кейіннен осы кезеңдердің бәрін Шәкәрім «өмірімнің босқа кеткен сәттері» деп ұдайы айтып жүрген.

Шәкәрім Мекке, Мәдина сапарына баруға Абайдан бата алған жылы өзінен бір жас үлкен ағасы Шаһмардан қайтыс болып, Абай оның үйінде бірнеше күн болып, зиратын қалаған кезде басында болған. Қазақ салтына орай қайтыс болған адамды жоқтау дәстүрін сақтап Шәкәрім алыс сапарға жолға шықпаған. Сөйтіп жүргенде 1904 жылы алдын Мағауия, кейін Абай қайтыс болып, Шәкәрім Мекке сапарына тек 1905 жылы ғана аттанған.

Абай мен Шәкәрімнің дүниетанымы қазақ дүниетанымының екі биігі. Мәселен, қазақ дүниетанымында ақыл категориясына Шәкәрімдей ден қойып тоқталып, оның табиғатын ашқан ақын кем де кем. Шәкәрімнің «Пайғамбар қыл ақылды» деуі ақыл ұғымын шырқау биікке көтеруінің белгісі. Оның шығармаларындағы таза ақыл, жанды ақыл, азат ақыл, анық ақыл, саяз ақыл, аз ақыл, сау ақыл, арлы ақыл, мас ақыл, шын ақыл, еркін ақыл, өз ақыл, мол ақыл, ақыл-айна, ақыл-нұр, жайлы ақыл, толық ақыл, терең ақыл деген тіркестер Шәкәрімнің ақыл категориясын терең түсіне білетінінің белгісі.

Ақылға қатысты Шәкәрімнің: «Бұл Абай – саудагер ғой ақыл сатқан, Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан. Тегін білсең – аласың, бос береді, Тұтасымен ешкім жоқ мұны тапқан» деуі Абайдың ақылын мойындау, оны тану, білу, тереңіне үңілу қажеттігін нұсқауының белгісі. «Абайдың ақылын тегін тапсаң бос аласың» деуімен «Абайша ойлай білсең, Абай дәстүрімен жүрсең, даналыққа құштар болсаң, сонда ғана Абайға жол табасың, сонда ғана Абайдың ақылын қабылдай аласың» деп тұр. Абай мен Шәкәрім шығармаларындағы үндестік жайлы мысалдар келтірсек, Абай: «Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек, Періште төменшіктеп қайғы жемек» десе, Шәкәрім: «Арсыз, арам, асығыс, айлакерлік, Мұның бәрі шайтанның досы болмақ» дейді. Арлылық пен рухани тазалықты сақтай білмегендерді Абай: «Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек» десе, Шәкәрім: «Құдай кешер, Алла деп күнә қылмақ, Ар кетіріп, ант ішіп, жан сатылмақ. Не жалғанда немесе ақиретте, Оңалмастай өкпеден бір атылмақ» дейді.

Абай мен Шәкәрім шығармашылығында үндестік мол десек, ұқсастық та байқалады. Біз бір нәрсені есімізден шығармауға тиіспіз: Шәкәрімнің алдында ұдайы үлгі-өнеге көрсетіп тұрған жалғыз Абай ғана болғандықтан, ол кездегі жазба әдебиет пен әдебиет әлемінен ақпараттың жоқтығы, қазақтың ауыздан-ауызға тараған поэзиясы біркелкі, батырлық, ғашықтық және діни дастандардан болып, ілуде бірі ғана болмаса (мәселен Дулат ақын), олардың ішінде Шәкәрімді қанағаттандырарлық, ілгері сүйрерлік озық әдебиет болмағандығы Шәкәрімді бір ғана Абайға еліктеп, бір ғана Абайдан үйреніп, бір ғана Абайға жүгінуге мәжбүрлегенін түсінуге тиіспіз. Шәкәрім шығармашылығын тұтастай зерттеген адам оны Абайдың еліктеушісі ғана дей алмайды. Шәкәрім өмірінің соңғы жиырма-жиырма бес жылы нағыз шығармашылық өсу, өрлеу, сол кездің көзімен қарағанда тым биікке көтерілу, жаңаша даму деп таныр едік.

