Асылында, Абайды тану:
«Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы-соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!», – деген төрт жол өлеңнің мән-мағынасын танып-түсінуден басталатын сияқты.
Бұл да айтарға болмаса, әркім түсініп, рухани азық етерге аздық ететініне көзім жетті.
Өткен өміріме шегініс жасап, ой жүгіртіп көрсем, менің Абай есімін естіп, өлеңдерімен таныс бола бастағаныма тұп-тура 67 жыл болған екен. Осынау уақыт ішінде Абай тағылымын, Абай поэзиясының шарапатын сезініп, рухани азық етпеген сәттерім болған жоқ десем орынсыз мақтанғандай болмасыма кәміл сенемін. Солай бола тұра күні кешеге дейін ұлы Абайдың жұмбақтарын шешудің не екенін толық түсінбегеніме қайран қалдым. Оған себеп болған бір кездейсоқ жағдайды айтпас бұрын өзімнің ұлы адамның рухани мұрасымен қашан, қалай танысқаным жөнінде айтқым келеді.
Менің әкем Дәулетхан Шылбы Әлімахұнұлы Шығыс Түркістан жұмһұрияты (1945-1949) тұсында астана болған Құлжа қаласында хадимше әрі жәдитше білім алған мұғалім еді. Әкесі Шылбы Әлімахұн Көбекұлы Іле өңірін мекендеген Матайдың «төрт қызай, төрт самасының» мұфтияты тағайындаған (1898 жылдан) ағламаһұн еді. Мешіт, медресе салу жолында аянбай тер төгіп, ел құрметіне бөленген діни ғұлама, ақын, сазгер әрі зергер-ұста болған адам. Қазан төңкерісіне дейін қазақ еліне кең таралған «Айқап», «Қазақ», «Шора» басылымдарын алып тұрған.
Ахмет Байтұрсынов әліпбиімен шыққан қисса-дастандарды, оқу құралдарын алып тұрғандықтан әкем де олармен жасынан таныс болған. Әкемнің қобдишасында сақталған ол басылымдарды мен сауат ашқаннан бастап түртінектеп оқи бастағам. Бірақ олардың арасында хакім Абайға қатысты бір нәрселер болған-болмағаны есімде жоқ. Бірақ 1953 жылдың қысқы айларының бірінде біздің шаңыраққа жеткен мүбәрак күн бүгінгідей көз алдымда.
Әкем Ырымбайдың Мұқаны деген Құлжадағы ұйғырлардың көтерме саудасын жасайтын құдандалы адамнан бір тоқтыға алған сырты қап-қатты мұқабалы бір кітапты әкеліп күні-түні бас алмай оқуға кірісті. Төте жазумен басылған кітаптың ішкі бетінде оң қолын кеудесіне қойған келісті адам – Абай Құнанбайұлы деген ақын екен. Алматы. «Жаңа өмір» баспасы. 1951 жылы деп жазылыпты. Мен 1952 жылы үйден сауат ашып алғандықтан 1-сыныпта оқымай, 2-сыныпқа аттап өтіп оқып жүрген едім.
