Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап Абай шығармашылығына жаңа көзқараспен пікір айтыла бастады. Қ.Мұқамбетқанов, М.Мырзахметов, З.Ахметов, т.б. Абай шығармашылығының қыр-сыры төңірегінде түрлі бағытта келелі зерттеулер жүргізгені белгілі. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Абай шығармашылығының кеңес үкіметі кезінде тыйым салынған тұстары жаңа көзқараспен зерделенуде. М.Әуезов бастаған зерттеушілер шоғыры жылдар бойы жабулы күйінде қалған Абайдың ақындық айналасы деген мәселе төңірегінде шәкірттері, балалары Шәкәрім, Ақылбай, Әріп, өзімен үзеңгілес жүрген Байкөкше шығармашылықтары туралы да кеңінен зерттеу қолға алынып жатқаны қуантарлық жайт. Осы дүрмекке әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің жанынан құрылған Абай ғылыми-зерттеу институты өз үлесін қосуда. Абай институтының хабаршысының әр санында Абайдың әдеби мұрасы туралы келелі зерттеулер жариялана бастады.
Б.Майтановтың «Абай тұлғасының ерекшелігі» атты ойтолғамында Абайдың психологтық қыры әдемі ашылып, объективті және субъективті байқау, пайымдау, индукция, дедукция, силлогизм, интроспекция, ретроспекция тәсілдерін жете меңгергені, оның өзге әріптестерінен өзгешелігі – көзге түсе бермейтін, қарама-қайшылығы мол жан сырының нәзік сезімталдықпен суреттей білетіні туралы тұшымды тұжырым жасалған.
Тұрсынбек Кәкішев «Абай институтының хабаршысының» 2010 жылғы №2 санында жарияланған «Абай өнері – өсер сынға өрелі өрнек» атты мақаласында Абай шығармашылығы төңкеріске дейін де біраз жазылғанына баса назар аударады. Ғалым Абай өлеңдерінің шет тілінде жарық көрген кітаптарда аталып, орыс зерттеушілерінің назарын аударғаны туралы көптеген мәліметтерді келтіре отырып дәйектейді. Т.Кәкішев келтірген деректерге сүйенсек Абайдың ақындығы туралы 1889 жылы Лондонда шыққан Джордж Кеннанның «Сібір және жер аудару» деген кітапта аталса, А.Алекторов «Дала уалаяты» газетінде Абайдың «Күлембайға» деген өлеңін талдайды. 1903 жылы «Россия. Полное географическое описание нашего отечества. Настольная и дорожная книга для русских людей» деген еңбекте А.Н.Седельников Абайдың Пушкиннің «Евгений Онегинін», «Татьянаның хатын» және Лермонтовтың шығармаларын аударғанына айрықша тоқталады. Т.Кәкішев А.Н.Седельниковке сол кезде Ә.Бөкейхановтың кеңесі болғанын айтады. Абай атының кеңінен таралуы мен даңқының асқақтауы оның қайтыс болғанына он жыл болған 1914 жыл болғаны айтылады. Сонымен қатар Абай шығармашылығы «Шора» журналында, «Айқап» журналында, башқұрт ақыны Шахизада Бабичтің, татардың классик жазушысы Ибраһим Ғалимжановтың, қазақтың тұңғыш журналисі Нәзипа Құлжанованың, Нух Рамазановтың, Ахмет Байтұрсыновтың мақалаларында кеңінен сөз болғанын түрлі деректермен дәлелдеп көрсетеді.
