ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ЭНЦИКЛОПЕДИЯ

  • Басты бет
  • САХНАДАҒЫ АБАЙ БЕЙНЕСІН КІМ, ҚАЛАЙ СОМДАДЫ?

САХНАДАҒЫ АБАЙ БЕЙНЕСІН КІМ, ҚАЛАЙ СОМДАДЫ?

Оқылған 3801 рет

Қосылған күні: 07.04.2020

Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов: «Тарихта ізі қалған дара тұлғалармен кездесудің киелі орны - театр сахнасы» деп бекер айтпаса керек-ті. Біз ұлы Абай бейнесімен театр сахнасында сан мәрте жолықтық. Бұған дейін театр сахнасындағы Абайдың шер-шеменге толы ғұмырынан, өнерінен сыр шертер спектакльдер көп қойылды. Абай әлемі сахна санаткерлерін үнемі қызықтырып, әр театр, әр драматург өзінше ізденісін жасады. Қоғам алауыздығын Абай трагедиясы әр қырынан қозғаған еді.

М.Әуезов  пен  Л.Соболевтің бірігіп жазған «Абай» трагедиясы 1940 жылы А.Тоқпановтың режиссерлігімен тұңғыш рет сахнаға шықты. Көркемдік құрылымы, «Абай» образы арқылы ұжымның көтеріп отырған қоғамдық мәселесі жөнінен спектакль қазақ театр өнерінің өркендеуіне үлкен үлес болып қосылды. Сол алғашқы сәтті қадамнан кейін «Абай» трагедиясы көптеген қазақ театрының үздік туындылары қатарына енді.

Өткен ғасырдың 40-жылдары театр корифейі Қалибек Қуанышбаев бастап сомдаған образды бүгінгі Болат Әбділманов, Ерлан Біләл, Азамат Сатыбалды, Нұркен Өтеуіловке дейін қаншама сахна саңлақтары сомдады. Сондай алып тұлғаның бейнесін сомдауға 31 жасында бел буған тұлға – Ыдырыс Ноғайбаев болды. Осылайша, 1962 жылы Абай бейнесі екінші мәрте сахнаға жол тартты. Ұлы артист Қ.Қуанышбаевтың кеңесіне сүйене отырып, талантты режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің шарттылық түрін қатаң ұстанған, яғни тұрмыс-салттық белгілерінен аулақ тартып, трагедиялық, романтикалық әсерді күшейту тәсілін нысанаға алған жаңаша режиссурасына лайықты әрекет жасау актерге жауапты міндет жүктеді. Алып Абай көп қырлы, күрделі тұлға. Соған орай оны әр актер әр қилы сомдауы да заңдылық. Қалибек Қуа­ныш­баев сомдаған Абай – ұстамды, салмақ­ты, данышпан Абай болса, Ыдырыс Ноғайбаев бейнелеген Абай – күрескер, жалынды, қайратты Абай. Әйгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай «Сахна әлемі» атты кітабында: «Сыншы Қажықұмар Қуандықов ағамыз «Абай рөлінде Ыдырыс Ноғайбаев ойнайды дегенді естігенімізде, көңілімізде зор күдік туды. Бұл күдік, сенімсіздіктің өзі Ыдырысты бұрын Көтібар, Есен сияқты албырт, даңғаза батырлар рөлінде көріп, көз үйреніп қалғандығында еді. Актердің қатқыл шығатын зор дауысы, батырларға жарасты батпан қимылы, сөйлеу мәнері ақын рөлінде қандай өзгеріс табар деген күдік еді»   десе, театр сыны саласының негізін қалаушы Қажықұмар Қуандықов «Тұңғыш ұлт театры» еңбегінде: «Спектакльді алғаш көргенде, бұл күдік біраз сейілді. Қайталап көрген кезімізде, Абай – Ыдырыс ойынынан ұнамдылық таптық, ақын тұлғасының жаңа қырларын көргендей болдық», - деп пікір білдірген.                                                                                     

Абай рөліндегі актер ізденісін шұқшия зерделеген Қажықұмар Қуандықов қаламынан бұл жағы да тыс қалмапты. Мына бір пікірге назар аударалық: «Актердің оқиға трагедиясын, айналасындағы адамдардың мінез, қылығын, көңіл-күйлерін сезінуі әлі де жүрек тебірентерліктей әсерлі еместігі ақынның толғаныс солғындығы ескеріледі. Ы.Ноғайбаев ойынындағы Абай бойындағы аталық махаббат, ауыр қазалар үстіндегі қайғы-шер жазушы суреттеген дәрежеден төмен жатады. Ойынында айғай басым болып кететін сәттер бар. Абайдың өз басы, туыс-достары, әкесі Құнанбай да даңғазалықты қатты мінеп, одан шытынып отыратын жандар болған. Жалпы, бұл спектакль рухына шу – жат» - дейді.  

