АБАЙДЫҢ "ЖАЗҒЫТҰРЫ" ӨЛЕҢІНІҢ ЕКІНШІ НҰСҚАСЫН БІЛЕСІЗ БЕ?

Абайдың 1890 ж. жазған осы  өлеңіне биыл 130 жыл толған екен.  Ақынның 1909 ж.  тұңғыш жинағында бұл өлең  өз алдына жеке бір бөлік ретінде басылған. Абайдың асқан ақындық қуатын, теңдесі жоқ суретшілік өнерін айқын көрсететін ерекше көркем өлеңдерінің бірі – осы «Жазғытұры».

Табиғат тақырыбына  арналған туындыда жылдың төрт маусымының бірі – көктем көркі суреттеледі. Жазғытұрыммен бірге келетін ұлыстың ұлы күнінің сипаттарын да дәл көрсетеді.

Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып, 
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап, 
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып, - деп құшақтасу, көрісу, амал күндерін бейнелейді.
Мал баққан қазақ халқы үшін табиғаттың жадыраған, қуанышты бір мерзімі көктем көркін қуанышты бір көңіл-күймен  табиғаттың жазғытұрым көрікті көрінісін: «жер жүзін безендірген шебер тәңірінің» дүниеге төгілген «мейірбандық нұры» бейнесінде суреттейді. Жазғытұрым жадырап, жайнаған табиғат аясындағы қазақ даласының тіршілігі, ауыл-аймағы, мал-жаны, кәрі-жасының көңіл-күйі, дәулеті өнген шаруа, егін еккен диханшы – еңбек елінің бейнесі, бәрі-бәрі көз алдыңа келеді.

 «Жазғытұры» өлеңінде:

Күн - күйеу, жер - қалындық сағынысты,

Құмары екеуінің сондай күшті...

Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай,

Біреуіне біреуі қосылыспай,

Көңілі күн лебіне тойғаннан соң,

Жер толықсып түрленер тоты құстай...» - деп, көркейте жетілдіріп, жеткізетіні керемет!

Абайдың әр жылдары жарық көрген басылымдарында  текстологиялық өзгерістер кездесетіні жөнінде  Абайтанушы, ғалым Қайым Мұхамедханов талдап берген болатын.  Қайым ағаның зерттеу еңбегіне сүйене отырып, оқырманға қажетті тұстарын  жариялауды жөн санадық.

«...«Жазғытұры» өлеңнің төртінші шумағы 1909, 1922, 1933 жылдары басылған жинақтарда сөз арасындаға түзетулер бар.

Өлеңнің бесінші шумағының төртінші жолы барлық жинақтарда:

...Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,

Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауылпаз, - деп басылып келе жатыр.  Шынында Абай бұл арада  үйрек, қазға салатын ұшқыр қыран қаршағаны  көк дауылға теңеп, қаршығаға «баз» дейтін қарсы сөзді қолданған. Сондықтан өлеңнің бұл жолын дұрыстап:

Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,

Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауыл баз, - деп оқуымыз керек.

Он екінші шумақтың бастапқа жолы 1909 ж. жинақта:

...Күн – күйеу, жер қалыңдық сағынышты, - деп дұрыс басылған болса, 1977ж. жинақта:

...Күн – күйеу, жер қалыңдық сағынысты, - деп қате басылған.

Садуақас Мұсаұлы Шормановтың жазбасындағы  нұсқасын Абай жинақтарында басылып келе жатқан  нұсқасымен салыстырып қарағанымызда үлкен айырмашылықты көреміз. Өлеңнің көлемі жинақтарда да, Садуақас жазбасында да он алты шумақ. Шумақтардың кейбір жеке сөздері болмаса, жалпы мазмұн, мағына жағынан айырмасы жоқ. Айырмашылық өлең шумақтарының басылу, жазылу ретінде. Жинақтарда өлеңнің бастапқа бір шумағы:

Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы, - деп басталса, Садуақас жазбасында өлеңнің бірінші шумағы:
Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай, - деп басталады. Өлеңнің бұл шумағы жинақтарда он бірінші шумақ болып басылып келеді. Жинақтардағы бірінші шумақ, Садуақас жазбасында – сегізінші, екінші шумақ – жетінші... Сөйтіп, он алты шумақ өлеңнің жинақтарда басылу ретімен Садуақастың жазылу ретіндегі айырмашылық үлкен.