Хакім Абайдың жалғыздығын, сыңарсыздығын Шәкәрім ерекше сезінген: «Кім жалғыз бұл жалғанда – есті жалғыз, Мұңдасар болмаған соң бір сыңары. Жалтақтап жалғыз Абай өткен жоқ па, Қазақтан табылды ма соның пары?!» деп жазған. Абайдың қадірін көптің білмей кеткендігі, ортасынан ерен биік тұлға болғандығы Шәкәрім шығармашылығының тұла бойында жиі кездеседі. Абай қайтыс болғанда Шәкәрім «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым» деген ұзақ өлең жазған. Ол Абайдың «Есіңде бар ма жас күнің» деген өлеңінің құрылымымен жазылған. Онда өмірдің мағынасыздығы, адамның жетем дегеніне жетуінің қияметі, ел мінезінің кемшіліктері, мұсылмандықтың қазаққа онша жұғысты еместігіне нала мен мұң бар. Бұл өлеңнен: «Адамзаттың бірін дос қылып, бірін жау қылып арпалысқандағы мақсат айламен билік жүргізуге бағытталған, тойынбаған нәпсінің әрекеті» деген ойды аңдаймыз. Өлең отыз екі шумақтан тұрады. Онда жиырма екі сұрақ бар және оның бәріне өз бетінше жауап бар. Ондағы: «Тиянақ көрме жалғанды, Қуа берме арманды. Пайғамбар мен сахаба, Сен түгіл содан қалғанды, Құтырмай енді тек отыр, Күнәңа уайым жеп отыр. Алдыңда кірер үйің бар, «А, тоба, оңда» деп отыр» деген жыр шумақтары ақынның өзіне қаратып айтқан басу сөздері дерлік. Жиырма екі сұрақтың бірі «Нәпсіңді неге тыймайсың?». Мұның имандылық жолы емес екені – ақынның шешімді жауабы. Тағы бір жерінде ақылыңды алатын ағайын болмаса, адалдықты жол қылған елің болмаса «Жақыныңнан жау жақсы, Ең жақының – қара жер» деген ащы да өнегелі жыр сөздері әркімге де ой салары хақ. Өлеңде ақірет ақиқатын санамен тану, жүрекпен сезу, тәубаға келу арқылы таным мен сенім қатар келіп отырады. Бұл өлеңнен біз мұсылмандық философиясының ажалды естен шығармау, тәубаға келу имандылық жолға бастайды деген тұжырымын айқын танимыз. Бұл өлеңді қазақ поэзиясындағы реквиемдік жанрдың басы деп санауға болады.

Шәкәрім абайтануда, сол кездің өзінде-ақ, бір нәрсеге оқырман көңілін нақты аударған, ол – Абайға бастайтын жол туралы. Ол «Жастарға» деген өлеңінде: «Тегін білсең, Абай ақылын бос береді» дегенде мәселені Абайша ойлай білуге жету, Абайша ойлау дәстүріне түсу, даналыққа құштар болу, сол арқылы Абайға жол іздеу. Шәкәрім бұл өлеңінде «Абайды тұтасымен ұққан ешкім жоқ» дейді, осының өзін Шәкәрімнің Абайды тереңдеп ұққаны деп қабылдауымыз керек. «Бұл елде түк ақыл жоқ жарасарлық, Рақым қып бір-біріне қарасарлық. Өз Абайын өздері ұнатпайды, Шын надан осылар ғой біз қашарлық» деп жастарға насихат етеді. Шәкәрім дана Абайдың тағдырын, оны көзінің тірісінде де, өлгеннен кейін де қабылдау қиын іс екенін түсінген, Абайды қабылдау үшін оның деңгейіне жанасу қажет екенін білген. Шынында Абайды танудың қиындығы бүгінге дейін бар, оның себебі Абайдың даралығында, дана адам тым ілгері кеткен сайын оны түсіну кейінгілерге қиындай түседі. Абайды күні бүгінге дейін қабылдай алмайтындардың бар екендігіне оның даралығы себеп. Осындай дананың өлеңдерін, сөздерін өзі тірі кезінен бастап, ойда сақтап, елге таратып жүрген шәкірттерінің ішінде Шәкәрім тұлғасы биік.