Әкем мектепте мұғалім болып істейді. Қайда барса Абайды өзімен бірге алып жүріп, өзі ғана оқымай маңайындағыларға да оқып беретін. Өлеңдерді оқып отырып: «Мына өлең пәленшеге, ана өлең түгеншеге арналғандай екен» деп айтып, күле отырып талдап та беретін. Сөйтіп қасиетті Құран Кәрімді жатқа білетін Дәукең, енді ұлы Абайды жатқа айтатын абайшыл адамға айналды. Сөйтіп жүріп менен үлкен апайым Дариға екеумізге Абайдың қысқа өлеңдерін жаттатқыза бастады. Әкеміздің үйі екі-ақ бөлмелі қоржын там. Ересектеу төртеуміз төр алдында бір көрпе астында жатушы едік. Әкем ұйықтар алдында алдымен Құранның қысқа аяттарын жаттатқызатын, қашан бір аятты мақамымен жаттап болғанша ұйықтатпайтын. Арасында қалғып кетсек көрпенің сыртынан қамшымен тартып жіберіп оятатын. Сол ауыртпалықты көтере алмай әбіржіп жүргенде, енді Абай өлеңдерін жатқа айту тапсырмасы қосылды. Кезінде қанша ауыр азаптай көрінген сол жаттаулар, менің кейінгі өміріме қымбат азық боларын қайдан білейін. Алғашында зорланып, әкемізден қорыққаннан оқыған Абай жырларын 70 жылдық мына өмірімде сан мәрте қайталап оқыған шығармын. Ал жатқа білетін Абай өлеңдерінің 90 пайызын 1955 жылы аудан орталығы Бестөбедегі орта мектепке барғанша жаттап алғаным анық. Қытайдың құдайсыз компартиясы мен кеңестік құдайсыздар қоғамында өмір сүрген жылдарда Құраннан да, Абайдан да алыстап қалсам да, бастауыш мектеп жасында әкем үйреткен ілім-білімдерге негіз болған қасиетті иман мен тағылымдық Абай өнегесінен қол үзбедім.
Абайды бір кісідей білем деп көңілімде тоқ санап жүрсем де, хакімнің әлі де шешілмеген жұмбақтары көп екеніне көзім жеткен бір мысалды айта отырып, Абай жылын өткізгелі жатқан отандастарыммен өз ой-толғанысымды бөліссем деп отырмын.
Менің осы жылдардағы (2007 жылғы ауыр онкологиялық отадан шыққаннан бергі) бар уайымым да, бар ой-қиялым да денсаулығыма байланысты болып қалған еді. Көптен күткен Өскемен – Катонқарағай сапарының сәті түсе қалды. Ақын бауырым Қасымхан Бегмановтың ұйымдастыруымен бұған дейін де екі рет емделіп қайтқан болатынмын. Қазақ қаламгерлері мен ғалымдарына қамқорлық жасауды азаматтық парызына балаған сол кездегі облыс басшыларының қолдауымен 15-20 белгілі қазақ ақын-жазушылары мен ғалымдарды бұғының мүйізі кесілетін шілде айында арнайы ұшақпен Өскеменге апарып, он күн демалдырып, сауықтырып қайтарушы еді. Бұл ретте жұбайым Мәриям екеуміз ғана жолға шыққанбыз. 21 шілдеде Өскеменнен 360 шақырым шалғайдағы Катонқарағайға басшыларының тапсырмасы бойынша Мұхаметкәрім деген азамат өз машинасымен алып жүрді. «Жанат» атты демалыс орнына барғанша қасиетті Алтайдың бар сұлулығы мен әсемдігіне көзімізді суарып, жер-су аттарымен танысып, Ертіс, Бұқтырма, Нарын өзендерін өрлі-қырлы жағалап, көк-жасыл әлемді көзбен де, көңілмен де тамашалап келеміз. Өзім ерекше сыйлап, құрметтейтін аяулы қаламгерлер Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімхан, Әлібек Асқардың туған өлкесі, әйгілі атбегі Бошай Кітапбайдың ел-жұрты, әйгілі Әбдікерім болыс пен Сұлтанмахмұттың ізі қалған Қаратай елінің құт мекені жайлы білетін естеліктерім көз алдымнан көлбей өтіп жатты.
Жол бойындағы үлкенді-кішілі елді мекендердің сырт жағындағы бейіттердің тұсынан өтерде көліктің жүрісін баяулатып, аруақтарға Құран оқып отырдық. Қаратай елінің бейіт-мазарларының көлемі шағын әрі түгел дерлік ағаш шарбақтармен ғана қоршалады екен. Бірінен-бірі асқақтаған күмбезді бейіт мұнда мүлде жоқ. Ол әрине жер жағдайына, құрылыс материалдарына да байланысты болар. Менің назарымды ерекше аударған бір көрініс болды. Көпшілік қорымдардан кемінде бірер жүз метр шетте – көбінше бейіттердің шығыс жағында бір, кейде екі ағаш қоршаулы бейіттер көзге оғаш көрінеді екен.
