"НЕ ҚЫЛСАҢ ДА БІЛІМ АЛ..."

«Е-е... Бұлдыр, бұлдыр, күн өткен,
Бұрынғыдан кім өткен».
«Еділ-Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла­мерген», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» сияқты өнегелі өсиет пен үлгі-ғибратқа толы қазақтың байтақ жыр-дастандарын, ертегілері мен аңыз-әңгімелерінің әлқиссасын осылай бастап, «әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық рәушан болып түсетіндей» әсерлі баяндай­тын «бір түрлі шебер әңгімеші» әжесі Зерені ұғымтал бала көңіл «қа­жымай, жалықпай, ылғи ғана ын­тыға тыңдайтын». Әжесінен соң өлең сөзге ұста анасы Ұлжанға «Күдері қожа, Шортанбай, Шөже жырларын, айтыс, өсиет, әзілдерін» «түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да айтқызып», ынтамен ұғып, көңіліне берік бекітуге талпынатын. Абайтану ғылымының көшбасы М.Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» романындағы «Зерек Абайдың» бейнесінен үзінді бұл.

 Иә, бұрынғыда кім өтпеді, кең дүниеге кімдер келіп, кімдер кетпеді. Бәріне әділ төреші – уа­қыт. Уақыттың анық таразысы батырға да, бай-бағланға да, ғылым іздеуші мен дүниені көз­деушіге де тура. Тек ұлы Абай айт­қандай «қиял ғып өмір сүріп, бос жүргенді», «боламынмен жүр­генде болаты қайтып, жалыны сөніп», өлшеулі саф уақытын «ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен қор еткенді» емес, екі дүниенің азығы, жанның пайдасы – әділет, мейірім, ынсапты ту етіп харекетін асырғанды електен ұнды өткізгендей іріктеп алары даусыз ақиқат. Ал Абайға уақыт, замана төреші емес. Себебі қазаққа дәл керек кезде әділ уа­қыт өзі толғатып тудырған «еди­ницамыз». Сондықтан да жүз, мыңжылдықтар өтсе де адам­­зат­қа ортақ құндылықтарды кө­­тер­ген, қайтсе халқым ел бо­­ла­ды деп қалың қазағының қа­мын жеген, жүрек көзі ашыл­ған данышпан Абайдың өзі де, «артқыға қалатын» асыл сөзі де «өзгермейді, өлмейді», өзек­тілігін жоймайды. Мем­лекеттік көлемде және халық­ара­лық дең­гейде жыл сайын ар­­найы атап өтетініміз де осы себепті.

Өркениетті елдер ғана көш бастайтын жаһандану за­ма­нында Абай қазақтың әр деміне, әр күніне ауадай қа­жет деп ойлаймын. Өйткені мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақ­стан» стратегиялық мән-ма­ғынасы айрықша мақаласында жазылғандай дана ойшыл сол заманда-ақ «ақыл-оймен ғана озатын кезең» келетінін, ол үшін «ғылым таппай мақтанбау» керектігін, «ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін» анық тұжырымдады. Ол ғылым-бі­лімді табудың нақты жолдарын да Отыз екінші қара сөзінде көрсетіп берді.

Кемеңгер ойшыл:

«Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу оқып, білім алған.

Би болған, болыс болған өнер емес,

Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған»,

– дейді. Баяндап қалмайтын дү­ниеде баянды еңбек – махаббатпен оқу оқу, білім алу. Сон­да «арттағыға сөзің мен ісің қалып, өлсең де өлмегенмен бола­сың тең».

Абай осы ғылым-білімді та­бу­дың ең бірінші жолы, шарты – «Білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білу»; «Білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемеу...» дейді. Ал егер ғылымды іздеудегі түп­кі мақсатың бас пайдаң болса, «ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешеңнің мейірімі секілді болады» деп ескертеді.

Хакім Абайдың бұл айнымайтын тезисінен соң әрбіріміздің көңілімізде «кешегі Мағжан сенген «сөздерінде жалын, көзде­рінде от ойнар», ел мүддесін өз мүддесінен биік ұстар қуатты да ойлы жастардың ғылымға махаббаты қай деңгейде, олардың білімге деген мейір-махаббатын қалай арттырса болар?» деген сауалдың туындайтыны анық. Жауап Абайдың өз өмірінде тұр.