Абай өлеңдерімен қоса қара сөздері де көптеген зерттеу еңбектерге өзек болғаны белгілі. Ақын қара сөздерін кезінде М.Әуезов жазылу кезеңін шамалап, жіктеп көрсетсе, Б.Кенжебаев қара сөз жанрлары туралы біршама пайымдаулар жасап, ақынның қай қара сөзінде ғибрат, ғақлия, қай сөзінде нақыл сөздер бар екенін айта келіп, Абай қара сөздерін: «сын, сықақ, сюжетсіз жазылған көркем әңгіме, басқаша айтқанда, көркем проза, көркем публицистика Эссе – жазба» — дейді [1. 143 б.]. Абай қара сөздеріне ғалымдар Х.Сүйіншәлиев, М.Мырзахметов, Ғ.Есімдер өздерінің түрлі пайымдауларымен қалам тербегенінен оқырман қауым хабардар. Профессор Қ.Мәдібаева Абай инcтитутының хабаршысының 2010 жылғы №2 санында аталған ғалымдардың жанрға бөлген тұжырымдарынан мысалдар келтіре отырып, Абай қара сөздерінің жанрлық қырларына біршама тоқталған. М.Әуезов, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиевтердің Абай қара сөздерін жіктеген тұжырымдарына өз тарапынан баға береді. Абайдың дін жайлы толғаныстарын тереңірек бағамдаған Қ.Мәдібаева абайтану мәселесіне өзіндік көзқарасымен келгенін айта кету ләзім. Профессор З.Бисенғали ақын қара сөздерінің кеңестік кезеңде көптеген дау-дамайға түскенін айтады. «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол – ақынның білімсіз бишарасы» деп толғаған ұлы ақынның қара сөздеріндегі түсініксіз үлгінің астарын ашады. Сонымен қатар М.Әуезовтің ақын қара сөздерін «Абай жолы» эпопеясында қолданғаны туралы баян етеді.
З.Сейітжановтың зерттеу мақаласында Ақыт Үлімжіұлының Абайдан өнеге алғанын, Ақыттың Абай Құнанбайұлын ұстаз тұтқанын ақынның өз өлеңінен мысал келтіріп, дәйектей түседі. Екі алып ақынның сөз өнеріне келгенде рухани байланыста болғаны мақалада салыстырылған шумақтардан аңғарылады.
Зерттеуші-ғалым Ж.Дәдебаев Абайдың Пушкиннен, Лермонтовтан жасаған аудармалары мен Абай шығармаларының орыс тіліндегі аудармасы арасындағы ара қатынас туралы дәлелді тұжырымдар айтады. Абай шығармаларын аудару мәселесіне тоқталып, ақын өлеңдерін аудару үшін Абай деңгейіндегі кемелденген тұлға дәрежесіне жету керектігін баса айтады. Сонымен қатар Абай өз аудармасында түпнұсқа мәтіннің мағынасына қалай қиянат жасамаса, ақын өлеңдерін аударған аудармашылардан сондай адалдықты, шеберлікті талап етеді. Абай өлеңдерін орыс тіліне аударған аудармашылар — М.Дудин, Ю.Нейман, Е.Курдаков, Ю.Кузнецовтардың ит тартқан терідей жұлма-жұлмасын шығарғанын, «өмір құбылыстарын пайымдауда ақындық кемелдіктің классикалық үлгісін қалыптастырған» ұлы ақын поэзиясындағы терең философиялық, келелі ой, келісті сурет орыс оқырманына күзелген, жауыр ат сүйреген, күйреген күйме секілді жетуін ашына айтады. Сонымен қатар оның себебін де түсіндіре кетеді. Абайдың ақындық дүниетанымында өз орны бар әр ұғымның өзгеруі, бірінің мәнін екіншіге телінуі ақынның философиялық көзқарасын ғана емес, ақындық дүниетанымы мен шығармашылық ұстанымын да бұрмалауға әкеліп соғатынын түпнұсқа мен аударма мәтіндерін салыстырулар арқылы дәлелдеп береді. Абайдың «ақыл мен жүрек» жайында жазылған өлеңдері турасында ғалым: «Абайдың философиялық көзқарасының өзегін өретін пікірлер мен тұжырымдар жүйесінде ақыл мен жүрек хақындағы ойлардың орны бөлек. Оларды басқаша, бұрып, бұрмалап түсіндіру ақынның ойлау жүйесіне, танымына, көзқарасына, даналық тұлғасына көлеңке түсірумен пара-пар болмақ», -дейді де, ұлы, ойшыл кемеңгердің «ақыл, жүрек» хақындағы өлеңдерінің терең мағыналы құндылығына аудармада селкеу түскенін ашып айтады [2. 