Жалпы, Ыдырыстың Абайы күрескерлік тұлғасымен көп көңіліне ой салады. Әлбетте, алдыңғылардан алар ғибратың аз болмас, дегенмен әркім өзінше ізденері – шығармашылық заңы. Тек түр ұқсастығымен ақын әлемін ашу құлаққа кірмейтін әлжуаз дәлел. Қаллекей Абайды ойнаған қырқыншы жылдары ұлы ақын жайында қағазға түскен дәл бертіндегідей мол деректер жеткіліксіз-тін. Оның үстіне, заманауи заңғар қаламгер Мұхтар Әуезовтің көзі тірі еді. Оның ұжым мүшелеріне жөн сілтеп, басты рөльді ойнаушы актер мен режиссерге дұрыс бағыт беріп отырғаны театр тарихынан белгілі. Мәселен, Қалибек Қуанышбаев шығармашылығының алғашқы кезеңдерін барынша бағалай келіп, Мұхтар Әуезов былай деп тұжырым жасаған: «Қай рөлді болса да бойлап кетіп, тереңдеп барып толық ұғынатын сезімділік бар. Ілгері өзін-өзі көп тәрбиелесе, істеп жүрген істерін өзінің жүрегіне, миына толық қондырып алып, іштей көбірек толғанатын болса, мұның алдындағы келешегі тіптен зор сияқты». Театр зеттеушісі Н.Львов өзінің «Казахский академический театр драмы» еңбегінде актер Қ.Қуанышбаев сомдаған Абай бейнесі туралы былай деп жазды: «Қ.Қуанышбаев ойыны рөлге берілудің ғаламат мысалындай болып, ақынның ішкі жан-дүниесін ашуда үлкен актерлік күш пен тегеуріндік көрсетті, Абайдың маңайына жиналған шәкірттеріне деген ұлағатты ұстаздығының шегі жоқ тектілігін білдірді. Ал, шығыс елдерінің ұстаздық мектебінің сүйегі шешендікпен түп тамырлас екені бесенеден белгілі».                                                                                                   

Ә.Сығайдың қазақ театрының тарихында аты алтын әріптермен жазылып қалған әйгілі актерлері туралы жазған  «Актер әлемі» кітабынан тағы бір қызықты естелікті назарларыңызға ұсынсақ, сол кездегі орта буын өкілінің дайындығы туралы жақсы біле түсер едік.  «...Асекеңнің (Асқар Тоқпанов) айтып суреттеуіне аңыз боларлық өнеге мол. Алғашқыда шығарма авторы Әуезов Абай рөлін ойнаушы сізге де, қойылым иесі Тоқпановқа да наразылық білдірсе керек. Кемеңгер қалам иесінің ондағы ренжігені, Абай – Қалибек Қуанышбаевтің Тәкежанға бұрылып айтатын «Сен не дейсің?» деген бір ауыз сөзді нақышына, мәнеріне келтіріп жеткізе алмауына байланысты  екен. Үлкен жазушының ұғуынша «Сен не дейсің?» деген сөздегі таңдану, торығу, түңілу, күйіну, құбылу сезімдерін актер де, Асқар Тоқпанов та жайбарақат қарабайыр күйінде түйсініп келген. Соған шыдамаған заңғар драмашы: «Қалибектей артисі, Тоқпановтай режиссері бар, менің маңдайымның соры бес елі!», «Абай» симфония, ал симфонияны балалайкамен ойнауға болады ма? «Балалайшіксіңдер сендер» - деп, Семейге суыт жүріп кеткен» дейді. Бұған қарап отырып Әуезовтың қандай Абайды көргісі келгенін, қандай биік талаптар қоятынын қапысыз аңғарамыз.

