Жуырда ғана Қазақстан Республикасының Президенті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты өзекті де өнегелі мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Мемлекет басшысының бұл мақаласы қазақтың ұлы ақыны, әлемдік дәрежедегі ғұлама, ойшыл, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай жарияланып отыр.
Абай өлеңдері арқылы қазақстандық қоғамды рухани жаңғырту мәселесі туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мазмұнды мақаласында орынды ой қозғалғандығы рас. Енді, міне, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың да мақаласынан ой сабақтастығын аңғарамыз: «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені, сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз. Осы орайда, Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады.
Сондықтан, ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн».
Президентіміздің жоғарыдағы тұжырымдарымен мен де толықтай келісемін. Мен де Абайдың тағылымды туындылары Қазақстанның рухани жаңғыруының бірден-бір мотиваторы деп сенемін. Абай өзінің қарасөздерін афоризмдермен және халықтық мақал-мәтелдермен қаныққан, қол жетімді бейнелі формада жазған. Абайдың өлеңдері, әндері, қарасөздері – қазақстандықтардың эстетикалық талғамын тәрбиелеп, ой-өресінің өсуіне, өмірді қабылдау философиясына, дүниетанымына оң әсерін тигізетін, барлығымызды даналыққа шақыратын, рухани дамуға бастайтын таусылмас мәдени қазыналарымыз, сарқылмас ұлттық құндылықтарымыз.
«Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз» деген Абайдың айтқанын ұғынған ұлағатты Президентіміздің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы – бұдан бұрынғы сайлауалды программасында айтқан қағидаларының заңды жалғасы. Президентіміз өзінің мағыналы мақаласында бүкіл қазақстандық қоғамды, ел азаматтарын Абай тағылымы турасында толғануға шақырды. Абай болмысын тануға, «ақылын алып, айтқанын істеуге» үндеді. Абай сөзі елдік ынтымағымызды нығайтып, ұлттық мұратымызды ұмыттырмай, мемлекеттік мүдде мәселесінде адаспауға жәрдемдесетіндігін, анық жол нұсқайтындығын еске салды. «Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз. Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па?..» деген Президентіміздің сауалдарына жауап ретінде ой қозғауды жөн көрдік.
Кемеңгер Абайдың ғұламалық ғибраттылығына, тұлғалық даралығына, даналық ойларына, тағылымды тұжырымдарына тоқталмақпын. Француз жазушысы, ақын Антуан де Сент-Экзюперидің: «Жалғыз жүрек қана көреген, ең басты дүниені көзбен көру мүмкін емес, көз көрмейтінді жүрек көреді. Жүрекпен іздеу керек» деген тұжырымы біздің Абайдың: «Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді» деген пайымымен сабақтас. Бұл да – Абайдың әлемдік деңгейдегі дана екендігінің дәлелі. Абай бұл ойды Антуан де Сент-Экзюпериден жарты ғасыр бұрын айтқан. Сол Абай бір ғасырдан астам уақыт бойы бізбен бірге.
«Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!» деп өрілетін Абай айтқан асыл сөз рухани жаңғырудың негізін қалайтын қасиетті қағида десек те болатын секілді. «Адам» деп Абай бүкіл жер бетіндегі адамзатты айтып отыр. Абайдың осы өлең жолдары әлемдік дәрежедегі дара ойшыл екендігінің дәлеліндей. Адамзатты сүю – әлемді сүю. Әлемді сүю – барлық жер бетіндегі мемлекеттерге, ұлттарға достық пейілде болу дегенді білдіреді. Абай сондықтан:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті» дейді ендігі бір өлеңінде. Барлық діндер арасындағы үйлесімділіктің үлгісіндей болып отырған бүгінгі таңдағы Қазақстан қоғамы Абай таныған ақиқатты тануға талпынып, Абай нұсқаған ақ жолдан адаспаса, мемлекетіміздің мерейі одан әрі үстем болып, мәртебесі асқақтай береріне сенім кәміл.