8 б.]. Абай шығармалары қазақтың тіршілік, өмір құбылыстарымен біте қайнасып жатқандықтан оны аудару, оның «сырты күміс, іші алтын» сөз кестесін тану, пайымдау, бағалау, оны басқа тілге Абайша жеткізу кез келген аудармашыға атан түйе көтере алмайтын жүк, басқа сөзбен айтқанда көп ізденісті, білім мен білікті талап етеді. Ж.Дәдебаев аталған абайтану ғылымы мен Абай өлеңдерін аудару жауапкершілігі жөнінде: «Қазақ әдебиеттануында Абайдың ақындық даналығын зерттеу мен зерделеудің өз тарихы бар. Бұл бағытта жасалған жұмыстар аз емес. Абайтану ғылымының өзі жеке сала болып қалыптасты. Алайда Абайдың ақындық өнерінің шегі мен шетіне жету қандай қиын болса, абайтануда да шет пен шек болуы мүмкін емес. Абайтану – үнемі даму, кемелдену үстіндегі ғылым. Абайдың шығармашылық мұрасын, даналық тағылымын зерттеу мен зерделеу осындай көп қырлы, көп деңгейлі, күрделі құбылыс болғанда, оны аудармашылардың тану деңгейіне қойылатын талаптар да үлкен екені даусыз. Сондықтан Абайды, алдымен, тану қиын, сонан кейін аудару қиын.»,- дейді [2. 8 б.]. Абайтану ғылымының бір саласы болып табылатын Абай өлеңдерінің аудармасы төңірегінде осындай біршама пікірлердің астарында Абайды әлі де терең зерттеу мен зерделеудің қажет екені мен мұндалайды.
Абай өлеңдерінің мәнін тереңдететін жекелеген пікірлердің оның шығармашылығындағы орнын, айтпақ ойын терең философиялық әсерде беру үшін қолдану ерекшелігін көрсететін зерттеулер аз жазылмады деуге болады. Соның бірі адам атты Алла пендесінің жақсылық, жамандықтарының себепкері ретінде «жүректің» түрлі қызметтерінің ақын шығармашылығындағы қолданылуы талай жерде айтылып та, жазылып та жүргенін жоғарыда айтқан болатынбыз. М.Әуезовтен бастап белгілі абайтанушы ғалымдар, Қ.Мұхамедханов, М.Мырзахметұлы, Ж.Ысмағұлов, С.Дәуітов, Ғ.Есімдердің, т.б. зерттеулерінде Абайдың «жүрек» сөзін өлеңдерінде қандай мақсатта қолданады деген мәселе төңірегінде ұдайы сарапталып келеді. А.Сейітованың мақаласында Абай мен Хафиз, Сағди шығармашылықтарының рухани үндестігінің себебі неде деген сұраққа жауап іздейді. Абай мен Хафиз шығармашылықтарының бір арнада тоғысу себебі, екеуінде де «жүрек», «махаббат» сөздерінің көп кездесетіні сөз етіледі. Басқа ғалымдар секілді зерттеуші А.Сейітова да Абайдың өлеңдеріндегі араб, парсы тілінен алынған сөздердің мәніне терең бойлап, ақынның шығыстық әдебиетке әбден қанық екенін, Абай мен Хафиз, Сағди шығармаларының бір-бірімен үндесіп жатқанын бірнеше дәйектер келтіре отырып дәлелдеуге тырысады. Абай шығармашылығына өзінің төл әдебиетінен кейін үлкен белеске жетуіне шығыс әдебиетінің әсері мол екенін бірнеше рет дәлелденген еді. Абай шығыс әдебиетінен сусындап, шығыстың жеті жұлдызынан үлгі алып өзінің шығармашылық айдынын кеңейтті. Абай ақындық әлеуетін көтеріп, поэзия әлеміне шығандатқан күш алдымен өзінің төл әдебиеті, онан кейін шығыс әдебиеті мен европа әдебиеті екені туралы бұрында жазылып келе жатқан пікірге тәуелсіздік жылдарында соны көзқарас қалыптасты.