– Мынау, оқшау қоршауда адам жерленген бе, әлде басқаша бір жағдайларға қатысты нәрселер ме? – деп сұрадым жолсерігімнен.
Ол маған таңданғандай жымиып бір қарады да:
– Ой, ағасы-ау, ол бақсылардың бейіті ғой. Сіздер жақта мұндай бейіттер болмай ма? – деп өзіме сұрау салды.
Мен, әрине, ондайды осы жақтан ғана көргенімді айтып:
– Сонда бақсыларды неге оқшаулап тастаған, олар мұсылман емес пе? – дедім.
– «Бақсылар жынмен, пері қыздарымен тілдесіп, солармен бірге өмір сүреді, Құдайға серік қосады» деп молдалар баяғыдан осылай жерлеу рәсімін ұстанады. Бізде солай, – деді.
Сол сәтте менің құлағыма ұлы Абайдың «Сегіз аяғы», ондағы: «Ағайын бек көп, айтамын ептеп, сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным», - деген зарлы даусы жаңғырып жеткендей болды.
Менің көз алдымда дүние шыр айналғандай, уақыт шіркін әлгі оқшау бейіттер маңында біржола тоқтап қалғандай, қасірет құрсауынан құтылу үшін «Бетті бастым, тұра қаштым жалма-жан» деп жанталасқан ұлы тұлғаның сұлбасын көргендей болдым.
Құдай-ау, Абайды 70 жылға таяу уақыттан бері білемін, «Сегіз аяқты» сексен рет оқып та, әндетіп те жүрген мен пақыр ұлы Абайдың өлеңдерін 10 жасымнан жатқа білемін деп қалай айтқанмын?!
Ұят-ай, тірлігінде түгіл, өлгеннен кейін де туған халқымен табысып-қабыса алмай аласталған бақсыларға өзін теңеген шерлі Абай аруағынан ұялдым. Содан бері Абайдан қалған өлең, дастандар мен қара сөздерін зерттеген үлкенді-кішілі абайтанушылардың еңбектерін шола қарастырғанымда, хакім Абайдың неге «моласындай бақсының» дегеніне анықтаманы кездестіре алмадым. Сонда ғана Абайдың біз әлі шеше алмаған немесе шешуін іздеуге талпынбаған бейғамдығымыздың аз емес екендігіне назар аудардым.
Сонау ІХ ғасырда өмір сүрді делінетін ұлы ойшыл, қобызшы-сазгер һәм бақсы-балгер Қорқыттың өлімнен қашса да құтыла алмай қаза болған Сырдария жағасындағы жалғыз моласы он ғасырдан бері қалқайып тұрғаны есіме түсті. Қаңлы, кердері, оғыз тайпаларымен қыпшақтарға құт мекен болған Сыр бойында қасиетті Қорқыт баба неге жападан-жалғыз жатыр? Оның басты себебі – Мәуреннаһрға кең тарала бастаған Ислам діні бұрынғы шамандық-тәңірлік наным-сенімдер мен салт-дәстүрлерді ығыстырып, мұсылмандық шариғат заңдары бойынша өмір салтын орнықтыра бастаған тұста қайтыс болғандықтан тағдырға – һақ өлімге мойынсал болмай, қобызын сарнатып, жын-перілерден медет-қолдау сұраған шаманды көпшіліктен аластап, бейітін оңашалап тастағаны өткен тарихтың бір естелігі болып қалса керек.