«Әділет пен ақылға,
Сынатып көрген-білгенін,
Білдірсе алыс, жақынға,
Солардың сөйле дегенін» деп келетін өлең жолдарындағы ақын ойы мен Президентіміздің бұған дейінгі сайлауалды программасындағы: «Әділдік – біздің мемлекеттігіміздің мықты іргетасы» деген ұстанымынан салиқалы үндестік байқалады. Абай айтқан «әділет» сөзі мен Президент айтқан «әділдік» ұғымы – тұжырымдары егіз, ақыл-парасаттары ұқсас азаматтардың «ақылға бірлігін» білдіретін белгілер.
«Біз егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек.
Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан, азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тұжырымдарынан туындайтын ізгілікті істің бірі – жастарға Абайдың өрнекті өлеңдерінен мысал келтіру. Төмендегі ақын өлеңінен келтірілген жолдарға назар аударсақ:
«Керек іс бозбалаға – талаптылық,
Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,
Сыртқа пысық келеді, сөзге сынық.
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!
Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!
Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.
Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс,
Оның қадірін жетесіз адам білмес.
Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес».
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев көтерген ХХІ ғасырдағы ұлттық сана, бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы секілді бірқатар мәселелер Абайдың даналық ойларымен үндесіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы және Абайдай кемеңгердің парасатты пайымынан шалқар шабыт алып, риясыз тұжырымдарын алға тартқан.
Абай өлеңдері қазіргі таңда да өзінің өзектілігін жойған емес. Біріміздің сөзімізді біріміз тосып сөйлеп, бір-бірімізді қадірлеп, бір-бірімізді жолдас ретінде құрметтеп, саналы сұхбаттастыққа жайдары қадам басқандығымыз – жаңа дәуірдегі жасампаз Қазақстанда білімнің салтанат құрып, эволюциялық даму жолымен жүріп, санамыздың ашық болғандығы емес пе?
Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері рухани жаңғыру бағытында қаншама берекелі бастамалар, бірнеше баянды бағдарламалар, жарқын жобалар жүзеге асырылғандығын баршамыз жақсы білеміз. Рухани жаңғыруды жандандырып, тарихи-мәдени құндылықтарымызға қайта қарауға, еркін санамен сараптамалар жасауға мүмкіндік туған шақта Елбасымыздың бастамасымен еңселі жұмыстар атқарылды. Осының барлығы Абай айтқан «ақылға бірліктің» арқасында, «әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылықтың» арқасында алға басты. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында талай тарихи-мәдени ескерткіштерімізді қалпына келтіру, абаттандыру шаралары жасалды. «Халық – тарих толқынында» бағдарламасын негізге ала отырып, әлемге әйгілі архивтерден елдік тарихымызға байланысты бірқатар құнды құжаттар жүйелі түрде хатталып, зерделенді.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасында Елбасымыз мемлекетіміздің имиджін мәдени жетістіктер арқылы көтеру керектігін атап өтті. Осы орайда, еліміздің өнерін әлемдік сахналарда әйгілеп жүрген әнші-бұлбұлымыз Димаш Құдайбергенді қазақстандық жастарға үлгі еткім келеді. Ол Елбасымыздың ерен бастамасын жас та болса, данадай жауапкершілікпен алып жүрген айтулы тұлғаға айналды. Қазақ, ағылшын, орыс, қытай, француз тілдерінде әндер шырқап, әлем назарын Қазақстанға қаратты. «…Ол қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан мәдениет болуға тиіс» деген Елбасымыздың есті сөзін ескеріп, еліміздің ұлы ақыны Абай өз туындыларын жазған тілдің мерейін биіктетіп, әлемдік жанкүйерлеріне қазақ тілінде ізденулеріне ізгілікті жол ашты. Міне, «Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылықты» бір бойына тоғыстырған Димаштай жастың таланты қазіргі қазақстандық қоғамдағы жастарға ой салып, жақсылыққа ұмтылуларына жігер берсе деймін. Ендігі кезекте, өткен жылы өткізілген Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасына қатысып, өзіндік үлесін қосқан Димаш Құдайбергеннің репертуарын Абай әндерімен толықтырып, Абай және Димаш тандемі тұрғысынан керемет шұғылалы шығармашылық кеш өткізсек, игі болар еді.