Абайдың өлеңдері жазылып, халыққа таралғаннан бастап-ақ абайтану ғылымының іргетасы қаланған болатын. Содан бері ол ғылым тек даму, жетілу үстінде. Тек кеңестік кезеңде алаш зиялыларының Абай шығармашылығы туралы жазған мақалалары авторларымен бірге әдебиет сахнасынан біраз жылдар шеттетілген болатын. Алайда «орнында бар оңалар» демекші «1905 жылы Әлихан Бөкейханның зерттеуінен басталып, 1924 жылғы «Ақжолдағы» Абай туралы жазылған редакциялық мақалаға дейінгі екі аралықтағы – 20 жылдық мерзімдегі авторларымен бірге репрессияға ұшыраған бұл ғылыми мұратек тәуелсіз әдебиеттану ғылымының еншісіне бұйырған» болатын. [3. 6 б.]. Осы аралықтағы алаш ғалымдарының абайтану ғылымына қомақты үлес болып қосылатын мақалалар жинағын абайтанушы М.Мырзахметов 1993 жылы «Абайды оқы, таңырқа» атпен шығарды. Ғалым А.Ісімақова осы еңбектегі: Ә.Бөкейханов «Абай (Ибраһим) Құнанбаев», Дж Кеннан «Абайдың орыс достары», «Ибраһим ибн Құнанбаев»; «Зейнелғабден ибн Әміре», «Әдебиет қазақия яки қазақтардың тіл өнері»; К.Ысқақұлы «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмір»; «Александр Белослюдов», «Белослюдовтың қолжазбасынан», Н.Төреқұлов «Әдебиетімізге көз салу», Т.Шонанов «Абай кітабын бастыру керек», Б.Күлеев «Абай кітабы басылатын болды», Ж.Аймауытов, М.Әуезов «Абайдың өнері һәм қызметі», М.Әуезов «Абай – әдебиеттің басшысы», І.Жансүгіров «Абай кітабы», Ғ.Сағди «Абай», М.Жұмабаев «Алтын хакім Абайға», «Түсініктемелер», т.б. мақалалардың тек тәуелсіздік тұсында тұңғыш жарияланған мәтіндер екенін айтады.
Қазіргі заманғы абайтану ғылымына сүбелі үлес болып қосылған еңбек — зерттеуші-ғалым, ақын Тұрсынжан Шапайдың «Шын жүрек – бір жүрек» атты (Алматы: «Жазушы», 2000 жыл) кітабы болып табылады. Бұл кітапты Абай шығармаларын зерттеу мен зерделеуде абайтану ғылымына өзіндік тосындығымен келген еңбек деуге болады. Ақынның шығармашылық келбетін, өлеңдегі Абай мен өмірдегі Абайдың ара-қатысын тереңнен толғап, ақындық һәм ғалымдық көзқараспен шынайы дара тұлғасын ашуға тырысқаны көрініп-ақ тұр. Ғалым: «Өлеңдегі Абай – Абайдың өзі үшін де өмірде жете алмайтын, орта, қоғам барда, жетілмеген адам барда ешқашан жеткізбейтін Идеял», — дейді [4. 11 б.]. Ғалым Г.Пірәлиева Тұрсынжан Шапайдың зерттеу еңбегінің әр тарауына жоғары баға бере келіп: «тақырыптары ғылыми монографияларға, диссертациялық жұмыстарға тән тірескен ғылымилық байқалмағанымен оны тереңдей танып, ішкі табиғатымен Абайды да, өлеңді де өзінің өзегінен өткізе білген білімпаздықты байқайсыз. Өзінің зерттегелі отырған нысанасына өлердей ғашық әрі оны терең танып білетін кәсіби маман екенін танытады», — дейді [4. 10 б.].