Ислам оңтүстіктен солтүстікке, шығыстан батысқа қарай тарала келе, Жошы, Шағатай ұлыстары аумағында мұсылмандықты жаппай қабылдаған ата-бабаларымыз адам жерлеуді исламдық рәсімдер бойынша атқара бастады. Сөйтіп кең-байтақ қазақ даласындағы мазар-қорымдардан оқшаулап жерленуге тұрарлық атақты бақсы-балгерлер мүлде қалмады деуге болады. Ал Ислам діні, ең кеш жеткен шалғайдағы Алтай, Боғда, Қалқаны мекендеген соңғы түрік тайпалары, оның ішінде керей, наймандардың бір бөлігінде ХХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін тәңірлік-шамандықтың сарқыншағындай болған жын-перілердің иесі – бақсылардың ел ішіндегі беделі мен қызметі жалғасып келгені белгілі.
Таулы Алтай, Боғда өңіріне Ислам діні таралып, адам жерлеудің жаңа талаптары орныға бастаған заманда бақсыларды мұсылман қорымдарынан оқшаулап жерлеу салты пайда болады. Ол бақсылардың мұсылман екені, өздерінің туған-туысқандары екені ескеріліп барып ойлап тапқан қазақилық болса керек.
Қалай болғанда да қазақ руханиятында, діндік наным-сенімдері аясында аласталған, оқшауланған, жалғыздықтың, бақытсыздықтың бейнесі болып қалғаны анық.
Ұлы Абайдың жалғыздығы мен қасіретті көңіл күйіне етене жақындығына бұдан артық теңеу, «тап шыны» табыла қоймас.
«Сегіз аяқ» халқымыздың дәстүрлі толғау жыры үлгісінде жазылған. Абайдай данышпан сыншыл ақынның, ойшыл ағартушының, мыңмен жалғыз алысқан күрескер қайраткердің бүкіл шығармашылық ғұмырының өзегі – бағдарламалық қағидаларының көркемдік жиынтығы десек болғандай.
Иә, «Сегіз аяқты» бүгінгі жаппай сауаттанған қазақтың бәрі де біледі, әндетіп жатады, әсіресе 175 жылдығы аталып жатқан тұста бүкіл қазақтың балабақшадан бастап, жас-кәрісі жаппай жарысқа түсіп, елеуреп-ереуілдеп тұрғандай. Ұлттық, мемлекеттік мәні бар осынау келелі науқанға мен жаңашырлықпен қарайтындардың бірімін. «Сегіз аяқты» оқып, оның ішіне бойлаған сайын осыдан ширек ғасыр бұрын жазып, «Жұлдыз» журналының 1994 жылғы №5-6 санында жариялаған «Мағжан және қазақ поэзиясы» атты көлемді зерттеу мақаламызда айтылған ойларымыздың дұрыстығына көзім жете түсті.
Ұлы Абайдың жұмбақтарын шешуді өмірлік мақсат еткен санаулы абайтанушы аға буын өкілдері Құлмат Өмірәлиев пен Мекемтас Мырзахметтердің бірлікте жазған «Абайтанудың жайы мен міндеттері» атты мақаласында: «...Осынау әрі қат-қабат жатқан тегі бар, әрі тіл асты мазмұнға, терең де астарлы ойға құрылған, әрі шешу бермес жұмбағы, сырлы сыры мол және де бұлардың баршасы соншалықты көркем түрі шебер тіл тапқан шығармалардың кілтін таба қою да, ішіне бойлай кіре қою да қиын. Ол үшін Абайдың қолы жетіп, ақылы табысқан, сырлас болған арғы-бергі дәуірдің барша ой иелерінің дүниелерімен танысып барып, содан соң ақынның өзіне келу керек болады және сол Абайдан сол ой иелеріне қайта жол салу талап етіледі. Бұларсыз Абай бізге өзі айтқандай «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген күйінде қала бермек», деп жауапкершілігі аса зор істі міндеттеген болатын.
Бұл күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақ азаматына тапсырған абайтану дегенімізді осылай түсініп, осылай зерделеу деп қабылдадық.
Абай жұмбағының бір кілті 200 жол, 25 шумақтан тұратын «Сегіз аяқ» толғау жырында жатыр. Бүгінгі қоғамдық санамызға қозғау салар мәңгілік құбылыстың кілті де сонда деп білемін.
Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,
Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология
институтының профессоры