Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті.
Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деп жазған болатын. Өте мәнді де маңызды ойлар. Елімізде қазақтың Ұлы ақыны Абайдың туғанына 175 жыл мерейтойына арналған ауқымды да маңызды іс-шаралар басталып кеткені көңілге қуаныш ұялатады. Мерейтойдың деңгейі биік, игілікті шаралары мол болады деген үміттеміз. Осы орайда, аталған комиссия мүшелерінің назарына ұсынар бір ой болып тұр.
Осы күндері кемеңгер ақынымыздың өлеңдері мен қара сөздерін зерделей қайталап оқып, жадымызда жаңғырту үлкен абырой. Сонымен қоса Абай атамызға арналған үстел үстіне қоятын, биіктігі 15 сантиметрдей кішірек мүсінше кеңес заманында келісті жасалып, дүкендерде сатылатын. Тұрпаты металдан құйылған құйтымдай мүсінше. Бір кемістігі, ол мүсінше құйылған металл қара-қоңыр түсті еді. Бірақ қазір сол мүсіншенің өзін еш жерден табу мүмкін емес. Қайтадан құйылып, сатуға қойылмаған болар. Өкінішке қарай, осы мүсіншені бұқаралық дүкендер мен антиквариат дүкенінен жылдап сабыла іздеп таппай жүрмін.
Осыларды айта келе, әр қазақтың үйінде домбырамен қоса абыз ақынымыз Абайдың кішкене мүсіншесі үйдің бас бөлмесінің төрінде тұруы, біріншіден – парыз, екіншіден – абырой болар еді деп ойлаймыз. Ол үшін бұрынғы құйылған мүсіншені нұсқа ретінде пайдаланып, қайтадан құйып, халыққа кең тарату керек. Әрине, «кең тарату», дегеніміз – келісімді бағаға сату. Ұсыныс ретінде айтарымыз, алдағы құйылатын мүсіншенің нұсқасы күміс түстес ақсұр металл қосындылардан құйылса өте тартымды болар еді. Уақыт аз, бұл іске жұмыла да жедел кіріскен жөн. Сонымен осы ұсынысымыз жүзеге асатын болса, ардақты ойшыл ақынымызға көрсетілген құрметіміздің тағы бір елеулі белгісі болары сөзсіз.
Бұл мүсіншені ағайын, дос-жаран арасында сыйға да тарту қай жағынан қарасыңыз да өте ұтымды деуге болады. Бұрындары және қазір, сіздер мынандай көріністерге куә болғандарыңыз айқын. Көбіне ертеде, шет мемлекеттерден келген меймандарға домбыра немесе ою-өрнекті құмыра, білезік сыйлайтын. Қазір қалың шапан мен бөрік сыйлайды. Біреу түгілі, біздің өз арамызда да сол шапандарды көшеге киіп шыққан адамды көрмедік. Кезінде белгілі жазушы Г.Бельгер оншақты шапанды режиссер Е.Тұрсыновқа көрсетіп, бұларды не істеу керектігін білмейтінін айтқан екен. Мұның дұрыс-қисықтығын өздеріңіз сараларсыздар. Менің ойымша, осы Абай атамызға арналған толағай тойға келген шетел меймандарына шапан мен бөріктің орнына Абай мүсіншесін сыйлаған өте орынды болар еді. Осы ұсыныстарымды қолдауларыңызды өтінемін.
Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,
публицист