Б.ЖҮНІСБЕКОВ: "АБАЙ СӘУЛЕСІ"

"АБАЙ   СӘУЛЕСІ"

(зерттеулер, эсселер, новеллалар мен әңгімелер жинағы)

 Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған жоспарға сәйкес Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлының "Абай сәулесі" атты кітабын жарыққа шығарды. Жинақтан біздің тұрақты авторымыздың ұлы Абай, кемеңгер Шәкәрім мен ғұлама Әуезовтің шығармашылығы туралы зерттеулерімен, эсселерімен және туған ұлтымыздың біртуар тұлғаларының асыл мұрасы "көзін ашқан" қырыққа жуық новелласы және әңгімелерімен таныса аласыздар. Көсемсөз жанрындағы шығармалар халқымыздың ұлы перзенттерінің өнегелі өмірі  мен қайталанбас еңбектері жайында еркін ой тұрғысында жаңаша көзқарасты пайымдатады. Ал, новеллалар мен әңгімелер, жазушының өмір жолында өзі жолығып, жаншуағын сезінген замандастарына деген мейірім сырлары болып табылады. Бүгін, сіздердің назарларыңызға  қаламгер кітабының кіріспе бөлімін ұсынып отырмыз.

 

                                                                        Мен боламын демеңдер,

Аяқты алшаң басқанға...

Бір ғылымнан басқаның,

Бәрі де кесел асқанға.

                        Абай (Ибраһим)

                        Құнанбайұлы

 

АБАЙ ІЗІМЕН

немесе «У»дан ұрттап, «отАсу»да

«Абай сәулесімен» ояну

 

Абай ізімен ақиқат іздесек...

Сан сауалдың жауабын Ұлы ақын мұрасынан табамыз. Кеше, бүгін ғана емес, күні ертең барша адам баласы тұйыққа тірелгенде де Хакім Абай аманаты Темірқазықтай сәуле түсірері хақ. Демек, қазір адамзат мойындап, өркениет қазынасын байытқан Абай туралы мадақ сөз айту мүлде жеткіліксіз. Басты мақсат – ең алдымен, өз қазағымыз бен иісі мұсылман қауымының ақынның асыл мұрасына көзін ашып, көкірегін ояту болмақ. 

Абай сөзін, Абай ойын әрбір адам өзі бағамдауға жете алса, қандай ғанибет. Хакім мұрасы бір кәусар бұлақ, өмір сапарында шөліркеп, жан азығын іздеген адам мөлдір қайнар жанына өзі-ақ тізе бүгіп, сусынын қандырар еді. Ал, тасып берген азықтың талғажаудан аспасы аян.

Әлбетте, солай.

Демек, менің бұл еңбегімді ұлы ақын ұлағатынан сабақ алып, ұлы ақын ізімен руханият сапарына аттанған жолаушының  Абай сөзі - ақиқат ұшынынан туған жазбалары деп біліңіздер...

Сонымен әуелгі әлхисса сөздерімді кітаптың ең соңына қарай сырғыттым. Қолыма қалам алғандағы негізгі айтпақ ойымды да сонда түйіндеуді жөн көрдім. Көз алдымда данышпан ақын тұлғасы тұрған: Хакім Абайдың тірлік-толғауына тағы бірдеңе қосамын деу бекер, әрине. Ұлы ақын ақыл мен қайратты жүрекке жүгінте отырып-ақ, өмір сүрудің ғажайып өнер әрі ойын екенін және оны түйсінудің тек қана толық, яғни кемел адамның ғана қолынан келетінін зерделетеді.

Олай болса, «әйтеуір бірдеңе айту керек, ел қатарлы «шимайлайық» деп, сөз сапырудың жөні қайсы!? Тіпті, білгеніңнің бәрін айтамын деу де білгендік болмаса керек. Сондықтан өзімнің әуелгі ойларымды кітап соңына жете алған, дұрысы соған өзім жеткізе алған оқырманға арнадым. Өйткені, көңілдегі көрікті ойды сөзбен зерлей білу ғана емес, оны түйсіне алу да екінің бірінің маңдайына жазылмаған өнер.