«Тәрбие тал бесіктен» де­мек­­ші, ең әуелі ата-анасынан туы­­сы­нан өзге пайым-парасат­ты, ақылы дария әжесінің кемел тәрбиесін көрген Абай; одан соң ғажайып жыр-дастан­дар­­ды таңды таңға жалғап құ­марлана ынтамен тыңдап, бойы­на дарытқан Абай; кішкене кү­нінен әр нәрсені «білсем екен, көр­сем екен, үйренсем екен деген» атаның қанымен тараған «жанының жибили қуаты» зор зерек Абай ғылым-білімге «шын мейірленіп», қанып өсті. Не­­бәрі 14 жасында-ақ батини және за­һири ғылымды толық мең­­герген Абайдың осыдан соң дүние-ке­руеннен «жым-жырт өтіп», «ар­тына өшпес із қал­дыр­мауы», оған даналықтың нұр болып құ­йылмауы мүмкін бе?! Әсте, жоқ дейміз. Тіпті, қақысы да жоқ еді.

Міне, сондықтан да «өл­шеуіне ой жетпейтұғын», адам­ның «ақылына өлшеу бер­мей­тұғын мықты көркем законге қаратылып жаратылған дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын» таныған, тіршіліктің мәні туралы сансыз сұрақтарға толымды жауап берген Абай жо­лы – елі үшін туып, еліне ең­кейгенше қызмет етуге дайын өр рухты, ұлтшыл ұрпақ өсіру мәселесінде – біздер үшін үлкен мектеп. Осы орайда Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев сынды қазақ руханиятына зор еңбек сіңірген кіл мықтылардың қайнар мектебінен тәлім-тәрбие алып, саналы ғұмырын туған еліне арнап, аянбай қызмет етіп жүрген «жүрек қуаты мол тұлға», харекетімен көпке үлгі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай аға Жолдасбеков: «Қа­зақстанда Абай атындағы мек­теп көп, бізге өзіміздің төл мек­тебіміз – Абай мектебін жер-жерден ашу керек, Абай ғана емес, би-шешендер мектебі өте қажет», деп әрдайым айтып та, жеріне жеткізе жазып та келеді. Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойында осы бір толғағы жеткен, орындалуын ұзақ күттірген игі бастаманың куәсі де болып қалармыз деген сенімдеміз.

Ұлы ойшыл М.Ю. Лермон­товтан аударған телтумасында:

«Болсам деген талапты ұмыт­қан соң,

Құр кеудеге өмірдің несі дәрі?»,

– дейді. Адам болып келу бар, бірақ адам бола білу қиынның қи­ыны. Сондықтан да Абай Жи­ыр­­ма бесінші қара сөзінде тағы да: «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала (адам – Ш.С.) бол­сын десең – оқыт, мал аяма!» – деп, ғылым мал аяйтын жол еместігін, бүкіл инвестицияны балаға құю керектігін жеткізеді. «Әйтпесе бір ит қазақ болып қа­лады» дейді. «Ит қазақ» кімге ке­рек, кімге пайда әкеледі?! Ха­кім Абайдың бұл ойын шәкірті Шәкәрім ақын былайша дамытады:

«Ғылымсыз адам хайуан,

Не қылсаң да ғылым біл.

Ғылымға да керек жан,

Ақылсыз болса ғылым – тұл».

Демек, адам болу өнер екен. Ғылым іздемесең, ештеңе «біл­мейтін, білемін деп таласпайтын хайуан малдан» да төмен болмақсың дейді. Абайдың өз сөзімен айтқанда «Қашан бір бала ғы­лым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады».

Енді бізде, тіпті, басқа жол, таңдау да жоқ.

Құдайдың бір есімі «Бар қыл­дырушы» (Әл-Уажид), сипаты «Болдыртушы» (Тәкуин) болса, адам болып көрінбей, ғылым-білімді игеру арқылы бойыңдағы Құдай тағаланың берген бүкіл қасиетін жүзеге асырып, адам болу өнерінің шыңына жетіп, өз жаныңның азығын беруден бастап еліңе, жұртыңа, мына дүниеге теңіздің тамшысындай болса да пайдаңды тигізесің. Не­месе «иттікпен күн кешесің». Өйт­кені хакімнің Оныншы қа­ра сөзінде жазылғандай «Ғы­лымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж ешбір ғибадат орнына бармайды». Оның үшін бізге пайда мен залалды, «хақ пен батлды» ажы­рататын ақылды ғылым-білімді «ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек». Бұл, яғни ақиқатын табуға бағытталған дұрыс ниет – ғылым-білімді табудың екінші шарты болмақ.

Осыдан келіп шығады, асыл дініміз, сан ғасырлық тарихы бар жауһар жазбаларымыз, қазіргі таңда халыққа психологиялық ілім насихаттап жүрген Брайан Трейси, Энтони Роббинс, Олег Тор­сунов, Людмила Плет, Аман­жол Рысмендиев сынды шет­елдік және отандық коуч-тренерлер, рухани лекторлар өмір­дің қандай саласында да әуелі, ниетті түзеу керектігін, теріс ниет бұрыс амал-нәтижеге алып келетіндігін айтады. Бұл туралы кемеңгер ақын «Китаб тас­диқ» еңбегінде: «Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигіз­бек мақсатың болса, ол жол – Құданың жолы», дейді.