Шәкәрім бұл өлеңде Абайды насихат, үлгі ете отырып, өз сөзін де айтады. Мәселен қазақтың: «көппен көрген ұлы той» деген мақалын надандық дейді. Осы орайда тағы да алдымыздан «көпшіліктің бір аты – ит» деген Абай шығады. Үнемі көптің ыңғайына есе бергендер бұрынғыша күн кеше береді, жаңашылдық, жаңа жол болмайды. Ал, Абай, Шәкәрім заманындағы тұрмыс қараңғылықтың құрсауында болған. Шәкәрім сол құрсаудан босану керек дейді.

«Жолама қулар маңайға,

Не қылмадық талайға

Кім жағады сендерге

Тартқызған азап Абайға?

Соның да тілін алмадың,

Сабадың, сөктің, қарғадың.

Көріне қашан кіргенше,

Арсылдап иттей қалмадың.

Сендерден белгі не қалар?

Жемтігін жеген жем қалар.

Ақылы дария Абайдан

Таусылмас қоры кен қалар.

Жақсыдан қазына пұл қалар,

Солмайтын жасыл гүл қалар.

Сендердей арсыз қулардан

Желге ұшатын күл қалар».

Замана ағымына сәйкес, Шәкәрім 1931 жылы 2 қазанда елдегі шолақ белсенділердің орынсыз жаласымен және қатігездігімен өлім құшып, мәйіті құдық түбіне тасталды. Оның бай кітапханасы өртелді. Өзі із-түзсіз жоғалдыға саналды. Ақын-философ, қазақтың дара туған, дана туған ұлдарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы дүние салғаннан кейін елу жылға жуық ұмыт қалған тұлға. Оның сүйегі отыз жыл бойы құдықта жатты. Тек 1961 жылы ғана ақынның баласы Ахат әкесінің сүйегін қазып алып, Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерледі.

«Шәкәрім. Өлеңдер мен поэмалар» деп аталатын алғашқы кітапты құрастырушы Мұхтар Мағауин 1988 жылы сол кітапқа жазған алғы сөзінде былай деген: «Шәкәрім бұрынғы қазақ поэзиясында Абайдан соңғы ең көрнекті тұлға. Өзі өлсе де, аты өшпеген. Шығармалары сақталса да, жұрт алдына жарқырап шықпаған. Өлең-жырлары, дастан-хикаялары ел аузында жүрсе де, әдебиет тарихына енбеген. Баспасөзде мүлде атаусыз қалған. Атауға тыйым салынған. Осыған керісінше ел ішіндегі даңқы өсе түскен. Өмірі ертегіге, ісі аңызға айнала бастаған. Шығармалары көшірмелер арқылы бүкіл қазақ даласына тараған. Дастандары жиын-отырыстарда жырланған. Есімі көмескіленгенмен, еңбегі күңгірт тартпаған ақын туған елінің рухани өмірінен сырт қалмаған».