Абай тағылымы жастарға ғана емес, үлкендерге де орасан ой салатындығына күмән жоқ. Абай мұрасы – жас талғамайтын баршаға ортақ мұра. Еліміздегі барлық мамандықтар саласында қызмет етіп жүргендердің ойларына бірдей қозғау салып, «жақсы қылыққа» жетелейтін себепкер – ол Абай мұрасы. Қазақстандық қоғам коррупциямен күресу жолдарын да Абайдан үйреніп, даналық дәрістерін бойларына сіңіргендері абзал деп ойлаймын.
«Жалын мен оттан жаралған
Сөзді ұғатын қайсың бар?
Партия жиып, пара алған,
Пейілі кедей байсыңдар» – деп толғанады Абай данамыз бір өлеңінде.
Өзі өмір сүрген дәуір шыңынан қараған Абай ақын осы өлеңі арқылы қазақстандық қоғамды, жалпы адамзатты «партия жиып, пара алған» атанудан, «пейілі кедей бай» атанудан аулақ етуге ниеттенген секілді емес пе? Біздегі кейбір бизнесмен «көкелер»: «осы біз Абай айтқандай, «пейілі кедей бай» емеспіз бе?» деп ойлана ма екен? «Мемлекет ісінің мүдделесі» болу туралы ойлануға, толғануға Абай сөздері себеп болу керек екендігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та меңзеген: «Популизм теріс тенденция ретінде дүниежүзілік сипат алды. Әлемнің түкпір-түкпірінде нақты стратегиясы жоқ, тек жалаң ұрандар арқылы билікке жеткісі келетін топтардың дауысы жиі естілуде. Осындай даңғазаға құмар адамдар туралы Абай: «Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып», – дейді. Расында, бұл – кез-келген елдің дамуын кенже қалдыратын, ұлттың бірегейлігін әлсірететін қауіпті үрдіс».
Президент мақаласынан Абайдың елдік мұраттың мәртебесін биіктетіп, ұлтты ұйыстырғандығын, «әділетті қоғам құру идеясын көтергендігін» түсінеміз.
«Ортақтық, тыныштық, достық қой,
Оның қадірін кім білер?
Әркімге ақ тілеу қостық қой,
Бәрі – алдамшы саудагер.
Халықтың аты керек қой
Я мақтауға, боқтауға.
Құбылға бәрі зерек қой,
Бәрі жайсыз тоқтауға» деген ақын өлеңінен капитализмнің, жүйесіз жекеменшік психологиясының көріксіз келбеті көлбеңдейтін секілді емес пе? Абай неден түңіледі? «Ортақтық, тыныштық, достық» секілді қасиеттер әділетті қоғам құру идеясының негізі боларлық қасиеттер дегісі келді ме екен? «Алдамшы саудагер» деп кімдерді айтып отыр? Біздің қазіргі қоғамда «алдамшы саудагерлер» кездеспейді ме? Түрлі жобаларды желеу етіп, мемлекет қаражатын жымқыратындарды «алдамшы саудагер» деп атауымызға бола ма? «Құбылға бәрі зерек қой, Бәрі жайсыз тоқтауға» деген Абайдың сөзін қалай түсініп жүрміз? «Құбылға бәрі зерек қой» деген «құбылуға бәрі зерек» дегісі келгендігі емес пе? «Бәрі жайсыз тоқтауға» дегені «әртүрлі әділетсіздіктерді тоқтатуға кімнің күші келмек? Оған кімнің жағдайы, жайы бар?» дегені ме? «Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады.
Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін» деп Президентіміздің өзекті мақаласында айрықша атап көрсеткен ойлары Хакім Абайдың төмендегі өлең шумақтарындағы ойларымен үндес сезіледі:
«Адам ғапыл дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда, ойла, болады не сенікі?
Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін».
Абайдың «көп» дегені – Президент айтып отырған «халық» сөзімен синонимдес сөз. Бұл шумақтарда Тәңір-Иенің сүйгені, ол – халық, халықты сүйсең, сені де Тәңір-Ие сүйеді деген тағылымды ой жатыр деп есептеймін. Абай дана бұл шумақтарында ешбір адам жиған дүниесіне, материалдық игіліктеріне жан кеткен соң, иелік ете алмай қалады, оларды менікі деп ойлама, олар оныкі, яғни, Тәңір-Иенікі дегенді тұспалдайтындай.
«Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық- қарлық,
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.
Осы күнде осы елде дәнеме жоқ
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.
Байлар да мал қызығын біле алмай жүр,
Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр.
Сабылтып, күнде ұрлатып, із жоғалтып,
Ызаменен ыржиып күле алмай жүр.
Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр,
Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр.
Ел аулақта күш айтқан, топта танған,
Арсыз жұрттан көңілі тына алмай жүр.
Естілер де ісіне қуанбай жүр,
Ел азды деп надандар мұңаймай жүр.
Ала жылан, аш бақа күпілдектер,
Кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр.
Бектікте біреу бекіп тұра алмай жүр,
О дағы ұры-қарды тыя алмай жүр.
Қарсылық күнде қылған телі-тентек,
Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр». деп төгілетін өлеңінде өнегелі Абайымыз елдің ұрлық-қарлықтан аулақ болуын, егер, ел ішінен ұрылар табылып жатса, оларды тыю керектігін мақсат тұтып, түңілу сарынымен сыр түйген.
Бұқаралық сананы өзгертудің, мемлекетіміздің әлеуетін нығайтудың нағыз жебеушісі – Абай даналығы. Елбасымыз айтқан, біртұтас ұлт болу туралы мақсатқа да жеткізетін дара жол – Абай жолы. Әлемде орын алып отырған әртүрлі айтыстар мен тартыстар алаңында ұлт ретінде ұтылмауымыз үшін, мемлекеттік мүддеміз бір болып, жеңістер мен жетістіктерге жетуіміз үшін Абай даналығын құбыла тұту – парызымыз. Бейбітшілікпен өркендеу – Абай ақынның болашақ ұрпаққа аманаты іспетті.
Ұлттық қауіпсіздікті нығайту, тұрақтылық пен татулықты басты ұстаным ету, азаматтық патриотизм, интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы – Абай өлеңдерінің алтын діңгегі. «Ұлтына, діни нанымына, мүліктік жағдайына қарамастан барлық азаматтардың құқығының теңдігі туралы Конституция қағидасы» және Мемлекет басшысының мақаласында жазылған Абай тағылымының арасында ерекше үйлесімділік бар деп ойлаймын. Меритократиялық ұстанымның да тағылымды тұжырымдары мен Абай шығармашылығының арасында байсалды байланыс бар екендігі шындық.
Абай шығармаларында адамдарға зиян тигізетін, прогресс пен ағартуға кедергі келтіретін мінез-құлықтарды аяусыз сынай отырып, өз сөзінің әсер ету күшіне сенді. Абайдың философиялық және поэтикалық сөздері ағартушылық, әлеуметтік идеал үшін өзіндік күрес болды. Үздік жаһандық жетістіктер мен озық технологияны игеріп, ендіруге талпыну, өмірдің барлық саласында жаңашылдыққа дайын болу, адамдардың игілігі жолындағы жасампаз өзгерістерді қолдау туралы Мемлекет басшысы идеяларымен Абай ақынның төмендегі өлең жолдарында жалғастық көреміз:
«Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз».
