М.БАЙҒҰТ: "АБАЙДЫ ОҚЫ, ОРЫНДА"

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Абайға арналған айрықша мақаласын былайша түйіндейді: «Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруы тиіс. Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз. Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па? Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба деген ойдың төңірегінде толғансақ та, талай жайға қаныға аламыз. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз».

Мінекиіңіз. Міндет айқын қойылған. Мақсат пен мұрат парасат биігінен па­йымдалған. Бағалай білмегіміз абзал, бү­кіл байтағымызда ұлы Абайға ұлы бетбұрыс басталғандай болып тұрыпты. Тіпті полициялық мекемелерге дейін Абайға арналаған шаралар өткізіп жатыпты. Қуанасың. Қолдайсың. Шү­кіршілік. Ұзағынан сүйіндіргей. Деп тілейсің. Алайда қазекем атүстілікке алданып, науқангершілікті малданып кетпесе болғаны да. Данышпаныңыз Он алтыншы қара сөзінде бүй деген: «Қазақ құл­­шылығым Құдайға лайықты болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қыл­­ған­ды қылып, жығылып тұрса бол­ғаны...» Абайға бетбұрыс, Абайдың мұ­раларын меңгеруге бағытталған ша­ра­лар, атқарылар тірліктер  қайран қара шал меңзегендей, «жығылып тұр­са болғандайын» жұқпалы ауру­лар­ға айналмағай. Айналайындар, Абайы­ңыз­ды абайлап айтқан абзал-ау. Абай туралы, Абайдың асыл жауһарлары жа­йында, жұмбақтары жөнінде жеңіл-желпілікке жол бермеген жөн-ау.

Жасыратын несі бар,  «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!» дегендейін, қанатты қағидаларды бала­бақшада да, мектепте де, колледждер мен университеттерде де, кештер мен тойларда да, жиын-жиналыстарда да орынды-орынсыз, жөнді-жөнсіз шек­тен тыс көп қайталап, сәулесіз, сезім­сіз тықпалап, жас өскіндеріміздің құлақ­тарын қажап, ықыластарын ығыр ғып жібе­реміз-ау. Деуге мәж­бүрсіз. Кім біл­сін-ай, кім білсін. Абайыңыздан үзіп-жұлқыған үзінділерді көп кірістір­гені­мізбен, «кірпіш» болып қаланбақтың кіл­типандарын келістіріп мәністей алмай, көңілдері мен кеуделері керексінер кілттерді таба алмай, тайқы­маң­дайлық танытып жүрген жоқпыз ба? Деп қиналасыз-ай.

Биыл туғанына 1150 жыл толғалы отырған, адамзаттың екінші ұстазы атан­ған Әбу Насыр әл-Фараби парасат дейтұғын шіркініңізді «Бәйекшіл парасат», «Әрекетшіл парасат», «Тәр­менді парасат» деп, тамылжыта, таң­­дандыра, терең талдайды. Абай­­ға бетбұрысымызда, Абайдың асыл мұ­раларын айналымға түсірер тір­ліктерімізде әл-Фарабидің осынау па­расат сапалары басшылыққа алын­­бағы ләзім-дүр. Түркілердің текті төрі, мәдени-рухани орталығы бол­мақ­қа талпынған Түркістаныңыздың то­пы­рағы асыл сүйегін, ардақ рухын тер­­бетіп тұрған шандоз шайыр, ұлы ой­шыл Ахмет Ясауи: «Іштерінде қулық толғандардың, көкірегінде ар-ұят солған­дардың жүректері тебіренбейді»,  деген. Әл-Фараби, Ахмет Ясауи және Абай. Рухани тыныс-тіршілігіміздің үш ұстыны. Қайнарлары. Қазыналары. Қасиеттері.

Абайды зейіндей оқымақ пен зерделей тоқымақ – Алаш баласының, қазақ ұл-қыздарының ең басты, парасатты, перзенттік парызы екенін Әли­хан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұх­тар Әуезов сынды ардақтыларымыз бен жан-жақтыларымыз, күні кешегі Қайым Мұқаметханов пен Тәкен Әлім­құловтар, бүгінде көздері тірі Мекем­тас Мырзахметұлы, Мырзатай Жолдас­беков, Тұрсын Жұртбай, Тұрсынжан Шапайларға дейін толғап-ақ, қозғап-ақ, тағылымдап-ақ келе жатыпты. Ал Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бү­гінгі әлем, заманауи заңғар талаптар тұрғысынан таразылап, Абай аманаттарына орай қайран қазағының ындын-ықыласы оңалса екен, оңғарылса екен, пейіл-пиғылы мен нысай-ниеті ізгілікке негізделсе екен, Қазақстан аталатын атамекеніміз құт-берекеге кенелсе екен деп отыр. Сол мақсаттардың асқаралы асуларын анықтап беріп отыр. Сондықтан «жығылып тұрса бол­ғаныдан» абай болмақ керек. Абай айт­қандай.

Соңғы жылдары мына біз пақы­рыңыз, әлімізге қарамай, бір бастама­ны қайта-қайта көтеріп-ақ келеміз. Осы­дан жүз жылдан астам уақыт бұрын қа­зақ поэзиясының сұлтаны атанған Сұл­танмахмұт Торайғыров: «Абайды оқы, таңырқа!» деп жар салған еді. Ен­ді біз: «Абай­ды оқы, орында!» деген мә­ніске ша­қы­рып жүрміз. Осындай та­қы­рыпты бір үлкен басылымда би­паз­­дадық. Кітапша да  шы­ғардық. Түр­кістан облыстық Пушкин атындағы кітапхана бастап, қалғандары қостап, қолдап жатыр. Бірқатар мектеп пен колледж­де, университетте де үн­қа­тысулар үйлесім табуда.

Иә, мына заман, қазіргі қазақ қоғамы мен қауымының хал-ахуалы Абайды оқып, орындауды қажетсінері түсінікті деп ойлаймыз.

 

Мархабат Байғұт,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері