Кейінгі кезде кейбір әдеби ақпарат беттерінде, киноленталарда Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Құнанбай образына ревизия жасамаққа ерекше белсенділік көрсетіп жүргендер бар. Абайдың әкесі Құнанбайды Мұхтар Әуезов данышпан етіп көрсеткен, кейіпкер болмысындағы шындықты көркем де ащы аша білген. Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясының бейнелер галереясына дау туғызу тұрмақ, ұлттық көркем шежіресіне жатқызады. Біз де соны ұстануымыз керек. Бұл орайда айтпағымыз, Әуезовтің қаламынан туған Құнанбай образына сол уақытта қалған әңгімелерге бір кезең деп қойған да дұрыс. Соңғы уақыттағы құнанбайшылар етек алып бара жатқан соң, өткен замандағы найман мен тобықты ішіндегі тартыстан хабары бар азаматтың бірі ретінде осы жәйді оқып, көріп отырып, үнсіз қалуға қаламгерлік арым шыдамады. Ал бұған қарсылық білдірушілерге айтарым – М.Әуезовтің толық шығармалар жинағының 15 томының, Б.Шолановтың «Шыңғыстау – Кеңгірбай би» деректі кітабын мұқият оқып шығуларын өтінер едім.
Құнанбай Өскенбайұлы 1804 жылы туған. Құнанбай ұл кіндіктен әкесінен жалғыз болғандықтан (Құттымұқанбет деген інісі жас кезінде шетінейді), бидің жалғызы делініп, еш нәрседен беті қайтпай өседі.
Құнанбай кәмелет жасқа толысымен атқа мініп, ол кездегі рулар арасындағы барымта шабыстарға қатысып жүреді. Сол кездегі қазақтың жігіттігі осындай тартыстарда анықталып, соған сәйкес ерлігі бағаланған. Әкесі Өскенбай Сыр бойынан қожа тұқымын шақыртып, қару-жарақты пайдалану әдістерін үйреткізеді.
Құнекең 18-19 жастарға келгенде маңайындағы Уақ, Жігітек, Бөкенші-Борсақ, Жуантаяқ руларын оңды-солды барымталап, енді Арқат тауынан асып барып Матай еліне тиісе бастайды. Өйткені, Найманның ең батыры көп елі матай мен сыбандардың бір әуселесін көрейін деген көкейіндегі оймен Матайдың жылқысына тиіп, бір үйірден астам жылқыны барымталап кетеді. Сөйтіп, тым-тырыс жатады да, қуғыншы күтеді. Содан жылқышыларын жоқ қаратып солай жібереді де, енді сыбандар ауылын торуылдай бастайды. Ол кезде сыбанның жанкөбек руы жылқысы Құндызды маңайындағы қыратта күзекте жатады екен. Бір күні ай жарығымен кеп 5-6 жігіттерімен одан екі үйір жылқы барымталап, ізін Ащысу өзенінің бойына қарай салып айдап әкетеді.
Міне, осыдан кейін Өскенбай ауылы жас та болса оған батыр деп қарай бастайды. Құндызды ауылында бір жамағайындарының шілдеханасы болып, сол той үстінде әбден кәнігіп, асқан Құнанбай:
– Уа, халқым, матайыңды мытыдым, сыбаныңды сыпырдым, матай мен сыбанды батыр деуші еді, малын іздемейтін қатын боп кеткен бе? – деп кеңкілдей күледі.
Бұл сөзді осы ауылға тойлай келген Ақшатау жақтың наймандары да естіп, ауылдарына қайтқан соң Солтабайдың Барақ төресіне айтады. Құнанбай ауылы ол кезде орыс патшасының билігі қол астында. Барақ төре болса, Аягөз, Үржар дуанының қожасы. Билердің ортасына салып тәртіпке шақыруға Құнанбай бағынышты болмағасын келмейді де. Енді не істеу керек? Билермен ақылдасады. «Білекті бірді алар, әйтпесе сүйекке таңба болар, Өскенбай ауылына Құнанбайдың желігін басатын батырыңды жібер де, төрт үйір жылқысын айдатып ал» дейді.
Сонымен, Барақ төре қол астындағы атқамінер жігіттермен әңгімелесе келе қара қасқа атты Қазыбек батырға тоқталады. Қазыбек орта жүзге белгілі батыр болған Қондығұл Түгелбайұлының екінші ұлы екен. Қондығұл өз заманында аса қайратты, қылыштасу мен семсерлесу әдістерін жетік меңгерген, елден ерекше шоқпар асынып жүретін батыр еді. Ол Қабанбайдың мыңбасы болған. Бір соғыста Қабанбайдың қайнағасы Малайсары жау ортасына түсіп қап, Қабанбай оны құтқаруға тыңда тұрған шеріктерімен Қондығұлды жұмсайды. Батыр әскерімен құйындата келіп жау ортасына еніп, бір қолында қылышы, екінші қолында шоқпарымен оңды-солды жамсатып, жараланған Малайсарыны ұрыс алаңынан алып шығады. Жота басында батырлардың бұл шайқасын байқап тұрған Абылай:
– Әй, Қабанбай, ана құлашын оңды-солды сілтеген батырың кім? – дейді.
– Ол – нағашы бауырым, сізге де бөтен емес, балдызыңыз Қондығұл деген ұлы жүздің Шанышқылы, оның ішінде Қарақалпақ деген руынан, – дейді. Абылайдың Топыш бәйбішесі де сол рудан екен.
Шайқас артынан Абылай Қондығұлға қара ат мінгізіп, «Құлашбек» деген лақап ат беріпті. Сол Құлашбек пен Бердіқожа батырлар есімі «Қабанбай жырында» бүгіндері бар. Абылай кейінірек Қондығұл бастатқан мыңдықты өзіне күзетке сұратып алған деседі. Осы күнгі Көкше бауырындағы Қарақалпақ тауы етегіндегі ел, Қостанайдың Семизор ауданындағы Қарақалпақ ауылы, ШҚО-ның Ақибуй, Таскескен елді мекендеріндегі рулар сол кезде ханмен ілескен шеріктерден тараған жұрт көрінеді.
Кейін жоңғар-қазақ соғысы аяқталар кезде Қондығұл Аягөз бойында қара қытайлармен болған соғыста қырықтан асқан жасында мылтық оқтан мерт болады. Зираты Аягөздің батысында, Буденный деген ауылдан тас жолға шыға берген төбе басында. Төрт құлақты тас бейітте батырдың бас жағында қолына ұстаған шоқпары қойылған, ол бертінге дейін тұрыпты.
Сол Қондығұл батыр Өскенбайдың Айкежан деген қарындасына үйленген. Содан Қазығұл, Қазыбек және екі қыз бала туған.
Қазыбек батыр шамамен 1746 жылдары дүниеге келген. Кейін атқа мініп ел намысын қорғайтын кезде әкесі ықпалымен жорықтарға қатысып, найзалау, семсерлесу өнерін әкесінен үйренген. Әкесіне еліктеп, қара ат мініп, айыр қалпақ киіп төре ауылының күзетін басқарған. Абылай тапсырмасымен Қытайдың Шәуешек қаласына жылқы, қара мал айдап пұлдап сатқызып, одан түскен ақша мен дүниені Абылай, Барақ төрелер ауылына жеткізіп отырған*.
Барақ төре билермен ақылдасып алғасын Құнанбайдың желігін басуға Қазыбек батырды жіберуді шешеді. Өйтпесе, асқынып, асып бара жатқан Құнанбай одан зор қауіп туғызуы мүмкін еді.
Бірақ ол кезде шамамен 1822 жылдары болған оқиға, Қазыбек батыр алты мүшелге, яғни жетпістен асқан шағы екен. «Құнанбай жас, күші мығым, найзагер дейді, жазым етер, бармасаң қинамайын, бірақ Найманның намысын кім қорғайды?» – деп Барақ батырға ел тілегін де білдіреді.
Сонымен, Қазыбек қара қасқа атын сайлап, сауытын өңгеріп, 5-6 жігіттерін ертіп Өскенбай ауылына нағашы жұртына түнделетіп жүріп кетіп, еш ың-шыңсыз жылқы ауылын тауып, жылқышыларын байлап тастап, ішіндегі ақсақалын қоя беріп: «Құнанбайға хабар бер» дейді де, төрт үйір жылқыны алдарына сап Құндыздан оларды асырып жіберіп, өзі төбе басына шығып, сауыт-сайманын киініп, қуғыншыларды тосып жантайып жатады. Күн арқан бойы көтерілген сәтте Өскенбай ауылы жақтан шаң көтеріледі. Әне-міне дегенше, елу шақты қуғыншыны бастап келе жатқан Құнанбайдың өзі көрінеді. Қазыбек асықпай атына мініп, найзасын оң қолына мығымдай ұстап төбе басынан:
– Қуғыншы болсаң, тоқта! Іштеріңде Құнанбай бар ма?! – дейді ақырып.
– Әй, қақпас, не істейін деп едің, міне, мен Құнанбаймын! – деп ол да сауытын жарқылдатып, найзасын қолына алып көпшілік алдына шыға береді.
– Найманның жоғын жоқтайтын батыр жоқ, ылғи қатын екен деген сөзді айтқаның рас болса, шық жекпе-жекке, майданға! – дейді қара қасқа атын тебініп.
– Ә, бейшара шал, найманның намысын қуалаймын деп жүріп айдалада өлімтігің ит-құс пен қарғаға жем болады ғой, ең болмаса кімді өлтіргенімді білейін, кім боласың? – дейді Құнанбай.
– Қара қасқа атты Қазыбек дегенді естуің бар ма? Естісең, ендеше көп мылжыңдамай сайысқа шық бері! – деп атын ойнақтатып, Қазыбек ұрыс алаңына тұра қалады.
Қуғыншылар кілт тоқтап, Құнанбайға қарайды. Құнанбай найзасын алдына өңгеріп, ұрыс алаңының екінші басына шығады. Екеуі де екпіндете келе найзаларын түйреседі. Темір сауытқа тиген қарудың шақыр-шұқыр дыбыстары естіледі. Екі батыр осылайша сүт пісірімнен аса бірін-бірі ала алмай найзаласады. Жас, күші басым Құнанбай шал батырды тапап кететіндей көрінеді. Сол-ақ екен, қуғыншылар «Құнанбай! Құнанбай!» деп айғайласып қоя береді, оның екі көзі қанталап одан сайын құтырып кетеді. Осы сәтте Құнанбайдың сауытының өндіршегінің түймесі ағытылып, одан мойыны мен иығының тұсы ағараңдап қалады. Бұл сәтті қалт жібермеген Қазыбек шеберлікпен найзаны сол тұстан салып жіберіп, тірей баса тартқанда Құнанбай сауыты сөгіліп, омырауын қан жауып жерге құлайды. Айғайшылар дауысы мүлде жым болады. Ішінен мосқалдау шоқша сақалды шал «ой бауырымдап» келіп Құнанбайдың үстіне құлап, оның басын кескізбей жатып алады. Қазыбек батыр өзімен шамалас ақсақалды да ажалға қия алмай:
– Өміріңді олжа еттім, жындыңды тый! – деп найзасын көлденеңдей ұстап, атын жорғалата қуғыншылардан ұзай беріпті.
Кейін бұл жекпе-жек шайқас туралы Сара Біржанмен айтысында:
«Қапа мен Байқараның қосы қонса,
Жетпеген қалың тоғай құрығына.
Қазыбек Құнанбайды найзалаған
Төре түгіл төлеңгіт жорығында», – деп жырына қосқан. Ал бұл шайқас туралы М.Әуезов толық шығармалар жинағындағы 15 томның 237 бетінде: «Өзім де білмей қалдым, қабырғамнан біреу найзамен салып кетіпті. Жығылып қалыппын, сөйтсем Барақ төренің төлеңгіті Қарақалпақ Қазыбек деген батыр екен… үйге қайтып бір айдай жатып әрең оңалдым депті Құнанбай» деген пікір келтіреді.
Үш қабырғасы сынып, әбден мертіккен Құнанбай жарасына күйдірілген киіз басып, жарасы әрең бітеді. Содан бір жылға таяу атқа мініп барымталау жорықтарынан тыйылады. Бірақ Құнанбай кеудесіндегі кекті ешқашан ұмытпайды. Бір жылдан кейін көкек айында жүз қаралы жігітті жанына ертіп Барақ төре мен Қазыбек батыр ауылын шабуға аттанады. Олардың бұл аттаныстарынан Барақ төре хабардар болады да, Қазыбекке: «Қол жина, Қоңыршәулі биігі теріскейіндегі терең сайда қарсы ал» деп тапсырма береді. Қазыбек батыр тума-тоқпақ елінен жүз шақты жігіттерді сайлап Қоңыршәулінің екі жағында аңдып жатады.
Қызылжал тауында жатқан жылқыға тимек боп келе жатқан Құнанбай тобы сол сайда қоршауға түсіп, сойыл мен найзадан көп адам соққыға жығылады. Құнанбай сол шайқаста бетпе-бет Қазыбекпен қайта кездесіп қалып, оңбай таяқ жейді. Жүзін қан жауып өлермендене шайқасады, әйтсе де жігіттер оны ұстап, қол-аяғын матап кісендеп тұтқындайды. Бұл туралы да М.Әуезов толық шығармалар жинағының 15 томның 246 бетінде: «Құнанбайдың жас кезінде тума-тоқпақ деген елден Көтібақ жылқы алып, соның арты шабынды болып Тобықтыдан тума-тоқпақ барымта әкетеді. Соны қуа барған қолдың ішінде Құнанбай да болып, үлкен ұрыста тұтқынға түсіп қалады. Бұл сапарда Құнанбай көп бөгелсе керек. Өйткені, үйде қалған жақындары көп тілеу тілегендіктен: «Әкесінің мойнына салған бұршағы, шешесінің басына киген күндігі биттеп кеткенде зорға келіпті» дейді.
Ал шын мәнінде тұтқынға түскен Құнанбайдың қол-аяғына кісен салып, қозы баққызып қойған көрінеді. Өйткені, Сартерек деген ауылдың Қазыбек батыр қыстауы тұсында Құнанбайдың қозы көші деген үлкен сай бар. Сондағы жота басында Құнанбай үйген обалар әлі күнге дейін тұрған көрінеді.
Құнанбайды әкесі Өскенбай іздеп келіп, құранға қолын тигізіп «енді найманға тимеймін» деп ант бергіздіріп, әмбе Сергиополь әскери бекінісіндегі орыс әскери басшыларына пара беріп босаттырып алған деген әңгіме бар.
Міне, шынжыр балақ, шұбар төс атақты Құнанбай осылай 19-20 жас кезінде екі рет ажалдан қалып, қалың найманға тиісемін деп жүріп, тәубасына түскен екен дейді. Содан кейін қайтып барымтамен Аякөз жаққа барымталауды қойыпты.
С.БАЙҚАДИҰЛЫ, қаламгер,
ҚР мәдениет қайраткері.
Семей.