Ақиқат жолында әрбір адамның қалдырған ізі де оның мінезінің, яғни кісіліктің нақты көрінісіндей. Бұл туралы да әрқайсымыздың өзіндік түсінігіміз бар. Дегенмен, біздің ақиқатқа барар жолымыз бен пешенемізге жазылған тағдыр егіз. Бастапқыда, мұны мойындай қоймаймыз, әрине.  Бірақ, Алланы жүрегіне қондырып, айналасына мейлінше адал да әділетті бола алған пендең үшін терең сенім мен таза жүрек шапағаты көп күттірмейді екен. Әлбетте, табысқа аса тез жеткіміз келіп асығып, аптықпасақ, "сабыр түбі - сары алтын" екені анық.  

Амал қайсы, асығыспыз.

Уақыт күтпейді.

Біздіңше, асыққан жолаушының адымы да ұзын. Алайда, жүректі тыңдамай, ақылды бас етіп, «өзімбілеммен» адасудың салдарынан кеше ғана үдере аттанған жерге бірнеше мәрте қайта оралып, біттіге санаған шаруаны қайта безбендейтін кездеріміз аз ба!?

Неге бұлай?

Өз басының қадір-қасиетін білетін, қандай қиын кезеңде де ұстанымына берік, адамды ардақ тұтқан, қара қылды қақ жарған әділетті қазақ еді бұл! Сосын тағы шетжұрттықтарды "кекірткен қонақжайлық" пен дархан көңіл де біздің алаш жұртына тән парасат пен сабырдың, жомарт көңілдің сыбағасы.

Біз, тумысынан бөлекше жаратылған, шұрайлы тілі мен шырайлы салт-дәстүрі, байтақ атамекені мен батыр  тарихы бар қазақ жолының жалғасымыз. Иілгенге иіліп, шалқайғанға шалқайған, адам баласын алаламай, әрқайсысын ардақ тұтып, табиғатпен тел өскен, талай сыннан сүрінбей өтіп, бүгінгі азат күнге аман-есен жеткен, кемеңгер әрі біртуар перзенттері ұлттық мінезді мегзеумен келген қазақпыз. Сөйте тұра, қасақана  қысастық зардабынан жанары жастан босамай,  айналасына талай мәрте көңілі қалып, тіпті теріс айналғандай кездері де аз емес Алаш жұртымыз.

Неге?

Бұған да жауапты ұлы Абай мұрасынан табамыз. Хәкім жиырмасыншы сөзінде былайша толғанады:  «Тағдырдың жарлығын білесіздер – өзгертілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен?.. Бірақ осы жалығу деген әрнені көрсем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының ақырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын».

Абай сәулесі көкірек көзін ашады.

Қанағат, рахым...

«У»... жалығу.

Тырнақалды роман-эссемнің тақырыбын осылай үкілеген екенмін... «тойымсыз болсаң, тәтті де –  «У». Бұл да Абай ұлағаты жеткізген ақиқат:

 

                      «Махаббатпен жаратқан адамзатты,

                      Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

                      Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

                      Және хақ жолы осы деп әділетті».

 

Ұлы ақынның «алланы, адамды сүйіп, әділетті болуға» шақырған ұлы жүрегінің тереңіне жете бойлаудың жолы да әртүрлі. Адам өмірге келіп, бұл дүниемен, фәнимен тағдыр қоса отырып, талай мәрте аңдамай «у» ішеді.Тіпті, жақындарымыз бен айналамыздағы замандастарымыздың да қадірін кеш біліп жатамыз. Ұлы Абай айтпақшы, «Өмірдің алды – ыстық, арты – суық». Тірліктің отынан өтіп, суын кешіп, қызығының да, шыжығының да бұйырғанын татамыз. Жүректегі от-сезім мен бойдағы от-жігер жастықтың сыбағасы болса, есейгенде су-сабырдан тиянақ тапқан салқынқандылыққа не жетсін!

отАсу.

Халық қаһарманы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы туралы жазған роман-дилогияны «отАсу» деп атадым. "Өмірдің алды - ыстық, арты -  суық". Шынында да жас кезіңде жалындап, жана жүріп, есейгенде салқын сабыр табу зор ғанибет! Жалпы, адам баласы от пен судан, жалын мен сабырдан, жүрек пен ақылдан жаралған. Жербесікте жаралған адам соншалықты мол қуат пен зор сабырға ие.

От – сезім, намыс, жігер, бір сөзбен түйсек, адамның жаны – жасампаз рухы. От-сезім – жасампаз.

Су – мөлдір сезім, салауатты өмір, салқын сабыр. Су-сабыр – баянды.

Тасыған сезім мен тиянақты сабыр.

Жасампаз жігер мен баянды бақыт.