Олай болса ғылым-білімнің өзіне шын ғашық болып, дін ниетің дүниеге емес, дұрыс ниет­­­­пен «ақиқат мақсатқа» ба­ғыт­­­­талғанда хақтықты тап­пақ­­­сың. Тағы да ұлы Абай: «Әр­бір хақиқатқа тырысып иж­тиһа­тың­­мен көзің жетсе, соны тұт, өл­сең айрылма!», дейді. Бұл – ғы­лым-білімді үйренуге талап қы­лушыларға үшінші шарт.

«Хақиқатқа тырысып, соны тұтқан», «ниһаятсыз жолға аяғын берік басқан» «қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буыны» бар адам сөзбұйдалыққа салынбайды, сан түрлі айласы бар нәпсінің тор-ілмектеріне бой алдырмайды, Отыз бірінші қара ­сөзінде айтылған «уайым­сыз салғырттық, ойыншы-күл­кішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді» ақыл-ойдың ке­селдерінен қашық болады. Се­бебі, олар «жанды тәнге бас ұрғызу» «әуелі – Құданың, екін­ші – халықтың, үшінші – дәу­лет­тің, төртінші – ғибраттың, бесінші – ақылдың, ардың – бә­­рінің дұшпаны» екендігін анық біледі. «Бұл, шын мәнінде, Абай­ша айтқанда «арлылардың, артықтардың мінезі», Шәкәрімше айтқанда «шын мінезді арлы адам».

«Кімде болса шын мінез,

Болмас онда екі сөз.

Өлтірсе де көзбе-көз,

Иманын сатып алмас бөз»,

дейді. Шын мінезге ие жандардың «ақылды, ғылымды сақтайтұғын мінез деген сауыты» «мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де» шын бағыттан айнымайды, «кез келген қызыққа шайқалып қалмайды». Олар білім-ғылымды көбейту жолында «бойындағы әуелден берілген екі зор қуатын – берік мұлахаза қылу, екінші – берік мұхафаза қылуды» қолданады, нұрлы ақылының көмегімен ыстық қайратын «орынды жерге ғана жұмсатады, орынсыз іс­ке билетпейді». Бұл – пайдалы ғы­лым-білімді табудың төртінші, бе­сінші, алтыншы шарттары бол­мақ.

Бұдан шығатын қорытынды: «көзге көрілген, көңілген сезіл­ген» «ақыл жетпейтін келісіммен жаратылған» ғаламды да тануға, оны Жаратушы Мінсіз Иені де тануға «жүрек көзін ашатын» батини ғылым һәм заһири ғы­лым арқылы жетпекпіз. Себебі данышпан Абай айтқандай, «Ғы­лым – Алланың бір сипаты, ол – ха­қиқат, оған ғашықтық өзі де хақ­­лық һәм адамдық дүр». Де­мек, ғылымға ғашықтық – адам­­дың адамдық деңгейінің көр­сеткіші.

«Істің басы ретін танымақтық» деп дана Абайдың өзі айтқандай, нағыз харекет балаң ғылымды «үйрене келе өзі іздегендей бол­ғанша, ғылымға өзі шынайы ын­тық-құмар болғанша оған басында «зорлықпенен яки алдауменен үйір қылдырудан» бастау алмақ. Оның себебі, ғылымды дәулет, «жаңа сапаны қалыптастырушы» қуатты күш, адамдық, ізгілік, әді­лет деп білгенде ғана адамның әуелден тап-таза болып берілген, алайда күйбең тіршіліктің қа­мымен арпалысып жүргенде кірлеп, тотыға бастаған жаны ағарып, тазарып, хикмет-кеудесі ізгілік нұрына шомылып, рухы кемелдене түседі. Рухы кемел адам, Абайша «толық адам» өзінің жаратылыс негізіне – «Құдай­дың жердегі орынбасары» дәргейіне жақындап, айналасына ізгілік нұрын шашып, шуақ болып таралып, мемлекеттің не­гізін құрайтын отбасынан бас­тап туған елі, жеріне орасан зор пайдасын тигізетіні айдан анық, күннен рәушан.

Ақылға еркін ой керек,

Матаудан ойды азат қыл.

Әдеттеніп ертерек,

Өрісін кеңіт жылма-жыл,

– деп Шәкәрім ақын айтқандай, қоғамда нәпсінің зынданынан азат, ғылымды құндылықтар жү­йесінде ең бірінші орынға қоятын еркін ойлы азаматтары бар ел ғана өркениеттер көшін бастайтыны сөзсіз.

«Хакім Абайдың айтқаны, Алладан тілегені», қазақтың не­гізгі бағыт етер Абай жолы осы болмақ.

 

Шахинұр Бақытбекқызы,

Қазақ ұлттық өнер университеті