Шәкәрім мұрасының тағы бір саласы – оның тарихи, философиялық сипатта қара сөзбен жазылған трактат үлгісіндегі туындылары. Кезінде ұстазы Абайдың ақыл-кеңесімен дүниеге келген «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Үш анық» секілді еңбектері Шәкәрімнің жан-жақты білімдарлығына айғақ. «Ақын Шәкәрімнің творчестволық мұрасы жөнінде» 1988 жылғы белгілі қаулыда Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» мен «Мұсылмандық шарты» шығармаларынан басқа бүгінгі заман талабына қайшы келетін шығармалары жоқ деген шешіміне сәйкес Шәкәрімнің шежіресі мен «Үш анығы» 1991 жылы, ал, «Мұсылмандық шарты» 1993 жылы ғана жарық көрді. Шежірені, «Мұсылмандық шарты» мен «Үш анықты» халыққа жеткізу мақсатында араб жазуы таңбасымен басылған бұл шығармаларды кириллицаға түсіруді ғалым Мекемтас Мырзахметұлы орындаған.  «Үш анық» бұрын баспа бетін көрмегендіктен халық қолында сақталған қолжазбаларға және Қытай қазақтарынан келген қолжазбаларға сүйеніп, бір ізге түсірілген. «Үш анықтың» канондық нұсқасы әлі дайындалған жоқ.

М.Мырзахметұлының «Түркістан» газетінде жариялаған «Хакім ақынның бас шәкірті хақында» деген мақаласында былай делінген: «…1991 жылы басылым көрген Шәкәрімнің «Үш анығы» мәтіні жағынан дұрыстығына күмәнім бар. Өйткені, ел арасынан алынған екі қолжазба нұсқасы да беймағлұм қарапайым кісілер қолымен көшірілгендіктен, термин сөздер мен кісі аттарының көмескіленіп, әр түрлі оқылуы, кейбір сөз қолданыстарында мағыналық кібіртіктердің болуы канондық мәтін жасауға қол байлау бола берді. Мені қатты қинаған жері екі қолжазбада кездесетін термин сөздер мен еуропалық кісі аттары болды. Оларды дәл оқып білу үшін әрі бастапқы қалпына келтіру үшін Ақселеу Сейдімбеков қолжазбаны философтарға оқытып, еуропалық философтардың аты-жөнін біршама қалпына келтіре алдық». Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» қазақ тарихын ғылыми тұрғыдан тануға алғашқы ұмтылыс, ол Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы»  еңбегіндегі ойдың жалғастық табуы деп тануымыз керек.

Шәкәрім Абай бастаған үрдісті – өз заманының тұрмыс-тіршілігін, адамдарының пейіл-парасатын нақты байыптап, айыбын ашқандай етіп әшкерелеп айтуды, өмір суретін боямасыз өз қалпында беруді жалғастырды. Қуы алдап, сұмы еліріп, биі мен байы өз қамын, әрі барғанда өз атасының қамын ғана күйттеген, игі жақсы дегендері партия қуып, соның жеңісі арқылы өз ықпалын арттырудың қамында жүрген, дау-дамай қуған елінің нақты жағдайын көрсете, сынай тұра одан шығатын жолды нұсқап, барлық жақсылық – озық елдердің неге озып жатқанын зерттеп, соны өз елімізге сіңіру, оқу, білім, ғылым мен өнер жолына түсу, сол арқылы бақытқа жетуді ұсынады. «Қазағым қам ойла, Сен де адам едің ғой!» – деп зар шеккенде еліне ұсынған жолы – білім-ғылым жолы. Бұл – шөлдесең сусыныңды қандырар бұлақ, ашықсаң тойындырар тамақ, халықты бақытқа, байлыққа жеткізер таусылмас кен, көңілді құлазытып, еңсені түсірер рухани дерттен арылтар ем. Ғылым-білімді мықтап игергенде ғана қазақ тарих көшінен кейіндеп қалмақ емес, басқа елдермен басы теңеспек.