Т.Шапайдың зерттеу еңбегінің тағы бір жаңалығы «Абайдың Қиясбайын» – дәстүршіл ақын ретінде көрсетуі. Зерттеу еңбекте логикаға қисынсыз ойды қиыстырып әкеліп, мағынасыз күлкі тудыратын өлең шығаратын ақын Қиясбайдың Абайдай данышпаннан өзіндік бағасын алғанын, сол жанрды қалыптастырудағы еңбегін атап өтеді. Қиясбайдың өлеңі туралы әдебиетші-ғалым: «Қиясбай жырларының басты қасиеті – қисынсыздығы. Логикадан мақұрымдығы… Қарапайым да қанша қисық, оғаш болса да, көркемдеу құралдары, бейнелеу жүйесі сол ішкі логикаға бағынғанда, қисынсыздан міндетті түрде мағына туады, мән пайда болады. Қиясбай өлеңдерінен шығатын мән-мағына, идея — күлкі»,- деп, оның «қазақтың күлкі мәдениетіндегі ерекше тұлға» екенін әйгілейді. [4. 13 б.].
Абай өлеңдерінің дені Алла Тағала, Құран кәрім туралы, қазақ халқының исламға көзқарасы жайлы болып келеді. Алла Тағаланың адамның ойына сәуле түсіріп, «бір-бірінен байлықпен емес, ақылымен оздырғанда» оған үлкен жауапкершілік жүктегенін Абай данышпан жүрегімен сезген болатын. Ол Алла Тағаланың қалауымен білген-түйгеніңді жан-жағыңа түсіндіру міндеті еді. Алған біліміңді басқаларға тарату міндеті туралы Құран кәрімнің үшінші сүресінің білім туралы аятында тайға таңба басқандай анық сөз етілген: «…оны адамдарға түсіндіріңдер, жасырмаңдар» [Құран 3:187]. Адамның білген білімін өзгелерден жасырып қалуының, жұрттың игілігіне пайдаланбауының ауыртпалығы, жауапкершілігі болады [Құран 2:146; 283]. Абай бұл міндетті мінсіз атқарды. Абайдың бұл қыры да кеңестік кезеңде әр жерде тиіп-қашып сөз етілгенмен жабулы қазан күйінде аса көп қозғалмаған тақырып болатын. Тек тәуелсіздік алған жылдардан бастап абайтанушылар ақынның дін тақырыбындағы өлеңдерін ашық тарқата талдай бастады.
Зерттеуші-ғалым Ж.Дәдебаев Абайдың дін тақырыбына жазылған өлеңдерін Құран сүрелерімен, пайғамбар хадистерімен салыстыра, салғастыра отырып, әдемі талдап өткен. Пайғамбар хадистерінің бірінде: «Кісі жамандық көрсе, оны қолымен түзесін, оған әлі келмесе, сөзімен түзесін, оған әлі келмесе, жүрегімен түзесін» [Бухари]-делінген. Бұл хадистегі айтылғандарды орындауда адамның мүмкіншілігі жөнінде ғалым: «Жамандықты түзеу үшін кісіде белгілі аумақта шексіз билік болуы керек. Башқаша айтқанда, жамандықты қолмен түзеуге қолында шексіз билігі бар әкімнің ғана мүмкіншілігі болмақ. Жамандықты сөзбен түзеу хакімдердің құзіретіндегі іс екен. Ал жамандықты жүрегімен түзеу қатардағы иманды жандарға тән болса керек.», — дей келе, Абайдың осы талаптарды қалай орындады деген сұраққа былай жауап береді: «Абай осы шарттарды келістіріп баяндап қана қоймайды, оларды өзінің әлінің келгенінше орындайды. Сөзімен де, жүрегімен де. Қолымен түзеуге мүмкіншілігі шектеулі болды. Ақын шығармаларындағы білімсіздікке, надандыққа қарсы бағытталған сыншылдық ұстанымның негізінде, елін кемелдікке, толықтыққа шақырған асыл адамгершілік мұратының негізінде Құран аяттарындағы ақиқаттармен қатар Пайғамбар хадисіндегі осы қағидат жатыр деп білу орынды» [5. 4 б.]. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері Құран аяттарымен, Пайғамбар хадистерімен сабақтасып жатқанын ислам руханиятынан хабары кісі жазбай танитыны анық. Тіпті Құран аяттары мен Пайғамбар хадистерін тәпсірлеп жатқан тәрізді. Ж.Дәдебаев «Абай және Құран» атты мақаласында осы мәселеге бірнеше мысал келтіреді.
Абай не жазса да «алыстан сермеп, жүректі тербеп», сөздің сөлін терең тамырдан тартып, оң-солын түгел қамтып, жүректің түбіндегі ой мәйегін айтуға тырысады. Және де әр сөзін Құран сөзімен, Пайғамбар хадистерімен түйіндеп отырады. Сондықтан «Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда.» [8. 69 б.]
Абай халқының жүрек көзін ашу үшін көп ізденді, Құранды ақтарды, халқыма керекті не аламын деп шығысты шарлады (шығыс жұлдыздарының еңбектерін қарады), орысты аударды, тағы да сол ұлы мақсат үдесінен шығуға бар күш-жігерін салды.
Ақынның аудармашылық қыры да келелі зерттеуді талап ететін қомақты сала. Аудармашы өзінің жанына жақын шығарманы яки өзін тебірентіп, көңіл көкжиегін кеңейткен шығармаларды аударатыны көзі қарақты оқырман қауымға белгілі. Әйтпесе аударма сапалы болып шығуы неғайбыл. Абай да аударма жасағанда кез-келген шығарманы аудара салмай, көңілінен шыққан әрі қазақ халқының жүрегіне жақындайды деген өлеңдерді ғана аударғанын байқаймыз. Ақынның шығармашылығымен қоса, аудармашылық қызметі туралы да біршама пікірлер бір арнаға саяды. Абай аудармаларына көптеген зерттеушілер жоғары баға беріп, ақынның аударматану ғылымына қосқан қомақты үлесін атап өткен. М.Дулатов Абайдың аудармасы жайлы: «Мейлінше мол еңбектенумен орыс тілін үйреніп, орыс әдебиетіне еркін жетіліп, достасып алды. Лермонтовқа үндес… Өлеңдері есіткеннің жүрегін жігерлендірерліктей табиғи болып, шығармаларының асыл негізі Лермонтов іңкәр болып, орыс әдебиетінің гүл шоқтарын өз тілінде сайратқан», — десе [9. 91 б.], Ә. Бөкейханов Лермонтовты, Пушкинді және Крыловтың көптеген мысалдарын шеберлікпен аударғанын айтады. Демек, Абайдың аудармашылық шеберлігіне баға беру Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтардан бастау алып, бүгінге дейін зерттеу нысаны болып келеді. Абайтану ғылымының негізін салушылардың бірі және бірегейі, ұлы жазушы М.Әуезов ақын аудармасы туралы: «Көп өнерінің бірі – Абай керемет переводшы болған. Переводқа шеберлігі мынадан білінеді: кейбір өлеңдерін қазақ тіліне аударғандары өзінің тән өлеңінен артық деуге болады. Кейбір өлеңдерді, мысалы: «Қараңғы түнде тау қалғып», «Тұтқындағы батыр», «Кинжал», «Жолға шықтым бір жым-жырт» қалыбынан, мағынасынан һеш аудармай перевод еткен. Кей жерлерде сөздің мағынасынан ғана алып, қазақтың ұғымына ыңғайлап сырт пішінін өзгерткен. Абайдың ақындығының еркіндігі сол, кейбір переводты өз өлеңінен асырып, түрлеп жіберген. Мысалы: «Теректің сыйы», «Онегиннің хатын», Пушкиннің геройынан өзгертіп, тілін сұлулап перевод қылған»,- деп тұщымды пікір айтады [10. 68 б.]. Ойы ұшқыр, алымды, қиялы шалымды, сөйлер сөзге келгенде шешен де көсем Абайға сегіз қырлы, бір сырлы деп баға беріп, сол қырының бірі аудармашылық шеберлігін жеке атап өтеді. Қазақтың жазба әдебиетінің, оның ішінде аударматануының басында Ыбырай мен Абай тұрғандықтан аударматану ғылымын сөз еткен қай ғалым болмасын Абайдан аттап өте алмасы хақ.