Мысалы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Болат Әбділма­нов ойнаған  Абай – өткір, жігерлі, сұсты Абай. Сахнада Абай бейнесін сомдау әр  өнер адамы үшін шыңға көтерілгендей биік абырой. Олай дейтініміз, Абай бейнесі – үлкен сынақ. Нақтылай түссек, ұлттық, халықтық сынақ. Себебі, Абай бейнесі парасаттылық пен абыройды өн бойына жинаған бірден бір тұлғалық образ. Сондықтан, Абай бейнесін сомдау актер үшін өз бойындағы барын – асылы мен тұнығын ашып көрсету болып табылады.                             

Абайды ұлттық брендіміз десек, баршасының назары  бірден ұлы ақынның сахналық бейнесіне ауатыны анық. Себебі елдің бәрі «Абай жолы» эпопеясын түгел оқып, не ақын шығармаларын түгел сіңіріп жатпайтыны белгілі жай. Түптеп келгенде оның ақын бейнесі мен дара болмысын театр мен киноға қарағанда, Мұхтар Әуезов жазған кітаптан және ақынның өз шығармашылығынан көбірек мағлұмат алғанбыз. Қай театр сахнасында қойылса да, қандай талантты актердің сомдауымен ойналса да, Абай бейнесін кітаптан оқығандағы әр адамның қиялында пайда болатын бейнемен салыстыру мүмкін емес. Себебі, Мұхтар Әуезовтің үлкен суреткерлік шеберлігінің терең ашылып көрінетін бір тұсы — адамдар портретін  бейнелеуі. Кейіпкер алғаш әрекет сахнасына шыққан бетте автор оның келбетінің есте қаларлық белгілерін суреттеп береді. Адамның жалпы сипаты, бойы, дене бітімі, қимыл-қозғалысын ұзақ суреттейтін ерекшелігі бар. Романда Абайды әрекет, қимыл үстінде, жанды - тірі қалыпта, сан алуан көңіл-күйімен толқыған, ренжіген, қуанған, жеккөрген сәтінде суреттеп көрсетеді. Жазушының қырағы көзі әр түрлі нәсілді, сан алуан әулетті дәл көріп, қапысыз танытады.                                                                             

Ә.Сығай «Актер әлемі» кітабында тағы да бір қызықты естелігімен бөлісе келе, Асқар Тоқпановтың әңгімесінен үзінді келтіреді. «...Қазақ жеріне айдалып келген кезінде К.С.Станиславскийді гримдеген Сергей Иванович Гуськов деген маман бояушы екеуіміз сарыла отырып Абай ақынның сырт келбетін іздедік. Тапжылмай отырып, жан қинадық. Ұлы ақынның портреттік ұқсастығын табу басты міндет еді. Мынаны қараңыз, Қалибек артистен із қалмағандай, ол біртіндеп Адамға, Ақынға айналып келе жатты. Дана, философ, азамат, шайыр тұлғасы көз алдымызға келді. Еріннен шыққан сөздің ерінге, жүректен шыққан сөздің жүрекке жететінін со жолы аңғардым. Артистер ортасына Абай – Қалибек кіріп келгенде, басы Серке, Елубай, Қапан, Шәкен болып, «Ассалаумағалейкум Абай аға» деп, орындарынан ұшып тұрғаныдарын көрген адамда арман бар ма? Ұлы Мұхтар Әуезовтың өзі риза болып «Пәлі, жаман Қалибектен жап-жақсы Абай туыпты» - деп сәбише қуанған екен» - дейді. Бұл, әрине, сырт келбетін ұқсата білудің қаншалықты маңызды екенін алға тартады.                                           

Абай заманын біздің театрлар қалай қояр екен, ұлы тұлғаны кім, қалай ойнар екен деген оймен бағалайтынымыз жасырын емес. Жоғарыда айтылып кеткендей еліміздегі әр театрдың репертуарында бар «Абай» трагедиясын қойған режисерлер ішіндегі бірегейі ҚР Халық артисі Есмұхан Обаев: «– Мен өзімнің режиссерлік тәжірибемде «Абай» қойылымын бес рет сахналадым... Абай әлеміне саяхаттап қайту, Абай образына кіру екінің бірінің қолынан келмейді. М.Әуезов театрында Абайды бес ұрпақтың артистері қойып келеді. Бұған дейін Қалибек Қуанышбаев, Қапан Бадыров, Мәлік Сүртібаев, Ыдырыс Ноғайбаев ойнаса, енді міне, біздің Ерлан Біләл мен Азамат Сатыбалды сомдайды. Бұл – артистің шынайы шеберлігін көрсететін рөл. Егер сіздің ішкі жан дүниеңіз бай болмаса, Абайды сомдауға ешқандай хақыңыз жоқ. Абайды интеллектуалдық дәрежесі биік, актерлік шеберлігі мығым, ойды, қиялды жеткізе білетін артист қана алып шығады»- деген еді.     