Осы үлкен айырмашылықты көріп, Садуақас жазбасындағы «Жазғытұры» өлеңінің толық нұсқасын келтіруіміз керек,»  дейді ғалым.  Әрі қарай «Жазғытұры» өлеңінің Садуақас жазбасындағы екінші нұсқасын толық жариялай отырып, «Абайдың бұл өлеңі арнайы зерттеуді қажет етеді»  деп болашаққа сілтеме беріп аяқтайды.

Біз де Садуақас жазбасындағы «Жазғытұры» өлеңінің толық нұсқасын жариялай отырып,  Абайтану саласында тақырып таба алмай жүрген ғалымдарға аманат жүктейміз.

Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай,

Ол қайтсін қара түнде жарқырамай.

Таң нұрланып, болуын жаздың біліп,

Өңі қашар, бола алмас бұрынғыдай.

 

Күн - күйеу, жер - қалыңдық сағынышты,
Құмары екеуінің сондай күшті.
Күн қырындап жүргенде көп қожаңдап,
Ай, жұлдыз күйеуліктен  к... қысты.

 

Жаз таянып,  жылы жел хабар беріп,
Жан-жануар қуанар тойға еліріп.
Азалы ақ көрпесін сілке тастап,
Жер күлімдер, өзіне шырай беріп.

 

Күйеуін жер сағынған  ала қыстай,
Екеуі бір-біріне қосылыспай,
Жүздері раушан қарап нұрланғанда
Жер толқып, түрленеді тоты құстай.

 

Кемпір-шал шуақ  іздеп, бала шулар,
Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунар.
Әуеде жыршы құстар өлең айтып,
Көктегі қиқу салар  қаз бен қулар.

 

Жүгірер құлан,  киік ой мен қырға,

Шаттанып рахыманымен келген жылға.

Көк шығып, көл жарылып, қойын ашса,

Қонады аспандағы қаз бен тырна.

 

Жаздың көркі кіреді жыл құсымен, 
Жайраңдасып жас ойнар құрбысымен.
Көрден жаңа шыққандай кемпір мен шал, 
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, 
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталасып,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.

 

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, 
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап, 
Әзілдесіп, сөйлесіп, қарқылдасып.

 

Түйе боздап, кой маңырап,  қора да шу, 
Көбелек, құстар менен  сай да ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып таранғанда,
Айдаһарша  бұраңдап ағады су.

Көл жағалап мамырлар қу менен қаз, 
Жұмыртқа іздеп, жүгіріп балалар мәз.
Бозбала ұшқыр атпен тастағанда,
Жарқ-жүрқ етіп ілінер көкдауыл баз.

Құс қатарлап байлаған қанжығаға
Қыз  жабысып,  бұраңдап қылатын наз.

Жазға жақсы киінер қыз-келіншек,
Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек.
Қырда торғай сайраса, ойда - бұлбұл, 
О  да үн қосар тастағы  байғыз, көкек.

Жаңа бұлмен жамырар саудагерлер, 
Диханшылар жер жыртып, егін егер. 
Шаруаның біреуі  екеу болып,
Жаңа төлмен көбейіп, дәулет өнер.

Жер жүзін безендірген тәңірім шебер, 
Мейірбандық дүниеге нұрын төгер. 
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне атаңдай үстіңе аспан төнер.

 

Жаз жіберіп, жан берген қара жерге 
Рахметіне Алланың көңіл сенер.
Мал семіріп, ақ пенен ас көбейіп, 
Жан-жануар көңілі өсіп ойнап-күлер.

Қара тастан басқаның бәрі жадырап,
Бір сараңнан басқаның көңілі енер. 
Тамашалап қарасаң тәңірі ісіне,
Бойың балқып, балқиды іште жігер.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Астана.