Неміс классигі Гетенің «Жолаушының түнгі жырын» Лермонтов аудармасынан туған халқына қазақ тілінде жеткізді. Лермонтовтың немесе Гетенің сезім әлемі Абайдың ішкі сезім толқыныстарымен үйлескендіктен Абай осы шығарманы аударған секілді. Сондықтан аударма түпнұсқаға жақын. Осы үш өлеңде ұлы ақындардың ой мен сезім үндестігін профессор Ә. Тарақ әдемі тарқатып айқындайды. Ақын, шебер аудармашы Лермонтов аудармасын Гете нұсқасынан озық десе, Ә.Тарақ: «Абай аудармасындағы Гете өлеңі тіпті түпнұсқадан асып түскен. Аудармашы мөлдіреген лириканың тұнып тұрған сырын сезім сұлулығымен астастырып, жіберген. Екінші жағынан ұлттық өлең өлшеміне түсіріп, өзіндік өрнегін берген, ырғағын айшықтап, әуезді әнге айналдырған», — деп ақынның аударматану ғылымына қосқан өлшеусіз еңбегін жоғары бағалайды. [11. 15 б.].
Қорыта келе Абайтану ғылымы еліміз тәуелсіздік алған жылдары ғана коммунистік идеология ұстанған қатаң қағидалардың тар шеңберінен шығып, ой еркіндігі мен сөз еркіндігінің арқасында жаңа бір белеске көтерілді. Оған тәуелсіздік жылдарында жарық көрген ғылыми зерттеулер дәлел бола алады. Соның бір айғағы ретінде Абай институтының хабаршысында жарияланған мақалаларды атауға болады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
- Кенжебаев Б. Әдебиет белестері. – Алматы, 1986. – 400 б.
- Дәдебаев Ж. Абайдың ақындық дүниетанымы// Абай институтының хабаршысы. – Алматы, 2010. №3. 3-12 бб.
- Ісімақова А. Қазіргі Абайтанудағы тәуелсіздің идеясының зерттелуі// Абай институтының хабаршысы. – Алматы, 2010. №4. 6-10 бб.
- Пірәлиева Г. Абайдың Қиясбайы – қазақ әдебиеттануында// Абай институтының хабаршысы. – Алматы, 2010. №4. 10-14 бб.
- Дәдебаев Ж. Абай және Құран// Абай институтының хабаршысы. – Алматы, 2010. №5. 3-13 бб.
- Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Бірінші том. –Алматы, 1977
- Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Екінші том. –Алматы, 1977
- Байтұрсынұлы А. Қазақтың бас ақыны// Абай институтының хабаршысы. – Алматы, 2010. №4. 6-10 бб.
- Дулатов М. Ибраһим ибн Құнанбаев// Абай институтының хабаршысы. – Алматы, 2010. №5. 91 б.
- Әуезов М. Абайдың өнері һәм қызметі// Абай институтының хабаршысы. – Алматы, 2010. №6. 67-69 б.
- Тарақов М. Гете – Лермонтов – Абай: ой мен сезім үндестігі// Абай институтының хабаршысы. – Алматы, 2010. №5. 13-15 б.