Абайдың даналығы, көрегендігі мен парасаттылығы туралы бүгінгінің ғалымы да, ақыны да, жазушысы да бәрі-бәрі жүрек түкпіріндегі бар асыл сөзін аямай төгіп жазды. Ал бірақ, сол Абайды көз алдыңда «тірілтіп», бар күйзелісі мен тауқыметін дәлме-дәл алдыңа әкеле алатын өнер түрі, әрине театрда қойылатын спектакль! Ендеше, тау мен дала тынысын зердесімен ұққан сахара философының, дара ақынның жүрек соғысын көпшілікке қалай жеткізген?

Абай рөлін ойнау кез келген актерге бұйыра бермейтін бақ екендігінде дау жоқ. Сол бақ бұйырған актердің бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл. Актер өзі бейнелеген образ турасында: «– Абай бізге өз шығармалары арқылы көп қазына қалдырған тұлға. Оның басынан өткен қиын тағдырын сахнада жеткізу оңай емес. Мен сомдаған Абай сурет емес, ол өмір­дегі Абай, басынан кешкен тағ­дыры. Қайғыға жүрек сыздайды. Абайдың соншама қасірет шегуі, қайғыға батуы дүниеден өткен баласының жолын жалғастыратын адам болмағандығынан. Ол жай ғана баласы, шәкірті емес, олар жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар еді. Абай балаларынан, шәкіртінен айырылғаннан кейін ауыр қайғы шеккені белгілі. Көп ұзамай өзі де дүние салған. Сондықтан оның бойындағы мұң, қасірет пен уайым болашағы мен үмітінен айырылуынан. Балалары – Абайдың арманын жетелейтін адамдар еді. Солардан айырылғаннан кейін қатты қайғыға беріліп, қуатын жоғалтты, өмірі үзілді» - деп баға берген. Дегенмен көрерменнің көкейінде сақталған бұл образды тарихта аты қалған талантты актерлер өз деңгейлерінде сәтті сомдап кетті. Бұған дәлел халықтың берген оң бағасы мен уақыт ағымы қанша ақсада әлі күнге өз құндылығын жоғалтпай келуінде. Бүгінгі таңдағы бас қалалық театр қауымына Абайдың шерін, оның тұлғалық қадір-қасиетін жеткізіп жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Нүркен Өтеулов. Өзінің актерлік мансап жолында дәл осы Абай бейнесін «төлқұжат» рөліне айналдыра алған  актер деп Нүркен Өтеуловті айта аламыз. Қоюшы режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Режиссер  сахнаға бір мезгілде Абайдың екі бірдей образын енгізеді. Сахнада негізгі әрекет етуші Абай болғанымен, спектакльдің көрерменге түйдек-түйдек ой айтар түйінді тұстарында драмалық оқиға ақынның “төл сөзімен” енгізілген аға Абай бейнесі арқылы іріленеді. Аға Абай сахнада әрекет ету мүмкіндігі мол кейіпкер болып шыққан. Оған өз көзқарасын бүгінгі – ХХІ ғасырдағы қандастарына батырып айтатындай етіп берсе де артықтық етпес еді. Қойылым басталғанда сахна ортасындағы үлкен дөңгелек шардың тасасынан шығатын Абайдың жастардың қара матамен байланған көздерін шешіп, болашаққа, білімге жол сілтеуі ұлы данышпанның ұлттың рухани ұстазы ретіндегі келбетін танытады. Қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбековтың басты кейіпкер Абайдың толғанысын, жан күйзелісін күшейтуге аға Абайды енгізуі – өте орынды табылған шешім.                   