Әлихан Бөкейханов «Қалқаман – Мамыр (Шәкәрім) атты 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген мақаласында Шәкәрім жөнінде былай деген: «Шәкәрім Абай барда таласып ақындық қылып, жарыққа шықпай, көлеңкеде жүре берген. 1900 жылы Шыңғыс елін жазған Иван Флипович Гусев Шәкәріммен сөйлескен. Маған сонда айтты: «Жұрттың бәрінің аузына алғаны Абай. Шәкәрімнің білімі де қазақта жоқ екен» деді. Гусев Шәкәрімнің тамырын тауып ұстаса керек» деп орыс азаматының пікірі арқылы Шәкәрімге жоғары баға берген. Сондай-ақ, осы газетте 1915 жылы жарық көрген «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» деген мақаласында Шәкәрімнің осы атпен жария көрген кітабын талдай келіп: «Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі, Шәкәрім кітабын әбден білмей қадам баспа» деген нық ой айтады.

Әлихан Бөкейхановтың «Мұсылман сиезі» деген мақаласында «Анық түрік затты халық тілі біздің қазақта. Абай, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады», «Ғұмыр жүзінде біздің қазақтың тілі өз бәйгесін алар. Абай, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Тарғыннан һәм өзгелерден бұл көрініп тұр ғой» деген сөздер бар.

Шәкәрім Абай шәкірттерінің ішінде ең ұзақ өмір сүргені ғана емес, артына ең мол мұра қалдырғаны да. Оның поэзиясы, шын мәнінде, Абайдың ақындық дәстүрінде туған. Құнарлы топырақтан нәр алған қуатты поэзия. Ақынның дастандары мен лирикалық шығармаларында өз халқының өткені мен бүгінінің ізі сайрап жатыр. Алапат рухани күш-қуат, ширақ сезім, ауыр мұң мен зіл қайғы, жан ләззаты мен мөлдір сезім, ар мен ұят – бәрі-бәрі Шәкәрім поэзиясының өне бойынан өз орнын тапқан. Бір сөзбен айтқанда оның шығармалары өз заманының айнасы болды, бірақ ол кез келген құбылысты талғаусыз бейнелей берген жоқ. Оның шығармаларынан шынайы поэзияға, кемелденген кең құлашты талантқа тән айрықша белгі болып табылатын ой жүйесінің қарапайымдылығы мен ұғынықтылығы айқын аңғарылып тұрады. Шәкәрімнің шығармаларындағы шыншылдық – Абай жырынан бастау алған тәлімнің нәтижесі, оның шығармаларындағы халықтық сипат, әлеуметтік астар, тақырып пен жүгінің ауырлығы, адам мен қоғам мәселелерін бірлестікте бейнелеу шеберлігі, көркемдік және жаңашылдық ізденістер нәтижесі. Абай дүниеге әкелген көркемдік тәсілдің орнығуына, ұлттық әдебиетімізден өз орнын табуына, өркен жоюына Шәкәрім өзінің шыншыл да шебер жаңашыл жырларымен өлшеусіз үлес қосты. Мұның өзі Шәкәрім шығармашылығының шығар биігін анықтады.

Абай, Шәкәрімдер неге кедейдің сөзін сөйлеген? Себебі олардың теңсіз екенін түсінген. Бүгінгінің теңсізі кім? Сол баяғы кедейлерге ұқсас бүгінгі кедейлер. Олар жұмыссыздар мен қанша еңбектенсе де бүгінгі күнінен артылдырып, ертеңіне ештеңе жинай алмайтындардан құралады. Жинағысы келмегеннен емес, жалақысы бүгінгі күніне, зейнетақысы тамағы мен жатағына зорға жететіндіктен.

Шәкәрім бойынша: «Дүние өткінші, сол өткінші өмірде адамдар бір-біріне қайырымды болса, барынша адал, арлы болса… Қара қазақ баласы, әйтеуір, адам болса екен, олар да ел қатарына қосылса екен». Егер Шәкәрімнің арманы не? – деген сұрақ қойылса, осы сөздермен-ақ Шәкәрімнің бар арманын жеткізуге болар еді.

 

Мырзагелді КЕМЕЛ,
абайтанушы