Ал, сөнген сезім мен суалған сабыр ше? Оттың өшуі мен Судың сарқылуы – табиғи апат.  Тірлікте де солай, жігердің жасып, сабырдың суалуы да қасірет. Адамға, оның өзі отасқан тірлік толқынында От пен Су сенімді серіктері. Олардың жалыны мен сабырын жан-тәніңмен сезіну – зор бақыт! Өзіңді де, басқаны да текке «күйдірмей», босқа «тоңдырмау» - Арман!

Адами асқан арман!

Демек, бұл фәниде тағдыр қосып, тірлікпен отАсу арқасында өмір-өзенде бірге жүзуге жазған жандарға, тым құрыса жақын-жуығыңа мейірімің жетсе, бұл да бір бақыт. Жүрегін таза ұстай алған жанға бұйырған мол несібе.Тірліктің отАсуында адам болып келген соң, адам болып қалудан асқан бақыт жоқ!

Жүрек ісі.

Абайға жүгінсек, «...жүрек айтыпты: Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ... Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп, тулап кететұғын – мен, әділет, ынсап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күндері не? Осы екеуі (ақыл мен қайрат) маған қалай таласады?»–депті.

Әрбір адамның тұлға ретінде қалыптасуында Жүректің орны ерекше. Пенденің өзінің табиғатын танып, өзіндік жолын тауып, өзіндік "МЕН"інен көз жазып қалмағанына  не жетсін! Сонда ғана өзгеге мейірім-шуағың жетпесе де, ешкімді текке күйдірмейсің.

"Шуақ".

Өз басым дүние есігін ашқан күннен бастап, ата-анам мен ата-әжемнің, сосын туған-туыстарымның, нағашыларымның, мектепте ұстаздарымның, сондай-ақ тырнақалды туындыларымның тұсауын кескен қаламгер ағаларым мен әріптес жолдастарымның Жүректерінің шуағын молынан сезінген екенмін. Ендеше, менің "Шуақ" атты кітабым сол "туыстық, адамдық қарызымның сәл де болса өтеуіне жараса" деген тілекпен жазылған болатын.Тірлікте айналаңның шуағын сезініп, өзің де жақын-жуығыңды сүйіспеншілікке орап, сыйластықта өмір кешкенге не жетсін!

Олай болса, бұл – "Абай ізіМен» шығармашылық сапарына шығып, ұлы Абай сәулесінен оянған жанның жүрекжарды сөзі деп қабыл алыңыздар.  

                                                                  

 P.S. Тап осыны күтпегенмін. Оқығаны мен тоқығаны көп-көрім азамат секілді еді. Хакім Абай шаңырағына бас шырақшы болып келген күні-ақ алып-ұшып жеткен. Іштей разы едім, сөйтсем, көрешегім алда екен. Оның қойған сауалынан өне-бойым тітіркенді.

Ұлы ақын шаңырағын ол маған қомсынады екен. Мені Алматы мен Астананың мәртебелі мекемелерінен іздейтін көрінеді.

Ренжірімді де, ренжімесімді де білмедім. Мұндайда жауап беріп, сөз шығындаудың өзі обал. Әттең...

АБАЙ...

Бұл – Абай емес пе!?

Басқа сөз ауызыма түспеген.

Тілімді тістеген күйі, іштей тұншықтым. Өзім үшін емес, өнеге тұтқан өзгеден түңілдім. Ләкин, түсінігі осы болса, оған не дауа? Бұған дейін кім білген, ұлы адамның алыс та болса, жекжаты ғой деп, іш тартушы едім.

Көңілім бірден суыды.

Апырай, жылдар алға жылжып, Абай заманынан бері екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, қараңғылық пен надандық бұлтының әлі де сейіле қоймағаны да. Әсет ақынның бір жарым ғасырлық тойы үстінде, 2017 жылы, «Абай туралы мұндай мақала бұрын-соңды жазылмаған» деп, ғұлама Мұхтар Әуезов бастаған ондаған ғалымдар мен қаламгерлердің жанпида еңбегін естен шығарып, қолындағы газет қиындысын көлбеңдету де жаңағы суалмас надандықтың сарқыты.

Сөз киесінен қорықпайды-ау жазғандар!

Ал, сол сардар сөздің, киелі сөздің Күншуағы, Ақиқат ұшқыны – Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының асыл мұрасы! 

Біз оны "Абай сәулесі" деп атадық.