Қойылымның негізгі салмақ жүгі Н.Өтеуіловтің Абайына артылған. Әрине, ұлы ойшылдың рөлі актерге оңай тимейтіні рас. Қойылымда «Соқтықпалы соқпақсыз жерде өсіп, мыңмен жалғыз алысқан жанның» тереңдегі жұмбағы, Абай азабының айтылмай қалған тылсым бейнесі көрсетіледі. Сырт келбеті келісті, айтар сөзі салмақты Абайды актер режиссер ұсынған ойын ережесін қабылдай отырып, өзіндік шығармашылық ізденістен туындаған ой өрнегімен сомдайды. Біз бұл орындауда қорғансыз екі жастың тағдырына өзінің жауаптылығын өткір сезінген, әділдік үшін күрескен әрекет үстіндегі күрделі образды көреміз. Спектакльдің музыкалық сахнасы жекелеген әртістер мен көп дауыста хормен қосыла атқарған Абайдың төл әндерін орындаудан тұрады. «Желсіз түнде жарық ай», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» әндерін актерлердің бірнеше дауыстарға бөліп сауатты айтуы ұжымның музыкалық орындаушылық деңгейі мен мүмкіндіктерінің жоғары екендігін көрсетті. Театр классикалық репертуарды бүгінгі көзқараспен оқуда бас-аяғы бүтін, бір деммен өтетін қызықты спектакль жасаған.

Шәкәрім Құдайбердіұлы «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегені сияқты өткен 2019 жылы премьерасы болған «Жан» моноспектаклін «Бұл қойылым бұрыңғы қойылымнан өзгерек» деп әспеттесек артық болмас. Қоюшы режиссер жас та болса талантты режиссер – Фархат Молдағали. Қандай артықшылығы бар? Неліктен көрермен көзіне жас ұялатып, әркім өзіндік ішкі әлеміне еніп, өз - өзінен есеп алатын не құпиясы бар бұл спектакльдің?

Біріншіден, салмақты сөзі айтар ойы бар күрделі қойылым. Кейде театрды қимыл - әрекетсіз, ән - күйсіз елестете алмай жатамыз. Онсыз қойылым сапасыз, сюжеті қызықсыз болады деп ойлаймыз. Яғни, театрдың концерт емес, рухани азық алар орын екенін ұмытып кететініміз өтірік емес. Озық ойлы Абай атамыздың пәлсапасы шұрайлы тілімен жұптасып қағаз бетіне түскендегі сол бір өнегелі «45 қара сөзі» бүгінгі тыңдаушы үшін үлкен жаңалық. Екіншіден, қарым-қатынас мәдениетінен ішкі ойды тереңдетуге "қабырғаңмен кеңес" жолын ашады. Демек, қойылған сауалға тура жауап бермей, алыстан орағытып әкеліп, көрерменге «шешімін өзің тауып, нәтиже шығар!» деген талап қояды. Үшіншіден, Абай тұлғасы - сомдаушыға азық. Театр тілімен айтқанда актердің бағын ашады.       Абайды Нұркен Өтеуіл ішкі жан дүниесімен сомдаған. Абайдың монологтарының әр жолы күрделі психологиялық «переходтармен» ұштаса біткен: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре - көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын», - деп бірінші қара сөзден басталып қай уақытта да қоғаммен бірге жасап келе жатқан өзекті мәселелер көтерілген тұстарын тізбектеп ойды оймен дамытып  жалғаса береді. Абайдың ендігі қалған ғұмырын нақты қай іспен өткізбек боп шешім қабылдағанын ең соңғы сахнадағы Абай – Нұркен Өтеуілдің екі тақтаға кезек жүгіріп, жанталаса жазуға кіріскен тұсынан аңғаруға болады. Яғни, Абай алғашқы қара сөзінде айтып кеткендей қолына қалам алып, қағаз бен қара сияны ермек қылуды құп көргені көрсетіледі. Сол тақтаға жазған ең соңғы сөйлемі «Жүрегіңнің түбіне терең бойла!».

Қорыта айтқанда бүгінгі уақытқа дейін театр сахнасында қойылып келген, әлі де өз жалғасын табатын «Абай» бейнесі әрбір актерге рухани азық, ізденіс көзі және тың жаңалық болып қала бермек. Тағлымы мол Абай образын қай актер қандай деңгейде бейнелеп шықса да тұғырынан түспейтін ұлы образ екендігі даусыз.

Рухия БАҚЫТБЕК,

Қазақ ұлттық өнер университеті

Театртану мамандығының 3-курс студенті