Ғылымға ұмтылу – Қазақстанды дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарында болуға бастайтын ұлы ұстаным екендігін бәріміз терең түйсінуіміз керек. Бізге әлемдік дағдарыстар сынынан өтуге де жәрдемдесетін қуат – Абайдың сөз қуаты. Қоғам бірлігін сақтау жайлы сәулелі ойды Абай екі-ақ жолға сыйғызған:
«Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?»
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды программасындағы айтылған уәделерін орындап, сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2019 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халқына жасаған Жолдауында да сөз етілген тірліктерді табандылықпен іске асыру үдерісінде үлкен қадамдарға батыл барып отырғандығына куә болудамыз.
Абай ғұлама, ойшыл, дана ретінде өнерге, білімге және ғылымға үлкен мән берген. Ол балаларды оқыту мүмкіндігіне ие бола отырып, оларға саналы сабақ бермейтін немесе дұрыс жолмен оқытпайтын, өз байлығын мақтангершілікпен ысырап ететін ата-аналарға көңілі толмаған. Жас ұрпақтың бойына жақсы адами қасиеттерді сіңіруді Абайдың біліммен, ғылыммен байланыстыруына өрнекті өлеңдері, құрылымы ерек қарасөздері айғақ.
Абай ағартушы ретінде тәрбиенің құдіретіне сенді және адам бойындағы қадірсіз қылықтарды сынап қана қоймай, ол қылықтардың жөнделуіне, «толық адам» аталу үшін күш салуына өзін жауапты сезінді. Адамның мінезіндегі барлық жағымсыз қасиеттер мен көріністерден арылту жүгін, зұлымдықпен, әділетсіздікпен күресу жүгін Абай өзінің ақындық қаламына артты. Абайдың дүниетанымының қалыптасуына гуманистік идеяларды ұстанған шығыс ақындары мен ғалымдары Фирдоуси, Әлішер Науаи, Низами, Физули, Ибн Сина және басқалары, сонымен бірге, орыс классиктерінің шығармалары және солар арқылы жалпы Еуропа әдебиеті әсер етті. Ол И.Крыловтың ертегілерін, М.Ю.Лермонтовтың өлеңдерін, А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» туындысын, Гете мен Байронның өлеңдерін аударған. Бұл да – Абайдың интеллектуалдылық туралы сөз жүзінде айтып қана шектелмей, іс жүзінде өз талабын өзі де орындай алғандығының керемет ғибратты көрінісі.
170-ке жуық өлеңдер жазған Абай – қазақ әдебиеті тарихында өлең құрау нұсқасын жаңа өлшемдермен және ұйқастарымен байытып, жаңаның басы болған ақын. Ол жаңа поэтикалық формаларды енгізді: сегіз, алты жолды өлеңдер. Бұл жаңалығы – Абайдың эмоционалды интеллектісінің шырқау шыңындай.
Поэзиядағыдай, Абай қарасөздерінде еңбек тақырыбы берік орын алды. Еңбектенуден бас тартушылардың масылдықтары Абай сөзімен сынға алынды. Абай еңбектің адамзат өмірі мен тарихи дамуындағы жоғары рөлі мен маңыздылығын философиялық тұрғыдан түсінеді. Ол өзінің өлеңдерімен, қарасөздерімен, әндерімен қазақ халқының ұлттық болмысының оянуына және дамуына, ұлттық кодының сақталуына үлкен үлесін қосты. Тәрбие мұраттарының жақтаушысы ретінде ол білім берудің рөлін жоғары бағалап, білім мен ғылымға ғашық болудан жаңа өмірге апаратын рухани жаңғырудың жалғыз жолын көрді.
Балтабек Нұрғалиев,
ақын, композитор, өнертану ғылымдарының магистрі